АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақты неге жалқау дейміз?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фотолар)Кеше экономист-сарапшы Мейрам Қабдрахманұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазақтың малы көп. Еуропалықтарға қарағанда қазақтың малы сегіз есе артық. Бірақ қазақтың жерінің құнарсыздығы, ай сайын табатын табысы тағы сол еуропалықтармен салыстырғанда он есе төмен. Сондықтан қазақты жалқау халық дегенмен келіспеймін» деді. Бұл сарапшының «қазақ барып тұрған жалқау халық» дегенге айтқан уәжі.

Жалпы, нарықтық экономикаға көшкелі бері қазаққа қойылатын негізгі айыптың бірі – жұрт қазақты жалқау дейді. Бірақ бұған қатысты өткенде сол Батыстың ғалымдарының өзі қазақтың еңбекқорлығын еңбектеріндемәселеге арқау етеді. Қазақтың мал басын бейнетпен күтетін қасиетін, диқаншылықтың мехнатын әлі де тартып келе жатқанын, қуаңшылық мәселесі үнемі алқымнан алатынын батыстық ғалымдар осы уақытқа дейін жазбады емес жазды. Тіпті осы арқылы өзге елдер «қазақ бейнетінің зейнетін көруге ұмтылған ел» деген түсінікті де қалыптастырып келеді. Ал енді біз неге өзімізге «қазақ жалқау» деген айып тағуға бейімбіз? Бір істі тиянақты аяқтай алмағынымызды неліктен осы пәлсапаның аясына сыйғызып жібергіміз келіп тұрады. Алаш айнасы бүгін осы мәселенің астарына үңіліп көруді жөн көрді.

Жерде есесін кеткен халықтың біріміз…

Негізінен мамандардың пайымдауынша, біз бірінші кезекте жерде есесі кеткен елміз. «Сонау патша өкіметі заманынан бастап, қазіргі уақытқа дейін қазақтың қолы құнарлы жерге жеткен жоқ» дейді мамандар.

Сапабек Әсіпұлы, Қазақ және Жер тағдыры комиссиясының төрағасы:

— Кезінде Ресей империясы қазақтың құнарлы жерлеріне мұжықтарды орналастыра бастаған тұста қазақтар өзінің 45 миллион десиятина ең құнарлы жерлерінен айырылып қалды. Шөл далаға ығысқан қазақта егін шаруашылығы қайдан дамысын? Осындай әрекеттен соң қазақтар отырықшылық көрмеді. Қысы-жазы көшіп-қонып жүруге мәжбүр болды. Көшпенді елдің белгілі бір өнеркәсіп саласымен айналысуы да қиын екені белгілі. Бұл – Кеңес өкіметі құрылғанға дейінгі жағдай. Ал кеңестік өкімет заманында тың игеруді желеу етіп, тағы 25 миллион гектар жерімізден айырылдық. Ең құнарлы деген қазақ даласын Украинадан, Белорусьтен келген тың игерушілер иемденіп қалды. Осылай тағы да құнарлы жерді уыстан шығарып алдық. Қазір жеріміздің 67 пайызы шөл және шөлейтті аймақтар. Бұларды ғылым тілінде «адамның күнкөрісіне мейлінше қолайсыз аймақтар» деп есептейді. Бізде қазір 72 аудан бар. Өнеркәсіп дамытпақ түгілі, ол аудандарда күн көру тауқымет. Осы жайттың бетін ашып, қанша зар қақсадық. Жер мәселесін жазып та, айтып та, том-том кітап етіп те шығарып жүрміз, бірақ селт еткен қазақты көрмедім. Міне, нақ қазір бірінші шешілуі тиіс мәселе бізде – осы.

 

Қазақты шөлейт аймақ қысып тұр

 

Бұған қоса мамандарымыз шөл және шөлейт аймақтарда тұрып жатқандарға қосымша төлемақы төленуі тиістігін алға тартады. Мамандардың пайымдауынша, мәселен, АҚШ-та, Канада да, басқаны қойғанда, Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде тұрғындарға мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріліп тұрады. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Тіпті сол шөлейт аймақтарда туған үндістер басқа жаққа қоныс аударып кетіп, туған жеріне қайта айналып келсе, елде тұрмаған жылдардағы өтемақысын даулап алуға құқы бар. «Ал біз зиянды қалдықтар қоймасына айналған елді мекендерде тұрып жатқан, полигонның зардабын көрген жандарды шөміштен қағып, олар өзге қалаға қоныс аударса, болар-болмас жәрдемақысын төлеуден бас тартамыз. Бұл – бізге сабақ болатын дүние. Сондықтан құзырлы орындар бұл мәселені мықтап ойланып, шөл және шөлейт аймақта тұратын, сынақ алаңына айналған жерлерді мекендейтін халыққа көлемді жәрдемақы беруді қарастырған жөн» дейді мамандарымыз.

Әрине, мамандар бұл ретте Үкіметтің «Моно-қалаларды дамыту» бағдарламасынан халықтың үлкен үміт күтіп отырғанын жасырмайды. Бұл ретте сарапшыларымыз Өңірлік даму министрлігі осы бағдарламаны сауатты жүйелеу арқылы қолайсыз аймақты тұтыр жатқан қазақтарға қамқорлықты реттеу керек екенін баса айтуда.

Қала қазағы: азық-түліктен үнемдеп жүр

Сондай-ақ, қазақтың ас-ауқатына жұмсайтын қаржысы да күн санап үнемделіп отыратынын зерттеген мамандарымыздың бір парасы «қазаққа жалқау деген айып тағы орынсыз» деседі. Мысалы, мамандардың зерттеуінде көрсетілгендей қаладағы қазақтардың қалтасындағы қаржысын қайтіп жұмсайтынын сөз етіп көрелік…

Сарапшылардың айтуынша, қазірде қала халқы өз қаржысын үнемдеу мақсатында өздеріне біраз шектеулер қойған. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда Алматыда биыл қала халқының мейрамханада, дәмханаларда тамақтану үрдісі 40 пайызға төмендеген. Сондай-ақ халықтың көңіл көтеретін клубтарға, интернет кафелерге, ойын залдарына бару үрдісі де 32 пайызға саябырси бастаған. Бұған қоса соңғы үш жылда қала қазақтарының тамақтану үлгісінде де үнемдеу бары байқалады.

Марал Төртенова, «Барометр» зерттеу орталығының сарапшысы:

— Осыдан екі жылғы мәліметтерге көз жүгірте отырып сөз етсек, 2011-2012 жылдары қала қазағы ай сайын 24-26 келі ет өнімдерін тұтынған болса, қазірде бұл көрсеткіш 10-15 келінің айналасында қалыпты. Ал сүт өнімдерінен бүгінде қала халқы ай сайын 18-20 литр сүт тұтынады. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш әр адамға шаққанда ай сайын 25-28 литрдің айналасында болатын. Бүгінде қала қазақтары мал етінен гөрі құс етін көбірек тұтынады. Бір қынжылатыны қалалық қазақтардың 60 пайызы қаржыларын астан үнемдеуге көшкен.

Ал енді ауыл қазағының бюджеті қалай жоспарланады? Осыны тізбелеп көрсек…

 

Дала қазағы: отын-суын түгендей алмай жүр

 

Зерттеулерде көрсетіліп отырғандай, ауыл қазағы қазірде жиған тергеніне мал азығын сатып алуға тырысып жатыр. Ауылды жерлерде бүгінде бір мәшине шөптің құны 30-40 мың теңгенің айналасында. Ал енді есептеп көрсек, жекеменшік жері жоқ, әйтсе де қорасында 10 қойы, 2 сиыры, аз-маз уақ малы бар шаруаға малын қыстан аман алып шығуы үшін кем дегенде 2 мәшине бос шөп қажет. Демек аз-маз малды қыстан алып шығу үшін 60 мың теңгенің айналасында қаражат керек. Бұған қыстық отын-суды қосыңыз. Сонда дала қазағы қыстан қысылмай шығу үшін қосымша кем дегенде 100 мың теңгедей қаржы жинауы керек. Ал ауылдағы зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері тағы белгілі. Осыған қарап ауыл қазағының күн көріс қамы үшін жанталаса тіршілік ететінін тағы пайымдай беруге болады емес пе? Бұл ретте сарапшылар «біздің Үкіметіміз ауыл халқына арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлерде ауыл халқының тұрмысы мал азығы, отын-су жайы, көп балалы отбасылар әлеуеті ескеруі тиіс. Осыған орай ауыл халқына берілетін мемлекеттік төлемдерге үстемақы қосылса жөн болар еді» дегенді алға тартады.

Р.S. Байыптап қарасақ, қазақ бір отбасын асырау үшін Батыс елдеріне қарағанда 80 есе артық күш жұмсайды екен. Ал енді жалқау халық осылай әрекет ете ме? Бұл ретте экономист-сарапшы Мейрам Қабдрахманұлы:

— Қазақ – жалқау емес. Қазақ еңбекқор, бейнетқор халық. Қазақ тер төгіп, бейнет көріп барып зейнетке жеткен. Қазақты жалқау, енжар дегенге мен келіспеймін. Егер қазақ жалқау, енжар болатын болса, еуропалықтардан 80 есе артық күш жұмсап, еуропалықтармен салыстыруға да келмейтін аз-маз тапқан қаржысын өзінен-өзі үнемдеп отыр. Мысалы, немістің қариясы айына 984 еуро зейнетақы алады. Ал финдік қариялар 1,3 мың еуро көлеміндегі зейнетақы алса, Голландияда ең төменгі зейнетақы көлемі 3,2 мың еуроны құрайды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отырған елдердің қариялары бірінші, жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен, екінші, кәсіпорындық зейнетақы қорынан, үшінші мемлекет бюджет есебінен зейнетақы алады. Демек, бұл дегеніңіз — аталмыш елдердің өз қарттарына үш жүйе бойынша зейнетақы беретінін көрсетеді. Міне, осы үш бірдей қордан алынатын қаржы Еуропа қарттарының өмірін қамсыз етері анық. Ал бізде мұның ауылы тым алыс,-дейді.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

http://alashainasy.kz/economica/51381/