Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Risunok1-matook4xevelx7titf70p8o66b299j50slh45aviqcТыңдарман, саған айтам, билік, сен тыңда!«Қазақты отырықшы болды деп бөсеміз ғой, таза өтірік. Әлі де сол көшпенді халық. Өзге қалаларда да бар, әсіресе, Алматы мен Астанда бір апта болған адам алдына балаларын, артына «Кедей болсаң көшіп көрдің» кебінін киген жүгін артып, біреуінен біреуіне үй жағалап, дорбалана босқанынан кешегі алдына малын салып, артына шаңырағын артып, қыстаудан жайлауға, онан күзеуге көшіп жүргенінің бүгінгі көрінісін айнымай таниды…Ең анығы да, ащысы да сол: әйгілі қалалардың әйгілі көшпенділерінің 99 пайызы қазақтар. Бала-шағасын анда-мында арқалап, бір ұлтарақ жерге жарымай жүрген жас отбасыларды көргенде, малын алдына салееееп, тып-тыныш көшіп жүрген кезіміз жақсырақ па еді дейсің?! Неге дейсіз бе? Тым болмаса, ҮЙ ӨЗІҢДІКІ еді де… «Өз үйім — өлең төсегім» деп жатасың ғой, арқалап жүрсең де…!»-деп жақындарым тағы бір жалдамалысына үдере көшкенде күйіне жазып едім…

…Бала күнімізде «Алтыбақан» деген бағдарлама болушы еді «Хабар» арнасында. Сонда құлағы қалқиған, бойы шағын бола тұра кең дауысты бір әнші молдасын құра салып, домбырасын қиқулатып кеп әуелеткенде тұла бойым шымырлап, делебем қозып кеткені әлі есімде. Иә, мен сол сәттен бастап, ұлттық бояуы бұзылмаған бағдарламаны әрдайым жібермей көретін болдым. Мені өнерге тәнті еткен сол дауыс – Ерлан Рысқалидікі еді. Ал осы бір мен емес, талай жүректі тебіренткен таланттының жоғарыда сөз еткен «көшпендінің» күйін кешіп жүргені тыңдарманы, өнерін бағалаушысы ретінде бей-жай қалдырмады(фейзбуктегі жазбасында айтылды). Иә, бұл күнде халықтың алдындағылар да баспанасыз болды ғой деп бір күрсініп жазбаны өткізген едім, бірақ, астындағы пікір ретінде қалдырған, әншінің сынған домбырасының суретін көргенде, алай-дүлей күй кештім. Қайран домбыра… Өнерді құрметтейміз дейміз, кешір, бізді сынған домбыра… Дамушы елдегі ұлты сүйген таланттының қоңыр домбырасы…

Молдахмет Мырзағалиев деген қолданушы: «Ерлан Рысқали үйсіз деп бөтен адамнан естісем, сенбес едім. Кетеуі кері кеткен заман-ай! Қылышынан қан тамып тұрған кеңес кезінде дәстүрлі әншілерге құрмет болған өкімет тарапынан. К. Байбосынов., Ж. Кәрменов, К. Құлышева, т.б. кайсысы үйсіз жүрді кеңес кезінде. Бұл кеңес заманын аңсауым емес, сол заманнан да кері кеттік пе дегенім. Елдін атқа мінер азаматтарына сын. Әу деген шет елдін аншілеріне бір келгеніне 2-3 пәтердін құнын төлеп отырғанын көзіміз көрмесе де, құлағымыз естіп жатыр.»-деп жазыпты. Келіспеске шараң жоқ.

Неге біздің ұлтқа берілген дарындыларымыз далада жүруі керек? Әлде біздің қолымыздан таланттыны тану келгенде, бағалау келмейді ме? «Ұлттық өнері бағаланбаған халықтың мәдениеті де көк тиын»- деуші еді депутат болып та көрмеген, саясат дегеннің мұрнына иісі де бармайтын ауылдағы ақсақалдар. Сонда ұлттың өнерін бағалаймыз деген өрелілердің ауыл ақсақалындай бола алмағаны ма?

Егер дәл осы талант азатпыз, дамушымыз, мәдениетті елміз деген біздің қоғамда емес, кешегі малын алдына салып, жан баққан көшпенді, артта қалған қоғамымызда өмірге келгенінде дәл осылай күн кешпеген болар еді, астына ат, үстіне шапан, кез келген қоныстан бір отауы болар еді, ал бүгінде біздің дамыған сайын өнерді, құдай-ау, ұлттық өнерді, ұлттың таланттысын бағалауға деген өреміз тым төмендеп бара жатқан секілді….
Кешегі «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын Астанамды» деген Қасымның күйінішінен кейін сабақ алған болсақ, таланттымызды тентіретпеуіміз тиіс еді ғой…

…Бір күні үйдегі түкпір бөлмеден ағаш сынықтарын көріп, не екенін көкемнен(әкемді солай атаймын) сұрағанымда, кішкентай күнінде әпкем мен ағамның төрде ілулі тұрған атамнан қалған домбыраға үйренеміз деп таласып, алысып жүріп сындырып алғанын, домбыраның киесін құрмет тұтқандықтан сақтап жүргенін айта келіп, «Домбыраның сынғаны, киесінің ұрғаны» деген еді. Иә, домбыраның бұл сынғаны балалардың үйренсек деген ынтасынан, тентектігінен еді. Содан бері домбыраның сынғанын көруім – осы. Ал бұл…. Төрде тұрмақ түгілі табалдырықтан табалдырыққа тентіреп жүргенінен сынды…
Кешір, кешір, бізді сынған домбыра….
…Домбыраның сынығы желімделер-ау, ал ел еркесінің көңіліндегі сынығы ше?

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

http://ult.kz/

Суретhttp://ult.kz/ сайтынан алынды

Рубрика: