Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жақында Алматыда «Қазақ мәдениетінің рухани құндылықтарын әлемдік брэнд ретінде таныту» атты дөңгелек үстел өтті. Негізінде бренд деген мағына тек қана сауда өнімдеріне қатысты болып көрінеді, сырт көзге. Ал анық-қанығына келетін болсақ, мәдени бренд – әрбір ұлттың, мемлекеттің қарышты дамуының негізгі түп қазығы. Нақты мысалдарға алысқа меңзеп барып қажеті жоқ. Бүгінгі таңда экономикалық даму бойынша батыстың ал­дың­ғы қатарлы мемлекеттерінен көш ілгері дамыған Қытай, Үндістан, Жапония өзінің мәдени брендтерін алға шығара отырып, басқа елдерден нақты қаржылай инвестициялар тартуға қол жеткізгендігі белгілі.

Ал бүгінгі таңда Қытай қайда, батыс елдері қайда? Сарапшылардың айтуынша 2017 жылдарда Қытай экономикасы дүниежүзінде бірінші орынға шығуы ықтимал.Үндістан мен Жапония да өзінің «айдаһар» көршісінен қалысып отырған жоқ.

Жалпы батыс әлемі, басқа экономикалар болсын, энергетикалық ресурстармен қатар, мәдени өнімдерді де тұтынады. Сол мәдени өнімдер, елдерге келетін инвестициялардың алғышарты ғана емес, негізгі түп қазығы болып отыр. Қытай өзінің конфуциандық ілімін, Жапония өзінің шай ішу рәсімін, Үндістан өзінің йога өнерін экономикалық категорияға жеткізіп қойған.

Енді біздің ұлттың мәдени жауһарларының басқа мәдениеттен артықшылықтарын қарасты­рып көрейік. Қазақтың ертеден келе жатқан ма­хаб­бат жөніндегі өшпес туындысы – «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қарастырайық. Бұл туынды біріншіден Батыстың жігіт пен қыз арасындағы сезімінің эталоны болып табылатын «Ромео-Джулеттадан» сегіз ғасыр бұрын шыққан!

Екіншіден, «Ромео-Джулеттағылар» – қолдан жасалған жасанды персонаждар, ал «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» – өмірде нақты болған, түркі ха­лық­та­рының басым көпшілігенде із қалдырған туынды.

Егер біз осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» ағылшын тіліне аударып қана қоймай, оны ағылшын әлеміне насихаттай білсек, қазақ емес бүкіл түркі әлемінің мәдени деңгейін басқа ұлағатты деңгейге көтеретіндігіміз анық.

Шоқан Уәлиханов туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ жоғарыда айтып өткен дөңгелек үстелде осы уақытқа дейін шоқан­тану мектебінің жоқ екендігін бір ақсақал айтып кетті. Біраз отырып реніштерін айтып, өзінің соңғы шоқантанушы екендігін жеткізді. Ал, енді сол кісіге шоқантану мектебін ашуға кім қолын қаққан екен деген сұрақ туады.

Біз өзіміздің Шоқанды танып та, танытып та көрген жоқпыз.

Енді Шоқанды шетел аудиториясына танытатын уақыт жеткен тәрізді. Сондықтан Шоқанның таңдамалы шығармаларын ағылшын тіліне аудару һәм дүниеге Шоқанды танытудың басы болмақ.

Шынын айту керек, Еуропа халқына біздің ХХ ғасырдың жазушыларынан Мұхтар Әуезовтен басқалары таныс емес. Осы тұрғыда ағылшын тілінде қазақтың осы ғасырдағы ақын-жазушыларының антологиясын құрастыру – өзекті мәселе.

Сондықтан осы түйінді шешудің басты қадамы ретінде қазақтың Маралтай ақынының шығармаларын ағылшын тіліне аудару басталып кетті.

Бұл мәселелердің өзектілігі қай жағынан алсаң да салмақты. Мысалы үшін қазір қоғам, мемлекет ЭКСПО деп дүрлігіп жүр. Ал сол ЭКСПО-ның гуманитарлық басымдылығын ешкім ойлап отырған жоқ тәрізді. Біздің ел бұл көрменің басты тақырыбы ретінде «жасыл экономиканы» алып отыр. Ол жақсы шығар. Бірақ сол жасыл энергетиканың көкесін көрсетіп келе жатқан елдер біз ЭКСПО-ны өткізеді екен деп тосып отырмайтын шығар. Сондықтан бізге осы гуманитарлық саланы негізгі басымдылық етіп алған дұрыс болар.

Еуропаның қай елі болсын, Қазақстанды ең бірінші мұнаймен елестетеді. Ал біздің толағай тарихымыз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз жөнінде ол жақта аса біле бермейтіндігі анық.

Сол ЭКСПО-ны біздің ұлттың мәдениетін шетелге таныстыра отырып, өзіміздің ұлтты түлетуге жаратсақ, негізгі мақсат осы болса, қазақтың ұлттық рухы XXI ғасырға сәйкес қайта түлеуі анық. Сондықтан қазақ ұлтының мәдени брендін қалыптастыру жұмысы басталып кеткен тәрізді.

Осы тұрғыда біздің ұлттың да дүниежүзі аренасына ұсынар өнімдері аз емес. Өткен мен бүгінге зер салып қарайтын болсақ, қандай да бір халықтың, ұлыс пен ұлттың атын шығарып, қарапайым халықты алға сүйрейтіндер сол елден шыққан қайраткер тұлғалар. Жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Әлемдік ойдың болмысын жете тану үшін ХХ ғасыр ақылмандарын түгел оқымай болмайды», – дейді. ХІХ ғасырдың жарық жұлдыздары іспетті қазақ көгінде шуақ шашқан Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов секілді кемеңгер тұлғалар – қазақ ұлтының өткені мен бүгіні, ескісі мен жаңа өмірінің арасына қойылған алтын көпір. Олар қайталанбас қасиеттерімен, өзгеге бұйыра бермейтін дара таланттарымен ұлттың шынайы көшбасшыларына айналды.

Міне, осы ретте қазақ мәдениетінің өнімдерін дүниежүзі бренді ретінде қалыптастыру аясында мынандай жобалар іріктеліп алынды:

Шоқан Уәлихановтың ағылшын тілінде жа­рық көретін 1 томдық таңдамалы шығармаларын әзірлеу;

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» махаббаттық эпи­калық шығармасын ағылшын тіліне аудару;

XXI ғасырдағы қазақ поэзиясының майталмандарын ағылшын және басқа тілдерге аударып, сол елдерде тарату.

Жобаны ісжүзіне асырушыларға іске сәт дейік!

http://www.ulttimes.kz

Рубрика: