Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

IMG_9275Ұлтаралық татулық – әлемді бейбітшілік бесігінде тербеп тұрушы бірден-бір маңызды фактор. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» демекші, бәрін тең көру керек, ол үшін әрбір елдегі өзге ұлт өкілдерінің Отанға деген сүйіспеншілігі басым болуы тиіс. Біздің ауданымызда да ел қатарлы өмір сүріп, ұрпақтарын өрбітіп, ортасына сыйлы да қадірлі болып жүрген өзге ұлт өкілдері жетерлік. Солардың ішінде халықтың жылы ықыласына бөленіп, қазіргі күнде зейнет жасына келген татар қызы Бибинұр Темірболатова, поляк қызы Райса Советская және қазақ қызы Роза Жетпісқызының жөні бір басқа. Себебі, бұлардың екеуі өзге ұлт өкілдері бола тұра, қазақтың Аманғалиевтер отбасына келін болып түскендері.

Бибинұр Хұсайынқызы Жал­пақ­тал ауылында дүниеге келеді. Жалпақтал орта мектебінде білім алады. Әпкесі Майра Талды­құдық ауылына медбике болып ауысуына байланысты Бибинұр апамыз отбасымен қоныс аударады. Бибинұр әжей Орал қаласында 10 айлық тігін училищесін бітіріп, елге келіп тігіншілікпен шұғылданады. Сонымен қатар, құрылыс саласында майлаушы, сылақшы қызметтерін де атқарған. 1962 жылы қазақ ұлтының жігіті Ермек Аманғалиевпен отбасын құрып, сегіз баланы дүниеге әкеледі.

Ал поляк қызы Райса Пет­­­­ро­в­на болса, 1949 жылы Украинаның Винница облы­сындағы, Турбовский ауданына қарасты Куровка селосында дүниеге келеді. Кеңес өкіметінің Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Райса әженің отбасы да Қазақстанға қоныс аударып, Талдықұдық ауы­лына көшіп келеді. Осы жерде білім алады. Мектепті тәмамдаған соң ауылда түрлі салада еңбек етеді. 1967 жылы механизатор Мұстафа Аманғалиевке тұрмысқа шығып, 9 баланы дүниеге әкеледі. Мұстафа ағамыз өмірден ерте өтеді де, өрімдей балаларын өзі тәрбиелеп ер жеткізеді. Сонымен қатар, Мұзафар Аманғалиев ағаның зайыбы Роза Жетпісова апайымыз Жаңақала ауданында дүниеге келген. Есепші болып қызмет етеді. Мұзафар аға екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірген. Жергілікті жұртпен біте қайнасып кеткен олардың жүздері басқа болғанымен, жүрегі бір. Ал еліміздегі бірлік, татулық, келі­сім­­нің баянды болуын тілейтін ана­­лар­дың тілі де бір болып кет­­кен­дей. Олар қазақ тілін – ұлт пен ұлысты біріктіруші, ұйыстырушы, түсіндіруші, бір-бірімен ұғыстырушы құралға айналған мемлекеттің ең басты тетігі деп санайды. Бибинұр апамызбен тілдес­кенде: «Қазақта бірлік болмай, тірлік болмайды» деген ұлағатты ұғым бар. Маған елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың татулығы артып, Қазақстанымыздың нығайып, өркендеуінен асқан бақыт жоқ. Біз кіндік қанымыз тамған жерде тұрамыз және осында өмір сүріп, өсіп-өнеміз, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді және тілімізді ұстанамыз. Қазақ жерін мекен еткен ұлттардың бәріне осындай мүмкіндік берілген. Осы үшін қазақ халқына, Елбасымызға мың алғыс айтамыз», – деп ағынан жарылды.

Сонымен қатар, Райса Петро­вна да былай дейді ағынан жарыла: «Мақсатымыз – ортақ, мұра­тымыз – бір, сондықтан ке­ле­­ше­гіміздің кемелденуіне кепіл болатын татулық пен достықтың діңгегін биіктету баршамыздың парызымыз. Өйткені, біз расында көпұлтты мемлекетте, оның ішінде өз шаңырағымызда бірнеше ұлттың адамдарымен бірге тұрамыз. Осы себепті, елдің ауызбіршілігі мен татулығын барлығынан жоғары қоямыз. Қазақ халқымен құда болғанымызға да бірнеше жыл болды. Олар құдасын құдайындай құрметтейді. Бұл өңірде жергілікті ұлт қазақ болғандықтан, үйде қазақша сөйлеп, ұлттық дәстүрді ұстанамыз. Той-жиындарға, мәдени шаралар мен концерттерге бірге барамыз. Апта сайын дастарқан басында кездесіп, әңгіме-дүкен құрамыз». Талдықұдық ауылында бір шаңырақ астында бас қосқан түр­лі ұлт өкілдері осылайша бақыт­ты өмір сүруде. Олармен дидарласып, әңгімелесу барысында әрқайсысының жүрегі қазақ, елім, жерім деп соғатынын байқадық. Бұл – біздің Тәуелсіздікпен бірге жеткен сыйымыз. Ендігі уақытта бұл құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Гауһар ӘДІЛЖАНҚЫЗЫ. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/02/28/51271

Рубрика: