Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Алдағы жылдың қаңтарынан бастап жұ­мыс істей бастайтын Еуразиялық эко­но­микалық одақ жайында түрлі көзқарас, оғаш пікір көп. Ел іші тұрмақ, алыс-жақын шетелдерде де осы мәселе жиі тал­қылана­тын тақырыптың бірі.
Бұған дейін де осы одақ жөнінде: «Путин КСРО-ны құруды аңсап жүр» деген пікірлер сарапшылар, саясат­керлер тарапынан естіліп қалып жүр­ген. Бірақ ондай алыпқашпа әңгімеге Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ең бастысы – бұл таза экономикалық одақ болады» деп басу айтып келді. Өткен апта соңында Мәс­кеуде бас қосып, алдағы жылы жүзеге аса­тын, оның ал­дында, алдағы мамыр айын­да бар­лық құқықтық құжаттарға қол қойы­ла­тын Еуразиялық экономикалық одақ жө­нінде үш ел басшысы тағы бір кеңес өткізді.
Осы жиында Елбасы тағы да: «ел ішінде түсінбестік тудырған қосымша сұрақтарды ысырып қойып, әуелі экономикалық одақ құру керек» дегенді баса айтты. Себебі бұл кездесу Украинадағы қиын жағ­дайға тап келіп отыр. Қазір Украинаға байланысты Батыс пен Ресейдің ұстанымы әртүрлі. «Бау­ырлас украин халқына Ресей күш көр­сетуге бейіл тұрғанда, ертең одақ құрамына енген соң, түрлі желеуді алға тартып, Мәс­кеу біздің де басымызға әңгіртаяқ орнатпай ма?» деген үрей ТМД елдерінің бәрінің ба­сында бар. Тіпті Ресей президенті Путин «Еуразиялық одақ» деп келте қайыруға құ­мар. Бірақ Елбасы «бұл ешқандай саяси одақ емес, таза экономикалық мақсатқа құ­рыл­ған одақ» дейді.
Сонымен, бізге керегі қандай одақ?

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

– Ақиқатын айтар болсақ, бізге терең­детілген экономикалық одақ та емес, ұс­танымы бір саяси одақ та емес, сауда-сат­тық одағы керек. Әрине, Ресеймен достық, ынтымақтастық қажет. Алып ел. Көрші ел. Бірақ империялық бағыттан, шовенистік пиғылдан арылмаған ел. Ондай елге тым жақындау – қауіптi. Елімізде біраздан бері «Еуропаға терезе, Еуропаға жол» деген бағдарлама бар. Бізге керегі осы. Өйткені Еуропадан озық технология, техника ала­мыз. Үйренеріміз көп. Ал Ресейде не бар? Оларда сол Батыстың технологиясына тә­уелді. Рас, Ресей мен ақпараттық алмасу, азық-түлік саласында тығыз қарым-қаты­нас, ҰҚШҰ болған соң, арзан бағаға қару-жарақ алу секілді байланыс керек. Бірақ саяси одақ құруға болмайды. Әсіресе, қазіргі жағ­дайда Ресей мен Батыс арасы тым ушы­ғып барады. Ресейдің айтқанына көніп, оның әрбір қадамын құптай беретін болсақ, бізге де кесірі тиеді. Сондықтан бізге керегі эко­номикалық байланыс және сауда одағы дер едім.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Әрине, айналадағы көршілеріңмен жақсы қарым-қатынаста болу – заман талабы. Алу керек, алмасу керек, беру ке­рек. Бұл эко­номиканың, сауданың шарты. Онсыз ешқандай ел жеке-дара дами ал­май­ды. Бірақ қазіргі халықаралық жағдай, со­ның ішінде ТМД-дағы жағдай оңып тұрған жоқ. Соңғы бірер айда тіпті асқынып кетті деуге болады.
Қазір Украинаға байланысты Ресей мен АҚШ-тың, Еуроодақтың арасы дүрдараз. Батыс Ресейге қарсы санкция жариялауға көшті. Содан болар, Ресейдің қор биржа­сындағы құнды қағаздар, рубль құлады. Әлі де құлдырауда. Енді Батыс мұнай бағасын құлатуды қолға алмақ. Оның құны 90 дол­лардан да төмендеп кетпек. Демек, Ресей экономикасы әлсірегеннің үстіне әлсірей түспек. Ал шаруасы құр­дымға кете бас­та­ған елмен қандай экономикалық одақ құру жөнінде әңгіме болмақ?
Меніңше, әзірге қалыптасқан жағдай­-ды ескере отырып, эконо­микалық одақ мә­селесін кейінге ысырып қоюға, жақсы бір кезеңге дейін үзіліс жасауға да болатын шығар деп ойлаймын.
Көршілермен қарым-қатынас, ынты­-мақ керек. Бірақ саяси одақ емес…

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/44417

Рубрика: