АЛТЫНОРДА
Новости шоу бизнеса

«Қазақстан дауысы» – вокалға қайта оралу

фото_1«Қазақстан дауысы» танымал вокалдық жобасының ІІІ маусымы басталуына да бірнеше күн қалды. Бұған дейінгі II маусымның рейтингі жоғары болды. «Қазақстан дауысы» тележобасы 2014 жылғы отандық телевизиядағы танымал шоулардың үздік ондығына енді. Аталған жоба Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас таланттардың жолын ашуға мүмкіндік беретін музыка және шоу-бизнес әлеміндегі маңызды оқиғалардың бірі.

         Жаңа маусымда барлығын да толғандырған басты сұрақ: болашақтағы шығармашылық жоспарларға байланысты жобадан кеткен Медеу Арынбаевтың орнын кім басады? Үміткерлер көп болды. Бірақ әншінің орнына танымал музыкант, әрі әнші Рүстем Нұржігіт келді.                               Рүстем эстрадамыздағы жарық жұлдыздардың бірі. Өзінің даралығымен, харизмасымен ерекшеленген тұлға. «Жаңаша» леп беретін әншінің пікірі байқауға қатысушылар мен көрермендердің көңілінен шығады деген үміттеміз.

  фото_3     Алдағы тележоба туралы Рүстем Нұржігіт былай дейді: «Қазақстан дауысы» сынды халықтық жобаға өз үлесімді қосу мен үшін үлкен мәртебе. Басқа үміткерлердің ішінен таңдаудың маған түскеніне қуаныштымын. Бұл жалпы халықтық жоба болғандықтан, еліміздің үздік дауысын қателеспей анықтауымыз қажет. Әрине, жобаға әділ қазы ретінде қатысып, оның үстіне тәлімгер бола отырып, үздік қатысушыны таңдау оңай шаруа емес. Себебі, тек қана бір ән арқылы қатысушыны таңдай алмайсың. Мысалы, егер қатысушы ағылшын тілінде әнді тамаша орындап шықса, ертеңгі күні қазақ тіліндегі әнді жанын салып, жақсы орындай алады деу қиын. Кейбір қатысушылар сахнаға алғаш рет шығып отырса, енді бірі қалыптасқан кәсіби әншілер. Біз үздік әншіні қателеспей таңдауға тиіспіз».

 

Шоу-бағдарламаның басқа вокалдық байқаулардан айырмашылығы – бұл жерде басты назарға алынатын нәрсе – қатысушылардың дауысы. Алғашқы тыңдалымда жүз қатысушының ішінен еліміздің танымал әншілері: Нұрлан Албан, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Рүстем Нұржігіт төрт үздік үміткерді іріктейтін болады.

Естеріңізге сала кетейік, әлемдік танымал The Voice of Holland (Нидерланды) немесе «Голос» телешоуының қазақстандық нұсқасы алғаш рет 2013 жылы шыққан болатын. Еліміздің дарынды орындаушылары байқаудың басты сыйлығы бес миллион теңге және әлемдік «Universal» дыбыс жазу компаниясымен келісімшарт жасасу үшін  бақ сынасады.

«Қазақстан дауысы» бұл – өз дарынын бүкіл Қазақстанға паш етуге мүмкіндік беретін телевизиялық шоу.

Бұл байқау әр елдің үздік орындаушыларын іздеуге мүмкіндік беретін танымал шоу. Аталған жоба елуден астам елдерде өткізіледі. Жобаның барлық кезеңдерінде қатысушылар жанды сүйемелдеумен жанды дауыста ән айтады.

         «Қазақстан дауысы» телешоуының жаңа маусымында жаңа ережелер еңгізілді! Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасының эфирінен 20 қыркүйек күні сағат 21.00-де біле аласыздар.

    «Қазақстан» РТРК АҚ баспасөз-қызметі