Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

f16273b2f241f3f8c0c38b116e26a1baАбай ОМАРОВ (коллаж)

Бурабайдағы туризмді дамыту – бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі. Өйткені бұл жоба ел бюджетіне қомақты қаржы салуға қауқары бар көрікті аймақтар қатарында. Алайда күмістей көлді – Бурабай баурайының бүгінгі жағдайы адам шошырлық. Бірақ біздің қалам тартуымызға түрткі болған мәселе демалыс аймағы емес, тіптен басқа да болып тұр. Нақтырақ айтқанда, айтуға ауыз бармайтын анайы жарнама жайы…

Жазбасқа амал да қалмады. «Мұндайды көріп, туризм­ді жарнамалайтын басқа әдіс-тәсіл табылмады ма екен?» деген ой келді бізге. Нақтырақ айтсақ, Бурабайда дәл қазір суға түсу маусымы қызып тұр. Алайда бұл маусым баста­луымен қатар өзімен бірге бір сұмдықты да ала келді. «Көр­мейін десем көзім бар» демекші, өмір сүрген соң мұн­дай сұмдықты да көреді екенсің. Қысқасын айтқанда, соңғы аптада Бурабайдың жағасында «Нудистер» фести­валі өтіп жатыр.

Тырдай жалаңаштанған фестивальге қатысушылардың ара­сында жасы бар, жасамысы бар бірі қалмай суға күм­пілдеп түсіп жатыр. Олар суға қарай жапа-тармағай жү­гіріп, қуа­ласпақ ойнап, ара-тұра қарқ-қарқ күлісіп те қояды. Сөйт­сек, Ресейде пайда болған бұл қауымдастық осы­­лай­ша ай­мақ­қа туристерді тартпақ екен. Бү­гінде өз­дерін «ну­дис­тер» деп атағ­ан топтың жиіркенішті фестивалі көп­тің на­за­рында. Ар-ұятты бірінші қоятын қазақ жерінде осын­дай бассыздыққа қалайша жол берілгенін көргенде көңілің құлазып кетеді.

Киелі Бурабай жерінде осындай жөнсіздікке кім жол берді? Жергілікті билік қайда қарап отыр? Бұл сұ­рақ­тар­дың көпті мазалайтыны сөзсіз. Әлде қазақ жеріне Ре­сейден келген «заманауи» туристердің анайы тірлігі біз үшін заман жа­ңалығы болып па?!. Бұл мәселеге келгенде, жай­шылықта жүгенсіздікті жай оғындай жайратып салатын би­ліктің назарынан тыс қалғанына біз тіксініп қалдық. Олай дей­тініміз, жергілікті туристік саланы басқарып отырған Ақ­мола облыстық туризм басқармасы бұл жайттан бейхабар екен.

Шынарбек БАТЫРХАНОВ, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы:

– Мұндай фестиваль туралы естімеппін. Облыс ау­мағында кез келген іс-шараны ұйымдастырушылар жер­­гілікті биліктен рұқсат алуы керек. Ал «нудистер фес­тивалі» болып жатқандығын қазір естіп отырмын. Ол туралы еш хабарым жоқ. 

                  Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бурабай төрінде нудистер сайран са­лып жатқанда, ал жергілікті биліктің үн­сіз отырғаны бізге түсініксіздеу көрінгені рас. Сон­да мұны қалай түсінуге болады? Бей­рес­ми мәліметтерге қарағанда, нудис­тер­дің сай­раны осыдан 10 күндей бұрын бас­талған және бұл фестиваль әлі бір айға со­зылады деген хабар бар.

Қазір жұрттың нағыз демалатын шағы. Бурабайға туристер жер-жерден, тіпті ше­тел­дерден де келіп жатыр. Олар мұндағы то­пыр­лаған нудистердің ісін көргенде Қазақ елі туралы не ойламақ? Оны қойып, өзі­міз­дің сол маңдарда тұратын бала-шағамызға не тәрбие бермекпіз?

Анар БЕРДІҚҰЛОВА, Бурабай селосының тұрғыны (есімі өзгертіліп алынды):

– Біз көлдің жағасында тұрамыз. Ну­­дистер фестивалі мұнда жыл сайын өткі­зі­леді. Қызық көрген балалар үл­кен­­дердің тыйым салғанына қа­ра­мас­тан, таң атпастан сол маңды ай­­­­нал­шық­тап жүреді. Қанша тыйым сал­­­сақ та, олар­­ды байлап ұстай ал­май­мыз ғой. Бүгінде көргенсіздік пен жүген­сіз­дікті көрген ұрпақтың санасы уланып бітті.

Біз олардың мұнда не себеппен кел­генін білу мақсатында нудистердің өзінен сұрамақ болдық.

Александр БЕРЕЗНЯКОВ, нудист:

– Бұл елді ешқандай да арандату емес. Біздіңше, бұл – кәдімгі мә­де­ниет­тің бір түрі. Яғни әрбір адам табиғатпен ете­не жақын болуы тиіс секілді. Тек сон­да ғана табиғат бізге солай тіл қатады. Бу­рабайға келгендегі мақсатымыз – мұндағы туристерді өзіміздің қатары­мызға қосу. 

Нудистер ұғымы бізге жаңадан кел­ге­ні­мен, шетелде мұндай фестиваль бұ­рын­нан өте­ді. Тіпті Еуропаның жалаңаштанудан әб­­ден мезі болған бірқатар елі ондай фес­тивальдың өтуіне тыйым да салып үлгерген екен. Ресми деректерге сүйенсек, Ита­лия­дағы нудистер саны бүгінде 2 мил­лионнан аса­ды. Мәселен, Италияның заңы ну­дис­тердің жиналуына тыйым салынған­дық­тан, олар жабық түрде жиналады екен. «Та­биғатпен етене жақындасуымыз қажет» деп түйетін олар жалаңаш күйде жұрт кө­зі­не түсуден еш қымсынбайды. Мәселен, ұлы­британиялық нудистер суға түсуден ре­корд орнату үшін өткен жылдары Уельс қа­ласындағы Россини жағажайына жи­на­лыпты. «Жалаңаш суға түсушілер» саны сол жолы 400-ден асқан екен. Ал «еркін қала» атанған Сан-Францискода нудис­тер­ді жазалауға арналған қатаң талап­тар­ды жүзеге асыруда. Яғни жалаңаш адам­дар­дың көшелерде, тротуарда жүруіне заңмен тыйым салыныпты.

Бірақ әзірге «жалаңаш адамдарды» тоқ­тату еш мүмкін болмай тұр. Өйткені кей­бір елдер ондайларды жазалаудың ор­ны­на қолдау көрсетумен келеді. Тіпті Гер­мания секілді елде нудистерге арналған арнайы қонақүйлер де жұмыс істейді.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Нудистер деген ұғым біздің мен­та­литетімізге мүлде жат дүние. Сон­дық­тан бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қа­ралуы керек. Еліміздің ең сұлу да көркем Бурабай баурайындағы бұл сұм­дықтың алдын алып, жолат­па­ғанымыз жөн деп санаймын. 

Ал біздегі жағдай қалай болар екен? Көр­генсіздіктің алғашқы белгілері Бура­бай­да пайда болды. Оның одан әрі жайы­лып, етек алып кетпеуіне кім кепіл? Туризм­ді дамытамыз деген, бәлкім, сылтау да бо­лар. Ішке осылай енген «нудизм» ер­тең ұрпағымызға у тимесе деңіз. Ол жағын ой­лаудың өзі қорқынышты. Заманның күн өткен сайын құбылып, теріс арнаға қарай ойы­сып жатқанын қайтсек тоқтата ала­мыз?

Қанат ҚЫДЫРМИН, «Науан Хазірет» атындағы мешіттің бас имамы:

– Ислам діні мұндай дінсіздікке жол бермейді. Бұл кәпірлік, кесапаттық са­налады. Әлем елдерін алаңдатқан ну­дистерге қарсы баршамыз жұмылып әре­­кет етпесек, іс насырға шабуы мүмкін. 

Сонымен, нудистердің қазақтың же­ріне келіп фестиваль өткізуі заңды ма? Олар­ға тыйым салудың жолы қайсы? Ты­йым салудың қандай амалы бар? Құқық қор­ғау органдарының тарапынан неліктен қа­даға­лан­байды? Осы сауалдармен заң­герге жүгінген едік.

Жанар ӘБІЛҚАСЫМОВА, заңгер:

– Нудистердің бұл әрекеті заңсыз бо­лып табылады. Біріншіден, олар жер­гілікті әкімдіктің рұқсаты, сонымен қатар фестиваль өткізуге рұқсат беретін ли­цен­зия­лары болуы шарт. Бұл өз ке­зе­гінде жергілікті биліктің қарауында болуы тиіс. Алайда бұл нудистер жер­гілікті облыс әкімінің де, Бурабай ау­даны әкімінің де рұқсатын алмаған екен. Сондықтан құқық қорғау орган­дары аталған жайды толықтай бақы­лауға алуы керек. 

Ресми емес мәліметтерге қарағанда, Бу­ра­бай баурайына келген нудистер саны жүз­ге жуықтайды. Олардың нақты қанша екен­дігі тек бір Құдайға аян. Ресейдің Ом­бы өңі­­рінен келген нудистер енді қандай сұм­дық­ты бастайтыны белгісіз күйінде қалып отыр.

 

Түйін

«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, елімізге жаңадан кіріп жатқан нудистерге қазір тосқауыл қоймасақ, ертең кеш болуы да әбден мүмкін.

Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау

http://alashainasy.kz/

Рубрика: