АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақтың жерін Ресейге тартатын экстремистерді қалай жазалаймыз?

«Вконтакте» әлеуметтік желісінде ел арасына ши жүгіртуші «Солтүстік Қазақстан – бұл орыстың жері» атты даулы топ қайтадан бой көрсетті. Алдында жарты ай бойына ғаламтордағы қазақстандықтардың ашу-ызасына тиіп көзге көрінген оларды еліміздің құзырлы мекемесі экстремистік топ деп танып, әлеуметтік желіден алдырып тастаған. Алайда бұл шара тиімділік танытпады. Сонда қайтпек керек?.. «Алаш айнасы» сұрастырған мамандар ақпарат айдынындағы бос кеңістікті толтыруды мемлекет өз қолына алмайынша, оған өзгелер емін-еркін бас сұғып, қауіпсіздігімізге қатер төндіре береді деп санайды. 

Қазақстанның солтүстігін аннексиялауды уағыздаушы «Солтүстік Қазақстан – бұл орыстың жері» атты экстремистік топ 13 тамызда «Вконтакте» әлеуметтік желісінен жойылған болатын. Бұған ғаламтордағы осы арандатушы топ үстінен бас прокурор атына бірқатар қазақстандықтың шағымдануы ықпал еткен. Осы негізде ҚР Байланыс және ақпараттандыру агенттігі «Вконтакте» әкімшілігіне қысқа мерзім ішінде әлгі әпербақан топты өз кеңістігінен жоюды сұрап, хат жолдаған. Келесі тарап бұл өтінішті бірден қанағаттандырған. Сөйтіп ел ішіне іріткі салушы виртуальдық жауды ауыздықтағандай боп едік. Бірақ отандық «Курсив» газеті бүгіндері өзінің Ресейдің әр қаласындағы ақпарат көздеріне сілтеме жасауда әлгі экстремистік топтың ғаламторда әлі жұмыс істеп жатқанын нақтылап отыр. Өзін ұлтшыл деп атаған әлдебір Влад Котов ресейліктер арасында әлі экстремизмнің «дәнін» сеуіп жүрген боп шықты. Сөйтсек атышулы топқа Қазақстан территориясында ғана тыйым салыныпты. Ал Ресейде бұл топтың ақпараты ашықтан ашық жарияланып жатыр. «Вконтакте» әкімшілігіндегілердің түсіндіруінше, аты аталған контентті ауыздықтауға РФ Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласын қадағалаушы федеральдық қызмет қана қауқарлы. Бірақ олар бұл ретте үнсіздік танытқан. Сол секілді «Роскомнадзор» оны Ресей территориясындағы экстремистік топтар қатарына жатқызбаған, сондықтан «Вконтакте» өз желісіндегі «Солтүстік Қазақстан – бұл орыстың жері» атты қауымдастықты жоюға мүдделі де емес көрінеді. Міне, осылайша ел ішінде тыйым салынса да жырақтан еліміздің тұтастығына нұқсан келтірушілер өз насихатын ашықтан ашық дөңгелетіп жатыр. Бәрінен қиыны, заңгерлер нақтылағандай, біз оларды жауапқа тарта алмайды екенбіз. Сонда олардың осылайша Қазақстанды сырттан өз бетімен меншіктеуіне жол беріп, қарап отыра беруіміз керек пе?..

Саясаттанушы Дос Көшім бұл ретте орыс ұлшылдарын қазақтың ұлтшылдығын ояту ісіне ұтымды пайдалануға ғана болатындығын айтады.

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Қазақстан бөтен елдің адамдарын жазалай алмайды. Жалпы, қазақ жеріне көз сатып, оны орыстікі деп сайраған бұл бірінші жайт емес. Әсіресе, КСРО тараған кезде осындай әңгіме Ресей тарапынан өте көп айтылды. Оған құлағымыздың еті үйреніп те барады. Бірақ мұндайда алақан жайып, жәй қарап отыруға болмайды. Өйткені ақпарат айдыны – мемлекеттік қауіпсіздіктің басты тірегі. Сондықтан мұндай желдірме сөздің астарын өз тарапымыздан ресми мінберден де, мамандардың аузымен де ашық талқылап, халыққа түсіндіріп беруіміз керек. Сөйтіп қана біз арам пиғылдыларды елдің алдында әшкерелеп, сонымен қатар ұлттық рухты жани аламыз. Алайда біздің заң бұл ретте өте қатаң. Тіпті, Украина сабақтарын ашықтан ашық талқылауға рұқсат бермейді. Бұл, әрине дұрыс емес. Қазір айналамызда соғыс жүріп жатыр. Ондайда қамсыз отыруға еш болмайды. Кез келген ақпараттық шабуылға тойтарыс берілуі тиіс. Алайда бұл біздің осы саладағы саясатымызға сайма-сай келмей жатқан секілді.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев та кез келген ақпаратты жасыра алмайтындығымызды, сондықтан елдің қауіпсіздігіне қол сұғушы дақпыртқа мемлекеттің, құзырлы мекемелердің дер уақытында жауап беріп үйренулері керектігін айтады.

Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

– Мемлекеттің ішкі тұрақтылығы ақпараттар ағынын кімнің қадағалап отырғандығына тікелей байланысты. Ақпараттық қоғамда қандай да бір нәрсені жасырып немесе жауып тастау мүмкін емес. Дегенмен ақпараттар ағыны міндетті түрде сүзгіден өтуі тиіс. Алдын алып үлгерсек, тіптен жақсы. Ал ақпараттық бос кеңістік – мемлекеттің қауіпсіздігі үшін үлкен қатер. Өсек-аяң, дақпырт, біреудің көшірмелері біздің қоғамға неге тез тарап, насихатталады дейсіз? Өйткені ақпарат айдында мемлекеттің жіберіп алып жатқан бос кеңістігі жетерлік. Сондықтан бұл арада тыйымнан гөрі, мемлекеттің дұрыс әрі халықты сендіретіндей ақпарат беруге, оны ұйымдастыруға күш жұмсауы әлдеқайда тиімді болар еді.

Жазда халық қалаулылары өсек-аяңға енді жол берілмейді деп демалыстарына тарқасқан еді. Өйткені олар Парламент қабырғасында жалған ақпарат таратушыларды 7 жыл бас бостандығынан айыратын заңды қабылдаған болатын. Алайда өмір көрсетіп отырғандай виртуалдық әлемге бұл заңның да күші жүрмейтін боп шықты. Ендеше депутаттар ерінбей, әсіресе елдің егемендігіне нұқсан келтіретін кез келген фактіні аңдып, оған дереу үкіметтен немесе құзырлы мекемелерден жауап алатындай іс-қимылға көшуі керек. халықтың, елдің атынан мәселе көтеруге құқық берілген депутаттар, әсіресе, мынандай қым-қуыт заманда аса белсенді болуы тиіс деп санаймыз.

«Вконтакте» әлеуметтік желісінде пайда болған дүмбілез қауымдастық өзінің мақсатын былайша насихаттайды: «Солтүстік Қазақстан – Қазақстан Республикасы құрамындағы экономикалық-жағрафиялық уақытша өңір. Оған қазір мынандай аймақтар енеді: Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Ақмола облысы және ел орталығы – Астана қаласы. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысының және Қарағанды облысының солтүстік аумағы да бар. Бұл жердің барлығы Ресейге қайтарылуы тиіс, себебі, біріншіден, бұл совет кезінде қазақтарға берілген казак жерлері, екіншіден, қазір де мұнда орыстардың үлесі басым, үшіншіден, Қазақстанның оған ешқандай құқығы жоқ».

Автор: Кәмшат Сатиева

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/kazaktyin-jern-reseyge-tartatyin-ekstremisterd-kalay-jazalaymyiz-54638/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі