Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

казӨткен жексенбіде Алматы қалалық мұрағатының ғимаратында бір топ қоғам өкілдері Тілдер күніне арналған жиын өткізді. «Ғимарат» деген аты болмаса, ол мұрағат қаланың бір қиырында, көлік қатынасы қиын бір қуыста орналасқан екен. Бірақ белгілі қоғам қайраткері, халық ақыны Мұхтар Шаханов өткізеді деген соң болуы керек, әбүйір болғанда, үш жүзге тақау орыны бар зал лықа толды. Сыймағандардың біразы – айқара ашық есіктен үңілуге, енді біразы – кейін қайтуға мәжбүр болды.

Осы жиында белгілі журналист Жарылқап Қалыбай айтқандай, Қазақстан үшін Тілдер күні – Тәуелсіздік күнімен пара-пар мереке болуы керек еді. Осы мерекені пайдаланып, есі бар билік қазақ халқының мүддесіне орайлас барлық қам-қарекетін жасап, әншейінде үйіп-төгетін уәделері сияқты сөзі болса, айтып-айтып қалуы керек-ті.

Өкініштісі де сол – олай болмады. Қаланың қақ ортасынан бір орын бұйырмаған атаулы күн жетім қыздың тойындай өтті. Қазақ тілінің жанашырлары мұрағатты іздеп, сабылғаны – өз алдына, тілім-тілім тіліне теңдік тілеп келген жұрттың шағын залға сыймай қалғаны – қазақтың мүддесі бұл билікке бес тиын екенін тағы бір дәлелдесе керек.

Осы жиынға жиналған жұрттың ұзын саны 500-ден аспайтынын ескерсек, «тілім» деп тентіреп жүрген нағыз қазақтардың аздығына тағы бір нала боласыз. Дегенмен, қалалық әкімшіліктің рұқсатымен, полицияның қадағалауымен өткен Тіл мерекесінде айтылған сөз, қозғалған мәселе жетер құлақ болса, құрышын қандыратындай-ақ айтылды.

Біз газеттің айқарма бетіне сыйғанынша сөздерін жария етіп отырған азаматтардан басқа сөз алған жазушы-ғалымдардың, саясаттанушылардың, қоғам қайраткерлерінің ашына айтқан дәлелді пікірлері көптің көңілінен шықты. Советхан Ғаббас мемлекеттiк-ұлттық идеологияның жоқтығын, Жанұзақ Әкiм мен журналист Дәурен Бабақұмар қазақ тілін дамыту үшін не істеу керектігін айтты.

Ал қала әкімінің орынбасары Зәуре Аманжолова тіл мәселесінде қалалық билік «ананы – қатырды», мынаны – бітірді» деп, Алматыда жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептерінің санын тiзбелеп айта бастауы мұң екен, жиналғандар арасынан наразылық туып, зал у-шуға толып кетті. Дәл осы арада айта кету керек, Тілдер мерекесі тек қана Алматыда ғана емес, Қазақстанның басқа аймақтарында да кезіндегі интернатта жексенбі күні жұмыртқа беретіндей ғана жарым көңіл қуаныш болды.

Әйтеуір қазақтың тілі туралы 13 минут бойы екпіндете поэма оқыған бес жастағы Шаймерденге риза болған жұрт қазақ тiлiнiң тағдыры сенiмдi қолға – жаңа ұрпаққа өтеді деген нәумиез көңілмен тарасқандай болды.

Редакция

 

Мұхтар ағам

«ЖЫНДЫ»

болмағанда…

  • Осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Мұхтар аға Шаханов тіл жанашырларының жиынын ашып, толқып-толғанып сөз сөйледі. Әдеттегідей әділетсіздікке, қазақ тілінің қайғылы жағдайына, ұлтымызды ұлтарақ күйге түсірген саясатқа ашуланып сөйледі. Сонда Мұхаң айтқан сөздің қысқа-нұсқасы мынау еді:

1989 жылы 22 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің отырысында тіл мәселесі қаралды. Талқылауға бұрын түскен орыс тілі мен қазақ тілін мемлекеттік тіл қатарына енгізу туралы ұсыныстарға орай, депутаттар екі тілді бірдей дауысқа салды. Сөйтіп, осы ұсыныс өтіп кетті. Шала қазақтардың барлығы қуанып, бірін-бірі құшақтап, сүйісіп жатты.

Өзімді ұстай алмай, қолым дірілдеп, қайтадан шықтым: бұл не деген масқара деп! Кезінде одақтас республикалардың тілі мемлекеттік тіл болуы керек деп, ұсыныс жасаған едім (КСРО халық депутаттарының сиезінде – Ред.), содан кейін Расул Ғамзатов екеуіміз Горбачевты бұған көндірдік: Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан өз тілін мемлекеттік тіл жасады, Қазақстанның жағдайы – осы болды: орыс тілі қазақ тілімен бірдей қолданысқа ие болатын болды.

Содан мен «бүкіл елді көтереміз, оның аяғы «екінші желтоқсан» болады» дегенімде, басшылар қорқып қалды да, президент Назарбаев «Шахановтың ұсынысын қайтадан дауысқа» саламыз деді. Сөйтіп, басшы айтқан соң, заңсыз болса да, қайтадан дауысқа салып, өзі бірінші болып қол көтеріп еді, жұрттың бәрі бізге қарай ойысты. Сөйтіп, менің «жындылығымның» арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қалды.

Егер мен басқалар сияқты сол кезде үндемей отыра бергенімде, осы күнде қазақтың тілі қосымша тіл ретінде қалып, орыс тілі мемлекеттік тіл болып кететін еді. Және осы кездегіден де ушығып, қазақтың шамамен 75–80 пайызы орыстанып кететін еді.

Қазақстанда 500-дiң ар жақ-бер жағында ана тiлiмiзде газет шығады. Ал Ресейден 5248 газет-журнал келiп тарайды. Кiтап дүкендерiне бара қалсаңыз, Ресейдiң баспа өнiмдерi басып жатады. Қазақ жазушыларының кiтабына саудадағылар пысқырып та қарамайды. Бұл – қолдан ұйымдастырып отырған әрекет!

Егер жойылуға кетіп бара жатқан ұлтымыздың мүддесі үшін айқай көтерсек, біз ұлтшылмыз, ал Мәскеуде өздерінің тілі үшін күресіп жатқандардың барлығы – патриоттар. Көріңіздер ме, қандай жағдайға бізді алып келді? Бізге осындай айып таққаны үшін, кейбіреулерді сотқа беруге болар еді. Мұнда қандай ұлтшылдық бар?

 

Дулат ИСАБЕКОВ:

БІЗГЕ НЕ БОЛДЫ?!

Дүние жүзінде өзінің тіліне қазақ сияқты селқос қарайтын бірде-бір ұлт жоқ екен. Бізге не болды? Көптеген жігіттерімізді билікке қойсаң, өзгеріп шыға келеді. Алды «атаман» болып кетіп жатыр. «Ата-бабамыз батыр болған, жаудан қайтпаған дейміз», сол батырлықтың бірде-біреуі қалмады, әсіресе – жазушыларда. Жеті жүз жазушы бар дейміз. Олар – өтірік жазушы, ұлтының қамын ойламайтын жазушы – Мұқаң айтқандай – жазушы емес. Кеше бір жиында айтып едім: «Жұлқынып сөйлемей-ақ қойыңдар, бірақ төбе көрсетіп, қазақтың қарасы көбірек отырса, өзгелерге сес болады. Қазақтар ұлт болып, санасы өсіп, өзінің тілін қорғау үшін келіпті демей ме?» – деп.

Бізде сөз – басқа, іс – басқа. Кеше ғана жаңадан білім және ғылым министрін тағайындады. Не болды? Келе салып, жұмысын реформадан бастады, неғылған бітпейтін реформа осы?! Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту бұрын төрт сағат болса, оны екі сағатқа қысқартып, ал қазақ тіліндегі мектептердегі орыс тілін оқыту үшін, екі сағат қосқан. Не деген данышпандар, осыны да реформа деп атай ма?!

Меніңше, бұл – ұлтқа қарсы жасалып жатқан жұмыс. Маған бізді ұлт етпеудің жасырын бір институттары бар сияқты.Тіпті кеше ғана дәрігерлер айтып жатыр, қазақ жастарының 20–30 жас аралығындағы азаматтарында бала жасайтын ұрығы жоқ екен – «ұлы сөзде ұяттық жоқ». Осының бәрі ұлтқа қарсы астыртын жұмыстың нәтижесі сияқты. Біз – қазақ байғұс осыны байқамаймыз, ертең жарға құлайсыңдар десе, той жасап, құда шақырып, отыра беретін сияқтымыз. Несие алып, той жасап, артынан баласына да, өзіне де ақшасы жоқ, қаңғып жүреді. Осыған да мән бермейтін, алысқа қарамайтын ұлт болып бара жатырмыз, ағайын!

Ұйтқы болатын Жазушылар одағы екінші парламент болуы керек еді, кезінде Колбиннің өзі осыған (Жазушылар сиезіне – Ред.) екі рет келген. Қонаевтың кезінде Жазушылардың съезі қалай өтуші еді: екі күн бойы өзі қатысып отыратын, болмаса – орынбасарларын тастап кететін. Қазір біздің жазушылардың съезі ауылдың «месткомының» жиналысы сияқты өтетін болды. Осындай іс-шараларға жазушылардың мән бермеуінің себебі неде? Демек, биліктің өзі елемеу арқылы, зиялының сөздерін тыңдамау арқылы олардың үнін өшірмек. Осы 60–70 жас аралығындағы бір буын кетсе, жым-жырт болатын сияқты, ешкім де бас көтеріп шықпайды.

Екі тілділер көбейіп еді, енді «үш тілділер» пайда болды. Кеңес өкіметінің кезінде бізге орыс тілін төртінші сыныптан бастап оқытып еді. Енді бірінші сыныптан бастап оқытатын болды. Осының түбі мәңгүрттендіруге апару емес пе? Бала үш тілдің қайсысын меңгереді?

Билік басында тәп-тәуір жігіттер бар: оларға қазақ тілінің керегі жоқ па? Мен осы жиынның соңында шығатын қаулыда полицейлерге арнап бір ұсыныс қосайын деп едім: «Айналайын, сендер де қазақсыңдар. Біз де сенің балаңның болашағы үшін жиналып жатырмыз. Бұйрық берген шығар, асыра сілтемеңдер, олай етсеңдер өздеріңе ор қазасыңдар. Мағжан ақын кезінде жылапты: «Сталин ат, ас деген шығар, бірақ Сәкен Сейфуллиннің мұртын жұл, Бейімбет Майлиннің құйрығынан теп» деген жоқ еді ғой. Соның бәрін жасаған кімдер – қазақтар! Асыңдар, атыңдар, бірақ қорлауға апармасаңдаршы» деп жылаған екен. Кешегі Жаңаөзендегі қанды қырғында бір жігіт өлім алдында жатқан кезінде, көзін ашып қарағанда, үстіне төніп тұрған полицейдің жүзінен өзінің осы түрінен ләззат алғанын көрген екен. 1986 жылы да осындай сұмдық болған екен: «Ағалап, көкелеп» шырылдап жатқан қыздың үстін таптап өткен қазақтар рахаттанған екен. Қазақ-ау, не болған сендерге? Ұста, түрмеге жап, бірақ қорлап, шашынан сүйрейтіндей не болды,олар да сенің қарындасың,сенің қызың ғой».

Осындай пункт қоссам деймін.

Осындай жиынды кең көлемде өткізсек, билікке таласып жатқан жоқпыз, пікір айтсаң болды, оппозиция дейді екен. Оппозиция – билікке таласушы партия, біз таласып жатқан жоқпыз. Шындықты айтып, тілімізді қорғайық деп жатырмыз, сол үшін кінәлі боламыз ба? Бір жарым миллиард қытай, 147 миллион орыстар тілін қорғайды, ал қазақ тілін қорғамайды. Осыған біздің санамыз, намысымыз қашан оянады?

Қазақ тіліне 2020 жылы көшеміз дейді, ол – бос сөз екені белгілі ғой. Алматы мен Астанадағы әкімшіліктерге кірсеңіз, бәрі орысша сөйлейді. Неге олай деп айтсаң, сен – ақымақсың. Қазақ тілін 2020 жылы толық меңгеру үшін, тіл комитеттеріне миллиондаған ақша бөлінеді екен. Қайда кетіп жатыр, сонда қай орыс, қазақша білмейтін қай қазақ –қазақша сөйлеп кетіпті?! Сұрақ бар, жауап жоқ. Бөлінген ақша қазақ тіліне қамқор болуы керек қой. Бүгінгі күн – еуропалық тілдердің күні емес, Қазақ тілінің күні деп, көшеге жарнама іліп қойса, біреудің өті жарылып кете ме?

Осы залды бергенге де рахмет деп отырмыз, осыны да жасап жатқан өзіміздің қазақтарымыз ғой. Баяғыда барлығын Мәскеуден көрген едік, қолымызды байлап, ерік бермеді ғой деп.

Тәуелсіздік алдық емес пе? Бұрын «Казахская Социалистическая Республика» дейтін, қазір сол «казахскийді» қойып, «қазақстандық» дегенді шығарды. Мені де орыс газеттері «казахстанский писатель» деп жазбақ болғанда, мен «қазахский писательмін» деп, қатаң ескерттім. Біз «российский писатель» демейміз ғой!

Жұрттың жақсы жағын емес, жаманын неге үйренеміз? Немістер, орыстар, француздар өз тілінің тазалығы үшін күресіп жатса, қазақтар, керісінше, бүлдіру үшін күресіп жатыр. Сондықтан «Көп – қорқытады, терең – батырады» деген бар: тіл саясаты мәселесін жоғары жақтың алдына қоймай, еш өзгеріс болмайды.

Билікте қазақша білмейтін қаншама министр отыр! Тіпті Ыдырысов көкеміздің баласы – сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бір ауыз қазақша білмейді. Солар 2020 жылға дейін қазақша үйренеді деп отырсыздар ма?! Қапаров деген министр бар – «Протон» құлап жатса да, өзі аяғы баспаған жерді курорт сияқты суреттеп жүр. Айтқанына қарап, сол жаққа барып, демалып қайтқың келеді. Бір-бір жарым миллион шешен Мәскеуді дірілдетіп ұстап отыр, осындағы шала қазақтың біразын жиырма шақты шешенге айырбастап алар ма едік?..

Қазақты өлтіріп жатқан кім – осындағы шешендер: Малыбайда, Маловодныйда қазақты өлтірді, Шеңгелдідегі қызымызды зорлаған оқиға ше? Үндемейміз. Үндістанда бір қызды зорлап еді, бір жарым миллиард халық көшеге шығып кетті, ақырында қылмыскерді өлім жазасына кесті. Жаңаөзендегі қырғын ше? Кеше Түркияда бір студенттің өлгеніне бүкіл түрік көтерілді, бізді қырып жатса да үндемейміз. «Бұл не?» деп сұрайтын адам жоқ. Себебі – ұлттың басшылары жоқ. Тіпті Әуезов, Мұқановтар тірі болса, оларды да тыңдайтын жайымыз жоқ сияқты. Өйткені құлақ – керең, сөз жетім қалды. Алдымыздағы Желтоқсанда бәріміз қара көрсетіп, алаңға шығып, қазақ тілін қорғамасақ, билік аяғын тартпайды. Ұлт тілінің төңірегіне топтасайық, өз тілімізді өзіміз қорғайық!

 

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

«Жас Алаш» газетініңбас редакторы:

Есімов қазақтың тілін

АРХИВКЕ ӨТКІЗДІ…

Келіп отырған жеріміз – орталық мұрағат, мұнда өзінің қызмет қажеттілігін атқарып біткен құжаттар сақталады. Шаң басып жатады, іздеген адамдар ғана келіп, керегін табады. Біз Есімовке рахмет айтып жатырмыз, мен де рахмет айтқым келеді – ол кісінің «кемеңгерлігіне»: қазақ тілінің мерзімі біткендей, күні жетпей жатып, архивке аттандырып жіберді. Қазақ тілі барар жеріне – барды, енді осы мұрағатта тып-тыныш жатсын деген шығар. Демек, Алматы қаласы үшін қазақ тілі мұрағатта жататын тіл деп есептеген болар.

Қазақтың тілі ғана емес, сол тілдің иесі – қазақтың жағдайы қандай? Өте мүшкіл халде: азаматтық құқығы тапталған, өзінің аузындағы асқа ие бола алмай, бұрын кең пейілділікпен аузындағысын келімсектерге жырып берсе, қазір қазақтың аузынан күшпен, айламен жырып алып отыр. Қазақ өзінің қазба байлығынан түсетін табысынан айырылған. Қазақ өзінің ұлттық намысынан айырылған! Тілді ғана жоғалтпаймыз – ұлттық рухты жоғалтамыз! Рухты жоғалтсақ, барымыздан айырыламыз. Біз үлкен қасіреттің алдында тұрмыз.

Қазір Қазақстандағы қазақтың басын біріктіретін жағдай келіп тұр, оны біріктіретін –осында отырған Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Мекемтас Мырзахметов сынды ағалар. Қазақтың тілін, мемлекеттілігін ойластыратын қазақтың Құрылтайын өткізуіміз керек. Қазақтың мүддесін ойлайтын, қазақтың тағдырын өзі шешетін жиын қажет. Желтоқсан айына дейін осындай үлкен жиын керек. Қорланған қазақ, қырылған қазақ осылай жүре беруге тиіс емес, еңсемізді көтерейік, ел болуды ойлайық!

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,

ғалым:

Қазақ халқының бірінші жауы –

ШАЛА ҚАЗАҚТАР!

Біздің қасіретіміз – ыдырап тұрмыз. Тіл жағынан ыдырадық. Монолитті емеспіз, дін жағынан да ыдырадық. Соның ішіндегі ең қауіптісі – уахабшылдар. Олар билік органдарында отыр, салафиттерді терістеді, ал пәленің түбін осы уахабшылдардан көреміз. Жазу жағынан да ыдырадық. Мұндағы қазақтар орыс жазуымен жазады, Қытайда тұратын қазақтар арабша жазады, Түркиядағылар – латынша, сөйтіп бір халық өзін-өзі оқи алмайды. Айтуға оңай, бірақ өте қасіретті мәселе. Қалай біріктіреміз? Бізге бірігу мәселесі керек болып тұр.

Дүние жүзінде екі жүзден астам мемлекет бар, қазақтан басқасы, әркім өзінің ана тілінде сөйлейді. Тамыры қайда десеңіз – орталықтың бұрынғы саясатында жатыр. Бізді жаулап алған соң, Орта Азияда тұратын халықпен бізді салыстырып, қазақтардың санасы жоғары екенін білген соң, жаншу керек деген саясат жүргізіп, өлі халыққа айналдырмақ болған. Патша үкіметі осы саясатты бастады, кейіннен совет өкіметі орыстандыру саясатын ары қарай жалғастырды, яғни бұрынғы империяның мұрагері болды.

1932 жылғы нәубет кезінде тәжіктерден – 1 адам, өзбектерден – 7 адам атады, ал қазақтардан – 25 мың адам атылған. Неге? Себебі Ресей үшін асау, ұлттық сезімі оянған халықты ұстап тұру қиын, сол себепті тұсаулау керек деген.

Осыдан қалай құтыламыз? Менің ұсынысым – нақты әрекет керек. Бізді адастырып жүрген топ – шала қазақтар. Қазақтың үштен бірі – шала қазақ. Мемлекеттің мүлкін талаған кезде байып алған да – солар, билік басында отырған да – солар, қазақша сөйлемейтін де – солар. Құдайдың баласы ма?! Оларды тәубасына келтіруге болады. Қызметке орысты, қытайды ала бер, ал қазақтарды қазақ тілін білмесе, жұмысқа алмау керек. Сонда шала қазақтар бір жылда қазақ болмаса, маған кел! Бұған тек саяси ерік керек.

Шала қазақтардың төркіні – патшаның миссионерлік саясаты кезінде орыс-түзем мектебі дегеннен пайда болған, тұңғыш шоқынған қазақтар содан шыққан. Кеңес Одағы сол үлгіні аралас мектепке пайдаланды. Бір кездері аралас 400 мектеп бар еді, қазір 2097 мектепке өсті. Әр мектеп жыл сайын 150 баладан шығарғанда, 300 мың шала қазақты қосып отырады деген сөз. Яғни, шала қазақтың фабрикасы – аралас мектепте. Басқа республикалар осыны жойды, біз неге жоймаймыз? Жойдырмай отырған – шала қазақтар мен шала министрлер.

Халықтың бірінші жауы – шала қазақтар! Оларды солай жасаған – орыстың орыстандыру саясаты. Сондықтан бауырымызға тартып, нақты ұсыныс – осыны тоқтату үшін, аралас мектепті ажырату керек.

 

Айдос САРЫМ,

саясаттанушы:

АЙБАРЛАН, АЛАШ!

Егер ерінбей, осы мұрағаттағы құжаттарды көтерсек, 1980 жылдардағы жағдай бойынша, Алматыда бір ғана қазақ мектебі болды. Мен сол қазақ мектебінің түлегімін. Сол кезде мектепке бара жатқанда, анаңмен қазақша сөйлестің деп, жаңбырлы күні далаға қуып шыққан кездер де болған. «Сендер неге өз тілдеріңде сөйлейсіңдер!» деген заманды да көрдік. Сол заманды тоқтатқан Желтоқсан көтерілісі болатын. Қазақтың әбден титықтап, әділетсіздікке шыдамай, қазақ жастарының бас көтеруі – сол әңгімені сап тыйды.

Ең алдымен, биліктен емес, өзімізден кінәні іздейік. Биліктің кінәсі зор! Осы тіл мәселесін шеше алмай отырғанымыз – біздің талап қоя алмай отырғанымыздан. Біздің қаһарымызға міне алмай отырғанымыздан!

Бірнеше үлкен мәселе бар: ол – құлдық сана. Одан арылмай, тілдің де мәселесі, басқа да мәселе шешілмейді. Кез келген үлкен мәселе рухтан, намыстан басталады. Нақты іске келгенде, қайсымыз тіршілік атқарып отырмыз. Бұрын қазақтың үні де, тілі де шықпаған қалаларда қазақтың жастары домбыраны күмбірлетіп жатыр. Қазақ тіліндегі үлкен шаралардың бастамасы қолға алынып жатыр.

Тіл – ұлттың негізгі тірегі. Екінші үлкен бастауы – тарих. Мемлекет біздің қанша жылғы қысымымыздан кейін, тарих мәселесін қолға алып отыр. Біз мұны жіті қолға алып, бақылауымыз керек. Үлкен мәселеге мұқият қарасақ, тарихтан тәлім алуымызға болады. Кезінде 60–70-жылдарда ағаларымыз рухани бастау – тарих деп таныды, сол кезеңде есенберлиндер кітап жазды, «Қыз Жібек» сияқты көркем фильм түсірілді. Соның арқасында қазақтығымыздан айырылып қалмай, осы күнге жеттік. Ал бүгінгінің қазақ киносы, қазақ әдебиеті қайда? Әлі күнге дейін Алашорда туралы тарихи роман жазылған жоқ. Әрі-беріден соң, оған мемлекеттің де көмегінің қажеті жоқ, өзіміздің намысымызды жануымыз керек.

Тағы бір үлкен мәселе – шын мәнінде бүгін ғаламтордың заманы, күнде сол ғаламтордағы дау-дамайға араласамыз. Кедендік одақ деген шықты – болашағы жоқ екені белгілі, бірақ біздің ұлтымыздың уақытын ұрлап, мүмкіндіктерімізден айырғысы келеді. Бұрындары Қазақстанның ішіндегі әңгімеге Ресейдің жазушылары, саясаттанушылары араласпайтын, қазір олар дендеп еніп алған сияқты. Нешетүрлі сайт, телеарна ашып алып, өздерінің өнімін тықпалап жатыр. Соған төтеп беретін үлкен рухани еңбек шығаруымыз керек. Сол үшін де көсемсіз-ақ төтеп беретін жұмыс жасауымыз керек.

Өмір бақи хан, батыр іздеуден талмаймыз. Қазақстанда тұратын 11 миллион қазақтың әрқайсысы батыр болатын кезі жетті. Әділетті хан, ұлы батыр іздеп жүре берсек, қазақтың мәселесі шешілмейді.

Бүгінгі демографияны қарасақ, қазақстандықтардың бір мен он жас аралығындағы қазақтың 80 пайызы – қазақ балалары, 10–20 жастың арасындағы қазақтың саны – 75 пайыз. Ертең осы ұл-қыз өсіп, ер-азамат болып, дауыс беру құқығына ие болады. Сол кездегі мемлекет қандай болмақ деген сұрақты бүгіннен бастап қоюымыз керек. Біздің мақсатымыз – олардың санасын уландырмай, өз мемлекетіне өзі ие болатын қажетті рух қалыптастыру, дем беру. Қазақша оқыту. Бүгінгі күні нақты жұмысқа көшу үшін, келесі жылдан бастап, барша мемлекеттік қызметкерге, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың бәрі қазақ тілінде сөйлеуін талап етіп, емтихан тапсырту. ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырту деген талаптарды қою арқылы үлкен мақсат – келесі жылы арнайы мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаттыруға жұмыс жүргізсек.

Біз осы мемлекетті қазақ елі жасаймыз, өзіміз ғана қазақша сөйлемейміз, өзгені де қазақша сөйлеттіреміз! Жаса, қазақ! Айбарлан, Алаш!

 

Расул Жұмалы,

саясаттанушы:

Намыстың алғы шарты –

ТІЛ!

 

Жиырма бес жыл бұрын мемлекеттік тіл ретінде қабылданған қазақ тілі әлі күнге дейін өзінің мемлекеттік мәртебесіне жете алмай отырғаны – өкінішті. Осы қаладағы жағдайы өте нашар әлеуметтік топтардың мүддесін жеткіземін деген азаматтар әкімдікке барып еді, сол үшін 15 тәулікке қамалды. Қазақтың жерінде, қазақтың аспанындағы ұшақта келе жатқан азамат қазақ тілінде сөйле деп, талап қойып еді, ол да түрмеге қамалды. Күні кеше қазақтың егемендігін мойындағысы келмейтін Ресейдің арандатушысына Алматының ортасындағы жоғары оқу орнының бірі төрін берді. Осы жағдайға қарсы шыққан азаматтарды да полиция ұстап алып, қамағысы келіп еді, қоғам қарсы шыққандықтан кейін босатты. Ойланатын жәйт…

Қазақ тілінің ресми күні – атаулы күнінде шаһардың бір шетінен орын беріп отыр. Ал орталық алаңды, кең сарайларды шетелден келетін аты белгілі де белгісіз ұжымдарға береді. Өзімізді-өзіміз ұлт ретінде танытатын, мәдениетін, осы жердің қожайыны ретінде өмір сүруге бағыттайтын, болашақ ұрпақты намысты етіп өсірудің алғы шарты – тіл! Ата заң бойынша мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ал кішкентай ғана тармағында орыс тілі – мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінде қолданылуы мүмкін деп жазылған. Яғни, орыс тілі қосымша қолданысқа ие, ешқандай мәртебе берілмеген. Конституциялық талаптың орындалуына біздің мүмкіндігіміз бар.

 

Жарылқап ҚАЛЫБАЙҰЛЫ,

«Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы:

ТІЛ ҮШІН

күресуіміз керек

Егер қазақ ұлттық мемлекет құрамын десе, ең алдымен тіл қозғалысын жасауы керек, тіл үшін күресуі керек. Сонда ғана тәуелсіздікті тұғырлы етеміз. Жуырда Испанияда католониялық халық мыңдаған шақырым жолға шығып, қол ұстасып, тізіліп тұрып, өздерінің намысты екенін көрсетті. Біздің қазақ бүгін ең ірі қалалар мен облыс, аудан орталықтарында көшеге шығып, мемлекеттің тілді қолдау шарасын өткізуі керек еді. Өкінішке қарай, үлкен қала Алматының бір шетіндегі шағын залға жиналып, қысылып отырмыз.

Бұл жерде екі мәселе көзге ұрып тұр. Бірі – қазақ тіліне деген биліктің көзқарасы мен қазақтың енжарлығы. Билік тәуелсіздіктің рухымен алғашқы кезеңде Конституцияға қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазған болатын. Бірақ 1995 жылғы Конституциядан бастап, мемлекеттік тіл – қазақ тілі дейді де, астына орыс тілі «ресми тіл» деп жазып қойған. Екі тілге мүмкіндік берді. 1997 жылы «Тіл туралы» қабылдамақ болған заңы – негізінен «Тілдер туралы» заң болатын. Белгілі бір саясатпен жасалған заң деуімізге болады: бұрын да империяның ықпалында болған бір тілді елді басқару оңай. Ал ұлттық мемлекет құру – қиын, билік те жеңіл жағын таңдап отыр.

«Тыныш, тыныш, қазақ!» деп, сол қазақтың есебінен тұрақтылықты сақтап келеді, сол қазақтың есебінен ел атанып келе жатырмыз. Отызыншы жылдары билік соғыссыз-ақ елдің малын алып, аштан қырып еді, енді тәуелсіздіктің жиырма екі жылында үн-түнсіз орыстану саясатымен, әр отбасы рухани өліп бара жатқан сияқты. Енжарлығымыз сондай, өзіміз немқұрайдылыққа салындық, күрескерлік қасиетіміз жойылып кетті.

Топтаманы дайындаған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«Dат» № 32

Рубрика: