Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Көнбістік, Момындық, Қонақжайлық. Бұны Қазақ халқының табиғатына тән қасиеттер деп күнде біздің құлағымызға құяды. Дәлірек айтсақ, Ұлтымыздың менталитеті туралы сөз қозғалған жерде үнемі осылай делініп жүр. Бірақ бұл арада шындыққа жанаспайтын бір нәрсе бар.
Ол – көнбістік пен момындық ұлтымызды ерекшелендіріп тұрған ең басты қасиет емес, Қазақ халқының бойына біткен көп қасиеттің бірі ғана. Біз осыны әрқашан ескерусіз қалдыра береміз. Қазақ ең алдымен ар-намысты бәрінен биік қоятын батыр әрі қонақжай халық.
Кезінде тұлпарларымен төрткүл дүниені дүбірлеткен қаһарман бабаларымыздан қалған өлең-жырларда Қазақты «басынан сөз асырмайтын намысшыл» халық деп суреттейтін. Жаттанды болып кеткен жоғарыдағы тіркестен гөрі осы сөз біздің жүрегімізге жақындау естіледі. Егер момындық пен көнбістік халқымыздың басты қасиеті болса біз осыншалықты кең байтақ өлкені келер ұрпаққа аманаттап қалдыра алмас едік. Қазақстанның құрамына Франциядай бес мемлекеттің еркін сыйып кететіні осы күнге дейін талайды таңғалдырып келе жатқан ақиқат. Мұндай алып территорияны Қазақтан қызғанатындар да аз емес.
Бұл да бабаларымыздың ерен ерлігінің арқасы. Оған тағы бір дәлел, жиырмасыншы ғасырдың орта шегіне дейін қызыл империямен ат үстінде алысып өткен бірден-бір жауынгер ұлт Қазақтар ғана болды. 1916 жылы да Қазақтар бірінші болып Ресей империясына қарсы көтерілді, ал 1986 жылы бүкіл одақ көлемінде орталықтың озбырлығына тағы да бірінші болып қазақ жастары қарсы шыққан болатын. Бұл екі оқиғаның соңы немен аяқталғаны бәрімізге белгілі. Көп ұзамай қызыл империяның іргесі сөгіліп түсті. Мәскеу түбіндегі шешуші шайқаста Қазақстанда жасақталған атқыштар дивизиясының қандай даңққа бөленгенін бүкіл әлем біледі. Тіпті сол тұста одақ астанасын сын сағатта Қазақстандықтар қорғап қалды десек артық айтқандық емес.
Рейхстагқа ту тіккендердің бірі де өз ұлтымыздың өкілі болды. Ауғанстанда да Қазақ жерінде құрылған арнайы бөлімше үлкен ерлік көрсеткен. Тіпті осы жасақты басқарған ұлты қазақ командирге Ауғандықтар «қара майор» деген лақап ат қояды. Себебі сол өңірдегі «дұшмандардың» әскеріне қазақтан шыққан «қара майор» Борис Керімбаев қана жаужүрек жауынгерлерімен қарсы тұра білген. Кейін ол ерен ерлігі үшін «Пандшердің корольі» атанады.
Ал «Пандшердің арыстаны» Ахмад шах Масуд болатын. Бұдан халқымыздың рухы мықты жауынгер жұрт екенін көруге болады. Бірақ неге екені белгісіз, біздің атқамінерлер ұлтымызды көнбіс әрі момын халық қылып көрсетуге құмар. Мүмкін, осылай деп айта берсек қараша бұны көкейіне тоқып алып, сосын жасып қалған жұртты басқару жеңіл болады деп ойлайтын шығар. Қалай десекте, Қазақтың өзге қасиеттері туралы ауыз ашпай, оны біржақты етіп бейнелеуге құмарлықтан арылу керек. Онсызда Өз ұлтының ұлық қасиеттерін білмейтін дүбәраларды тәрбиелеп жатқанымыз аз емес. Өскелең ұрпақ өз ұлтының жауынгер де жасампаз әрі барлық жақсы қасиеттерді бойына жинаған Ұлы халық екенін біліп өсуі тиіс деп ойлаймыз.
Жолымбет Мәкішев
Ұлт порталы

Рубрика: