АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚТІЛДІ БАҒДАРЛАМАЛАРҒА СҰРАНЫС АРТТЫ

b3a26bc337785742b350f800a207e7a5Серік Абас­Шах, «Ел арна» телеарнасының директоры:
– Серік аға, кеше ғана шытырман оқиғаға негізделген «Күн сақшылары» комедиялық телехикаясының тұсаукесері өтті, байқауымызша, «Ел арнаның» сериалдары қазақ тілінде түсіріле бастаған сияқты…

− Бұл маусымда «Хабар» агенттігі мен «Ел арна» телеарнасы негізгіакценттіотандық телехикаяларға қойды. Дұрыс айтасыз, «Ел арнадан» көрсетілетін сериалдың төртеуі де қазақ тілінде түсірілді. 1 қазаннан көрсетіле бастайтын «Күн сақшылары» телехикаясы шым-шытырық сюжетімен, жарасымды әзілімен және қанық бояуларымен ерекшеленеді. Оқиға желесіне келсек, даяшы болып нәпақа тауып жүрген жастар ойламаған жерден түрлі тылсым жайттарға тап болады, мұның бәрі көрермен үшін қызық болады деп ойлаймыз. Бұл жастық жігермен түсірілген сериал, жоба продюсері Ахат Ыбраев – тұңғыш қазақстандық фэнтезиді түсірген жігіт. Режиссері Санжар Сұлтанов та шетелде тұрғанымен, қазақ киносына үлесімді қоссам деп жүрген жас маман.

− «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшаңызда «Ел арнада» «Тракторшының махаббаты» рейтингтерді «жарып жатқанын» сүйіншілепсіз…

− «Біссіміллә» деп маусымды бастап берген сериал шын мәнінде табысты болғанын көргенде қуанып отырып жаза салғаным шығар. Қазіргі сорақылық сол, телеарналарда бірен­саран бағдарламалар болмаса, негізінен түрік, кәріс сериалдары көрсетілімі бойынша көш бастайды. Телевизия мамандары оның себептерін жақсы түсінеді. Ресурстардың кемшілігі, кәсіби мамандардың тапшылығы жағдайында шетелдік өнімдермен бәсекелесе алсақ, құба­құп. «Тракторшының махаббаты» көпшілікке ұнап жатыр, сынап жатқандар да бар. Ең бастысы, оны жұрт көрді. Кезекті жоғарыда айтқан «Күн сақшылары» іліп әкетеді. Бұл сериал да көрілімі бойынша «Тракторшының махаббатына» жете-қабыл болады деп үміттеніп отырмыз. Ал кезек күтіп тұрған «Ұзақ жол» – белгілі продюсерлер Абай және Әлмири Қарпықовтардың бірлескен жобасы. Мелодрама жанрындағы бұл сериалдың оқиғасы Алматыда өтеді, кейіпкерлері – ауылдың қарадомалақ қыз-жігіттері. Мұнда махаббат та, атыс-шабыс та, кәсіпкерлік қызметтің құйтырқылықтары да, жеке бастың трагедиясы да қамтылады. Ең бастысы, бұл ауылдан келген балалардың қалаға үйренісу жолдарын көрсететін, қоғамдағы түрлі құбылыстарға бей-жай қарамауға шақыратын сериал болмақ. Ал «Бажалар» деп аталатын комедиялық жоба қазақы көрерменнің көңілінен шығатынына сенімдіміз. Бір генералдың төрт күйеу баласының қарым-қатынасынан қызықты оқиғалар өрбиді. Шынайы күлкі, жарасымды әзіл – «Бажалардың» ерекшелігі осы болатыны анық. Мұндағы әр кейіпкер – типаж, түсіру тобындағы қыз-жігіттердің қай-қайсысы да комедияның «тілін» жақсы меңгерген. Ресейлік белгілі ситкомдарға сценарий жазып, әбден төселген Асқар Бисембин де, қазақстандық комедиялық жобаларға қатысы бар Ақылбек Досжан, Марат Оралғазиндер де қазақты күлдіре алатынына сеніп отырмыз.

− «Ел арна» соңғы кезде жастарға арналған ойын-сауықтық жастар арнасы ретінде ұсынылып жүр, бұл қаншалықты орынды? Қазір жастар арнасына деген зәрулік қаншалықты?

− Елімізде салалық арналардың ашылуы біраз жайттан хабар берсе керек. Әрине, жастар арнасы да қажет шығар, бірақ қазір біз мақсатты аудиторияны тек қана жастар деп бөліп алсақ, басқа қалың көрерменді назарсыз қалдырайын деп тұрмыз. Зерттеулерге сүйенсек, көрермендердің ең үлкен тобы 18-29 жас аралағындағы жастар мен 40-54 жас аралығындағы орта буын. Біз орта буынға да, кейінгі толқынға да бірдей қызық арна болғымыз келеді. Бірақ осы уақытқа дейінгі әріптестеріміздің еңбегін де жоққа шығармаймыз. «Ел арнада», басқасын айтпағанда, «Шіркін life», «Фобия», «Махаббатқа он қадам» сияқты жастар сүйіп тамашалаған рейтингті бағдарламалар жүрді.

– Дегенмен, көп бағдарламалар жабылып жатқан сияқты?

– Уақыты келген бағдарламалардың жабылып жатқаны рас. Дегенмен, кейбір жақсы жобалар жалғасын тауып жатыр. Мысал ретінде аздаған өзгерістер енгізіліп, эфирге шығып жатқан «Жарайсың» ақпараттық-сазды бағдарламасын айтып өтуге болады. Сол сияқты, сенбі-жексенбі күндері «Оян.kz» таңғы танымдық бағдарламасы эфирге беріліп жүр. «Оян.kz»-тің мақсаты – алашты «ұйқысынан» екі мағынасында да ояту, отбасылық құндылықтарды насихаттау. Сол себепті де бұл бағдарлама жүргізушілерінің қатарында елімізге белгілі Тұңғышбай әл-Тарази, Майра Мұхаммедқызымен бірге Абылай, Елжан есімді жас жігіттер де бар. Студия қонақтары да халыққа танымал тұлғалар мен есімі енді шыға бастаған жастар. Бағдарламаның мақсаты – аға буын мен жастар арасында  көпір болу. Жалпы, біздің арнаның ұстанымы да осындай екі буын өкілдерін бір дастарқан басында пікірлестіріп, түйістіруге саяды. Ал телеарна кестесіне келсек, аздаған өзгерістер енетін «Мүмкін емес» ток-шоуы бұрынғыдай өзекті тақырыптарды талқылай беретін болады. Сондай­ақ аптаның әр күнінде әр түрлі бағыттағы бес ток­шоу беріледі деп жоспарлап отырмыз. Олардың бірі кеңестік дәуірге арналса, бірі тарихи тақырыпты театрландырылған көріністер арқылы «тірілтеді». Тағы бір ток-шоуымыз күнделікті өмірде ауырмайтын жол іздеуден  бастап, уақытты тиімді жоспарлау, дұрыс тамақтану, т.б. мәселелерді қамтитын болады. Келесі бір ток-шоуымызды әйел-аналарымызға арнасақ деп отырмыз.

− Басқа қандай жаңа бағдарламалар көре аламыз?

− Келесі жылға үлкен­үлкен жоспарларымыз бар. Олардың ішінде реалити­шоу да, деректі фильмдер де, танымдық және сауықтық бағдарламалар да бар. Кейбір бағдарламалар қайта қаралып, форматы өзгеріп ұсынылып жатыр. Ал осы маусымды «Архифакт» атты танымдық деректі фильм бастап берді. Журналист Жарас Ниязбек Қазақстанның түкпір­түкпірін аралап, тарихи оқиғалар мен нысандарды тарқатып беріп жүр. Біз осы Алматыда тұрып, иегіміздің  астында қандай тарихтың жасырынып жатқанын біле бермейміз. Мысал үшін, атақты Орбұлақ шайқасы өткен тарихи орынды алайық. 1656 жылы Жәңгір хан 600 сарбазымен жоңғардың 50 000 қолына қарсы тұрып, жеңіске жеткен тарихи орын туралы жиі айтылып, көрсетіле бермейтіні рас қой. Сол сияқты, Жаркент қаласында орналасқан Уәлібай мешіті осыдан 1 ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Зәулім ғимаратты тұрғызу кезінде бірде-бір шеге қолданылмауы қызық жайт емес пе? Келесі бір бағдарлама Алматы облысы Сарқан ауданындағы Черкасск қорғанысына арналады. Бұл тақырыпты көтеру арқылы кеңестік және тәуелсіздік жылдарындағы тарихи сананың қаншалықты өзгергеніне сараптама жасалынды. Мұнда тарихи-өлкетану мұражайы 80 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Алайда, бұрын жау деп саналып келген ақтардың атты әскері қатарында «Алашорда» азаматтарының да жүргені анықталып отыр. Ендеше, осы тұрғыдан Черкасск қорғанысының бүгінгі мәні мен мазмұны қандай бағытта сипатталмақ? Мақсат – осы сұрақтарға жауап іздеу.

– Тағы да сол «Фейсбукте» продюсер, жүргізуші,  сценарист, режиссер, бір сөзбен айтқанда маман іздеп жатқаныңызды жазып едіңіз. Іздегеніңізді таптыңыз ба?

– Талаптанушылар көп. Біреудің ұсынысымен келетіндер, өздерін-өздері ұсынып келетіндер де бар. Бірақ солардың басым көпшілігі «Сталин кім болған?», «Қонаев кім?» деген сияқты қарапайым ғана сұрақтарға жауап бере алмай жатады. Олардың арасында Қонаевты Алматының әкімі, Сталинді КСРО-ның президенті болған деп жаңалық ашатындар да жоқ емес. Математика мен физиканы қойыңыз, бірақ тарих пен географияны кез келген көзі ашық адам, оның үстіне ол елге «ақыл айтқысы келетін» журналист боламын десе, білуі шарт деп ойлаймын.

– Он бес жыл «Хабарда» жұмыс істедіңіз, «Қазақстанда» да бірнеше жыл, енді міне, «Ел арна»… Үкіметтік арнадан жалыққан жоқсыз ба?

– Өзім де үкіметтік арналар менен, мен олардан жалыққан шығармын деп ойлап едім. Жасырып нем бар, осы жолы кинобизнеспен айналыссам деп жоспарлаған болатынмын. Аяқ астынан «Ел арнаның» рейтингін көтеріп, біршама өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс түсті. Ойлана келе, телевизиядан мүлдем қол үзу өзіме мүмкін еместей көрінді. Қалай болғанда мен сүйікті ісіммен айналысып келемін. Ешкім бізді байлап­матап, еркімізден тыс ұстап отырған жоқ. Шамамыз келгенше, берілген мүмкіндіктер аясында жақсы жұмыс істеуге тырысып жүрміз. Идея деген баршылық, олардың біразын осы «Ел арнада» да жүзеге асырамыз ба деген «арамдау» ойым бар. Алдымызда тұрған негізгі бағдар – «Ел арнаны» атына сай арна жасау. Біздің қолымызда үлкен күш бар, өйткені бұл – ауыл-аймаққа түгелге дерлік таралатын санаулы арналардың бірі. Біртіндеп эфирде қазақ тіліндегі бағдарламалардың үлес салмағы арта береді. Және бұл да құрғақ патриотизм емес. Әлеуметтік зерттеулерде көрермендердің 77,4 пайызы қазақтілді бағдарламалар көргісі келетіні анықталған. Біздің қазіргі мақсатымыз – осы талаптың үдесінен шыға білу.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Төрегелді ТҰҒЫР

http://www.aikyn.kz/articles/view/31275