Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 28 қаңтар. BAQ.KZ –Бүгін ақын, әдебиет зерттеушісі, ғалым, қазақ тіл білімінің атасы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күні.

Ахмет Байтұрсынұлы 1973 жылы Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарған. 1909 жылы патша үкіметінің саясатына қарсы наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 жылы жер аударылған. 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болған. Қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттігін армандап, сол жолда күрескен Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі көсемдерінің бірі болған ол кеңес өкіметі бел алған кезеңде халқына қызмет ету үшін большевиктер жағына шығып, 1919 жылы маусымның 24-інде Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалған. 1922-1925 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, «Ақ жол» газетінің қызметкері, 1925-1929 жылдары Қазақ Халық ағарту институтының (Ташкент) және Қазақ педагогикалық институтының оқытушы болған.

Шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсаған. Ақын Крылов мысалдары негізінде жазған әр туындысының соңына өзінің өзекті ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.

«Маса» деген атпен жарық көрген екінші кітабына енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді шенеген. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болған. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы толғамды ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек-батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ», т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жарыққа шығаруда зор еңбек сіңірген. Қазақтың «Ер Сайын» атты эпостық жырын алғысөзбен түсініктемелер жазып, 1923 жылы Мәскеуде шығарған. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 жылы «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялаған. Тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазған. 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-ші съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасаған. Сонымен қатар қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсап, «Оқу құралы», «Тіл құралы»; ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби», «Жаңа әліпби» атты оқулықтар мен ғылыми еңбектер ұсынған. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстанған. Сөйтіп, қазақ тіл білімін XX ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның іргетасын қалаған.

А.Байтұрсынұлы 1929 жылдан бастап сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылы атылған. Оның ардақты есімі мен асыл мұрасы 1989 жылы ғана ақталып, халқымен қайта қауышты. Оның атында көшелер, оқу орындары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі институты, әдеби-мемориалдық мұражай-үйлер бар, ескерткіштер орнатылған.

Бак. кз

Рубрика: