Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Келер жылдан күтеріңіз не? 

Әділ АХМЕТОВ,  қоғам қайраткері:

 

– Біз үшін ең басты және ең қасиетті дүние – тәуелсіздік. Соның баянды болуы. Демек, алдағы жылдан күтеріміз – егемендігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап қалу.
Осы аптада Елбасы Мәскеуде Жоғарғы Еуразиялық Кеңестің отырысына қатысып келді. Сонда Президент: «Ешқандай саяси емес, экономикалық қарым-қатынасқа лайықталған одақ құруымыз керек» деп кесіп айтты. Өйткені саяси одақ төңірегінде топтасатын болсақ, онда егемендік бірте-бірте қолдан шығып кетуі мүмкін. Мұны Елбасы сезбей отырған жоқ. Осы тұрғыдан келгенде біз үшін ең қымбаты – егемендік. Әрине, ел аман, жұрт тыныш болсын, іргеміз сөгілмесін!

 

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ, сенатор:

 

– Кім де болса Жаңа жылға үлкен үміт етіп, тек жақсылық күтері анық. Мен де сол. Еліміздің жолы ашық, жарқын болса деймін. Мемлекеттің болашағын айқындап берген Елбасының 2050 стратегиялық бағдарламасының бірінші жылы аяқталды. Жаман болған жоқ. Экономика қарыштап дамуда. Алдағы жылы әлеуметтік салаға да үлкен көңіл бөлінбек. Зейнетақы, жалақы өсуі тиіс. Сондай-ақ үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығы келер жылы аяқталады.
Нәтиже жаман емес. Келер жылы ЭКСПО-ға байланысты елімізге үлкен инвистициялар құйылмақ. Елдің игілігі үшін қызмет ететін біраз заңдар келер жылы қаралмақ. Ол құқық саласына және еуразиялық экономикалық одаққа байланысты заңдар болмақ.

 

Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері:
– «Келер жылдан күтеріңіз не?» дегенде сәл ойлануға тура келеді. Ақиқатын айтар болсам, мен үшін Ана тіліміздің мәртебесін арттыратын жаңа Тіл заңы қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді.
Екінші бір мәселе – оралмандар. Неге екенін қайдам, біз болашақты ойламай, олардың жолын бөгейтін заң қабылдап жібердік. Сыртта қалған 5 миллион қазақтың қамын біз – Отаны ойламағанда кім ойлайды?
Алдағы жылы осы заңға қайта айналып соғып, кері қайтарған жөн болар еді. Сондай-ақ көшті тоқтатқан мораторийдың күшін жойып, баяғыдай қандастарымыздың елге еркін келуіне жол ашуға тиіспіз. Келер жылдан осындай ұлт үшін аса қажет игі қадамдар күтемін.

http://www.aikyn.kz/articles/view/39229

Дайындаған – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

Рубрика: