Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«ШЫҢҒЫСТЫ КЕУДЕСІНЕН ҚАШАНҒЫ ИТЕРЕ БЕРЕМІЗ?»  («ХАЛЫҚ СӨЗІ», 05.02.13) АТТЫ МАҚАЛАНЫ ОҚЫҒАННАН КЕЙІНГІ ОЙ

Интернет беттерін ақтарып отырып, орыс сайттарының бірінен тарих­тағы «Моңғол шапқыншылығының» бол­ға­ны­на күдік  келтірген мақалаларды кезік­тірдім. Онда моңғолдар деп жүргеніміз батысқа  жорық  жасаған  орыс  князь­де­­­рінің бірі болуы мүмкін  деген пікір  бе­ріліпті. Еуропа мен Азияны дүбір­лет­кен Шыңғыс хан қосындарының шаң­ды жорығынан хабарсыз адам бұл мәлімет­терге  иланып  қалуы  ықтимал.  Бұл – бізде де талай талас тудырған тақырып. Бүгінге дейін қазіргі Қазақ халқын құрап отырған рулардың «Моңғол экспан­­сия­сындағы» атқарған рөлі мен оларға қаншалықты қатысы барлығына нақты­лы жауап берілген жоқ. Сол кездегі кейбір қазақ  рулары  күші  асқан  соң ғана даладағы билікті қолына алған ат төбе­ліндей моңғолдардың соңынан ілес­кен шығар!? Әйтпесе Найман мем­ле­кетіндегілердің моңғолдарды «қоңыр­сыған иісті, қомыт-қомыт киімділер» деп атап, оларды мойындамай, қарсы көте­ріліп, соңына дейін соғысқаны тарихта жазылған. Сол тұстағы жылнамаларға жүгінсек, керей, найман, қыпшақтар моң­ғолдарға емес, бір-біріне іштартқан. Сон­дықтан моңғолдарды қазақ тарихына тым кіріктіріп жібермей, осы мәселенің ақ-қарасын айырып алған жөн сияқты.
Тарихи деректерге қарасақ, Шың­ғыс ханның мұрагеріміз деп жүрген бүгінгі Моңғол мемлекеті мен байыр­ғы моңғолдар арасындағы тарихи са­бақтастықтың күмәнді тұстары өте көп. Өйткені Орта ғасырдағы «моң­ғол­дар­дың» барлығы кейін ислам дінін қабыл­дап, мұсылманша ат алды. Қазіргі моң­ғолмыз деп жүргендер будда дінін ұс­­­та­нады, есімдері де айтуға ауыр. Тарихшылар кезінде бұлардың тегі Алтайдан ауып келген татандар деген деректі алға тартқан болатын. Олар қазіргі өлкеге көшіп келіп, моңғол деген атты қайта түлеткен. Мәселен, Орталық Азиядан кеткен оғыздар сияқты. Оғыздар Византия империясын басып алып, Түрік деген атты қайта тарих сахнасына шығарды емес пе?!  Шыңғыс ханның «моңғол» атанған  тағы бір себебі: кейінгі кезге дейін еуроцентристер ұлы қағанға қараған найман мен керей тайпаларын қасақана «моңғолтектестерге» жатқызып келді. Сондықтан құрылтайда Шыңғысты хан көтеруге қатысқан рулар­дың барлығы «моңғолдар» деп аталды. Жеме-жемге келсек, «құрылтай», «хан» деген атаулардың өзі қазіргі моңғолда жоқ сөздер. Алтын орда хандарының есім­дері, қалалар мен ондағы әскери және әлеу­меттік атау­лардың барлығы кілең түркі сөз­де­рінен тұрады. Қазіргі моңғолдар орыс шови­нистерінің осы қитұрқылығын пайдаланып, Шыңғыс ханды өздеріне меншіктеп алды. Ашығын айтсақ, Алтын орданың тарихына олардың еш қатысы жоқ. Болды дегенде де ат төбеліндей моңғолдардың түгелі түркіленіп, кейін қалың қыпшаққа сіңіп кеткен. Біздің тарихшыларымыздың талай буыны өз еңбектерінде орыс оқы­мыстыларының тарихты бұрмалаған осын­дай «мәліметіне» сүйенгенін білеміз. Ал орыс тарихшыларының тек шындықты жаз­ғанына күмән көп. Мәселен, 19-ға­сырда Карамзиннің француз тіліне ауда­рылған «Орыс мемлекетінің тарихы» атты еңбегін жан-жақты зерттеген маркиз Астольф де Кюстин былай деп жазады: «Егер орыстар өздері соншалықты әспеттейтін тарихшының еңбегінде өті­ріктің өріп жүргеніне көздері жетсе, оны соншалықты жек көріп, Карамзиннен бастап барлық тарихшының еңбегін оқуға қатаң тыйым салуды Патшадан жалынып сұрар еді». 
Мен баға беретін тарихшы емеспін. Сондықтан қателесуге қақылымын. Бірақ басы ашық қалған осы әңгімеге түбегейлі нүкте қоятын кез әлдеқашан туды. Шыңғыс ханға қатысты өрбіген пікірталастан оқыр­мандардың ешқайсысы мардымды жауап ала алмады. Қазіргі қолда жүрген қазақ  тарихына қатысты әдебиеттердің де шикі тұстары көп. Сондықтан бізге бабалар тарихын әділ суреттейтін, мемлекетшіл мінезімізді орнықтыратын, оқығанда кез келген адамда төл тарихымыз туралы жүйелі пікір қалыптастыратын кітап же­тіспей тұр.  Жоғарыда  орыс сайттарынан моңғол шапқыншылығына күдік келтірген материалдарды ұшырастырғанымды айт­­­тым. «Моңғолдардың» жорығына қа­­­тыс­ты шынайы деректердің бірін сол тұстағы мұсылман жылнамашылары да жазып қалдырған. Енді соларды сөй­лет­­сек. Айт­пақшы, белгілі тарихшы, Ресей мем­лекеттік гуманитарлық уни­верси­те­тінің президенті Юрий Афа­насьевтің былай деп жазғаны бар: «Кез келген  адамнан Дмитрий Донской  кім бол­ған деп сұраңызшы.  «Куликово шай­қасы, татар езгісінен құтылу» деп жауап береді …Егер  «татар  езгісінен құтылу» деген сөзді Дмитрий Дон­скойдың өзіне  айтса,  ол есінен адасып кетер еді.  
Себебі ол мойындайтын патша Татар патшасы ғана болатын. Ал Мамай өзін хан жасағысы келген көлденең көк аттының бірі болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. «Татарлардан азат болу» деген сандырақты ол қабылдамас еді. Бірақ қазір осылай сөз саптау  біздің тарихи қағидамызға айналып кетті»…
Мұсылман жылнамашылары «моңғолдар» туралы
Жеңімпаз «моңғолдар» 650-жылы Бағ-датты басып алып, оны жермен-жексен етеді. Ибн Қасир ол туралы былай дейді: «Қырық күн бойы Бағдат қиратылумен болды.  Содан кейін әлемдегі осы бір ең әдемі қаладан қиранды мен тау болып үйілген адамның өлігі ғана қалды. Өлі денелер әр жерде  үйіліп жатты. Кейін жаңбыр жауып мүрделер бұзыла бастады. Олардың адам төзгісіз иісі шартарапты алып кетті.. Сонау Сирияға дейін Індет жайлап, жұртқа қасірет шектірді. Бүкіл елде аштық, індет пен өлім-жітім көбейді».
«Моңғолдардың» жеңілуі
Ирак пен Сирияны басып алған соң, «моңғолдар» Мысыр жеріне көз салады. «Моңғолдардың» келгенін  күтпей, қарсы шабуылға шығу керек деп білген Мысыр сұлтаны Сайфуддин Құтыз бар әскерімен оларға қарсы аттанады. Тарихи деректерге сүйенсек, осы алапат шайқаста екі жақтың бір-біріне бауырлас әскерін Қазақ даласынан шыққан Қыпшақ ұландары басқарған. Айн-и-Жалұт түбіндегі қанды қырғында Мысыр әскерін Бейбарыс бастап шықса, ордалықтардың қолбасшысы найман Кетбұға батыр болыпты. Жан алып, жан беріскен осы шайқаста жол жүріп келген «моңғолдар» оңбай жеңіледі. Көп ұзамай Сайфуддин бақилық  болып, Бейбарыс Мысырдың билеушісі атанады. Ол «моңғолдардың» жеңілмейтіні туралы дақпыртты жоққа шығарып, бүкіл Сирияны жатжерліктерден азат еткен адам ретінде атын араб тарихына алтын әріптермен жазып қалдырды.
 «Моңғолдардың» исламға мойынсұнуы
Бұл шапқыншылық ислам әлеміне үлкен зардап шектірді. Оның интеллектуалдық дамуы дағдарысқа ұшырап, мұсылмандар арасында исламның болашағына күдік келтіргендер қара көрсете бастады. Ордалықтардың Ирактан Иранға дейінгі алып өлкеге иелік еткені белгілі.  Ислам халифатының астанасы болған Бағдат қаласы да олардың бақылауында болды. Тағдырдың жазуымен сол кездегі  әлемдік өркениеттің орталығын қолдарында ұстаған «моңғолдар» біртіндеп өздері осы мәдениеттің ықпалында қалды. Жұрттың бәрі заманақыр келді деп уайымға басқанда, исламның рухани күші төңкеріс жасады. Руханият өкілдері мен сарайдағы оқымыстылар «моңғолдардың» биліктегі тобына діни насихат жүргізетін. Жаратқанның әмірімен олар біртіндеп Исламға ықыласпен қарай бастайды. Осы керемет оқиғаны көзімен көрген Ибн  Қасир былай деп  тебірене жазды: «Биыл 694 жылы Шыңғыс ханның шөбересі Қазан тақта отырып, Әмір Таузынның көмегімен исламды қабылдады. Онымен бірге барлық ордалықтар мұсылман болды. Сұлтан дінге кірген күні қолдағы алтын, күміс пен жақұттан садақа үлестірілді. Өзіне «Махмұт» деген мұсылман есімін таңдап алған сұлтан жұма күні мешітке барып, бұқарамен бірге намазға қатысты. Тәркіленген мүліктің барлығы Бағдат пен оның төңірегіндегі өз иелеріне қайтарылып, әділ төрелік жасалды. Жұрт бұрындары қайқы қылыш қана ұстаған қаһарлы «моңғолдардың» тәспі тартқанын көріп, Алланың құдіреті мен жомарттығына  мадақ  айта бастады».
Жолымбет МӘКІШЕВ
http://www.halyksozi.kz

 

Рубрика: