Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бала асырап алуға қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар не үшін енгізілді? Кімдерге бала асырап алу құқы берілмейді? Бала асырап алған азаматтар қашанға дейін мемлекетке есеп беріп отырады? Шетелдіктер қандай жағдайда қазақстандық бала­ларды асырап ала алады? Осы сауалдардың жауабын Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған дөңгелек үстелден біліп қайттық. 

Басқосу барысында Қазақстандағы балалар мекемелеріне жасалған мони­торингтің нәтижелері бойынша әзірленген деректер жинағы таныстырылып, БҰҰ Балалар құқықтары жөніндегі комитеттің бұрынғы басшысы Я.Дук пен «Қазақ­стан­ның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы» қоғамдық бір­лес­тігінің Қарағанды бөлімшесінің дирек­то­ры Ю.Гусаков баяндама жасады. Ал­маты қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданара­лық сотының судьясы Гүлнар Қонақбаева журналистерге арнайы сұхбат беріп, мәсе­ленің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, еліміздегі бала асы­рап алуға қатысты заңнамаға толықтыру­лар мен өзгерістер 2011 жылы енгізілген. Бұл іс ұлттық заңнаманы «балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асырап алуын қолдау туралы» халықаралық Конвенция талаптарына сай жүзеге асырылды.

«Бұған дейінгі заңда бала асырап алу кезінде баламен қарым-қатынас мерзімі мүл­дем көрсетілмейтін. Жаңа заңда 2 апталық кезең қарастырылған. Яғни бала асырап алынғанға дейін болашақ ата-анасымен 14 күн араласады. Осы уақыт аралығында тараптар бір-біріне бауыр басады, үйреніседі. Ал шетел азаматтары бұрынғы заң бойынша баланы асырап алардың алдында онымен 2 апта бірге болатын. Жаңа заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, бүгінде бұл мерзім бір айға ұзартылды», – деді ол.

Тілшілердің «бала асырап алу құқы кімдерге берілмейді?» деген сұрағына судья: «әлеуметтік әлеуеті ең төменгі күн­көріс деңгейіне жетпейтін жандар мен жал­ғызбасты ер адамдар және бір жыныс­тылардан құралған отбасы мүшелеріне бала асырап алу құқы берілмейді», – деп жауап берсе, «бала асырап алған азаматтар қашанға дейін мемлекетке есеп беріп оты­рады? деген сауалға: «Бала асырап алған Қазақстан азаматтары бала 18 жасқа тол­ғанға дейін жыл сайын мемлекетке есеп беріп отырады. Ал шетелдіктер бала асырап алғаннан кейін алғашқы 3 жылда 6 ай сайын, одан кейін жылына бір рет есеп беруге міндетті» деп тіл қатты.

Г.Қонақбаеваның сөзінше, шетел­дік­терге Қазақстаннан бала асырап алу құ­қығы оңды-солды беріле бермейді. Бұл туралы ол былай дейді: «Неке және отбасы» заңының 76-бабының 2-тармағында «Ба­лаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын Қазақстан Респуб­ликасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайда ғана, ше­телдіктерге азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, асырап алуға берілуі мүмкін екені атап көрсетілген. Өз еліміздің азаматтары бала асырап алуға ниет танытпаған жағдайда ғана біз мұхит асып келгендерге Қазақстаннан бала асырап алу құқығын береміз».

Айтпақшы, сот өкілінің айтуынша, осы уақытқа дейін бірде-бір шетелдік тиісті органдарға бала асырап алудың күшін жою туралы арыз бермеген. Өкініштісі, өз азаматтарымыз мұндайға көп барады екен. Сөз арасында Г.Қонақбаева: «Шетелдіктер Қазақстанның дімкәс балаларын асырап алудан бас тартпайды, керісінше, оларды бауырларына басуға тырысады» деді. «Неге?» – деп сұрағанымызда судья: «Ше­телдіктер емделетін ауруды ауру деп санамайды. Олар науқас балаларды емдеп алатындарына сенеді»
деп жауап берді.

Қанат МАХАМБЕТ
Астана

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: