Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қалаулылар қымызды қалай атау жайына бас қатыруда. Қазақ үшін ол – шөлді басатын керемет сусын. Әйткенмен, шамалы қызуы болғандықтан, оған заң тілінде нақты бір ұғым-анықтама таңылуға тиіс. 

Осы орайда бірқатар депутаттар «Қымыз туралы» жеке заң жазу мәселесіне қайта оралуды ұсынды. Бұл әңгімелерге ішімдік нарығын реттейтін жаңа заңның қабылдануы түрткі болған еді. Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында ұлттық заңнаманы «этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша» түзететін жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Өкінішке қарай Қазақстан егер ресми статистикаға сенсек, маскү­нем­дік бойынша «әлемдік отыздыққа» енуге жақын қалған екен.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулерге сәйкес, спирт ішімдіктерді тұтыну деңгейі жө­ніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің арасында 34-орынды иеленеді, – деп баяндады қалаулыларға Үкімет бас­шы­сының орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, – еліміздің әрбір азаматы жылына шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе 11 литр арақ тұ­тынады. Нәтижесінде, Қазақстан бү­гінде Орталық Азия аймағында «ең көп ішетін ел» болып тұр!

Сондықтан ел Үкіметі Елбасының тапсырмасымен, алкоголь өнімдерін ішуді қысқарту үшін біріншіден, «күшті алкогольге ақырындап, бірте-бірте бағаны көтеруге», екіншіден, «сату орындары мен уақытын шектеу­ге», үшіншіден, «этил спирті мен ал­коголь өнімдерінің өндірілуі мен ай­налымына мемлекеттік бақылауды күшейтуге» шешім қабылдапты.

Егер тарата айтсақ, 2014-2016 жыл­дары күшті алкоголь өнімдерінен жи­налатын акциз салығы 3,2 есе артады. Бұған қоса, арақ-шарап сатуға тыйым салынған орындардың қатары кеңей­тіледі: енді балалар мекемелерінде жә­не аумағында, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру, сауықтыру, спорттық ұйымдарда және құрылымдарда, стадиондарда және жанар-жағармай құю стансаларында «жынды суды» саудалау енді заңмен қудаланады.

Сонымен қатар күшті алкогольді өнімдерді сату мерзімі барлық басқа жерде тәулігіне 15 сағатпен шектеледі, яғни түнгі 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін қызуы 30 градустан жоғары ішім­діктерді сатуға тыйым салынады. Тек мейрамхана, бар-дәмханаларға ғана рұқсат етілмек.

Айтқандай осы заң жобасымен «мек­тептерден 100 метрге дейінгі ра­диуста арақ-шарап сатуға болмайды» деп келетін қолданыстағы талап жойы­лады. Бас прокуратура Үкімет бас­шысына жолдаған хатында, оның коррупция тудырушы норма екендігіне назар аудартыпты: 100 метрді санауды қайдан: мектеп табалдырығынан, әлде білім ордасының автотұрағынан бас­тауды әр шенеунік өз бетімен шешеді екен. Нәтижесінде, жақын жерлердегі дүкендердің тыйым салынған аумаққа кіретін-кірмейтіндігін заң емес, пара анықтайтын деректер кездескен кө­рінеді.

Бір қызығы, Үкіметтің биік лауазымды баяндамашысын тыңдап болған соң, депутат Вла­дислав Косарев сөз сұрап, қа­зақстандықтардың ішкіш екен­дігіне күмән келтірді. Оның бай­ламынша, қазақтар иманды таңдап, Алла жолына түсуде. Оны көріп, өзге этнос өкілдері де арақтан айнуда.

– Мен баяндамашының қа­зақ­стандықтардың ішкілік жо­лына түскендігіне, әлемде жо­ғарғы орында тұрғандығына қатысты айтқанымен келіспей­мін, – деді В.Косарев, – мен өзім­нің жеке бас тәжірибеме сүйеніп айтамын: соңғы 10-15 жыл ішінде Қазақстанда спиртті ішімдіктерді тұтыну күрт қысқарды! Бізде тұрмыспен бірге мәдениет жақ­сарды. Бізде қазақстандықтардың мінез-құлқы, өздерін ұстау мәнері жақсарды. Мен осы жақсылық­тардың барлығын қазақ халқының менталитетіне жатқызамын: қан­ша тықпаласа да, қазақ хал­қы­ның болмысында арақ басты орын ала алмады!

Косарев орыс және кейбір басқа ұлттарда перзенттің өмірге келуі де, дүниеден өткен адамды шығарып салу да «арақсыз өт­пейтіндігін» ашық айтты, бірақ Қазақстанда тұратын осы этнос өкілдері одан алшақтаған екен. «Қазір бұл жоралғыларда «Водка» көрмейсің. Тойда да, мерейтойда да солай. Барлығы маскүнем­дер­сіз, әдемі өте бастады. Кеңес ке­зін­дегідей сылқия тойып, төбе­лесіп жататыны кемде-кем» деген ол Үкіметке арақ-шарап жайын емес, халықты қымызға көшіру мәселесін тиянақтауды ұсынды.

«Әрине, арақ салығын көтеру арқылы бюджетті толтыру талабы да жасалып отыр. Бірақ Үкімет бюджетті басқа өндіріс түрлерімен толықтыруға тырысуы керек. Таразда 80 жастағы қарт адам ша­ғын кәсіпорын ашып, қымыз өндіруге кірісіпті, сол маған ай­тады: «Депутат, жұмыс жасауға мүмкіндік жоқ, тексерістен соң тексеріс. Қымыз бойынша Қазақ­станда патент жоқ, біздің кеңіс­тік­тегі патент якуттарда! Біз қы­мызды консервациялау әдісін ойлап таптық, бірақ онымен әлемге шыға алмаймыз, Германия халықаралық патентті алып қойған». Міне, Үкімет немен ай­налысуы керек!» деді В.Косарев.

Ал депутат Айгүл Соловьева «қызуы бар» деп, қымыздың арақ-шарап, сыра секілді сауда­сының шектелуін болдырмау керектігіне назар аудартты: «Бұл заң жобасы алкогольдік ішімдіктер нарығын реттеуді қарастырады, бұл өнім­дердің айналымы мен сатылымы шектелуге тиіс. Ал қымыз еркін сатыла беруі керек. Сондықтан оны жеке заңмен рет­теу жайын ойластыру қажет бола­ды. Оның еркін саудасына ешкім де тыйым сала алмайды. Бұл заңмен тек оның қалай сатылатындығына бақылау енгізіледі».

– Шынында, бізде алкогольді тұтыну көлемі мен сипаты өзгерді, қысқарды, – деді депутат Тұр­сынбек Өмірзақов. – Бізді алда арақты мүлдем тұтынбайтын Азия елдерімен салыстыруға да болады. Оның орнына қымыз өндірісін қолдау керек. Бірақ қымызды «Водкамен» салыстыруға болмай­ды: бұлар әрбасқа өнімдер. Олар­ды әрқалай қолданып, әртүрлі табыс көздеріне айналдыруға мүм­кіндік бар.

 

Депутат Алдан Смайыл көр­ші­леріміздің тәжірибесіне көңіл қоюға шақырды: «Ресейдегі Тыва, Якут сияқты арақтың кесірінен көп қиындық көрген елдердің «арақ­­сыз ауыл», «арақсыз қала» қозғалыстарын бастағанына он шақты жыл болды. Қазір солар­дағы елді мекендерде арақ мүлдем сатылмайды! Соны Қазақстан неге жасай алмайды? Арақ-шарап орнына ұлттық тағамдарымызды, қымыз бен шұбатты көбейтейік де­дік, ол да Үкіметте ешкімнің қапе­ріне кірмейді. Неге біз арақ­тың төңірегіне үйіріле береміз, пайдалы сусын туралы неге заң қа­былдамаймыз?» деген А.Смайыл вице-премьер Бақыт Сұлтановқа алкоголь өнімдерінің орнын ба­сатын қымыз бен шұбат туралы заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс айтты. Егер жаңа Үкіметтің мұр­шасы келмесе, депутаттар күзге қарай осы арнайы заңды өздері жазбаққа бекініп отыр.

http://www.aikyn.kz/news/view/47741

Айхан ШӘРІП

Рубрика: