Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Әлем бойынша миграция мәселесі күйіп тұр. Нақты деректерге сүйенетін болсақ, халықаралық мигрантар саны 2010 жылы 214 миллион болса, 2013 жылы 232 миллионға жетіпті.

Халықаралық миграция жөніндегі ұйымның келтірген дерегіне сенсек, 2050 жылдарға қарай 405 миллионға дейін ұлғаймақ көрінеді. Соның ішінде еңбек мигранттары қаулап өсіп келе жатқанға ұқсайды. Тағы бір ресми дерекке сүйенсек, Еуродақ аумағында 30 миллион мигрант бар. Көрші Ресейде де жағдай мәз емес. «700 мың адам ғана тіркелген, ал 10-15 миллион шетелдік тіркеусіз жүр» деген нақты дерек бар. «Бұл үлкен қауіптің көзі. Мәселен, миграция мәселесін дұрыс жолға қоя алмаған Еуропа елдері қазір соның жазасын тартып отыр. Солтүстік Африка, араб елдерінен келетін мигранттардың көбі арнайы мамандар емес. Екі қолға бір жұмыс деп қаңғып келгендер. Жұмыс таппаған олар түрлі қылмысқа барады. Соның кесірінен терактілер, жарылыстар, дүмпулер орын алып жатыр. Егер Еуродақ миграция мәселесін дұрыс шеше алмаса, алдағы қырық-елу жылдан кейін осы аймақтағы кейбір мемлекеттер африко-араб, яғни мұсылман мемлекеттеріне айналып шыға келмек» деседі көптеген сарапшылар.

Содан болар, Ресей мигранттарға бай­ла­нысты заңды күшейтті. Соның ішінде еңбек мигранттарына байланысты. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заң бойынша, Ресейге келетін шетелдік жұ­мысшылар арнайы емтихан тапсырады. Қыс­қасы, уақытша тұру және жұмыс істеу үшін орыс тілінен, Ресей тарихынан және құ­­қықтанудан ауызша және жазбаша сы­нақ­тан өтесің. Демек, орыс тілін шекіл­деуік­ше шақпасаң да, жөн сұрайтын халде болуың керек. Сосын «Ресей қай кезде хрис­тиандықты қабылдады, қай кезде На­полеон мен Гитрлерге қарсы соғысты, Бі­рін­ші ресей революциясы қай ғасырда орын алды, декабристер көтерілісі болған жыл, КСРО қашан құрылды, «Ғарышқа ал­ғаш қай жылы адам көтерілді, КСРО қа­шан тарады, Ресей президенттерінің аты-жө­ні», т.б., бұл – тарихтан келетін сұ­рақ­тардың бір тобы. Бұдан кейін Ресей заңын білу­ге тиіссің. Егер білмесең, Ресейге аттап басу­дың реті жоқ. Өйткені саған ешкім жұ­мыс бермейді. Ал заңсыз тығылып жұ­мыс істегiң келсе өзің біл. Бірақ жалдаушы ең­бекақыңды төлемесе, ешқайда барып ша­ғымдана алмайсын. Шағымданбақ тұр­мақ, елден дереу аластатады. Егер емти­хан­ды дұрыс тапсыра алсаң, жаңа заң бойынша сер­тификат аласың. Ол 5 жылға жарамды. Дегенмен биылдан бастап күшіне енген жаңа заңның әсері ме, әлде санкцияның құр­сауында қалған Ресейдегі (рубльдің құ­лауы, орта және шағын бизнестің шат­қаяқ­тауы) жағдай ма, әйтеуір Өзбекстан, Тә­жік­с­тан және Қырғызстаннан келген гас­­­­тарбайтерлер ағылып елге қайта бас­тады. Бірақ бұл үрдіс ұзаққа созылмасы бел­гілі. Себебі, бұл елдерде жұмыс күшіне сұ­раныс аз. Экономика әлсіз, әлеуметтік жағ­дай қиын. Демек, Ресейден кері қайт­қандар елде ұзақ жата алмасы белгілі. Бірақ нә­пақа табар Ресейдің жағдайы анау. Осы­дан келіп гастарбайтерлер ендігі кезде эко­номикасы қарышты дамып келе жат­қан, жұмыс орындары көптеп ашылып жат­қан, теңге бағамы тұрақты һәм көрші жатқан Қазақстанға қарай ағылуы мүмкін. Бұған күмән келтіруге болмайды.

Онсыз да көрші республикалардан ке­ліп, елімізде жалданып жұмыс жасап жүр­ген­дер жеткілікті. Мәселен, «ресми деректі қай­дам, бейресми деректерге қарағанда, біз­дің елдегі еңбек нарығында 500-600 мың­дай гастарбайтер жұмыс істейді. Ал рес­ми деректер елде шамамен тура сонша қа­зақ азаматы жұмыссыз жүр деген ақпарат бе­реді. Сырттан келетін жұмысшыларға жал­тақтай бергенше, өз кадрларымызды дайын­дау жеңіл емес пе деген сауал туы­н­дай­ды» дейді саясаттанушы Данияр Әшім­баев. Рас, сырттан уақытша келіп жұмыс істейтіндер еш елге опа әкелмесі белгілі. Қа­зіргі лаңкестік оқиғалар асқынып тұрған кез­де тіпті қиын. Қарапайым жұмыс ада­мы­ның атын жамылып, елімізге пиғылы бө­тен жандар да еніп кетуі мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстанда өз тілін (мем­ле­кеттік тілді) білетін, тарихын құр­мет­тей­тін, жергілікті заңнан хабары бар адам­­­дарды ға­на елге енгізгені жөн-ау. Осының бәрі ес­керіліп, Еңбек миграциясы жө­нін­дегі заң ак­тілеріне өзгертулер, қосымша тар­­мақ­тар ен­гізген дұрыс болар еді.

Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері:

– Сырттан келетін жұмыс күшіне түрлі талаптар қою – дүние жүзінде бар тәжірибе. Одан қорқудың жөні жоқ. Соны іске асырсақ болғаны. Рас, еңбек мигранттарының атын жамылып келіп, елімізде түрлі қылмыс жасап, діннің қатерлі ағымдарын на­си­хаттап жүргендер жоқ емес. Сондықтан оларға арналған заң баптарын күшейткен дұ­рыс. Өйткені сақтану шаралары қажет. Төрткүл дүниеде не болып жатқанын көріп, бі­ліп отырмыз. Қауіп жоқ емес, бар. Егер қазір Ресейге баруға жолы кесілген гас­тарбайтерлер тобы бізге қарай ағылатын болса, сөз жоқ, қоғамда қарсылық, наразылық тудырары хақ. Тіпті өз еліміздің азаматы істейтін жұмысты сырттан келгендер арзанға жалданып атқарып жатса, түбі әлеуметтік жарылыстарға алып келері анық. Сондықтан оларға шектеу қойылуы тиіс. Ресей деңгейінде өз тілімізді құрметтетіп, тарихымызды білдіртіп, заңымызды сыйлатып жатсақ жаман ба? Жалпы, бұл тек Ресей емес, өр­кениетті елдердің бәрінде бар заң. Мысал, неміс не француз тілін білмесең, сен ол жақ­та аула сыпырушы болып та жұмысқа тұра алмайсын. Сондықтан еңбек миграциясы жө­ніндегі заңға өзгерістер енгізіп жатсақ, оның өзі қажеттіліктен туындап жатыр деп ұқ­қан жөн.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/63860

Рубрика: