Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Президенттің 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 90 пайызының мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп міндет қойғанын барша халық біледі. Қарап отырсақ, бұл межеге жетуге небары 7 жылдай уақыт қалыпты. Баршамыздың бір тілде сөйлеп, бас біріктіруіміздің жолы қандай болмақ? Бұған да жауапты Президенттің Қазақстан халықы ассамблеясының соңғы сессиясында сөйлеген сөзінен таптық. Елбасы тілді меңгеруде ең алдымен талаптың жастарға қойылатынын айта келе: «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз зор үлес қосуы керек! Елімізде 10 миллион қазақ болса, өздері түгел тілді білсе, байлықтың ең үлкені осы болар еді! Барлығымыз қазақ тілінде сөйлесек, қазақы қуатты орта пайда болады да, барлық мәселе өзінен-өзі шешіледі» деп, қоғамға ой тастады. Ал қазақы қуатты ортаны қалай қалыптастырамыз?


Мақаш ТӘТІМОВ, демограф-ғалым, қоғам қайраткері:

– Президенттің сөзі өте орынды әрі уақтылы айтылды. Басқалар тіл мәселесіне атүсті қарайды. Ал Елбасы өз жоспарларын сабырмен атқарып жүр. Жоғарыда айтылған Пре­зиденттің сөзінің бәрін орын­даушы – демография. Егер қазақ өз жерінде сан жағынан басым болмаса, сапа жағынан басымдылық құра алмайды. Сан сапаға айналуы керек. Қазақ 70 пайыздық межеге 5-6 жылдың ішінде жетеді. Мен үнемі «Қазақ 70 пайызға жетпей, мемлекеттік тілді өз тұғырына шығара алмайды» деп айтып жүрмін. Ең ал­ды­мен, қазақ тілінде кімдер сөйлеуі керек? Түркі тілдес халықтар: қырғыз, қазақ, но­ғай­лар, т.б. Ғылыми тілмен айтқанда, бұл ассимиляцияның бір түрі. Бәрі тілдік ассимиляциядан басталып, ұлттық ассимиляцияға ұшырайды. Содан кейін саналық ассимиляция жүзеге асады. Тілдік жоспарды Президенттің бағдарламасымен жүргізген дұрыс. Қазір Қазақстанда 6 млн басқа ұлт өкілі тұрады, соның 1,5 мил­-
лионы – түркі тілдес, 2 миллионға жуы­ғы – мұсылман діндес, 2 миллионнан артығы – шығыс тектес халықтар, оның ішіне,
дүнген, кәрістер де кіреді. Олардың қаны бізге жақын. Тү­бін­де қазақ ретінде танылады. Бәрі де қазақтың менталитетіне жақындауы керек. Бұл – Президенттің бағдарламасы. Мұны дабырайтпай, ақырындап жүргізген дұрыс. Еуропалық диаспоралар, по­ляктар, немістер, т.б. бұрыннан орыс тілінде сөйлейді, бірақ түбінде Қазақстанның 80 пайызы қазақ болса, басқа шығыс халықтарымен қосқанда, санымыз 90 пайызға жетсе, қалған 10 пайыз халық қайда барады? Қазақ: «Көп қорқытады, терең батырады» дейді. Ал мұның бәрін істейтін құдіретті нәрсе – демография. Яғни Пре­зиденттің сөзі ғылыми түрде шешіліп жатыр. Демографиялық құрам жағынан, қазақ пен оның айналасындағы халықтар да жас. Қартайып бара жатқандар – еуропалықтар, соның ішінде, орыстар, украиндар мен беларусьтар құрдымға кетіп барады. Мәселен, қазақ халқының орташа жасы – 27-28 жас. Ал орыстардың орташа жасы – 52-53-те. Өзіңіз қараңыз, 50-ден асқан адамдардың үй-күйі бар, әйелдері басқа бала таппайды. Оларға тек зейнетақы керек. Қазақ орыстан екі есе жас болған соң, елімізде қазақ проблемасының бетке ұрып тұратыны да содан. Жастарға не керек? Баспана, жұмыс қажет. Қазақтың ішінде жастар көп болған соң, өмірі әлі алда. Яғни осы жастар қазақша сөйлесе, бар мәселе шешіледі. Кейде мен мақалдап: «Ананың тілі – атаның күшінде» деймін. Мұның мағынасын түсінетіндер біледі, тілдің мәселесін шешетін – ата. Ата дегеніміз – саясат, экономика, тіптен демография. Бәрі де әкеден шыққан. Президентіміз: «Ынтымақ қазақ үшін керек» деп қанша айтады?! Түсінетін адам ең алдымен қазақ ынтымағын қамтамасыз етіп алған соң, басқа ұлт өкілдерін де өзіне жақындастырады. Мәселен, Өзбекстандағы 30 млн халықтың бәрі өзбек пе?! Жоқ, ондағы халықтың 5 миллионы – не қазақ, не қыр­ғыз, не тәжік, бірақ бәрін өз бойына сіңіріп алған. Олардың бас біріктіретін басты ұраны – «Біз – мұсылманбыз!». Міне, күшті ұлттар осылай істейді. Біз де осындай күшті ұлт болуымыз керек.

Image

Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, «Алаң» бағдарламасының жүргізушісі, саясаттанушы: 

– Президент айтқан қа­зақы ор­таны қалай қалып­тастыру қажет? Қазақ­стан – құқықтық мемле­кет. Яғни барлық мәсе­лені заңды түр­де шешу ке­­рек. Менің ойымша, аталған проблеманы қа­зір жүргізіліп жатқан әкім­шілік реформа аясында шешіп алуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта қалыпта­­сатын президенттік кадрлық резерв, «А» корпусы, сайла­натын ауыл әкімдері мемле­кеттік тіл­ді білуі міндет деген талап қойылса, әжептәуір нәтиже болары анық. Оған қоса, 2015 жылдан бастап барлық мемлекеттік қызметке үміткерлер, кадрлық резервтегілер де қазақ тілін білуі қажет десек, артық болмас еді. Себебі кейбір министрліктегі қызметкерлердің ұлттық құрамына қарасақ, 90%-ы өзіміздің қаракөз қазақтар. Бұл талапты ары қарай соза берудің мәні жоқ. Есесіне, Қар­жы министрлігі «2017 жылдан бастап, салық ор­ганда­­ры­на тапсырылатын салықтық есеп, аудиттік есептер мем­лекеттік тілде болуы қажет» деген бұйрық шығарса, жекеменшік компаниялар арадағы 4 жылда дайындалып үлгеретін еді, сәйкесінше, жұмысында қалғысы келгендер қазақша үйренуге мәжбүр болады, не қазақтілді маман­дарға сұраныс туады. Яғни кезең-кезеңмен қазақ ті­лін барлық салада талап ету арқылы жоғарыда айтыл­ған қазақы ортаны қалыптастыра аламыз. Бірақ тіл бі­летін­дерді де жалақысына үстемақы төлеп, ынталандыру әдісін де ұмытпау қажет. Мә­селен, өзіміздің емес, ресейлік бір танымал банктің Қазақстандағы филиалы дәл осылай жасағаны туралы мәлімет бар.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: