Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_27fbca7de1034a0891b02c559c62a3b1ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарына орай

 

Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастар орнап, өзара байланыстар жасала бастағаннан бергі кезеңдерде көрші әрі іргелі екі ел шынайы достық пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бастапқы кезде-ақ дұрыс таңдалған жол бүгінде Қазақстан мен Қытайды көпжақты стратегиялық серіктес мемлекеттерге айналдырып отыр. Өйткені, екі ел де өзара түсіністікпен дамуды өздерінің сыртқы саясаттағы басымдықтары ретінде қарастырады. Сондықтан да, Қазақстан-Қытай қатынастары қазіргі кезде бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Міне, бұлар стратегиялық серіктес Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығына жаңа перспективалар ашатыны анық.

Екі жақты қатынастардың материалдық базасын ны­ғай­туда ынтымақтастық тәжірибесін тереңдету ерекше орын алады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, соңғы жылдары екі елдің сауда-экономикалық байланыстары белсенді дами түскенін көруге болады. Бұл дұрыс та. Себебі, Қытай біз­дің елімізді өздерінің ірі сау­да серіктесі деп таниды. Оның үстіне Қытайдың ТМД елдеріндегі сауда әріптестері арасында Қазақстан Ресейден кейін екінші орын алады. Екін­шіден, Қазақстан мен Қытай 2015 жылға қарай өзара сауда көлемін 40 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруды­ стратегиялық мақсат етіп қойып отыр.

Әрине, бірер жылдың ішінде бұған қол жеткізу жеңіл шаруа емес. Ол бірлескен күш-жігерді қажет етеді. Сондықтан екі мемлекет те бұрыннан қалыптасқан мұнай-газ саласындағы ын­тымақтастықты сақтай отырып, шикізаттық емес сектордың жаңа мүмкіндіктерін қарас­тыруға ниеттенуде. Мысалы, ауыл шаруашылығы, көлік транзиті, жоғары технологиялар, телекоммуникация,­ химия өнеркәсібі, тағы басқа салалар. Сондай-ақ,­ екі елдің гуманитарлық және аймақаралық ынтымақ­тастығын белсенді жүргізуге басымдық беріліп отыр.

Қазақстан мен Қытай сенімді саяси серіктестер болып табы­ла­ды. Саяси өзара сенім – екі­жақты қарым-қатынастың ең негізгі әрі басты басымдығы. Осы тұрғыдан келгенде, тараптар мемлекеттік шекара мәселесін түпкілікті шешті. Саяси салада да шешімін күткен күрделі проб­лемалар жоқ. Қазақстан мен Қытай дамушы және ықпалды ірі мемлекеттер ретінде әлемдік және өңірлік мәселелер бойынша бірдей көзқарас ұстанып, әлемде тұрақтылықты қамтамасыз ету жауапкершілігін арқалап келеді.

Қазақстан мен Қытайдың Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы (ШЫҰ) аясындағы ынт­ы­мақтастығын ерекше атауға болады. Әсіресе, терроризммен, басқа да қатерлі қылмыс түрлерімен күресте белсенді іс-қимыл танытуда. Сондай-ақ, екі елдің ШЫҰ-ның ауыл шаруашылығы, қаржы салаларында өзара ынтымақтастықты жандандырудағы орны бөлек. Қытай біздің еліміз сияқты ШЫҰ-ны әрі қарай дамытуды қолдайды. Аталған Ұйым қызмет ете бастаған уақыттан бері қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуда және халықаралық ынтымақтастық мәселелерінде маңызды рөл атқаратынын көрсетті.

Жақында Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының ке­зек­ті саммиті өтпек. Дерек көз­деріне қарағанда, бұл саммитте ШЫҰ елдеріне қатысты ғана емес, әлемдік ауқымдағы аса өткір мәселелер де талқыланбақ. Оның ішінде Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы жағдайлар да бар. Әлем жұртшылығын алаңдатқан осы, тағы басқа мәселелерге қа­тысты Қазақстан мен Қытайдың айтары, ұсыныстары бар десек, қателесе қоймаспыз. Өйткені, бұл іргелі екі мемлекет әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың қамтамасыз етілуін қолдайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан мен Қытай 2015 жылға қарай екіжақты тауар айналымын 40 миллиард долларға дейін арттыруды мақсат етіп отыр. Соңғы жылдардағы екі елдің тауар айналымының көрсеткіші бұл белесті бағындыруға бола­тын­дығын білдіреді. Мысалы, өткен жылы қазақстандық-қытайлық екіжақты тауар айналымы 25,6 миллиард долларды құраған екен. Қытай кеденінің мәліметтері бойынша, осы жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 13,57 миллиард долларға жеткен. Мұны өткен жылдың аталған мерзімімен салыстырсақ, өзара тауар айналымы 23,1 пайызға артқаны байқалады. Ал биылғы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард доллардан асады деген болжам жасалып отыр.

Екінші жағынан, әлемдік экономика қаржылық дағдарысты бастан кешіріп отырғанымен, ол Қазақстан – Қытай мұнай-газ саласындағы жобаларға әсер етпеді. Дәлірек айтқанда, перспективалы жобаларды жүзеге асыру жалғастырылып жатыр. Енді алдағы жылдары екі мемлекеттің ауыл шаруашылығы, коммуни­кация, басқа да салалардағы ынты­мақтастығы нақты түрде қолға алынатын болса, елдер арасындағы тауар айналымы күтілген межеге жетіп қалуы мүмкін.

Әлемдік экономикалық дағ­дарыс толқыны Аспанасты еліне де салқынын тигізді. Мәліметтерге жүгінетін болсақ, өткен жылы Қытай экономикасының өсуінде бәсеңдеу белгілері байқалған. Оның бірқатар себептері бар. Бірін­шіден, ұзақ жылдар бойы Қы­тайдың экономикасы серпінді дамып отырды. Ал экономикалық даму заңдылығында дамумен қатар, бәсеңдеу болатыны бар. Екін­ш­і­ден, әлемде экономикалық жағдай ауыр. Бұл бір-бірімен байланыс жасайтын елдердің барлығына кері әсер ететіні анық. Қытай болса, тауарлар мен өнімдер экспорттаушы елдердің бірі болып саналады. Алушысы азайған елдің экономикасы бәсеңдемегенде қайтеді!

Зерделеп қарайтын болсақ, Қытай экономикасының қазір­гі және бұрынғы дамуында өзгешеліктер бар екендігін бай­қауға болады. Енді табыстардың маңызды критерийі болып елдің ішкі жалпы өнімі саналмайды. Экономикалық құрылымдарды реттеу мен экономикалық өсім модельдерін трансформациялау макрореттеудің басты міндеті болып табылады. Өйткені, күрделі салым барлық уақытта дамудың бір ғана әдісі ретінде қызмет ете алмайды. Бұл жағдайлар Қы­тай экономикасы дағдарысқа ұшырады дегенді білдірмесе керек. Ел үкіметі осы жағдайларды алдын ала білген және соған күні бұрын әзірленген.

Жалпылай алғанда, Қытай экономикасы қолайлы, тұрақты деу­ге болады. Үстіміздегі жылдың бі­рінші жартысында елдің ІЖӨ-сі 7,6 пайызды құраған. Егер осы өсім деңгейін өзге мемлекеттердің экономикасымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болып келеді. Қытай әлеуметтік қамсыздандыру саясатын жетілдіру мәселелеріне, халықты еңбекпен қамту жайы­на баса назар аударып отыр. Соның нәтижесінде осы жылдың алғашқы жартысында 7 мил­лион 250 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Дегенмен, бұл мемлекетте бірқатар қиындықтар да бар екенін жасыра алмаймыз. Негізінен олар жергілікті билік органдарының қарызына, жекелеген салалардағы өндірістердің ескіргендігіне қатысты. Осы және басқа проблемалар бақылауға алынып, оларды шешудің жолдары қарастырылып жатыр.

Көршіміз Қытай – бүкіл әлеммен жоғары деңгейде интеграция орнату арқылы экономикалық әлеуеті жағынан екінші орын алатын ірі мемлекет. Сонымен қатар, бұл елдің экономикасын жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс та теңселте алмады. Олар да Қазақстан сияқты дағ­дарысқа қарсы шараларды дер шағында қабылдай білді. Міне, бұлар Қазақстан мен Қытай эко­номикасының тұрақты екендігін көрсетеді.

Қазақстан қаржы-экономи­ка­лық дағдарысқа қарсы мол қара­жат жұмсап, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көр­сетіп, бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырған болса, Қытай үкіметі жалпы көлемі 4 триллион юаньды құрайтын инвестициялық жобаны әзірлеген және жүзеге асырған еді.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынты­мақ­тастық жыл өткен сайын кеңейіп, жаңа сатыға көтерілді. Ол барлық салада, барлық бағытта өрістей түсуде. Мысалы, екі ел бұрындары негізінен мұнай-газ жобаларына басымдық беріп келсе, соңғы жылдары шикізаттық емес сектордағы жобаларға да баса назар аудара бастады. Сонымен бірге, бірлескен жобалар да қолға алынуда. Қазіргі кезде Ақтауда битум зауытының құрылысы жедел қарқынмен жүргізіліп жатқаны соған дәлел. Бұдан бөлек, «ғасыр жобасы» атанған Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізінің құрылысы да бар.

Елдердің саяси-экономикалық байланыстарымен қатар, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастығы кеңейе түсуде. Екі елдің өнер шеберлері бір-біріне жиі келіп, көпшілікті өнер­лерімен тәнті етіп те жүр. Реті­не қарай көрмелер де ұйым­дастырып тұрады. Мәселен, бұдан үш жыл бұрын Шанхайдағы «ЭКСПО-2010» халықаралық көр­месінде Қазақстанның «Астана – Еуразия орталығы» та­қы­рыбындағы павильоны ке­лушілерді үлкен әсерге бө­л­е­ген еді. Екі мемлекеттің ын­тымақтастығы білім беру саласында да нық орныққан. Бүгінде көптеген қазақстандық жастар Қытайдың іргелі жоғары оқу орындарында білім алып жүр.

Қазақстан мен Қытайдың көпжақты пішіндегі қатынастары БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, тағы басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы көзқарастарынан айқын көрінеді. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерге қатысты көзқарастары ұқсас, әрдайым бір жерден шығып келеді. Осылар арқылы екі мемлекет әлемде және өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше үлес қосуда.

Қазақстан – Қытай қарым-қатынасының екі онжылдықтың ішінде ғана осындай жоғары деңгейге көтерілуінің негізі екі елдің арасындағы өзара саяси сенім мен шынайы достықта жатыр. Өйткені, Қытай тарапы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қарқынды даму жолына түскен біздің еліміздің ішкі және сыртқы саясатын қолдайды. Ал Қазақстан Қытайды өзінің стратегиялық серіктесі, сенімді көршісі деп біледі.

Бүгін Қытай Халық Респуб­ликасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді деп күтілуде. Мемлекет басшылары екі елдің стратегиялық серіктестігіне қатысты кең ауқым­дағы мәселелерді талқылап, ха­лықаралық және өңірлік өзекті де өткір мәселелер жөнінде пікір алмаспақ. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан-Қытай қа­ты­настарын дамыту туралы Бірлескен мәлімдемеге, энер­ге­тикалық, көліктік, ауыл ша­руашылығы, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы бірқатар құжаттарға қол қояды деп жоспарлануда.

Жалпы, ҚХР Төрағасының бұл сапары Қазақстан мен Қы­тай арасындағы достық қарым-қатынасты, көпсалалы ынты­мақтастықты жоғары белеске көтеріп, екі елдің халықаралық қа­тынастарының жаңа бетін ашатындығына сенім кәміл.

 

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ

«Егемен Қазақстан»

Рубрика: