Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)Қазір қайда барсаңыз да жасандылық қу түлкідей бұлаңдап алдыңыздан шыға келеді. Ақысына әрине. Иә, ХХІ ғасырдың жетістігі — жасанды сұлулық, жасанды интеллект, жасанды жыныс мүшелері… Ақыры ұрпақ жалғастырушы сәбиімізді де дүниеге жасанды жолмен әкелетін болдық. Патшалық еткен осы жалғандықтың салдарынан бүгіндері қызды жігіттен, жігітті қыздан ажырата алмайтын масқара жағдайға жеттік. Ал ұлттық болмысынан өтірікке жаны қас қазақтың табиғаты бүгін қаншалықты бұзылды?..

Кеше ғана ғаламтордан бір бразилиялық жігіттің түрін азиатқа айналдыру үшін он рет ота жасатқаны жөніндегі ақпаратты оқыдым. Сөйтсе ол өзі оқуға барған Кореядағы бір ән тобына қатты жанкүйер боп, сондағы жігіттерге ұқсағысы келіпті. Техника мен технология дамыған заманға еуропалықты азиатқа айналдыру түкке тұрмаған секілді. Суреттерін көріп, таң қалыстық. Бұл бір мысал емес. Қазір дүниежүзінде еркек боп туып қыз болғысы келетін, қыз боп туып ұл болғысы келетін жандар миллион. Мұндайда табиғи болмыстан осынша жерінуге не себеп деген ойға қаласыз. Байқастап айналама қарасам, бізде де сірескен жасандылық. Ұлттық деген дардай атауы бар телеарнаны қоссаңыз, қазақ сериалдарын беріп жатады. Қазақшаға кәдімгідей қуанып қаласыз. Алайда олардың қазақша сериал деген аты болмаса, бәрі де тұнып тұрған өтірік: актер дауысы да, қимылы да, режиссурасы да, сондай жиіркенішті. Қазіргі әндер туралы да талай сын айтылып жүр. Мен оның тек біреуіне тоқталғым келеді. «Қазақ қыздары, қазақ қыздары» деп ұрандап, жартылай жалаңашталып барша жұрт алдында жінігіп, жұлқынып билеп жатқан қаракөздерді көргенде өзге түгілі өзіңізден өзіңіз ұялады екенсіз. Қазақ қыздары емес, жеті қат жер астынан қап-қара киімдегі жезтырнақтар атып шыққандай қорқыныш сезімінде боласыз. Әрине, жалған! Олар сахнаға шыққанда айналаңызға «Қазақ қыздары ондай емес» деп айғайлағыңыз келеді. Бүтін бір ұлттың нәзік жандысының образын сомдайтын әнге бұлайша үстірт, осылайша жеңіл-желпі қарау, әрине қылмыспен пара-пар іс.

Қазіргі жас күн ұзағынан атты емес, компьютерді тізгіндейді. Онда өріп жүрген мәліметтердің 90 пайызы шындыққа жанаспайды, өйткені ол белгілі бір деңгейде қоғам санасын жаулауға, улауға арналған құрал. Осылайша уланғанымыз соншалық, бүгіндері шындықты ешкім естігісі келмейді. Масқарасы сол, шындықты айтқымыз келмейтін жағдайға да жеттік. Сөйтіп табиғатынан жаны жалғандыққа қас қазақтың бұ заманда мінез-құлқы да, болмысы да қатты өзгере бастаған. Осы қалпымызбен арындай берсек, Батыстың іріп-шіріген құндылықтарын бізде қалыпты деп қабылдар күн де алыс емес секілді. Ондайлардың шет-жағасын көріп, біліп те жүрміз. Бірақ білмеген, көрмеген кейіп танытамыз. Басымыз қосыла қалсақ, кешегі қазақтың тамаша әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін айтып, біз әлі де сондаймыз деп марқаямыз. Сөйтіп өтірік айтқанымызға ешқайсымыз ұялмаймыз, өйткені ол жалғандық бәрімізге ұнайды. Әдет демекші, одан да бір мысал келтіре кетелік.

Қазір концертке бара қалсақ, бір тіземізді екіншісіне мінгестіріп отыра қаламыз. Арасында құр шапалақ соғамыз. Ал шынтуайтында ата-бабамыз қол шапалақтап қошемет білдірмеген. Жалпы, мұсылман қауымы әнді жүрекпен тыңдап, әуезбен ілесіп басын шайқап, бойын қозғап отыратын болған. Арасында тамсанып, «Пах, шіркін, беу» деп қошамет-қолпашын білдірген. Керек жерде, қиқулап, арқаланып, рухтанып та отыратын. Қазір осының бәрін ұмыта бастадық. Тамсану дегенді «комплиментке» айырбастап жібердік. Қазақта кісі көзіне мақтамайды, бұл ұят қылық боп саналады. Сондықтан қысқаша тамсанудың өзі жеткілікті болған. Бірақ қазіргі қазақ «комплиметтің» ноқтасын шешіп жібергенде, оны тоқтата алмай әбден әуреге түсеміз…

БІР ПІКІР

Болат Бопайұлы, жазушы-этнограф:

– Қазір желкілдеп тұрған жасты ғаламданумен елімізге дендеп еніп жатқан жалған құндылықтардан аман алып қалудың бірден-бір жолы – ұлттық салт-дәстүр мен тәрибе. Сондықтан ұлттық құндылық мемлекеттік идеологияның көтерер туы, жаудан қорғанар қалқаны болуы тиіс. Мұны Елбасымыз да талай жерде айтып жүр. Бірақ бұл бағыттағы іс-қимылымыз саябыр. Бұл дұрыс емес, әрине. 

Тағы бір жағынан, сайын далада аунап-қунамай, жерінің суын аяғымен кешпей, ағарған тауын өз көзімен көрмей, құлындай тебісіп қатарымен өспей кішкентайынан төртбұрыш қабырғада компьютерге «мініп отыратын» жастан ұлтжанды адам шығады деп еш ойлауға болмайды. Табиғатымен таласып өспеген баладан қорқу керек. Ондайларға жұқпа мінез тез жұғады. Жасандылыққа бейім болады. Сөйтіп олар кез келген нәпсінің алдында тез сынғыш келеді. Сондықтан кез келген ата-ана бала тәрбиесіне мұқият болуы тиіс. Оның әрқайсысы — ертеңгі ұлтымыздың болашағы. Балада тума, текті мінезді сақтау үшін кішкенесінен ұлттық тәрбиемен сусындатып, атқа отырғызып рухтандырып, қиқулатып, сайын даланың төсінде емін-еркін жүгіртіп, қазақтың сусынымен, ұлттық тағамдарымен тамақтандырып өсіру керек. Өйткені кішкене кезінде жақын болған дүниеден адам үлкейгенде де алысқа кете алмайды. Ал қазақтың салт-дәстүрі мен тәрибесі ақиқатқа, арға, абыройға негізделген..

Сөз соңы

Абай хакім «Алланың өзі де рас, сөзі де рас…» деген өлеңінде:

«Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,

Бендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мұмин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!..» делінеді. Біздің де еліктегіш ұрпаққа «Распен таласпа» дегіміз келеді.

http://alashainasy.kz/

Рубрика: