Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ъЕжелден белгілі қағидаларға жүгінсек, музыканың кинодағы міндеті – сюжетке сай аура, ауан қалыптастыру.

Әр жанрдың өз стилі бар.

Арғы-бергі кино тарихына үңілсек, көптеген музыканттардың атақты фильм­дерге саундтрек ретінде жазылған ком­позициялары арқылы танымал болғанын байқаймыз. Тіпті балаларымыз күнделікті көз айырмай қарайтын шетелдік мульт­фильмдер мен жантүршіктірерлік трил­лерлер де құлақты жарардай, улаған-шулаған әуенімен жүйкемізді ширықтырып жатады. Музыкадағы тура құлағыңның түбіне тау құлағандай әсер ететін оқыс дыбыс алдағы көріністе қорқынышты бір жағдайдың болатынын аңғартса, төбелес, атыс-шабыс фильмдердегі адуынды, екпінді әуен басты кейіпкердің жеңіп, қарсыластарының жеңіліс табатынына меңзейді. Ал мелодрамалардағы баяу, жұмсақ, жылы әуен көңіл пернесін мейлінше дөп басып, көрермен сезімін сан-саққа жетелейді.

Басқа-басқа, бұл тұрғыдан алғанда, үнді кинолары ерекше өтімді. Мәселен, «Диско бишісі», «Биле, биле» фильм­деріндегі тартымды сюжетпен шебер үйлескен ойнақы, назды әуен, онымен астаса кеткен мағыналы әрі мұңлы мәтін картинаның көрерменге әсерін әлденеше есе арттырып тұрған жоқ па?! Тіпті көп жағдайда үнді фильмдерінің басты артық­шылығы – ондағы ән мен бидің құдіретінде болып келеді. Қарасаң, көзің тояды, тыңдасаң, құлағыңның құрышы қанады. Бұған кино кадрларының бағасын арт­тырып тұрған тамаша табиғат көріністерін қосыңыз. Былайынша, актерлердің де, сценарийдің де алып бара жатқан түгі жоқ. Ал кино көрерменге ұнайды.

Жалпы, әлемге танымал кинорежис­серлердің әрқайсысының музыканы таңдауы, ықыласы әртүрлі. Көзіқарақты көрермен фильмдегі алғашқы әнді естіген бойда-ақ бұл кімнің жұмысы екендігін бірден түсінеді. Кино мамандарының пікірінше, фильмге музыка таңдау тұрғысынан алғанда, Тарантино, Кустурица тәрізді режиссерлердің шеберлігі ерекше. Сол себепті де олардың фильмдерінің саундтректері айрықша болып келеді. Оларды былай қоя тұрып, өзімізге етене жақын және таныс кеңестік дәуір киноларын алып қарайық. Мысалы, «Қорықпа, мен сенімен біргемін» фильміндегі Полад Бюль-Бюль оглы, «Қызметтестер хикаясындағы» Алиса Фрейндлих пен Андрей Мягков, «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» картинасындағы Алла Пугачева, Сергей Никитин, Андрей Мягков пен Валентина Талызина орындаған әндер қандай еді!..

Өнерде шекара жоқ. Әлемдік кине­матографқа тән бұл жайттан қазақ киносы да сырт қалған жоқ. Яғни фильмнің жеке­леген кадрларына ортақ сипат беріп, белгілі бір көріністің әсерін музыка арқылы арт­тыруды қазақ кино шеберлері де ұмыт қалдырмады. Бұл ретте, әрине, «Қыз Жібектің» орны да, салмағы да бөлек. Мұндағы «Аққу» күйі мен «Гәкку» әні «Қыз Жібектің» лейтмотиві іспетті. Бұдан бөлек, сондағы «Ақылбайдың әні», «Шегенің әні» фильмнің сюжетіне шебер үйлескені соншалық, картинаның мән-маңызын есе­леп арттыра түскен. Тіпті Сұлтан Қожы­қовтың теңдессіз туындысы «Қыз Жібектің» деңгейін көтеріп, бағасын асырып тұрған бір фактор – фильмнің композиторы Нұр­ғиса Тілендиевтің музыканы үйлестіріп қоя білген шеберлігінде жатыр ма деп те ойлайсың. Сол сияқты Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесіндегі» – «Мама», Шәріп Бейсенбаевтың «Гауһартасындағы» – «Гау­һартас», Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожасындағы» – «Пионерлер әні», Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген пары­зындағы» – «Әдемі қыз», Амангелді Тәжі­баевтың «Ақырғы аманатындағы» – «Сәби болғым келеді», Мұрат Омаровтың «До­лана­сындағы» – «Көк орамал», Едіге Болысбаевтың «Шаңырағындағы» «Дай­дидау» әндерінің де аталған фильмдердің көрермен көңілінде мәңгілікке сақталып қалуына, сонымен бірге қазақ киносының алтын қорына енуіне өзіндік ықпал-үлесі болғаны даусыз.

Енді осы арада мынандай мәселе туады: кейінгі жылдары түсірілген қазақ кино­ларының қайсысында сюжеттің мәнін ашардай, әсерін арттырардай ән-әуен таңдауға мән берілді?.. Киноның бағасын аспандатқан немесе керісінше, әнді танымал еткен қандай фильм бар? Осы орайдағы бір шындық – кейінгі кезде біздің режиссерлеріміздің дені түсіретін фильм­дерінің сценарийін де, музыкасын да өзі жазуды әдетке айналдырған сыңайлы. Бұрынғыдай білікті автормен, талантты ком­позитормен бірлесіп жұмыс істеу, жан-жақты ойласу үрдісі қалып бара жатыр. Әйтпесе, жыл сайын қаншама дүние түсірі­ліп жатыр. Солай бола тұра, көрерменнің көзін тойдырып, жүрегінің қылын тап басардай, соның ішінде өзіміз жоғарыда сөз еткен талапқа жауап бере алатындай дүние еске түспей отыр. Мүмкін, бар шығар. Бірақ ерекше есте қалмауына қарағанда айдарынан жел есіп, топ жарып тұрғаны шамалы-ау… Меніңше, бұл – ойлануға тұрарлық нәрсе.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

 

http://alashainasy.kz/culture/43627/

Рубрика: