Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)«Әдетте, жас келін босағаны аттағанда енелері «бір балам екеу болды, келінімді қызымдай көрем» деп жатады ғой. Алайда уақыт өте келе көптеген отбасыларда ене мен келіннің арасындағы кикілжіңнен шаңырақ шайқалып жатады. Сондықтан «келінім туған қызымдай, енем туған анамнан артық» деген жай ғана айтыла салған сөз. Өйткені қай заманда да ене келінді қызындай қабылдай алмаған және ешқашан олай болмайды да. Менің кейбір замандастарым елдің көзінше келінін мақтап, келінімді қызымдай көремін деп жатады. Бірақ шындығында ешқашан келінге енесі анасындай бола алған емес. Мен мұны өзім де ене болғандықтан жасырмай ашық айта аламын», – дейді «Алаш айнасына» хат жолдаған Гүлжан есімді автор.

«Менің екі келінім бар. Үлкен балам Нұралы мен келінім Гүлім бөлек тұрады. Олар қолымызда бір жыл тұрды, екінші ұлымыз отау құрған соң үлкен баланы бөлек шығардық. Кіші келінім Мәдинаның бізбен бірге тұрып келе жатқанына 4 жылдан асты. Бірақ осы жылдар ішінде келіндерім қызымдай болып кетті дей алмаймын. Өйткені меніңше, келін деген сөздің өзі «басқа үйден келген» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі келіндерге сөзің өтпейді, оларды айтқаныңмен жүргізу мүмкін емес. Мен бірге тұратын келініме қандай да бір ескерту жасасам, жақын адамының жанашырлығы секілді қабылдамайды, бірден қабағы түйіліп, жақтырмай қалады. Анасы балаларына ақыл айтса немесе ренжіп кейісе де туған ұлдары мен қыздары жүректеріне жақын алмайды ғой, ал келін бәрібір ата-ененің ескертуін дұрыс қабылдай алмайды. Мен бұны жақсы түсінемін. Өйткені өзім сегіз қыз, екі ұл тәрбиеленген үлкен отбасында өстім. Анам бізге қанша ұрсып, ұрып жатса да, оны жақсы көріп тұратынбыз. Ал келін болып өзге босағаны аттағанымда енем маған дауыс көтеріп сөйлемесе де оның әрбір сөзінен, көзқарасынан салқындық сезетінмін. Менің туған қызым жоқ. Егер тіпті болған күннің өзінде ол тұрмысқа шыққанда оның да енесі менің орнымды баса алмас еді деп ойлаймын. Ал ұлдардың жөні бөлек, олар отбасын құрғаннан кейін анасынан гөрі келіншегінің айтқанынан шықпайды. Келіншегіне бір ауыз сөз айтсаң, бірден күйеуіне жеткізеді, содан кейін баламызбен арамызда түсінбестік туып, ұрыс-керіс болады. Мұндай жағдай өз басымыздан да өтті. Біз де жас отбасы болып көрдік, ата-ененің қолында да тұрдық.

Өзім қандай келін болдым?…

Мен үлкен әулеттің тұңғыш келінімін. Өзім қалалы жерде туып-өстім. Ал тұрмысқа Алматы облысының ауылына келін болып түстім. Күйеуімнің 5 қарындасы, 4 інісі бар. Ата-енем өмір бойы мал баққан нағыз ауылдың адамдары. Алғаш келін болып түскенде қалада жолдасыммен бірге тұрдым, тұңғышымыз дүниеге келгенде ата-енемнің қолына бардық. Сондағы қиналғаным әлі есімнен кетпейді. Ешқашан ауылдың тірлігін жасап көрмегем, қолымнан тамақ жасау да келмейді. Сонда енем маған жекіп ұрсып, қолымнан ұрып тұрып жұмыс істететін, ал қайын сіңлілерім маған болысып, бір жағымнан шығысқан емес. Күйеуім қалада жұмыс істейді. Ол кейде ауылға келе қалса, ата-анасы: «немене, келіншегің мен балаңды сағынып кеттің бе, неге келе бересің, жұмысыңды істе» деп қайтарып жіберетін. Өзім қалада өскен соң ауылдың сары майын жей алмаймын, күйеуіме дүкеннің майын жіберші деп өтінемін. Бір күні күйеуім дүкеннің майын, маған жылы шұлық беріп жіберіпті. Енем болса, дүкеннің майын маған татырған да жоқ, маған деп жіберген шұлықты өзінің қызына берді. Мен мұндай қорлыққа шыдай алмадым. Тұңғышым қырқынан шыға салып, қалаға күйеуімнің жанына кетіп қалдым. Содан кейін ауылға барған емеспін. Ата-енем, қайныларым, қайын-сіңлілерім қаладағы үйімізге келіп айлап, апталап жатады, бірінен соң бірі бізбен бірге тұрды. Енем біздің үйге келгенде айқай-шу шығармай кетпейтін, енемнің «арқасында» күйеуімнен талай таяқ жедім, кетіп те қалдым. Кейіннен балаларым есейіп, өзімізбен өзіміз бола бастағанда ата-енемді отбасыма араластырмайтын болдым. Ауылдан келсе, басқа балаларының үйіне түнейді, біздің үйге келмейді де.

Меніңше, келіні мен енесі тату болып, бір-бірімен сырластай болатын жағдайлар өте сирек, тіпті жоқ та шығар. Өзімнің құрбы-құрдастарымның, таныстарымның, туыстарымның арасында келіндерін қызындай көретін адамдарды ешқашан кездестірмеппін. Мен өз келіндерімді көргенсіз, тәрбиесіз деп айта алмаймын, бірақ кемшіліктері де жоқ емес. Келіндерімнің менің көңілімнен шықпаған әрекеттерін беттеріне айта саламын. Өйткені мен келіндеріме қанша жылы сөйлесем де бәрібір жақпайтынымды білемін. Немерелерімнің тәрбиесіне де араласа бермеймін. Өйткені мен өз балаларымды енемнің көмегінсіз-ақ өзім өсірдім, сондықтан келіндерім де өз балаларын өздері бағып-қаққаны дұрыс деп ойлаймын. Менің ойымша, жігіттің таңдаған жары оның анасына ұнамаса, немесе келіні енесімен тіл табыса алмаса бөлек тұрғандары дұрыс. Ал келінді тәрбиелеймін, өзімді сыйлатамын деген бекер әуре. Өйткені туғаннан тәрбиесі бөлек біреудің баласын қалай өзгертуге болады? Келін мен ененің әңгімесі ешқашан жарасқан емес, сондықтан ең дұрысы – алыстан сыйласу. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш» демекші, ене де жақсы, келін де келсап болмайды».

Автор: Гүлжан Дауылбаева, Алматы қаласының тұрғыны

http://alashainasy.kz/otbasy/51389/

 

Рубрика: