Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

БҰҰ-да тыңдалып жатқан Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі есебінде ұйымға мүше елдер Қазақстанға бірқатар ұсыныстар жасады.

АҚШ, Ұлыбритания, Сербия, Португалия, Оңтүстік Корея өкілдері Қазақстанды әйелдердің құқықтарын жақсартуға, оларға қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту шараларын қабылдауға шақырды.

Австралия өкілі Қазақстанды баспасөз еркіндігін қамтамасыз етіп, журналистердің кәсіби қызметін шектемеуге кеңес берді.

Словения Қазақстанды өлім жазасына мораторий жариялағанын қолдайтынын айтып, алда өлім жазасын жоюға шақырды.

Ресей өкілі бала құқығы жөніндегі жеке орган құруды, мүгедектер құқығы туралы конвенцияға тезірек қосылуды ұсынды. Қазақстанның «қылмыстық заңнамаларды ізгілендіріп жатқанын» айтып, оны ары қарай да жалғастыруды және сот-құқықтық реформаларды бұдан ары  жүргізе беруге үндеді.

Нидерланд, Норвегия және Чехия өкілдері Қазақстанды БАҚ туралы және бейбіт жиын өткізуге қатысты заңнамаларын қайта қарауға шақырды. Жиында сөйлеген Австрия өкілі қазақстандық құқық қорғаушы Зинаида Мухортованың бірнеше рет еркінен тыс психиатрлық  ауруханаға жатқызылғанын ескертті.

Мұның алдында Қазақстан делегациясы адам құқықтары жөніндегі есебін жариялаған. Білім министрлігінің өкілі Балықбаев Қазақстан 1994 жылы Балалар құқығы жөніндегі конвенцияға қосылғанын, Қазақстан заңдары бойынша елде бала саудасына тыйым салынғанын, жаңа қылмыстық кодексте кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілік күшейгенін айтты.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев Қазақстанда 2015-2020 жылдарға арналған адам құқықтары жөніндегі жаңа іс-әрекеттер жоспары дайындалып жатқанын айтты.

Қазақстан Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова бастаған қазақстандық делегация бүгін БҰҰ-ның Женевадағы адам құқықтары жөніндегі кеңесінде елдегі адам құқығына қатысты есеп берген еді. Есепте төрт жыл бұрын жасалған 52 ескерту бойынша Қазақстанның жасаған жұмыстары жайлы айтылды.

Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Роза Ақылбекованың айтуынша, Женеваға қазақстандық төрт  құқық қорғаушы барған. Жергілікті құқық қорғаушылар Алматыда аталған бюро кеңсесіне жиналып, Қазақстан делегациясының есебін онлайн жүйесінде тыңдаған.  

http://www.azattyq.org/archive/news/20141030/330/330.html?id=26665963

Рубрика: