Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Астана. 20 мамыр. Baq.kz — Жұмыр жердегі жұрт қазақ қанының тазалығына тәнті болады. Олай болатын жөні де жоқ емес. Ежелгі кезеңнен бері біздің бабаларымыз жеті ата заңдылығын сақтады. Соның арқасында ұлтымыздың қан тазалығы әлем жұртшылығын таңғалдырып келеді. Жасырып-жабатын несі бар, дүние жүзінде мұндай заңдылықты сақтап жүрген ұлт пен ұлыс саны некен-саяқ. Тіпті, жоққа тән десек те артық емес. Абыз даламызда аңызға айналған үрдіс қаншама ғасыр бойы ешбір бұзылмастан сол күйінше сақталып отыр. Жеті ата түгілі жетпіс жеті ата жетсе де, біздің қазақта бір-бірімен құда болып, төс түйістіріп жатқан ешкім жоқ. Руына байланысты әлі күнге дейін бір-бірімен қыз алыспай келеді. Қазір оны жұмыр жердегі барлық ұлттар үлкен қызығушылықпен қарап келеді. «Алаш айнасы» тілшісі қазақтың қанының құрамын зерттеп көрген еді.

Жалпы алғанда, қан мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды әсте. Өйткені, ежелден келе жатқан тәмсілдер баршылық. Мәселен, ізгі істер жасаған азаматтарды тегіне тартып туған ғой деп жатады. Расында, олардың ата-бабалары елдің алғысына бөленген, халықтың қошеметін иеленген абзал азаматтар болады. Осылайша кейбір қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, елдің ризашылығына бөленіп жататын жандар көп десек те болады. Заман қалай құбылса да, біз сондай ізгілікті істерді жадымыздан жоғалта қоймағанымыз абзал. Оны кейінгі ұрпақтың құлағына құйып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра түскеніміз абзал. Сондай-ақ, халқымызда «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген нақыл да айтылады. Олардың әрбірінің сырына үңілсеңіз, өз өмірің үшін көптеген қажетті дүниелерді жадыңа тоқуға әбден болады.

Медициналық тілде түсіндіре кететін болсақ, ол ағзадағы сұйық ортаның бірі саналады. Қан тамырлардың тұйық жүйесін бойлай ағып, тасымалдау қызметін атқараып, барлық мүшелердің жасушаларына қоректік заттар мен оттегін жеткізеді. Сонымен қатар, тіршілік әрекетінің өнімдерін зәр шығару мүшелеріне тасымалдайды. Организмдегі биологиялық әрекетшіл заттардың гуморальдық реттелу қызметі қанның қатысуымен іске асады. Қан ағзаның инфекциядан қорғаныш реякциясын қамтамасыз етеді. Ересек адам ағзасында шамамен бес литр қан болады. Оның негізгі бөлігі жасуша аралық сұйық зат – плазмадан құралады. Тромбоциттер сүйектің кемік майындағы жасушалардан түзіледі. Олардың жетілуі, қорға жиналып, бұзылуы басқа мүшелерде өтеді. Плазма негізінде еріген органикалық және бейорганикалық заттары бар судан тұрады. Оның құрамының өзгеруі ағза үшін өте қауіпті. Қанға үздіксіз көптеген заттардың қосылуына қарамастан, плазманың құрамы өзгермейді. Плазмадаға артық заттар зәр шығару мүшелері арқылы шығарылады: қан өкпеде көмірқышқыл газынан, ал бүйректе – судың артық мөлшері мен онда еріген минералды тұздардан арылады. Қанды зерттейін ғылымды серология деп атайды, ол иммунологияның бір саласы саналады.

Шынын айту керек, біздің қазақ қоғамында бұл бағытта қандай зерттеу жүргізіп жатқанынан біз бейхабармыз. Бәлкім, бұл сала бізде кенжелеп қалған да болуы әбден мүмкін. Десе де, әлемнің кейбір елдерінде оған ерекше мән беріп қарап келеді. Әсіресе, өркениетті мемлекеттерде оған айрықша назар аударады. Әрине, біз бұл тұрғыда ешқандай шаруа атқарып жүрген жоқпыз деуіміз бекершілік болар. Қазақтың антропология саласына өлшеусіз еңбек сіңірген Оразақ Смағұлов ағамыздың мерзімдік басылым беттерінде жарияланған мақаларынан халқымыз туралы бірлі-жарым деректерді оқып қаламыз. Одан өзге шығып жатқан дүниелер жоқтың қасы.

Бұрынғы жылдарда өзгенің тасасында қалып келдік. Алайда, соңғы жиырма жылда біздің маңдайымызға тәуелсіз ел атану бағы бұйырып, бүгінгі таңда жер-әлемдегі жұртқа бодандық бұғауынан босаған азат мемлекет ретінде танылып отырмыз. Бұл – біз үшін өте қуантарлық жағдай. Әрине, әрбір өзінің өткеніне үңіледі, біз бұрынғы жылдарда қандай болдық дегенге көз жіберіп қарайды. Біздің де өзгенің алдында кеуде керіп көрсететін мақтанышымыз көп-ақ. Дегенмен, біз сондай асыл дүниелердің бағасына жете алмай келе жатырмыз. Ұлтымыз үшін ұпай түгелдейтін қаншама жақсы жағдайлар бар. Соның бірі – қан тазалығы. Осыған қарамастан біздің қанымыз қандай? Біз қандай ұлттарға туысқанбыз, қан жағынан кімдер бізге жақын деген сауалдар бізді үнемі мазалайды. Осыған келгенде еріксізден күмілжіп қалатын әдетіміз тағы бар. Өйткені, қолымызда ешқандай дерек жоқ. Әңгіме айтатын болса да, құр сөзбен қуырдақ қуырмай, дерекке сүйене отырып, «Біздер осындай болғанбыз» деп ел-жұрттың алдында мәлім етіп жатсақ, қандай ғанибет болар еді.

Антропология ғылымының ауқымы үлкен сала. Ол ана құрсағына пайда болған баладан адам қаңқасына дейін зерттей береді. Бүгінгі заманның техникасы дегеніңіз, кез-келген түйінді тақырыпты тарқатуға мүмкіндік туғызып отыр. Соның нәтижесінде пәни жалғаннан өтіп, мәңгілік мекенінде жатқан қаңқаның ол жерде қанша жатқанын тап басып айтуға әбден болады. Осындай негіздерге сүйенген О.Смағұлов ағамыз кейбір азаматтардың қазақ деген биологиялық тұрғыда жоқ ұлт деп ауыздыға сөз бермей жүрген кейбір тоғышар пікір айтушылардың пікірін жоққа шығарады. Тіпті, ондай азаматтардың арасында біздің ұлтты моңғолдар немесе қалмақтардың ұрпағы деп айтатындар да кездеседі. Оның барлығы бекершілік екен. Ол кісі еліміздің барлық өңіріндегі қазақтардың бейнелерін, қан жүйелерін, тіс құрылыстары, тері бедерлері, дәм сезімдеріне дейін зерттеген екен. Соның нәтижесінде бір ғылыми еңбек дайындаған.

Оразақ ағамыз ұзақ жылдар бойығы еңбегінде еліміздің барлық өңірінде аралап, онда тұратын адамдарды жан-жақты зерттеп қайтқан. Нәтижесінде базбіреулер айтып жүргендей, қазақтың қаны бір-біріне сәйкес келмейді емес, керісінше олардың бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ екеніне көз жеткізген. Қазақ деген антрополиялық тұрғыдан осыдан 4 мың жылдан бері өмір сүріп келе жатқаны дәлелденген.

Жалпы алғанда, қазіргі қазақтардың бейнесінде көне европойдтық және кірмелік жасаған моңғолойдтық элементтер қатар келеді. Адамзат негізінде үш расаға (нәсілге) бөлінеді. Ағамыздың айтуынша, біздің ата-бабаларымыз осыдан 4 мыңдай жыл бұрын таза европойд болған көрінеді. Ол кісі қаңқа мен дене құрылысына келгенде бізге қырғыз бен ноғайдың жақындығын айтады. Қан жағынан бізге жақыны башқұрттар мен қалмақтар екен.

Бұл тақырыпты біз жүйелі түрде жалғастыра бергеніміз артық емес. Өйткені, сол арқылы ежелгі кезеңнен бергі бет-бейнемізді танып, ұлттық ерекшелігімізді сараптай аламыз емес пе?..

Автор: Әділжан Үмбет, Қызылорда

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

http://baq.kz/kk/news/47408

Рубрика: