Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

8aad62d0e1cf788ce99e44dda865096cАбай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақ жастарының 63 пайызы шенеунік, әкім, депутат болғысы келеді. Жуырда ғана Астана қаласының Жастар мәселелері басқармасы жүргізген сауалнаманың қорытындысы осыған саяды. Әрине, аталған әлеуметтік зерттеудің тек елордамыздағы жеткіншектердің арасында жүргенін ескерсек, бұл мәліметті нақты көрсеткіш деуге келе қоймас. Бірақ мамандар бүгінгі күнгі жастардың санасында қалыптасқан психологияға сүйеніп, елімізде мұндай тенденцияның етек алып отырғанын жоққа шығармайды. Бұл психология бізді қайда апарады? Ендігі сауал осы болса керек.

Қазір ешкім ғарышкер болғысы кел­мей­ді. Өйткені ғарыш айлағын игеру қа­зақ үшін – мифология. Аңызбен арбалып, ертегіге еліту нарықтық қоғамда мүмкін емес. Содан болар, олардың дені бола­шақ­тың үміт жібін мемлекеттік қызметтің мойнына байлағысы келеді. Бұл арман екінің бірінің басына қона салмасы тағы белгілі. Сондықтан да күн санап жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, біріншіден, еліміздегі 3 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр екен. Сол 3 млн-ның 700 мыңы – жас­тар. Яғни 700 мың жасымыз такси айдап, әр­бір жерде жалданып, түрлі бейресми жұ­мыс жасап жүр деген сөз. Екіншіден, мұның сыртында 30 мың жұмыссыз ұл-қызымыз бар. Үшіншіден, елімізде жыл сайын 60-70 мыңдай түлек ЖОО-ларды бітіріп шығады. Мұның бәрі дерлік қызмет тізгінін ұстап кетіп жатыр деп айта алмай­мыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған­дардың ертеңі бұлыңғыр екені тағы рас. Президент жанындағы жастар кеңесінің мүшесі Нұрлан Өтешов тура осын­дай кезде жас маманның барлығы шенеуніктікке талпынуының қажет еместігін, материал­дық құндылыққа еңбекпен жетуді насихат­тау керектігін айтады.

                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Нұрлан Өтешов, ҚР Президенті жанындағы жастар кеңесінің мүшесі:

– Жастардың дені депутат, әкім және шенеунік болғысы келеді деген пікірмен келіспеймін. Неге десеңіз, қазір аудандық, облыстық, респуб­ликалық деңгейде жастардың көбі өзінің проблемасын өзі шеше алатындай дәрежеде. Сол үшін де мұн­дай сауалнамалар жүргізілсе, тек бір қа­ламен шектеліп қалуға болмайды. Мы­са­лы, қазір жастардың 100 пайыз­дан 10-12 пайызы жастар саясатымен белсене ара­ласуда. Осы көрсеткішті көбейтуіміз ке­рек. Сонда ғана келешектің кілтін ұстар ұл-қыздарымыз депутат, әкім, шенеунік болу үшін қандай сатылардан өтуі керек екенін жауапкершілікпен түсінер еді. Ма­териал­дық құндылыққа депутаттық немесе мем­лекеттік қызмет арқылы емес, еңбек­пен жету тиімді болатынын да аңғарар еді. 

Енді бір мамандар жастардың шенеунік болуға талпынуына бірнеше себеп бар екенін айтады. Біріншіден, олар әлеу­меттік жағдайды жақсартуды ойлай­ды, екіншіден, туыстарға жәрдем еткісі ке­леді, үшіншіден, материалдық құндылыққа оңай жетуді көздейді, төртіншіден, жұрт алдында беделді болуды армандайды… Әрине, өтпелі кезеңге тән бұл құбылысты жою үшін ең алдымен «мемлекеттік қызмет – карьера жасайтын мекеме» деген түсі­ніктен арылуымыз қажет. Оның жолдары қандай?

Елнұр Бейсенбаев, саясаттанушы:

– «Жастар жарқын болашағын неге шенеуніктіктен іздейді?» деген сауалға жауап беріп көрелік. Қазір кез келген азаматтың карьералық тұрғыда өсуі, яғни әлеуметтік сатыға көтерілуі тек қана шенеу­ніктіктің аясында қалыпта­сып отыр. Тіпті шенеуніктеріміз елдегі кәсіпкерлер­ден ауқатты. Демек, бұл жағдай жастарға баю­дың, материал­дық құндылықты арттыру­дың жолы болып көрінеді. Осындай кезең­де біз олар­ды металлург, машина жасаудың ше­бері немесе т.б бол деп үгіттей ала­мыз ба? Қазір еліміздегі кез келген өндірістік са­ладағы тұрақтылық деңгейі төмен. Жас­тары­мыз әр өндірістік сала біреудің жеке­меншігі екенін біледі. Демек, бұл жерде жастарды кінәлауға болмайды. Себебі жас мамандар қазір бір өндірістік салаға бар­са, ол жердің иесі, яғни басшысы бола алмасын, өмір бойы қатардағы маман болып қа­ла­ты­нын жақсы түсінеді. Біздің елдегі көп­­теген салаларда әлеуметтік қауіпсіз­дік мәселесі жолға қойылмаған. Бүгін­де мем­лекетіміздегі әрбір төрт жас ма­ман ғана жұмыс орнына орналаса ала­ды екен. Бізде мұндай проблемалар көп. Оны шешу үшін елдегі жастар, сол жас­тардың басын біріктіреді деп күткен Жас­тар комитеті, әр қала, әр облыста жұмыс жасап жатқан жастар басқарма­лары бірігіп, іргелі жұмыстар жүргізуі тиіс. 

Айтуға оңай, әрине. Сол себепті де бұл түсінікті өзгерту үшін мемқызметкерлердің жемқорлығына түпкілікті балта шабу жол­дарын қарастыруымыз қажет. Жастар­дың шенеуніктікке ұмтылуының бір қырын – парақорлыққа құмарту деп түсінген жөн. «Диплом деген көк қағаз, жұмысқа қа­рым-қабілет керек» деген пікір нық ор­на­лас­қаны жөн. Сонымен қатар әр универ­си­тет өзінің түлектерінің 70 пайызын жұ­мыс­пен қамти алмаса, ол оқу орын­дарын жабу мәселесі қаралуы керек. Бұл жайт­тарды жасай алмасақ, діни экстре­мизм­нің артуы, отбасылық ажырасулар­дың көбеюі, жетімдер санының артуы тоқта­мақ емес. Нақты деректерге сүйен­сек, бүгін­де еліміздің  құрылыс саласына 10 мыңға тарта, ауыл шаруашылығында 10 мың­ға жуық, машина және жабдықтау тех­нологиясында – 8 мың, қызмет көрсету саласында 7 мың маман жетіспейді екен. Құр қиялға ерік берген жас жеткіншекті білікті кадр болуға үгіттеп, бетін осы сала­ларға бұрсақ, бір серпін байқалар ма еді?.

 

Түйін

Арман алға жетелейді. Астана қаласының Жастар мәселелері басқармасы жүргізген сауалнаманың респонденттердің басым бөлігі (79%) белгілі бір дәрежеде болашақта өздерінің барлық жоспарларын жүзеге асыра алатындарына сенетінін айтыпты. Демек, олардың 63 пайызы – шенеуніктен үмітін үзе қоймайды деген сөз. Жастардың арманына шек қою мүмкін емес. Десе де, өмір ағысына тек арман жетегімен емес, шынайы көзқараспен қарайтын кез жеткен секілді.

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz/main/46292/

Рубрика: