Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

оАстана. 31 мамыр. Baq.kz    Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы: 

Патша заманында да саяси күрес жолына түскен қазақтың белді азамат­тары, зиялы қауым өкілдері қуғындалған. Осы жайында айтып өтсеңіз.

– Қуғын-cүргін әр заманда болған. ХХ ғасырдың басында қазақ халқы бірнеше қуғын-сүргінге ұшырады. 1905 жылы патша­ның сөз, баспасөз бостандығы жарияла­нысымен жаңадан қалыптасқан ұлт зиялы­лары билеуші үкіметтің отарлық езгісіне қар­сы ұлт-азаттық күрестің бастапқы қада­мын баспасөз арқылы бастаған болатын. Қазақ тіліндегі газет шықпай тұрған кезде патша үкіметінің әккі саясатын татар, орыс тіліндегі басылымдарға жариялау талаптары қойылған арызхаттарды (петициялар) жоғарғы орындарға жолдау, Мемлекеттік Дума мінберіне шығып сөйлеу арқылы әшке­релеуге тырысты. Олардың баспасөз арқылы ұлттық мүддені көздеуі, жер дауы, жесір дауы, тіл, дін мәселесі жайында ашықтан-ашық пікір айтулары билікке ұнамады. Ә.Бө­кейханов, Ж.Ақбаев сынды азаматтар­дың елдің сана-сезімінің оянуына шақырған, оқу-білімнің мән-маңызын насихаттаған, ғылым мен мәдениетке үндеген мақалалары, Қазақ елін қалың ұйқыдан оятып, оқу, өнер-білім, іскерлік жолына салу, ең бастысы, дербес мемлекет құру сияқты негізгі мақсатқа жете­леген Ахметтің «Масасынан», Міржа­қып­тың «Оян, қазағынан» билеуші үкімет сескенді. Сондықтан олардың жүрген іздері, сөйлеген сөздері жіті бақылауға алынып, құпия түрде олардың «ұлтшылдығын» дәлел­деген қат-қат томдар жинақталды. Алды абақ­тыға қамал­са, артына айыппұлдар са­лын­ды. Мәселен, Міржақыптың «Оян, қа­зақ!» кітабы мазмұны­на орай панисламшыл­дық идеясын тарату­шы, қазақтар арасында орыс үкіметінің сая­са­тына қарсы наразы­лық­тың тууына ба­ғыт­талған кітап деп танылған. Ол Семейде 1911 жылы маусымда қамауға алынып, желтоқсанда болған Семей өлкелік сотының шешімімен бір жылға бас бостанды­ғынан айырылған. Дегенмен сол кездегі пат­ша үкіметінің қуғындаған саясатына қара­мастан, А. Байтұрсынов «Масасы» ызыңдап, қалың ұйқыда қаперсіз жатқан халықты оятқан­ды­ғын, Міржақыптың «Оян, қазағы» халық мүд­десінің жоқшысы бола алатын саяси кү­рес­керлерді шыңдағанын атап өтуіміз керек. Демократиялық қозғалыстар одан әрі өріс­теп, қазақтың ұлт тіліндегі баспасөзі қа­лып­тасты. Дүниеге қазақтың жоғын жоқтаған, сөзін сөйлеген «Айқап» журналы мен «Қа­зақстан», «Қазақ» сияқты газеттер дүниеге келді. Ахмет Байтұрсынов ұйымдастырып шығарған «Қазақ» газеті кейін­нен Алаш партиясының құрамында бо­лып, оның қо­ғам­дық-саяси қызметін жан­дан­дырған Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М. Ты­ныш­байұлы, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, Х.Ғаб­ба­сов, Ж.Жәнібеков, Ж.Тілеулин, Х.Бол­ғанбаев, Ж.Ақпаев, Ж.Басығарин, А.Сейітов, С.Торай­ғыров, А.Мәметов, Х.Досмұхамедұлы сияқты зиялыларды топтастыра білді, олар­дың ұлт­тық идеясын бүтін жұртқа жеткізді. Халқы­мыз­­ды мазалап жүрген жер, дін, тіл, оқу-аға­р­т­уға қатысты мәселелерді қозғауға тырысты, қазақ қоғамына аса қажетті ұсы­ныс­тар ай­тып, оны бірлесе шешуге шақырды.

1916 жылы ел басына қара бұлт орнатқан патшаның майданға қара жұмысқа алу тура­лы жарлығы шығып, 19 бен 43 жас аралы­ғын­дағылар Батыс майданға қарай ағылған кезде, солармен бірге болып, ақыл-кеңес берді. Патша үкіметі құлаған уақытта қазақ съездерін ашып, комитеттер құрып, тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылды.

 Кеңес өкіметі орнамас бұрын Алаш қайраткерлеріне біраз уәде берілген еді, алайда олар уәдесінен тайқып, керісінше, өздерін қудалауға ұшыратты. Осы жөнін­де айтып берсеңіз? Жалпы, осы қуғын-сүргіннің айыпкері ретінде кімді атайсыз?

– Кеңес үкіметі толықтай орнағаннан кейін басқару органдары алашордашылар­дың талап-тілектеріне құлақ асқан жоқ. Кері­сінше оларды биліктен шеттетуге тырысты. Қызыл биліктің әккі саясатын әшкерелемек болған Алаш мүшесінің бірі Отыншы Әлжа­нов боль­ше­виктердің қолынан мерт болды. Алайда ұлт зиялыларының сағын бірден сындыру мүмкін емес еді. Сондықтан оларға кешірім бере, ақырындап биліктен аластату арқылы күрес тактикасын күшейтті.

Жалпы, қазақ зиялылары мен оларға ние­т­­тес болған азаматтарды қуғындау 20-жыл­дың басында өріс алды. Жасырын түрде ақпараттар жинап, мемлекеттік және басқару органдарында қызмет еткен алашор­дашылардың кейбірі «кеңес өкіметіне қарсы» деген желеумен жұмыстан қуылды, Қазақ­­станнан тыс жерлерге жіберілді.

Негізінде, бұрынғы Алаш қайраткерлерін қудалау барысы 20-жылдары Коммунистік партия қатарын жат элементтерден тазарту барысында да байқалды. 1921 жылы Қазақ халық ағарту комиссариатының партия ұясы Ахмет Байтұрсыновты партия қатарынан шығарды. Оның себебіне әр партия жиналы­сы­на қатыспауын, мүшелік жарнаны уақты­лы төлемеуін келтіргенімен де, іс жүзінде қай­рат­кер 1920 жылдың басында В.И. Ле­нин­ге кеңес үкіметінің қазақ интеллигенция өкіл­де­ріне әлі сенімсіздікпен қарап отырған­дығын айтқан болатын.

Большевиктік биліктің бұрынғы Алаш қозғалысының өкілдеріне осылайша шүйлі­гуінің өзіндік себебі бар. Ол – алашорда­шы­лардың ықпалының коммунистер арасында жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш. Бастапқы кездерде бұл мәселе ашық түрде айтылмаса да, бірте-бірте жаймен өлкелік партия конференциялары мен жиналыста­рын­да қозғала бастады. Мемлекет қызметіне тартылған Алаш қайраткерлеріне сенімсіздік күшейді. Оларға «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды.

1922 жылдан бастап алашордашыларды үкімет пен партия тарапынан қудалау саясаты ашық түрде жүргізілген. Бір сөзбен айтқанда, кеңес өкіметі білімді, елінің қамын ойлаған, талантты азаматтардан құтылуды көздеді. «Ұлтшыл», «жікшіл» деп қаралау белең алды. Сол кездерде М.Дулатов «Ақ жол» газетіне жариялаған «Қазақ зиялылары» деген мақа­ласында қазақ зиялыларын «ұлтшыл» қылып отырған үкіметтің әккі саясаты екен­дігін айта келе, «Біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрі­міз­ге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе біз­дің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрін­геннен соққы жегеніміз еді. Егер төңкеруші табылады екен, ұлтшылдықты ортақшыл­дық­қа айырбастауымыз қиын емес» деген еді.

Алашордашыл ұлтшылдармен күрес жүр­гізуде ел ішінде қандай топтар мен жік­тердің барлығын анықтау мемлекеттік саяси басқарманың қолына берілді. Олар кеңестік жүйеге қарсы астыртын бірнеше топтың барлығын, олардың қандай іспен айналысып, әрекет жасап отырғандығын құпия түрде анықтап, тиісті орынға хабарлап отырды.

Алаш мүшелерін қудалау барысында кеңестік билік баспасөз беттерін де шебер пайдаланған. Алашты сынауда «Қызыл Қазақстан» журналы мен «Еңбекші қазақ» газеті белсенділік танытты. Бұл басылымдарда Алаш партиясының өткен жолы, жүргізген қызметінде жаңылыс басты, адасты деген мазмұнда мақалалар жарияланған.

Алаш қайраткерлерін саяси тұрғыда қудалауға Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы болған Ф.И. Голощекиннің тікелей қатысы бар. Ол Қазақстанға келгеннен кейін «алашордашылардың бағытына тікелей қолдау көрсетті, кеңестік ұлт саясатын бұрма­лауға тырысты» деген желеумен мемлекеттік қызметте отырған Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сияқты азамат­тарды айыптап, іздеріне шам ала түсті. «Троцкий­шілдерге», «жаңа оппозицияға» және басқа да антилениндік ағымдар мен топтарға қарсы күресуді мақұлдап, елдегі алауыздықтар мен жікшілдерге қарсы нау­қан­ды қолға алуды күшейтуді тікелей өзі қолға алған. Соның нәтижесінде Ә.Бөкейха­нов бастаған алашшыл бір топ баспа орында­рындағы қызметкерлер жұмысынан босатыл­ды, қазақ тілінде шығатын бірнеше мерзімді басылым жабылды.

1921-1922 жылдардағы ашаршылық тұсында Семей зиялыларының бастамасымен Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған аудандарына көмек ретінде облыстан мал жиналды. Бұл малды Торғай өңіріне айдап апарған Ж. Аймауытов бастаған бір топ азаматтардың үстінен «малды талан-тараж­ға түсірді» деген желеумен іс қозғалған еді. «Торғай ісі» деп аталған сот үрдісі төрт жылдан артық созылып, Алашорда зиялыла­рының ақ-қарасын анықтауға «Еңбекші қазақ» газеті тартылған. Ж.Аймауытовқа та­ғыл­ған айыптың негізсіздігі анықталғанымен де, істі болған қалған алашордашылар бірнеше жылға бас бостандығынан айырыл­ған.

 Осы «Торғай ісіне» М. Дулатовтың да қатысы бар деп жазылып жүрді. Бұған не айтасыз?

– Міржақып Дулатов Жүсіпбек Аймауы­товтың үстінен іс қозғалған кезде «Еңбекші қазақ» газетіне оны айыптауға қарсылық білдірген көлемді мақала жариялап, оның еш кінәсінің жоқтығын дәлелдеген. Бұл тура­лы Ораз Исаевтың Ф.Голощекинге жазған хатында айқын айтылады. 1937 жылы «Тор­ғай ісі» баспасөзде тағы да көтеріліп, Н.Тимо­феев пен С.Брайнин «Социалистік Қазақстан» газетіне «1921-1922 жылдардағы ашаршы­лық барысында алашордашылар жиылған малды өз қара бастарының қамына пайда­ланды», «М.Дулатов, Кәдірбаев, Құлжанов, Бірімжановтар осы малдан 15-тен және одан да көп үлес алды» деп мақала жариялаған. Бұл мақаланың аттары аталған Алаш мүшеле­рінің «халық жауы» ретінде айыпталуына негіз болғаны сөзсіз.

 Сонда қазақ зиялыларының қуғын­далуына баспасөздің де тікелей қатысты болғаны ғой.

– 1919 жылдан бастап мерзімді баспасөз үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынып, оның беттері арқылы социализмнің салтана­тын дәріптеу, лениндік, сталиндік идеяның мәңгілік екендігін халық санасына сіңдіруге, коммунизм жолында партияның сара жолын дәріптеуге ұмтылғаны белгілі. Сөйтіп, үкімет пен партия саясатын насихаттау арқылы халықтың демократиялық ой-пікіріне ашық түрде тосқауыл қоюмен елдің әлеуметтік- экономикалық, мәдени-рухани өрлеуі кеңес­тік жүйенің жемісі деген біржақты пікір қалыптастыруға тырысқан. Дегенмен де, идео­логиялық қысымға қарамастан, 20-жыл­дың басында шыққан «Темірқазық», «Шол­пан», «Ақ жол», «Қазақ тілі» және тағы басқа қазақ тіліндегі мерзімді басылымдар кеңестік жүйені сынға алған, ұлтшылдық рухтағы мақалалар жариялап отырған. Сондықтан 1925 жылдан бастап баспасөзге партияның қатаң бақылауы орнатылып, оның комму­нис­тердің ғана қызмет етуіне рұқсат етілді.

ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ баспа­сөзі партия жолынан ауытқыған, кеңестік партияға қарсы топтар мен жікшілдерге қар­сы күресті өрістетті. Кеңес өкіметіне жат пи­ғыл­дағыларды «ұлтшыл-уклонистерді» әшкерелеу, өзара сын айту басылымдардың негізгі тақырыбына айналды. Осылайша бірін-бірі қаралаған мақалалар тізбегі көз аштырмады. Бұл – халықты бір-біріне айдап салу.

– ХХ ғасырдың 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдың басында ұлтымыздың беткеұстар азаматтарының басым көп­ші­лігі «халық жауы» ретінде ұсталып, істі болып, бірері атылып кетті, лагерь­лерге қамалды. Аман қалғандардың өзі қы­сым­ға түсті. Большевиктік үкімет қандай айыптар таққан?

– 1928-1930 жылдар аралығында «Алаш» қозғалысының А.Байтұрсынов, М.Ду­латов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Тынышпаев, Ж.Ақбаев бастаған жетек­шілері мен басшылары тұтқындалып, үсте­рінен іс қозғалған. Жалпы, осы жылдары Алашқа қатысты деген 44 азамат жауапқа тартылды. Мысалы, 1921 жылы Х.Досмұха­ме­довқа ұлтшыл бағыттағы «Сана» журналын шығарып, алашордашылардың мақалаларын жариялады деген айып тағылған. 1922 жылы Мұхтар Әуезов «буржуазияшыл-ұлтшыл байлардың идеологиясын жақтады, кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді, «Алқа» атты астыртын ұлттық-әдеби үйірменің бағыт-бағдарын жасауға белсене атсалысты, қазақ баспасөзіне байшыл идеологияны насихаттайтын шығармалар жариялады» деп айыпталса, ал 1930 жылы «қазақ ұлтшылда­рының астыртын ұйымына қатысты, партия мен үкімет шешімін бұрмалады, Орталық Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік жасады, Кеңес үкіметін құлатуға әрекет жасады» деп айыпталған.

Қуғындалған азаматтарға «жапон тың­шысы», «шпион», «зиянкес», «агент», «қан­ды­балақ қарақшы», «фашизмнің жендет­тері», «троцкийшілердің ұясы», «жікшіл» тағы басқа айыптар тағылыпты.

– Алаш зиялылары неліктен шетелге кетіп, сол жақтан саясат жүргізген жоқ?

– 1917 жылғы Ақпан мен Қазан төңкері­сінен кейін тәуелсіз мемлекет құруға белсене кіріскен Алаш зиялыларының әрекетін большевиктік билік жүзеге асырмай тастады. Қудалау басталды. Мұстафа, Райымжан сияқ­ты зиялылар шетел асып, сол жақтан кеңестік биліктің патша үкіметінің саясатын жалғастырушы отаршыл жүйе екендігін дә­лел­демекке талпынса, сол кезде бүкіл қазақ­қа кеңінен танымал болған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халелдер елден жыраққа кетуді қош көрмеген. Қазақтың Отаны біреу, сондықтан өз жерінде, өз елінде өмір сүруге тиіс деген ұстанымда болып, жерінде та­мырын терең жайып, ұлттың санасын улап бара жатқан орыстандыру саясатына қарсы қарымды қаламдарымен күреске шықты.

 Қуғын-сүргінді ұйымдастырушы НКВД, ГУГБ, ОГПУ, құрылымдарының сипаты қандай болды?

– 1917 жылдың қазанында қылмысқа қарсы күрес жүргізу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Ішкі істер халық комисса­риаты (НКВД) құрылып, бұл орган 1930 жыл­ға дейін қызмет еткен. 1934 жылдың шілдесінде одақтық, республикалық Ішкі істер халық комиссариаты ретінде қайтадан қалпына келтірілді. Ал Мемлекеттік қауіпсіз­діктің бас басқармасы (ГУГБ) НКВД-ның құрамында болып, кейіннен ОГПУ-дың ісін жалғастырған. Ішкі істер халық комиссариаты 1946 жылы Ішкі істер министрлігі ретінде қайтадан құрылды. Бұл органды 1934-1946 жылдар аралығында Г.Г. Ягода, Н.И. Ежов, Л.П. Берия басқарыпты.

Ішкі істер халық комиссариаты облыстық басқармасының негізгі атқарған функциясы елде халық жауларын әшкерелеу ісі, оларға жазалау шараларын қолдану болған.

Ішкі істер халық комиссариатының таны­мал тұлғаларды «халық жауы» ретінде ұрып-соғу, қинау, алдау сияқты түрлі тәсілдерді кеңінен қолдануы олардың сағын сындырды. Қалжыраған, дәрменсіз күйге түскендер ерік­сізден өзіне тағылған айыптауды мойын­дап, қағазына қол қоюға мәжбүр болды. Бұл айыптаулардың негізсіздігін дәлелдеуге дәрмені жетпеді.

 Айыптаушы құжаттарға кімдер қол қойып отырды?

– Комиссариат әшкерелеген «халық жауларын» жазалау «үштік» шешімімен жү­зе­ге асырылды. Айыптау құжатына үш адам­ның қолы жеткілікті болған. Қазақтың белді азаматтарының көпшілігі осы «үштік» атанған комиссия шешімімен атылып, лагерьге айдал­ған. Қазақстанда құрбан болғандардың саны әлі де болса нақты анықталған жоқ. Бұл қуғынға тек ұлт зиялылары, үкімет қайраткер­лері ғана емес, ауылдағы шаруалар да, қаладағы жұмысшылар да іліккен. Олардың көпшілігінің тағдыры сол күйі беймәлім бо­лып қалды. Қуғындалып, құрбан болғандар жайында зерттеушілер түрлі сандар келтіріп жүр.

 Қазір ғылыми ортада Ленин мен сталиндік билік түркі халықтарының ара­сындағы бас көтерері осылар деп, негізінен, қазақтарды құртуға тырысқан деген пікір бар. Осылардың көзін құрт­сақ, қалғандары мойынсұнады деген сияқты. Бұл қаншалықты орынды пікір?

– Қазақтың қуғын-сүргінді көп көруі оның іштегі ойын батыл жеткізетін, озық ойлы халық болуына байланысты. Мұндай өрлік көп халық­тың бойынан табыла бермейді. Патша үкіметі тұсында оның озбыр саясатына қарсы шыққан ұлт зиялылары кеңестік билік тұсында шекараны межелеуде, аштықпен күресуде жоғарғы орындарға ашық түрде талап қоя білген. Мемлекеттік қызметте болған Т.Рыс­құлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзаға­лиев, С. Сәдуақасов сияқты қайраткерлерімізді қызметтерінен аластатуының да себебі содан. Мәселен, Т. Рысқұловтың Түркі республикасын құру идеясын ұсынып, түркі тілдес халықтар­дың ұлттық мемлекетіне айналдырудағы талпы­нысы, кеңестік ұжымдастыру саясаты­ның зардаптарын жоюға, ашаршылықтан халық­ты құтқаруға қатысты әрекет, шынды­ғында да, Сталинді қатты шошытқан. Қазақ­тың бас көтерер азаматтарын биліктен алас­тату арқы­лы қалғандарын жуасыту саясаты жүргі­зілгені тарихтан белгілі.

 Еліміздегі, Мәскеудегі құпия қол­жазбаларға қол жеткізу қалай болып жа­тыр? Қазір ашылып жатқан тың деректер бар ма?

– Шыны керек, қуғын-сүргінге, 20-30-­жыл­дары болған ашаршылық нәубетіне қатысты әлі де болса құпиялылығын сақтап, іздеушіге берілмей отырған мұрағат құжат­тары жетерлік. Шынайы тарих жазуда бұл құжаттар аса қажет. Бұл мәселе мемлекет тарапынан шешіліп, зерттелушіге берілуі тиіс деп ойлай­мын.

Тарихшылар тарапынан қуғындалған кейбір қайраткерлердің айыпталу ісіне қатысты Мәскеудің мұрағаттарынан алынып, жарияланып жатқан деректер бар. Сонымен қатар сол кездерде мерзімді баспасөздерге жарияланған материалдар да дерек ретінде тартылып отыр.

 Бізде қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы дерек қоры жоқ, деректі іздеуші жоба жоқ, арнайы экспедициялар жасал­майды. Неліктен деп ойлайсыз?

– Қуғын-сүргінге қатысты дерек қоры жоқ деп айтуға болмайды. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан мұрағаттарында бұрындары құпия болып келген, 20-30-жыл­дары қызмет еткен, қуғындалған қоғам қайраткер­леріне қатысты кейбір қорлар ашылып, нәти­жесінде ғылыми-зерттеулер, әдеби туынды­лар жазылды, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Қуғындалған ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін зерттейтін қорлар мен орталықтар жұмыс жүргізіп, қаншама жазықсыз болып атылып кеткен немесе лагерьлерге айдалған ел аза­маттарының қоғамға сіңірген еңбектері жа­йын­да ғылыми-зерттеулер жүргізіп, баспасөз беттерінде олар туралы мақалалар жария­ланды, кітаптар басылып шықты. Дегенмен әлі де болса, ақталған, бірақ халық арасына таныла қоймаған тұлғалар баршы­лық. Ұлт теңдігі, қазақ халқының жарқын болашағы жолында сталиндік қуғын кезінде басқа өлке­ге жер аударылған, одан кейінгі тағдырлары белгісіз немесе құрбан болған азаматтар мыңдап саналады. Мәселен, 1932 жылы ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілдігі құрған үштіктің шешімімен орталық қаратопырақты облысқа жер аударылған, кейінгі өмірі белгі­сіз Абдулхамит Ақпаев, Алаш қозғалысына қатыстылығы және М.Шоқаймен байланыс жасады, контрреволюциялық ұйым басшысы болды деген желеумен тұтқындалып, Крас­нояр өлкесіне жер аударылған Серқұл Алда­бергенов, Алаш қозғалысының мүшесі бол­ған О.Алпысбаев, А.Аңдамасов, Б.Әбдікеев және сол сияқты азаматтардың өмір жолдары сол бетінде белгісіз қалып отыр.

1917 жылдары «Сарыарқа» газетінің кезекті редакторы болған, Алашорда атты әскерлер полкін жасақтаушылардың бірі, ағарту саласында елеулі үлес қосқан Имам Әлімбеков, «Сарыарқа» газетінің редакторы Шынже Керейбаев, биолог ғалым Жұмахан Күдерин, Торғайдағы Алашорда әскери бөлі­мінің мүшесі болған Сейідәзім Қадырбаев сияқты ұлт зиялыларын халыққа кең шеңбер­де танытатын уақыт жеткен сияқты. Егер айта берсең, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, зерттеушілерін күтіп отырғандардың тізімі ұзын сонар. Осындай белгісіз азамат­тардың тағдырын зерттеуді республи­камыз­дағы ғылыми орталықтар нысанға алса, олардың есімдерін тарих бетіне қалдырса, өскелең ұрпаққа үлгі болар еді.

– Жас ұрпақтың бойында қуғын-сүр­гін құрбандарына тағзым етушілік бай­қалмайды. Мәселен, жапондар, еврей­лер, поляктар, украиндер өздерінің құр­бан болғандарын еш уақытта назар­дан қалдырмай, тағзым ететін берік дәстүрі бар. Біздің жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Қазіргі өскелең жастардың бойында патриоттық сезім жоқ деп айтуға болмайды. Әр қазақ өз ұлтын құрметтеуі үшін тарихын сүюі тиіс. Тарихты сүю тек тарих кітабын оқу­мен шектеліп қалмауы керек. Жастардың пат­р­иоттық сезімді өзіміз оята алмай жүрміз. Ол үшін халықтың басынан өткен түрлі қасірет­теріне қатысты құжатты, көркем фильмдер түсіріп, көркем әдебиеттер жазылса. Мектеп, оқу орындарына жиі еске алу кештерін өткізу аса маңызды.

 

Үздік ой

Алаш азаматтарын зерттеп жүргендіктен 30-жылдары қуғындалып кеткендердің кейбір ұрпақтары «менің әкем ескерусіз қалды, сіздер тарихшылар неге осыны қолға алмайсыздар» деп кейістік білдіріп жатады. Бұл, әрине, орынды да, дегенмен барлығын бірдей зерттеу, олардың атын шығару мүмкін емес. Ондай азаматтардың ұрпақтары өздері кірісіп, зерттеуші мамандарға қолында бар құжаттарымен көмек көрсетсе, сол тұлға жайында ізденістер алға жылжыр еді.

Автор: Сәкен НҰРҚАБЕКҰЛЫ

Алаш айнасы

Рубрика: