Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ит ирҚазақ тілінде оқытатын мектептер де, жоғары оқу орындары да көбейгендіктен, бұл үрдіс аталған білім ордаларында ғылым-білімді қазақ тілінде оқытуды алғы шепке шығарды. 
Ал ол үшін, ең алдымен, қазақ тілінде жазылған оқу-әдістемелік, ғылыми-көпшілік әдебиет, әсіресе, оқулықтар керек екені бесенеден белгілі. Мемлекет тарапынан бұл іске барынша қолдау көрсетілетіні аз айтылып жатқан жоқ. Айтылуы өз алдына, министріміздің мәліметі бойынша бұл мақсатқа қомақты қаржы да бөлініпті. Ендігі мәселе, сол қолдауды, сол қаржыны қалай тиімді пайдаланамыз деген сауалға тіреледі. Бұл тұрғыда біздің елде әлі де болса ескі жүйеден мұра болып қалған «дәстүр» өзінің «итжандылығын» көрсетуде десек, шындықтан алыстай қоймаспыз. Оны біз әңгімеге тартқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессоры И.Төленбек пен Абай атындағы ҚазҰПУ-дің кафедра меңгерушісі, профессор Ш. Балғынбеков төмендегіше тарқатады.

 

– Мәселенің бәрі біздің өзіміздің ана тілімізге деген жанашырлық сезімінің төмендігіне келіп тіреледі. Өз ана тілін білмейтіндерде немесе білгісі де келмейтіндерде оған деген қандай жанашырлық болуы мүмкін?! Байыптап қарасақ, бойында ұлттық ар-намыс бар, отбасында ұлттық тәлім-тәрбие алған, ұлттық салт-дәстүрден хабары бар, әрі оларды сыйлайтын әрбір қазақ азаматы өз халқының тағдырына, келешегіне деген кешегі заманда қалыптасқан стереотиптен арылуды басты мақсат-міндеттерінің бірі етіп есептеуі тиіс тәрізді. Өкінішке қарай, дәл осы мәселеде біздің ұлт зиялыларымыз деп жүрген азаматтарда орны толмастай түсінбеушілік және содан туындайтын немқұрайдылық азаяр емес. Бұлай ойламайын десең, күнделікті өмірде көріп-естіп жүргендерің оған мұрша бермейді. Нарықтық экономикаға өтуге байланысты бәсекелестік заңы бойынша барлық істің сапасы күннен-күнге жақсарады деп есептегенбіз. Сөйтсек, ол біздің орындалуы алыс, тіптен мүмкін емес тәрізді арманымыз болып шыққан сыңайлы. Қарап отырсақ, бүгінгі таңда мәселенің бәрін тамыр-таныстық, сыбайлас жемқорлық, ақша шешетін заманға тап болғанымыз ба, қалай өзі?!

 

Қазақ мектептеріне, қазақ тілінде студенттерді оқытатын жоғары білім орындарына арнайы салалар бойынша мамандар дайындауға шешуші көмек тигізетін сапалы ғылыми, әдістемелік құралдар мен оқулықтарды дайындап, көпшілік назарына ұсыну кезек күттірмейтін, шұғыл шешілуі тиіс мәселе екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ….. иә, бірақ дәл осы мәселедегі енжарлық етектен ұстап жібермеуде. Көп жағдайда айтылуында кемшілік болмағанмен, айтылғанды іске асыруда мүлдем кешіруге болмайтындай олқылықтарға жол берілуде. Мәселенің басты түйіні тиісті лауазымды тұлғалардың іске деген жауапкершілігінде және ұлттық мүддеге деген жанашырлығының деңгейінде тәрізді. Мемлекет басшысы, министр қазақ тіліне деген, оның қолдану аясын мемлекеттік деңгейге жеткізу керектігі туралы қайта-қайта айтқандарымен, оларды іс жүзіне асыратындар жергілікті мекемелер мен ұйымдар, жоғары оқу орындары еді. Ал көптеген жоғары оқу орындарындағы кейбір басшы қызметкерлердің өздерінің қазақ тіліне шорқақтығы, немесе ол тілді мүлде білмеуі «әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керін келтіріп отырғанына оқырман қауым аз куә болып жүрген жоқ.Ал енді мемлекеттік және мемлекеттік емес баспа орындарынан жарық көріп жатқан біраз әдебиеттен оқу-әдістемелік, оқу-ғылыми тұрғысынан ғана емес, кәдімгі қарапайым қазақи сөздерді қолдануда, қазақи сойлемдер құрауда орын алған сорақы қателерден сол еңбектерді оқып отырғанда көз сүрінеді. Сорақының да сорақылығы сонда, кей жағдайларда арнайы ғылыми-әдістемелік мекемелер: «Қай тұрғыдан алғанда да мұндай оқу құралын, оқулықты басып шығаруға, оқушы қауымға ұсынуға болмайды» деп ресми шешім бергеннің өзінде, сол «еңбектер» қайсыбір баспалардан жарыққа шығып, оқушыларға жол тартады. Дәл осындай жағдай кезінде орта мектептің 8-сыныбына арнап жазылған (авторлары Асқарова мен Жүнісова) «Адам анатомиясы және физиологиясы» оқулығына қатысты болған еді. Сол кітапты мектепке оқулық ретінде басып шығарғандар кітап авторларына мемлекеттің немесе жеке баспаның қаншама қаржысын «желге ұшырды» десеңізші. Ал ондай кітапсымақтардан (оқулықсымақтардан) қаншама жасөспірім «ғылым негіздерінен сусындады»?! Әрине, мұндай «оқулықтардың» бала санасына тигізер зиянын өлшеу де қиынның қиыны шығар. Біздің келтіріп отырғанымыз өзіміз куә болған бір ғана дәлел-дерек. Ал министрліктің оқулықтар сапасына алаңдаушылық білдіруі мұндай мысалдардың аз еместігін білдірсе керек. Оқулықтар жазуда ерекше рөл түрлі ғылым салаларының тіліне тікелей қатысты мемлекеттік терминкомға тиесілі деп ойлаймыз. Біздің түсінігімізше, бұл комитетке тиісті ғылым салалары бойынша белді ғалымдар мен практикалық тәжірибесі үлкен білгірлер тартылуы тиіс. Жалпы, жағдай солай да болар. Дегенмен кейде бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми, оқу-әдістемелік құралдарда кездесетін, терминком бекіткен сөздер мен терминдер біраз күдіктерді тудырады. Мақала ауқымы көп нәрселерді келтіруді көтермейтіндіктен, бір-екі мысалмен ғана шектелгенді жөн санап отырмыз. Биология ғылымында «клетка» деген термин бар. Осы сөзді терминком «жасуша» деп қолдануды ұсынады. Қазақтың ұғымында «жасудың» бір мағынасы «тар тесік, кішкене саңылау». «Иненің жасуындай» деген сөз тіркесі бар. Мұның баламасы «иненің көзі». «Жасу» дегенді «жасуша» деп алып кішірейткенде бар тесік, саңылау тарылар. Бірақ бітеліп қалмайды ғой. Ал клетка деген – көптеген құрылымдық, әрі функционалдық ерекшелігі бар органоидтардың бірлестігі іспеттес тірі материя формасы. Бейнелеп айтқанда, әр клетка өзінше микроәлем. Міне, осы күрделі құрылымды терминком, қай білгіштің ұсынуымен екені белгісіз, «жасуша» деп атауды бекітіпті. Сол себептен де осы термин қазақша жазылған көптеген оқу-ғылыми әдебиеттерге ресми түрде еніп отырған жағдайы бар. Тағы бір мысал. Мұны айтудың өзі ыңғайсыздау. Өйткені бұған байланысты пікір өзіміз аса қадірлейтін кісілерге қатысты болып отыр. 1995 жылы атақты ғалым Қ.Сәтбаеваның басшылығымен тұңғыш рет қазақ тілінде мединституттарға арналған «адам физиологиясы» оқулығы жарық көрді. Қатты қуандық. Оқыдық. Міне, осыдан барып ойға қалдық. Мәселе ғылыми-оқу материалдарын қазақша баяндаудың орашолақтығында еді. Орысша сөйлегенде де, жазғанда да орыстарыңның өзін жолда қалдыратын ғалымдарымыз (Қ.Сәтбаева, Ж. Нілдібаева, Өтепбергенов) қазақшаға келгенде бұл тілдің бай қорынан хабарлары аз екендігін білдіріп алыпты. Термелеп тізбелемегенде бір мысалды айтпауға болмай тұр. 17-ғасырда Француз натуралисі, философы, математигі Р.Декарт жануарлар мен адам іс-әрекетінің механизмін (қалай іске асатынын) түсіндіру үшін латынның «рефлекто» деген сөзін қолданыпты. Бұл түсінік бойынша адам мен жануарлардың барлық әрекеттері рефлекторлық сипатта іске асады. Декарттың осы айтқанын орыстар өз тілінде «все действия животных имеют отраженный характер» деп түсінген. Бұл түсінік дұрыс та. Ал осы «отраженный» сөзі жоғарыда аталған кісілердің жазуынша «тойтарыс» деп алынған. Былай қарасаң, «отражение» «тойтарыс» деген мағынада да қолданылады. Бірақ Декарт және орыстар ол сөзді «тойтарыс» деген мағынада қолданбайды. Олардың түсінігінде «отражение» –  «шағылысу». Ендеше, «отражательные», «рефлекторные» дегендердің ғылыми мағынадағы қазақшасы «шағылысқан» болуы керек. Рефлекторлық іс-әрекеттер – шағылысқан іс-әрекеттер деп алынуы ғылыми да, әдеби де дұрыс. «Тойтарыс» «отражение» мағынасында соғысып жатқандарға қатысты айтылса жөн.

«Рефлекторлық» деген ұғымға арнайы тоқталып отыруымыздың келесі себебі бар. Бүгінгі таңға дейін өзінің ғылыми-теориялық маңызын сақтап келген рефлекторлық теория орыстың ұлы ғалымдары И.М.Сеченов пен И.П.Павловтың есімдерімен тіркестіріліп аталады. Бұл теорияны жасауда әрі физиология ғылымындағы айрықша еңбегі ерекше бағаланғандығы соншалық, бір кездері бүкіл физиологияны «Павлов физиологиясы» деп те атап жүрді. Өйткені 1950 жылы өткізілген КСРО ғылым академиясы мен КСРО медицина ғылымдары академиясының біріккен мәжілісінің шешімі бойынша, физиология ғылымының барлық салалары бойынша жасалған тұжырымдар мен алынған нәтижелер И.П.Павловтың рефлекторлық теориясының тұрғысынан түгелімен қайта қаралуы, зерделенуі тиіс болған еді. Әрине, ол асыра сілтеушілік өз уақытының талабынан туған деп қарағанымызбен, физиология ғылымын дамытудағы И.П.Павлов еңбектері орасан зор екендігін уақыт өшіре алмайды. Осыншалық абырой-атақ алуға себеп болған «рефлекс» ұғымынан туындайтын «рефлекторлық» сөзінің қазақшасы «тойтарыс» болуы, әрине, ақылға сыйымсыз.

Мына бір нәрсеге көңіл аудармасқа болмайтын тәрізді. «Адам анатомиясы және физиологиясы» деген орта мектепке арналған оқу пәні бар. Осы пәнді көп жағдайларда «Тәнтану» деп атап жүр. Шамасы ботаниканы «Өсімдіктану», Зоологияны «Жануартану»  деп алғандықтан, «Адам анатомиясы мен физиологиясын» «Тәнтану» деп атау жөн деп ойлаған болулары керек. Бірақ бұл – нағыз механистік түсінік. Адам анатомиясын тәнге балауға болар десек, ал оның физиологиясын (тіршілік әрекеттерін, атқаратын қызметтерін) «тәнге» қалай сыйғызуға болады. Оның бер жағында тән кез келген жануарда бар емес пе? Сонда  «Тәнтану» пәні жануарларға да қатысты болуы тиіс қой. Осы және осы тәріздес басқа да «қиғаштықтардың» орын алуы жалғаса берсе, оқулықтардың, оқу құралдарының мазмұнына көп нұқсан келетінін түсіну қиынға соқпайды. Ендеше, әлі де кеш емес деп есептеп, оқулықтар жазуға қойылатын талаптардың ғылыми негізделген жүйесін іске асыру мәселесі кезек күттірмейтін міндеттер қатарына жатқаны дұрыс болар еді. Былай қарағанда, ондай талаптарды ел, зиялы қауым білмейді де емес. Тек реті келген сәті шығар деп есептеп, кейбір ойға түйгендерді қағаз бетіне түсіріп отырмыз. Сонда біздің пайымдауымызша, қазақша жазылуға тиісті оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарға қандай талаптар қойылғаны жөн деген сұраққа орай, өте қысқа түрде әрі топтамалап былай деуге болар еді.

1.  Қазақша өте жоғары сауаттылық.

2.  Тиісті ғылым саласындағы жеткілікті білімнің болуы.

3.  Орысша және қазақша терминдер, ұғымдар, сөздер мағыналарының бір-біріне толық сәйкес келуі.

4.  Халықаралық мәртебе дәрежесіндегі сөздерді, атаулар мен терминдерді тек өз орындарында, ылғи да бұлжымайтындай түрде қолдануға қол жеткізу. Сөздерді, әсіресе, халықаралық мойындалғандарды қолдану жүйесін бір ізге түсіру (бір ыңғайға келтіру)

5.  Қазақ тілінде бұрын болмаған сөздер мен терминдердің ғылымдар салалары бойынша тізбесін жасап, олардың мағынасын ғылыми негізделген түрде түсіндіру. Ол үшін  тиісті ғылымды жетік білетін, әрі қазақша мейлінше жетік сауаты бар мамандардан топтар құру.

6.  Қарабайырлықтан сауатты ғылыми қазақ тіліне көшуді батыл іске асыру.

 

Тәшенов Төреғали

http://www.aikyn.kz

Рубрика: