Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясыНақ қазір Кедендік үштіктегі Қазақстан, Ресей, Беларус елдері  мұнай өнімдерінің сауда-саттығын шектейтін базалық келісімшартқа қол қоюды ойластыруда. Бұл құжат Ресейдің Кеден одағы мемлекеттерімен экономикалық қарым-қатынасындағы тарифтік шектеулерді жоюы тиіс. Міне, осылайша Ресей (күдігі мен күмәні басым болып кеткен)  одаққа деген бұқараның көзқарасын өзгертпек. Осы тұста Алаш айнасы тәжірибеге енгеніне үш жылдың жүзі болған Кедендік Одақтан кімнің ұтқанын, кімнің ұтылғанын, жалпы, Қазақстан үшін тиімді және тиімсіз тұстарын  таразылап көруді жөн көрді.

 

Одақтасудан біз не күттік? 

Жалпы, Кедендік одаққа енген тұста біз көршілес елдермен бірлесіп одақ құру «экономикалық ынтымақтастығымызды нығайтпаса, кемітпейді» деп үміттендік.  Егер  бірлесіп Кедендік одақ құру жайын сауатты жүзеге асыра алсақ, біріншіден, шағын және орта бизнестің шаруасын дөңгелете аламыз деп күттік. Бұл ретте мамандар «Ресей, Беларус, Қазақстан бірлесіп Кедендік одақ құратын болса, онда осы үш елдің арасындағы тауар айналымы күшейеді. Сондай-ақ бұл елдерден келетін өнімдердің бағасы арзандауы мүмкін. Міне, біз осы сәтті ұтымды пайдалана білсек, отандық шағын бизнестің аяқ алысы күшейеді» деген болатын. Кедендік одақтың екінші бір ұтымды тұсы – одаққа біріккен елдердің кәсіпкерлері өзара бірігіп, кәсіпорын ашуға мүмкіндік ашылады деп жоспарланды.  Бұл үрдіс біріккен кәсіпорындардың көбеюіне ықпал етіп және елде тұралап қалған жеңіл өнеркәсіп саласына жан бітіруі әбден мүмкін еді. Одаққа бірігудің үшінші бір ұтымды тұсы – Кедендік одаққа кірмейтін мемлекеттердің тауарларына деген баж салығы көбейтіледі. Бұдан шығатын қорытынды, болашақта Қытайдан, Түркиядан тағы басқа елдерден келетін тауарлар қымбаттайды. Осыдан барып тұтынушылардың өзгенің тауарына емес, өзіміздің отандық тауарға деген сұранысы артады,-деген еді мамандарымыз. Аталмыш одақтың төртінші бір тиімді тұсы – одаққа енген елдер арасында бәсекелестік нығаяды. Бесіншіден, бұл бірігуден ұтарымыз, егер біз мұнайымызды Батысқа Ресейдің аумағы арқылы жөнелтсек, транзиттік шығындарымыз да азаяды.  Міне, біз Кедендік Одаққа енген тұста осындай ұтымды тұстарды жіліктегенбіз. Бірақ нақ қазір нәтиже соншалықты ұтымды бола қойған жоқ. Мамандардың пайымдауынша, қазірде бұл Одақ тек Ресейдің ғана  қазынасын қампайтын, бүйірін тоқ қылып отыр. Ал бұл ретте Қазақстанның шығыны көп. Бұған қатысты мамандар «біз Одаққа енбей тұрған тұстағыдан 10 есе артық шығын жұмсап отырмыз» дейді.

 

 ©Алаш айнасы инфографикасы

 

Сатқанымыздан, сатып алғанымыз көп

2013 жылы қаңтар айындағы мәлімет бойынша Қазақстанның Кеден елдерімен өзара тауар айналымы 1 млрд. 475 млн. долларды құраған. Бұл 2012 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 12,9 пайызға артық. Ал Кедендік Одақ аясындағы экспортымыздың мөлшері  487,5 млн. Экспорттың өсімі 4,5 пайыз ғана өскен. Ал импорт 988 млн. өсімі 24,1 пайыз. Осыдан-ақ Кедендік Одақ аясында тауарымызды сатып пайда көргеннен гөрі, сатып алғанымыздың көп екенін пайымдай беруге болады.

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым: 

— Кедендік Одақ аясында отандық  нарықты Ресей мен Беларустің Еуропаға шығаруға жарамайтын, бәсекеге қабілетсіз, сапасыз  тауарлары жаулап алғанын жасырмауымыз  керек. Мұның өзі біздің отандық кәсіпорындар үшін айтарлықтай шығын. Мысалы, Ресейден келетін тауарлардың арасында минералды өнімдер 30,5 пайызға артқан. Бұл тұз, күкірт, минералды сулар, фосфор және басқа тауарлар деген сөз. Осылардың бәрі өзімізден де шығады, бұл өнімдер арқылы ішкі нарық түгілі сыртты жаулап алуға қауқарлымыз. Ал  біз оларды Ресейден алып отырмыз. Себебі өндірістерді ресейліктер басып алды. Біздегі өндірісті қолдайтын жалғыз тетік – кедендік тарифтер болатын. Біз сол кедендік тарифтерді көтеру арқылы, кедендік салық салу арқылы  сырттан келетін әсіресе Ресейден келетін тауарларды  қымбаттатып, өзіміздің тауар өндірушіге бәсекелестікке төтеп бере алатын жағдай туғызатынбыз.  Ал қазір Кедендік Одаққа енгелі мұндай тарифтерді көтеру, кедендік салық салу алынып тасталды да,  шектеулер алынғаннан кейін бізге ол тауарлар еркін ене бастады. Бұдан отандық өнім қалтарыста қалып, өгей баланың күйін кешіп отыр. Біздің тауардан Ресей нарығына ірі көлемде азық-түліктен арақ-шарап қана жеткізіліп келген болатын. Ал қаңтар айында Ресей бұған да тарифтік шектеу қоятындарын мәлімдеді.  Ал мұның соңы бізден Ресейге баратын экспорт көлемі тағы да азаятынын көрсетеді. Сонда Ресей біздің өнімімізді сатып алғысы келмейді, ал өз өнімін бізге тықпалап отыр. Әрине, бұдан соң біздің шығындарымыз көбейеді. 

Тарифтік шектеуді түзу керек? 

Жалпы, мамандар «Кедендік одаққа бірлесу елдегі біраз өндірістің аяқ алысын кібіртіктетті» дейді. Мысалы, Беларус пен Қазақстан Кеден одағына енгенде арадағы барлық тарифтік шектеулер, кедендік баж алынатынына сенімді болды. Бірақ Ресей қайсыбір Кеден одағының заңнамалық қағидаттары жүрмейтін етіп тастады.

Тоғжан Шаяхметова, экономист-сарапшы:

— Одаққа мүше елдердің арасындағы кедендік салық бірдей тарифтік жүйеге түсуі керек еді. Сондай-ақ импортталатын, экспортталатын тауарларға деген салық түрлері де бірдей нормативті тарифке енгізілуі тиіс болатын.  Осыдан барып тауар айналысы еркін айналымға енеді де, одаққа мүше мемлекеттер арасында ішкі ортақ нарық дамып, экономикалық интеграция тереңдеуі керек болатын. Бастысы, қандай да бір келісімшарт жасарда әр елдің өзіндік ережесі, заңдық құқығы бар екені тайға таңба басқандай етіп көрсетілуі тиіс. Бірақ нақ осы арада Ресей сөз бұйдаға салып қайсыбір тарифтердегі шектеуді алып тастамады. Мысалы, мұнай тасымалы бойынша Беларус елі Одаққа мүше болғандықтан Ресейден мұнай алғаны үшін кеденді баж салығын төлемеуі тиіс-тін. Бірақ Ресей баж салығын алып тастамады. Өйткені Ресей тарабы бұған қатысты «Беларуссия мұнайды өздері тұтынбайды, өңдеп өзгеге де сатады» деген желеуді ұсынып отыр. Кедендік баж салығының қайсыбір түрін алып тастағанмен Ресей тарабы жер асты құбыры арқылы өтетін өнім түріне тарифті өсіріп отыр. Мәселен, жанар-жағармай, мұнай-газ өнімдері жер асты құбырлары арқылы өтетіндіктен бұл өнімдердің бағасы өскен сайын біздің де қиналып қалатын жайттар кездеседі. Жанармай бағасының өсуі кез келген салаға әсер етеді. Аңдасақ, Ресей мұндай тарифтердің түрін алып тастап, кедендік баж салығына жеңілдіктер жасаса 40 млрдтай шығын көреді екен. Міне, осыдан барып көрші ел қайсыбір тарифтердің түрін алып тастамай, өз пайдасын ойлап ұстап отыр. Негізінде Кеден Одағы елдері  бірыңғай кедендік аумаққа кірмей тұрып 11 мыңнан аса тауардың тарифін белгілеп қойған. Оның 90 пайызының негізі ретінде Ресейдегі баж салығы алынған болатын. Яғни, Беларус пен Қазақстан өз экономикасын Ресей тарифтеріне қарай икемдеді. Ресейдің экономикалық әлеуеті Беларус пен Қазақстанға қарағанда күштірек екені түсінікті. Сондықтан Ресей екі елді өз шарттарына көндірері сөзсіз еді. Оның үстіне, Ресей тарифтен тыс кедергілерді де, яғни, кедендік-тарифтік саясат аясынан тыс және сыртқы сауданы реттеу құралы ретінде пайдаланылатын экономикалық және әкімшілік шараларды тиімді қолданады. Мысалы, ресейліктердің өмірі немесе денсаулығына қауіпті деген сылтаумен «Роспотребсоюз» кез келген тауарды әкелуге тыйым сала алады. Міне, бұл Ресейдің бұл әрекеті де тек өз пайдасын ғана ойлап отырғанын көрсетеді емес пе? Ендеше бұл арада Қазақстан Кеден одағынан  үміттенгендей пайда көре алмағынын біз мойындауымыз керек. Ал енді пайда көрмедім екен деп, Кедендік одақтан шығып та кете алмаймыз. Оларға тауарды да бермей қоя алмаймыз. Өйткені біз Ресей экономикасына байланып тұрмыз. 

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, кез келген кедендік одақ үш негізгі өнімнің еркін әрекет етуінен құралады. А) еркін тауар тасымалы, Ә) еркін қызмет тасымалы, Б) еркін жұмысшы күш тасымалы.

Осы үш еркіндікті сақтаған жағдайда ғана интеграциялық бірлестік, экономикалық өрлеу туралы сөз қозғауға болады. Алайда бұл еркіндіктердің ішіндегі негізгі еркіндік – кәсіпкерлік еркіндікті болдырмай еш¬қандай нарық алға жылжымайды. Ал нақ қазір Кедендік үштіктегі кәсіпкерлік еркіндіктің дамымай тұрғанын, осыдан барып Беларус елінен бөлек әсіресе Қазақстаннның шығын көріп отырғанын  біраз қауым мойындап та отыр.

Рас, Кедендік одақ турасында сөз еткенде, бөлек жүріп бәсекелес болғаннан ортақ сауда саясатын ұстау арқылы одақтас болудың тиімділігі айқын екені даусыз. Әрине одақ деңгейінде емес, ұйым ретінде мұндай саясатты тиімді жүзеге асырғандардың бар екенін біз жоққа шығара алмаймыз. Мысалы,  Мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымын (ОПЕК) алайықшы, бұл ұйым көп жылдар бойы әлемнің энергетикалық саясатын айқындап келді. «Бірақ осындай деңгейдегі одаққа айналу үшін Кедендік аймақтың мемлекеттері өзіндік амбицияларын ысырып қойып ортақ мүддеге тең дәрежеде қызмет етуге ат салысуы керек. Олай ортақ мүддеге қызмет етпесе бұл Одақтан ешқандай қайыр болмайды» дейді мамандар.

Жоғарыда біз Кедендік Одақтың тиімді-тиімсіздігі турасында экономист-сарапшы мамандардың пікірлерін де арнайы инфографикамен назарға ұсынуды жөн көрдік. «Барометр» экономикалық зерттеу орталығының мамандары ұсынған бұл  сауалнамаға 2000-нан астам отандық мамандар қатысқан…

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

 

http://alashainasy.kz/economica/49979/

Рубрика: