Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Естеріңізде болса, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) 2009 жылы Қазақстанның 59 әуе компаниясын «қара тізімге» енгізіп, Еуроодақ елдеріне ұшуға тыйым салған болатын. Осылай аты қандай болса, заты сондай «қара тізім» біздің елді Африка мен Азияның аса кедей саналатын елдерінің қатарына бір-ақ ылдилатып, абыройымызды айрандай төкті. Соған дейін бейқам отырған құзырлы министрлік болары болып, бояуы сіңгенде артынан алашапқын болды да қалды. Енді қазір отандық авиация саласы жұмысының сапасын жақсарту үшін барлық амалдар қарастырылуда. Алайда қамалы мықты «қара тізімнен» босанып шығу қиынның қиыны екен. Осындай мәлімдеме жасаған авиация саласының ақсақалдары мен мамандар жағдайдың тым мүшкіл екендігін ашықтан-ашық мойындап отыр.

Мына жаһандану заманында техника қарқынды дамып келеді дейміз, олай болса ұшақ қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмеуінің сыры неде деген заңды ой туын­дайды. Ел қалаулыларының «Қазақ­станда мемлекеттік тіркеуде тұрған 497 аза­маттық жолаушы ұшағының 80 па­йызы­ның тозығы жетсе, олардың пайда­лану мерзімі 20 жылдан асып кеткен» деп дабыл қаққандарын барша біледі. Бұл – бір себеп. «Ал негізгісі мынада: әуе қыз­метін дұрыс жолға қою үшін бірінші кезек­те кәсіби жағынан мықты мамандар дайын­дау керек болса, Қазақстанда дәл осы жағы қатты ақсап тұр», – дейді мамандар бірауыздан.

 

В.Куропатенко, Қазақстанның әуе тасымалы қауымдастығының бастығы:

– Мынаны ескерген жөн: Қазақстан әуе тасымалының «қара тізімде» тұра беруі әсіресе шетелдік компанияларға өте тиімді болып тұр. Өйткені олар біздің отандық әуе компанияларының Қазақстан бағыты бойынша ұшақ сапарына үлкен қызығушылық танытуда. Бізге әлемдік тәжірибе бойынша жұмыс істеуге қабілетті жаңа авиация әкімшілігін  құрмай, «қара тізімнен» шыға алмаймыз. Ол анық. Менің ақылыма қонбайтыны – әуеде ұшу тәжірибесінен өтпеген ұшқыштар дайындайтын академия жұмысына жоғары жақтың бейжай қарауы. Оны айтасыздар, еліміз Тәуелсіздік алған жылдары бірінші класты әуе кемелерінің командирлері арасында талабы күшті іріктеу жүргізетін мамандандырылған комиссияны таратып кетті. Тек жаттығу алаңдарында ұшып көріп, ұшқыш атанған академияның білімімен қандай маман дайындауға болады? 22 жылдың ішінде ұшқыштар құрамын сынақтан өткізетін бірде-бір тексеріс жүргізілмепті. Сол сияқты инженерлердің де білім-біліктілігін тексеріп жатқан ешкім жоқ.

 

В.Куропатенко авиация саласын Көлік және коммуникация министрлігінің құзы­рынан алып, Мемлекет басшысының ба­қылауына өткізуді ұсынады. Оның айтуын­ша, авиация – қауіптілігі ғарыш саласымен бірдей сала. Ал «оның жұмысын дұрыс алып жүруге Көлік және коммуникация министрлігінің құзыреті жетпейді» деп санайды Қазақстанның әуе тасымалы қауымдастығының бастығы.

Ал авиация саласының ардагері Д.Ду­ши­мовтің айтқаны жанайқайдай естіледі:

– Қазақстандағы азаматтық авиация тоқырауға ұшыраған. Оның жұмысы еш бақыланбайды, жүйелі ұйымдастырыл­майды. Бұл саланы ғылыми жетілдіру де­ген мүлде ұмыт қалған. Ондай болса, аза­маттық авиацияның даму болашағы жоқ. Авиация – қауіптілігі аса жоғары жүйе. Істен шығудың сәл алдында тұр. Сол се­беп­ті оған мемлекеттік басқару қажет. Аза­мат­тық авиация комитеті не бір басшыны, не бір әуежайды жауапқа тартып, тиісті ша­ра қолдана алмайды. Қайта автокөлік са­ла­сы авиацияға қарағанда қатаң қада­ғалануда. 

Сарапшылардың сөзіне сенсек, ҚР Азаматтық авиация академиясында білім алып жатқан болашақ ұшқыш мамандарды тәжірибеден өткізетін ұшақ мүлде жоқ көрінеді. Ал халықаралық білім стандар­ты­на сәйкес, студент білім алып жүрген кезін­де кем дегенде 150 сағат әуеде сы­нақ­тан өтіп, қолына куәлік алуы тиіс. Айт­пақшы, «тәжірибелі маман дайындап шы­ғу үшін бір ұшқышқа 75 мың АҚШ дол­лары қажет екен» дейді Азаматтық авиа­ция академия­сының профессоры Т.Куз­баков. Бұл жағы да осы күнге ескерусіз ке­леді екен.

Ал авиация қызметкерлері кәсіподағы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Шмидт Сабиров болса Қазақстандағы әуе тасымалының жылдан-жылға құлдырап бара жатқандығын нақты деректермен дәлелдейді:

– Қазақстанда қазір 17 миллионға жуық халық тұрады. Ал осыдан 20-25 жыл бұрын отандық авиация 8,5 миллион жо­лау­шы тасымалдаған болатын. Ал бүгінгі күні ұшақпен ұшатындардың саны бар-жо­ғы 4 миллион ғана. Бұл авиация қызметіне жүгінетіндердің күрт төмендегенін аң­ғартады. Бұрындары бір Алматы облы­сы­ның өзінде жергілікті әуе жолының 28 әуе порты болған. Қазір Қазақстанда осы сын­ды 100-ге жуық аэродром істен шыққан. Де­мек, жергілікті авиация ұшқыштары үшін білім-біліктілігін жетілдіріп отыруға ешқандай жағдай жасалмай отыр деген сөз.

Мамандар сондай-ақ республика кө­ле­­міндегі әуежайлар күрделі жөндеуден өтпе­ген­деріне 20 жылдан асып кеткендігі және жаңа әуе тасымалы нарығындағы тех­ника­лық базаның орнын контрабанда­лық жолмен келген тауарлар басып алған­ды­ғына алаңдайды. Жалпы, Қазақстан гума­нитарлық-саяси конъюнктура орталы­ғы өткізген «ҚР азаматтық авиация сала­сын­­дағы мәселелер мен оның даму бола­шағы» атты жиында да осы өзекті м­ә­се­лелер ашық айтылды.

 

P.S.

Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев былай деп сендірген болатын: «Әуежайларды дамыту жөнінен ке­шен­ді шаралар қабылданып, соның аясын­да 18 әуежайдың бәрі 2016 жыл­­ға қарай ИКАО талабына сәйкес­тен­діріледі. Құрамына 27 елдің өкілдері ене­тін Еуропа­лық комиссияның ұшу қа­уіпс­іздігі жөнін­дегі комитеті біздің осы талпынысымызға, яғни Қазақ­стан­ның авиация жүйесін ре­фор­малауға жә­не оны халықаралық стан­дарт­тарға сәй­к­естендіруге бағытталған іс-ша­ра­ларға оң бағасын берді. «Қазақ­стан­ның кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, ол Парламентте қаралуда. Кейін ол заңнама ИКАО-ның ұсыныстары мен талаптары бойынша тағы да толықтырыл­мақ. Ең негізгі айта кететін жайт – қазақ­стан­дық компаниялар мен әуе көліктерін ИКАО стандарттарына сәй­кес және осы ұйым өкілдерінің қатысуымен қайта серти­фи­каттау 2013 жылы жүзеге асады деп күтіп отырмыз. Осы іс-шаралар не­гізінде ұшу қауіпсіздігі қамтамасыз еті­ліп, отан­дық авиацияны «қара тізім­нен» шығаруға әбден болады деп ой­лай­мын». Ал нәти­жесін уақыт көрсе­те­ді.

 

Дерекнама

2013 жыл, 29 қаңтар:

Алматы облысында SCAT авиакомпаниясының жолаушылар ұшағы апатынан 21 адам қаза тапты.

2012 жыл, 25 желтоқсан:

Астанадан Шымкентке бет алған Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы құлап, 27 адам қаза тапты.

2012 жыл, 29 қараша:

Алматы облысы Алакөл ауданы аумағынан Достық стансысына қарай көтерілген Ми-8 тікұшағы апаты салдарынан сегіз адам көз жұмды.

2012 жыл, 22 маусым:

Астана аэродромында оқу-жаттығу кезінде Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы апатқа ұшырады. Қаза болғандар саны – төртеу.

2010 жыл, 25 маусым:

Солтүстік Қазақстан облысында «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінде ауыл­­шаруашылық мақсатындағы Ан-2 ұшағы апатқа ұшырап, екі адамның өмірін қиды.

2010 жыл, 12 наурыз:

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылы маңында Төтенше жағдайлар министрлігінің Ми-817 тікұшағы апаты салдарынан сегіз азаматымыздан айырылдық.

2009 жыл, 8 қыркүйек:

Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы шараға ұшып бара жатқан ҰҚК Шекара қызметінің Ми-8 тікұшағы құлап, он адам мерт болды.

2008 жыл, 29 ақпан:

Қызылорда облысында Ми-8 тікұшағы құлап, апат салдарынан бес адам қайтыс болды. 13 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды.

2007 жыл, 26 желтоқсан:

Алматы әуежайында Jet Connection авиакомпаниясының Challenger-CL604 ұшағы әуеге көтеріле алмай, салдарынан бетон қоршауға соғылған кезінде бір адам қаза тапты.

2006 жыл, 12 тамыз:

Orlan 2000 авиакомпаниясының ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын ұшағы апатқа ұшырап, бір адам қайтыс болды.

2004 жыл, 18 мамыр:

Ақтөбе облысы Бозой елді мекені маңында Araiavia авиакомпаниясының Ан-2 ұшағы апатқа ұшыраған еді. Салдарынан бір адам қайтыс болды.

1996 жыл, 12 қараша:

Үндістандағы Saudi Arabian Airlines авикомпаниясының Boeing 747  мен «Эйр Казахстан» компаниясының Ил-76 ұшақ­­­­­тары соқтығысып, 349 адам қаза тапты.

Автор: Ләззат БИЛАН

http://alashainasy.kz/main/43300/

 

Рубрика: