Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

a24be007928bbb3cb2837c2769dad2afЖарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы», «АҢЫЗ АДАМ» журналдарының бас редакторы:

 

– Сіз басқарып отырған «Жұдыздар отбасы», «АҢЫЗ АДАМ» журналдары лезде брендке айналды. Жекеменшік жур­налдың өзгелерден басты айырма­шы­лығы неде? Сіз үшін журнал тауар ма, тәрбие құралы ма?

– Нарықтық экономиканың бір артық­шылығы бар. Ол қоғамда өмір сүріп отырған адамның барлығына да үкіметке алақан жа­йып отырмай-ақ, өз бетімен тіршілік жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан да тәуелсіз бас­пасөз құралын ашып жүрген азаматтар өз қотырын өзі қасиды. Оның ашқан басылымы өз баласындай: тәрбиелеп өсірсе де, суық­та­тып өлтіріп алса да өзінен көреді. Ал Үкі­мет­тің газет-журналдарының ғұмыры бас ре­дак­торға немесе компания директорына байла­нысты емес. Олар ауыса беруі мүмкін, тара­лы­мы азайып не көбейіп кетуі мүмкін, бә­рібір оларды үкімет қаржыландыра бере­ді. Олар тоқтамастан шыға береді. Ал тәуел­сіз бас­пасөз нарықта аман қалу үшін бәсеке­лес­тікке төтеп бере алатындай мықты әрі үз­дік болуы керек. Оның басшысы жаңашыл, да­рынды, жан-жақты болса, нарықта өз оқыр­ман ауди­ториясын міндетті түрде тауып алады.

Сонымен бірге газет-журналды тауар деп қарауға келіспеймін. Бұл шығармашылық, рухани тауар дер едім. Мұнда бірінші басшы қандай мықты кәсіпкер немесе білікті жар­нама маманы болса да, ол ең алдымен жақ­сы журналист болып, басылымның сапасын көтере алмаса, оқырман жүрегіне жол таба алмайды. Баспасөз кәсіпкершілігі – бизнестің ең ауыр және табысы төмен түрі болып табы­лады. Сондықтан да бизнестің ең ауыр түрі­мен айналысып отырған заңды тұл­ғаларға өркениетті елдерде Үкімет қаржылай көмек көрсетеді, тәуелсіз басылымдар ара­сында жыл сайын мемлекеттік тапсырыс кон­курсын ұйымдастырады. Ойымды оқырманға түсі­нік­ті болу үшін одан әрі тереңдете түссем, жал­пы, газет-журнал ашып байыған адамдар жоқтың қасы, себебі бұл бизнес түрінің пай­дасы өте аз, өзін-өзі өтеуі қиын. Өзіңіз біле­тін­дей, мұнай, газ, құрылыс, сауда, байланыс бизнестері пайдалы, табысы өте жоғары. Кәсіпкерлікті зерттеген мамандардың өзі жарнамалық басылымдар болмаса, қоғам­дық-саяси немесе ғылыми-көпшілік, әлеу­мет­тік тақырыптарға арналған медиа-биз­неспен үлкен табысқа жетуге болатынына сен­бейді. Нарықтық экономикаға көшудің бас­тапқы кезеңіне ілігіп қалғандар болмаса, бәсекелестік қызған шақта бұрын ешкім ай­на­лыспаған, ешкім ашпаған тың медиажоба ойлап таппасаңыз, өзін-өзі ақтайтын газет-жур­нал жасау мүмкін емес. Он шақты журна­листің айлығы мен шайлығын шығаратын газет-журнал жасауың мүмкін, бірақ бай­лық­қа белшеден батып қала алмайсың. Өйт­кені ол бизнестің өте нәзік те қауіп-қатері мол түрі. Осының өзі оның рухани бизнес екенін айғақтайды. Тіпті кітап шығарып жүрген бас­пагерлер бізден он есе ұтымды пайданың үс­тінде. Ал газет-журнал бизнесі қылыштың жүзіндегі бизнес десек те болар. Әр жолы тамыршыдай қоғамдық дерттің көзін дәл тауып отырмасаң, оқырманды теріс қаратып алғаныңды байқамай қаласың. Оның үстіне, еліміздегі мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне байланысты қазақ баспасөзіне мекеме-ұй­ымдар жарнама бермейді. Табыс көзі бізге тек басылымды сатудан ғана түседі.

– Қаріп таныған баладан ақсақал жасына жеткен 75 мың оқырманның ке­лесі айда не оқ­ып, нені сөз ететінін тап ба­сып айтып отыр­сыз. Қоғамда қандай мә­селенің өзекті бола­ты­нын тамыршы­дай дөп басқан адамнан журналистика­ның болашағы жайлы сұрасақ деп едік… 

– Баспасөз тақырыптарының даму тен­ден­ция­ларына тоқталсақ, мәселен, 90-шы жыл­дардың басында ел тәуелсіздігі мен сая­си-экономикалық тақырыптар бірінші ор­ын­да болса, сөз бостандығын желеулеткен бұ­қа­ралық ақпарат құралдары жыныстық қа­ты­нас туралы ақпараттарды көбейтті. Ал қазақ қоғамы мұндайды бұрын естіп-көр­мегендіктен басында қызықтағанымен, бі­раз­дан соң есін жиып, Елбасыға зиялы қауым ұятсыз ақпараттар легінің теледидар мен баспасөзден таратылуын тоқтатуды сұрап бір­неше рет үндеу хат жазды. Расында да, ол заманда атасы мен келіні немесе немересі теледидар алдында бірге отыра алмай қал­ған кезең туған еді. Қазіргі мүйізі қарағайдай болып отырған кейбір коммерциялық теле­ар­налар сол жолмен және арақ пен темекіні жарнамалаумен байыды. 90-шы жылдардың бұзақы-рэкеттеріндей бұлар да «жабайы ка­пи­тализм», «жабайы рынок» деген ұран­мен байып алды. Оның дұрыс емес екенін, жас ұрпаққа кері тәрбие беретінін білген кезде баспасөзде басқа тақырыптар алға шыға бастады. Ал ғасыр басында барлығы да қо­ғам­дық-саяси тақырыпты көтерді. Сканворд-газеттер көбейді. Дәл осы тұста мен «Жұл­дыздар отбасы» деген жобаны 2003 жылы аштым, үкіметтік қоғамдық-саяси бағыттағы басылымдардан ерекшелену үшін де ешкім жаза бермейтін жұлдыздар тақырыбын таң­дадым. Бір қызығы, қазіргі журналдың ішкі-сыртқы форматтары дәл сол кездегідей бол­са да, министрліктің талабымен 2007 жылғы куәлікте журналдық нұсқаны жаңа басылым ашқандай етіп, қайта тіркеттік. Мен сонда бұл жобаны 2007 жылы ғана бастағандай бо­лып қалдым. Сондағы өзгерткенім — жоба­ны газет қағазынан жылтыр қатты журнал қағазына ауыстырғаным. Әрине, журналдың қағазы мен бояуы, баспаханалық шығын­да­ры қымбат. Тиісінше қымбат басылған өнім оқырманның да қалтасына салмақ салады.

– Дәл осы мәселені қалай шештіңіз?

– Бұл тұста елдің әлеуметтік жағдайы көте­ріле кетті. Алдында 20-25 мыңнан бас­тал­ған «Жұлдыздар отбасының» таралымы 2009 жылы 75 мың данаға жетті. Ал биылдан бастап, Астанадағы халықаралық экономи­ка­лық форумнан белгілі болғандай, эконо­ми­калық дағдарыс бізге де келді. Үкімет ақша­ны есептеп, бюджеттің артық шығында­рын үнемдеуге көшті, азық-түлік тауарлары мен тұрғын үй шығындары қайта-қайта қым­бат­тай бастады. Бұл жағдай менің басылы­мыма әсер етпей өтпейтінін білемін, сон­дықтан да журналды жазылып оқушыларға арналған «20 жылқы + 2 түйе» деген акция ұйымдас­тырып отырмын. Ал одан басқа біздің жур­налдың қолдан сатылуына ерекше назар ауда­рып, оларға арнап автокөлік ұтып алу мүмкіндігін беретін әр журналға купон қыс­тыруды жөн көрдім. Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында «Жыл әні – 2013» концертін ұй­ым­дастырып, сонда осы журналға жазылған оқырмандарға 20 жылқы мен 2 түйені, ал са­тып алған оқырмандарға арнап автокөлік жүлдесін ұтысқа саламыз. Тағы бір мәселе, әрбір тауардың өзіндік құны деген ұғым бар. Қазір журналдың редакция белгілеген көтер­ме бағасын сол өзіндік құнына дейін төмен­детіп жібердік. «Журналдың сатылу бағасы 200 теңгеден аспауға тиіс» деп мұқабаға жа­зып қойдық. Мұны айтып отырған себебім, сатушылар журналымыздың бағасын 250-300 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Сонда ең­бектің пайдасын біз емес, арадағы сатушылар көріп отыр. Ал жер-жердегі сатушылардың әрқайсысына бақылау жасай алмайтынымыз белгілі. Оларға талап қоя бастасаң, онда жур­налыңды сатудан бас тартуға дайын. Өйткені олардың табысын да негізінен орыс­ша ба­сы­лымдар құрап отырғаны жасырын емес. Ха­лыққа осындай рухани тауар ұсынып отырған шығармашылық мекемелерін, оның ішінде әсіресе қазақ баспасөздерін Мәдениет және ақпарат министрлігі ең болмағанда қо­сымша құн салығынан босатса дұрыс болар еді.

Бізде қазақ басылымдары басшылары­ның арасында ауызбіршілік жоқ. Тіпті газет-журнал сататын агенттіктерге талап қою, бас­паханаға немесе Ақпарат және мұрағат ко­ми­тетіне ұсыныс жасау, тарату жүйелерімен арадағы жаңағыдай проблемаларды шешу мақсатында немесе баспасөз қызметкерлері­нің баспана мәселесін шешудің жолдарын қарастыру үшін біріксе болар еді. Бірікпейтін себебі, құрылтайшылары әртүрлі және олар жоғарыдағы көкелерінің қас-қабағына қа­рап отыр. Қазақ баспасөзінің көптеген проб­ле­малық мәселелері шешімін таппай келеді. Жоғарыдағы мәселелермен күресуде тәуел­сіз баспасөздер жападан жалғыз қалды. Ал тәуеліз баспасөздердің жағдайы елімізде өте қиын, жылармандық жағдайда. Елімізде мық­ты баспасөз боламын деген басылымның кем дегенде таралымы 100 мыңдай болуы керек. Ол үшін Қазақстандағы қазақ оқырма­ны­ның саны 10 миллионнан кем болмауы тиіс. Өкінішке қарай, елімізде қазақ тілінде газет-журнал оқитын халықтың жалпы саны 2-3 миллионнан аспайды. Тапқаны азық-тү­лігі мен киім-кешегінен артылмайтын адам­дар осы үлеске жатады. Оның ішінде бала­бақ­шаға баратын бүлдіршіндер, мектеп жа­сындағылар, студенттер немесе жұмыссыз­дар мен зейнеткерлер саны көп. Ал осы әл­еуметтік топтағылардың отбасына газет-журнал сатып ала беруге мүмкіндік қайдан болсын?! Онсыз да аз зейнетақыға қарап отырған ата-әжелер мен ауыл-аймақтағы жұмыссыз әйелдердің жағдайы айтпаса да белгілі. Осыдан келе айтарым, аудиториясы өте тар жерде қазақ тілінде сәтті газет-жур­нал шығарып отырған адамға, бейнелеп айт­сақ, тіпті ескерткіш қойылуы керек деп ой­лаймын. Ұлтқа қызмет көрсетіп, қазақ тілін дамытуға үлес қосып отырғаны үшін және ел­ге пайдалы болғанымен өзіне пайдасыз кәсіппен шұғылданып отырғаны үшін ғана құрметке ие болуы тиіс. Ал дәл осы журналды орыс тілінде, орыс аудиториясына лайықтап шығарсам, менің оқырманым бір миллион­нан асып кетер еді де, сәйкесінше табысым еселеп өсер еді.

– «Қазақ журналистикасының даму тенденциясын өзге арнаға бұрып жібер­ген адаммын» деген сөзіңізді қалай тү­сін­сек болады?

– Мен бұл сөзді 2003 жылдан бастап қазақ баспасөзін жұлдыздар өмірі тақыры­бына бұрып жіберуге себепші болғаным туралы бір сұхбатта айтқанмын. 2000 жылы «Адам Ата – Хауа Ана» деген отбасылық газет аштым. Бірінші беттерге халыққа сүй­кімі бар, танымал әртістер мен әншілердің суреттерін қоя бастағанымда газетімнің са­ты­лымы жақсы болды. Сосын бастан-аяқ жұл­дыздардың отбасылық өмірбаяндық сұх­ба­тын жариялайтын «Жұлдыздар отбасы» жобасы дүниеге келді. Менің жобамның ер­ек­шелігі мынада: мәселен, қоғамдық-саяси басылымдарда мақала, репортаж, жаңалық, сараптама, сұхбат сияқты әртүрлі жанрлар бар. Ал «Жұлдыздар отбасында» қоғамның әр саласындағы бірнеше танымал адамдар­дың өмірбаяндық сыр-сұхбаттары басылса, «АҢЫЗ АДАМДА» белгілі бір ұлы тұлғаның өмірі мен тарихи қызметіне байланысты зерт­теуші-ғалымдардың сұхбаттары жария­ланады. Адамның өмірбаяны арқылы оның сәттілігінің құпиясын ашуға ден қойдым. Эс­трада, спорт, саясат, бизнес, ғылымда жүр­ген қоғам қайраткерлері мен танымал адам­дар­дың өмірбаяндық сұхбаттарын, өмір­баян­дық суреттерімен қоса беріледі. Он жыл бойы ел зиялыларының өмір тарихын жазып келеміз. Мен сол іспен айналыса бастағанда оның өтімді екенін көргендердің барлығы менен идея мен тақырыпты және материал­дың берілу формасын рұқсатсыз көшіре бас­тады, бірнеше газет-журналдар мен телебағ­дар­ламалар осы жұлдыздар тақырыбына ауысып кетті. Жас журналистердің көбі «қай­да тудың?», «өнерге қалай келдің?» деген тұ­рақты түрде қайталанатын сұрақтармен жүргізілетін оңай тақырып болғандықтан, осыған ойысты. Қазақстанда қазақ журналисі еліміздің ең маңызды проблемаларын айту­дың орнына көр-жерді айтып кетті десек те болады. Үкіметтен ақша алмайтын, жетектегі газет-журналдың қатарына жатпайтын, тың баспасөз жобасы ретінде менің амалсыздан ашқан авторлық жобамды жапа-тармағай көшіріп алып, енді тіпті мен белгісіз қалған­дай жағдайдамын. Халыққа да обал болды. Қазір бәрінің жазатыны, бәрінің көрсететіні сол жұлдыздар болғандықтан, халықтың әб­ден ығыры шықты. Ең бастысы, қазақтың тә­уелсіз мемлекетін құрғанымен бірақ оның тәуелсіз тұлғаларын жасай алмай отырмыз, көпшілігі жағымпаз, өзді-өзіне сенімі төмен адамдар көбейді. Ұлттық намыс аяқасты бо­лып кеткен. Арамызда бір орыс болса, он қазақ болып орысша сөйлеп отырғанымыз да сондықтан. Ал егер ойымыз құлдық сана­дан тазарса, бәрін қазақша сөйлетер едік қой. Өзбекстанда өзбегі де, өзгесі де қоғам­дық ортада өзбекше сөйлейді емес пе.

– Айтпақшы, журналист боламын деу­шілер «Журналистикада оқымай-ақ жаза аламын» деген ой-пікірді көп айта­ды. Сіз бұған келісесіз бе?

– Кез келген елде мұндай мәселе бар жә­не ол дұрыс та. Қоғамның басқа да салаларын біліп кел­ген, өз ісін жете меңгерген адамдар­дың бас­пасөзге келгенінен журналистика ұтпаса ұт­ыл­майды. Тек олар жаза білсе. Қай­та сондай маманданған журналистерге зәру­міз. Мәсе­лен, спорттың жілігін шағып, майын ішкен азамат әрі жазуға машықтанса, мықты жур­на­лист болуы әбден мүмкін. «Тауық сой­са да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Қазір­гі жағ­дайда қазақ баспасөзі меңгере алмай жатқан сала – экономика мен техно­логия, өндіріс пен қаржы салалары. Біз, өкінішке қарай, жур­налистика факультетінде бүгінгі қоғам өмірі мен оның тыныс-тіршілігі туралы неме­се әртүрлі кәсіп иелері мен олардың өндіріс орындарының қызметі жайлы жал­пылама білім алдық. Сосын бір күні педаго­гика, екін­ші күні спорт, тағы бір күні ғарыш тақырыбы туралы жазамыз. Осылай жүріп әрбір сала­ның басын ғана шаламыз. Тіпті ақпарат беру­шінің айтқан көп сөзін түсінбей, айтылған ой­ды дұрыс жеткізе алмай қалатын да жағ­дай болады. Дегенмен мен ұлт үшін жасай­тын еңбекте журналистика маманды­ғынан асқан басқа мамандықты білмеймін. Журна­лис­тика ең соңғы заманауи техноло­гия­мен жа­рақтанып, кадрларының әрқайсы­сын ғы­лым докторы деңгейіндегідей етіп көтере ал­сақ, келешекте біз осы салаға бай­ланысты жазылып жатқан көп оқулықтарды алмасты­рып жіберер ме едік деп те ой­лай­мын кейде. Күндердің күнінде сондай дең­гейге жететін де сияқтымыз. Мәселен, «АҢЫЗ АДАМ» жур­налының әрбір санын оқулық ретінде пай­даланып отырған тарих, әдебиет пәнінің мұғалімдері қазір де бар­шылық.

– www.anyzadam.kz сайтының ашыл­ғанын білеміз. Жақында қазақ интернеті­нің жағдайы туралы дөңгелек үстел де өткіздіңіздер. Заман көшімен бірге эл­ек­тронды ресурсқа айналу алдында сияқ­тысыздар. Бірақ дәл қазір интер­нетке көш­сеңіздер сәтсіздікке ұрынып қалу қаупі бар ма?

– «Алаш айнасы» газеті Newsweek жур­на­лы­ның интернет-сайт нұсқаға көшке­нін тілге тиек етіп, бұл тақырыпты жақсы көтерді. Бірақ ол – электроникасы мен информати­касы дамыған елдің халықаралық басылымы. Әр елдегі жеке-жеке баспаханалардан әр санын бастыру оларға тиімсіз. Олардың жа­за­тыны да сол саясаттағы ірі қызметкерлер, аудито­рия­сының басым көпшілігі элек­трон­дық құрал-жабдықтардың тұтынушысы болған­дықтан олар электронды нұсқаға өткен. Бір жағынан, қаржыны үнемдесе, екін­ші жағынан олар жылдам ақпарат беруге көшті. Бірақ енді сол басылым ауысты екен деп басқалар да интернетке көшейін деп отырған жоқ. Интернет технология келді екен деп кітап оқуды, газет-журнал оқуды ұмыта салмай­мыз. Кеңес кезінде жастайынан қалыптасатын кітап оқу мектебі бар еді. Ха­лық ешқашан сол өнерді компьютерге айыр­бастамайды. Газет-журнал да дәл солай жасай беретін болады. Бір сөзбен айтқанда, электрондық сайт жур­налды алмастыра ал­майды. Мен наурыз­да Мәскеу мемлекеттік университетінің жур­на­лис­тика факультетін ұзақ уақыт басқарып келген Ясен Николаевич Засурский деген атақты профессормен сұх­бат­тасып келіп едім, сол кісінің сөзін мысал ретінде айтып өтейін. Ол қазір қартайғаны болмаса, күні кешеге дейін өзі түске дейін Парижге немесе Берлинге ұшып барып дәріс оқып, түстен кейін Мәскеуге келіп жұмысында болатын адам еді. Оның сұхбатын «Жұлдыз­дар отба­сында» жарияла­дым. Оның айтуы бойынша, интернет қағаз баспасөзді ауыс­тыра алмай­ды. Әлемдегі атақты басылым­дардың өзі дәл осы пікірде және басылымның электронды нұсқасын басылымды толықты­ра­тын қосым­ша бір бөлшегі ретінде пайда­ланып отыр. Журна­листикада қарсы әрекет немесе оқыр­манмен байланыс ұстау деген түсінік бар. Өзекті мәселеге байланысты бір пікір көтер­дің бе, оны сол электрондық сайт­тар, әлеу­мет­тік желілер арқылы лезде тарата аласың. Ал газет-журналға келгенде оқыр­манның пікі­рін, көзқарасын тамыршыдай дөп басып біліп отырмаса өте қиын. Элек­трондық нұс­қаның артықшылығы осы. Қа­зақ­станда га­зет-журналдың дамуына кедергі келтіріп отырған тағы бір фактор – еліміздің ин­фра­структурасы дамымай, орталық пен шалғай ауыл-аймақтың арасындағы жол-көлік қаты­насы ойдағыдай дамымай отыр­ған­дығы. Сондықтан бүгін шыққан газет Ал­матыдан Ор­алға екі күннен кейін барса қуа­намыз. Ал сол арада қаншама ақпарат ескіріп кетеді. Сондықтан біздің журнал ескірмейтін мате­риал жазады.

– «Әр оқырман – менің жалғызым» деп жатады басылымдар. Бәріне бірдей ұнай­мын деу немесе жалпақшешейлік көрсету дұрыс па? Сізде қандай принцип бар?

– Әр оқырман – жеке әлем, жеке тұлға. Осы тұста бұқаралық басылымдар мейлінше көптің көңілінен шығатын басылым болуға тырысуы керек. Сол оқырманмен байланысты күшейтіп, қажетін өтеп жатсақ қане?! Әрине, көпке жағу қиын. Біз қоғамды әлеуметтік топтарға жіктейтін болсақ, соның мейлінше көп бөлігінің көңілінен шығуға тырысу – бірінші мақсат. Халықтың ішінде асылы да, жасығы да бар емес пе, сондықтан баспасөз тек қана ақпарат құралы немесе тауар емес, ең алдымен, рухани тәрбие құралының рөлін атқаруға тиіс. Сол үшін де әрбір оқырманды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Оқырман жүрегіне жақсылықтың нұрын себе білетін басылым болмасаңыз, еңбегіңіздің құны көк тиын. Ең керекті, ең пайдалы ақпарат қана оқырманның көңілінен шығады.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Алашқа айтар датым…

«Жұлдыздар отбасы» мен «АҢЫЗ АДАМ» – отбасылық басылым, бір үйдегі ата-әже, әке-шеше, немере деп бөлінетін үш ұрпақтың бәрі бірге оқуға арналған журналдар. Осыдан 15 жыл бұрын қазақ баспасөзіндегі махаббат, неке, отбасы тақырыбының жазылуын зерттеп, диссертация қорғадым. «Қазақ» газеті, «Айқап» журналынан бастап 1999 жылғы басылымдарға дейін сүзіп шыққанмын. Сол тақырыпты зерттегенімнің пайдасы — маған өзгеше бір ой салды. Ол – қазақ халқы үшін отбасы институтының маңыздылығы, құндылығы. Отбасы тәрбиелі әрі ата дәстүрге берік болса, кез келген қиындыққа бірлесіп қарсы тұрады. Үкімет көмектеспесе де, өз үйінің күшімен қиындықтан шығады. Отбасы институтының маңыздылығы сол, баланың дұрыс жолды таңдауына дер кезінде әсер ете алады. Қазақ о бастан «у ішсең руыңмен» дейтін көпшіл, бауырмал, туысқан халық. Отбасы рөлін күшейте отырып рухани дағдарыстан оңай шығуға болады. Сондықтан еліміз­де отбасы құндылығын күшейтуге ден қою керек. Қандай қиындықтан да қазақты отбасы институты алып шығады. Отбасы мүшелері ынтымақты болса, кез келген мәселені бірлесіп, ұйымдасып шешуге үйренсе, олар экономикалық дағдарысты да, рухани дағдарысты да оңай жеңеді. Абай «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой. Сондықтан да қазақтың әрбір отбасын ұйытуға, баласын тұлға етіп өсіруге тәрбиелейтін басылымдар жасап отырмын.

Автор: Ардақ ҚҰЛТАЙ

 

http://alashainasy.kz/person/44348/

Рубрика: