АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚСТАНДА ОФФШОРЛЫҚ АЙМАҚ АШСАҚ ҚАЙТЕДІ?!

Қырық қат құпиясын ішке бүгіп жатқан оффшорлық аймақтар алдағы уақытта мемлекеттік құрылым үшін қолжетімді болып қалуы әдбен мүмкін. Біздің ел үшін де. 

Оффшорлық заң құзыреттерімен салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы халықаралық келісімге қол жетпей келген еді. Бұл жалғыз біздің ел ғана емес, ТМД елдері, қала берсе ЕО мүше-елдер үшін де ортақ проблема. Бұған дейін Үкіметте қазақстандық қаражаттың әлгіндей аймақтарға құйылып жатуы дүркін-дүркін көтерілсе, оффшорлық аймақты өз еліміздің аумағында құру туралы бастама Парламентте айтылды.

Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақовтың пайымдауынша, Қазақстанның қалталы отандастарымыз оффшорлық аймақ болып табылатын Виргиния аралдарына – 3 миллиард 600 миллион доллар, Сейшель аралдарына – 2 млрд 600 миллион доллар, Кипрде 1 миллиард 900 миллион долларды сақтап отыр. Бұл – қыруар қаражат. Демек сол оффшорлардан қазақстандық капиталды шығарудың қамын ойлайтын кез келді. Ол үшін өз ішімізде оффшорлық аймақты қалыптастыру керек. Әзірге оны арнайы еркін экономикалық аймақ шеңберінде құруға болады. Себебі оффшорлық аймақ дамыған елдердің бәрінде бар. Әзірге, бізге оның тек елу шақтысы ғана белгілі. Тіпті көршіміз Ресей де Қиыр Шығыста осындай оффшорлы аймақ жасауды қолға алған.

– Бүгінде екі ел арасындағы шекарамыз ашық. Оның үстіне Бірегей экономикалық кеңістік аясындағы жағдайға келсек, онда қазақстандық капиталдың басым бөлігі Ресейде ашылуы қарастырылып жатқан оффшорға ағылып кететіні әбден белгілі. Үшіншіден, келешекте оффшорлы аймақтар шетелден капитал тартуда негізгі құралға айналуы мүмкін. Сондықтан да өзінің «ойын ережелері» айқындалған мұндай аймақ ашсақ ұтылмасымыз анық. Бұл ретте Жезқазған немесе Семей қаласын оффшорлы аймақ үшін ең қолайлы аймақ деп есептеймін. Тұтастай алғанда, салыққа салмақ түсірмейтін оффшорлы аймақ ашылса, кәсіпкерлерге де тиімді әрі дүниежүзінен капитал тартуға мүмкіндік туар еді. Сонда дүниежүзінен ақша келеді сол жерге. Күллі ел солай жасап жатқанда, бізге қарап отыруға болмайды» дейді мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов.

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пайымдауынша, оффшорлы аймақтар бүкіл елдің қарсылығына тап болып отыр. Қазір әлем оның экономикалық емес, саяси қырына көбірек басымдық бере бастады. Олигархтар басы артық қаржыларын оффшорда емес, Швейцария мен Испания банктерінде салғанды құп көреді. Сондықтан күрестің күшеюіне байланысты бұл ұсыныс бізде, жан-жағымыз үшін де аса қолайлы деп айтуға келмейді. Одан бөлек, оффшордың «қорғаныш иммунитетін» бұрынғымен салыстыруға болмайды. Ақшаны салықтан да, саяси қуғыннан да сақтап қалудың қиын екені белгілі бола бастады. Азаматтарының заңсыз табысы туралы кез келген елдің сұрау салуға, қажет болса, жауып тастауға құқы бар.

– Әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Қаржы әлемінде жаңа процедуралар пайда бола бастады. Ендеше, елімізде оффшор ашу-ашпау мәселесінен бұрын, сыртқа ағылып жатқан қыруар қаражатты қадағалау, сосын оффшорда қызмет ететін қазақстандық компанияларды жіті қадағалау өзекті секілді. Капиталды ұстап тұру тетіктерін оффшорсыз-ақ ойластыруға болады, – дейді Эдуард Полетаев.

Қаржыгер Ілияс Исаевтың пайымдауынша, оффшорлы аймақты қалыптастыру үшін инфрақұрылымның бәсекенің кез келген түріне қабілетті болуы жеткіліксіз. Мұхитқа немесе әлемдік нарыққа шығатындай геосаяси артықшылыққа ие болуың керек. Оффшордың табиғаты тым саясиланып кеткен климатты көтермейді.

– Мәжіліс депутаттарының бұл ұсынысты қандай мақсатпен айтып тұрғанын түсінген жоқпын. Егер инвестициялық климат қалыптастыру үшін айтылса, құптауға болады. Енді ішімізден шетелдік банк ашып, оған өзіміздің, шетелдіктердің ұрлықы ақшасын тығып қояйық дегенге келіспеймін. Инвестициялық климат арқылы оффшорлы аймақ қалыптастыруға біздің мүмкіндігіміз бар. Қазақстанның инфрақұрылымы қазір дұрысталып келе жатыр. Теміржол тораптары көбейіп келеді. Айналамызда тауардың кез келген түрін сатып алуға қабілетті нарық бар. Тіпті Таяу Шығысқа да жол салына бастады. Негізінен, инвестор неғұрлым көп келген сайын, соғұрлым мол пайда табуды көздейді. Бір жағынан проблемасы да үсті-үстіне көбейе түседі. Сондықтан оны іске асыруды мен құптамаймын. Сонымен қатар оффшорға қатысты мынадай өзекті сұрақ туар еді: Бұл – біреудің жинаған капиталын сақтайтын аймақ па, әлде экономиканы гүлдендіру үшін инвестиция тартуды көздейтін аймақ па? Жасыратыны жоқ, қазір біздің экономикаға инвестиция өте көп керек. Оны Мемлекет басшысы да үнемі айтып жүр.Тағы бір мәселе – банктен есепшот ашып, соған ақшаны құр аудара беру деген нәрсе ешқашан жақсы болған емес. Мәселе сырттан келген ақшаны өндіріске жұмсау. Біз қазірдің өзінде банктердегі несиені осы салаға қарай бұра алмай келеміз. Оффшорлы аймақ құра отырып, шетелдік инвесторларды өндіріске тартатын болсақ, әңгіме басқа. Біз бірінші кезекте сыртқа ағылып жатқан капиаталға тоқтау салуымыз керек. Инвесторлар салған қаржысының табысын алып, қазақтың байлығын сыртқа шашып жатса, соңы қалай болмақ?! Оны құрсақ, Қазақстанның әр аймағын талан-таражға айналдырған аймақ қылып жібермейміз бе?– дейді қаржыгер Ілияс Исаев.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

http://www.aikyn.kz/articles/view/44903