Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Өткен жылғы Тіл білімі саласындағы ең үлкен жаңалық әрі елеулі еңбек — «Қазақ сөздігі» екендігі даусыз. Осы сөздік арқылы тілімізге тиесілі сөздік қорға 106000 атау сөз бен 48,3 мың сөз тіркесі ресми әрі ғылыми түрде тіркелді. Бұл сөздік түркі тілдерінің арасында қазақ тілін ең бай лексикалық қорға ие екенін паш етті.

Бір томдық алып сөздіктің қалыңдығы – 6,5см, ені – 21,5 см, ұзындығы – 26,5 см. Бет саны — 1488. Аталған кітаптың дайындалып, жарық көруіне белгілі ғалымдар: Н.Уәли, Ш.Құрманбайұлы, М.Малбақов, Р.Шойбеков, Қ.Күдеринова, О.Жұбаева, А.Жаңабекова, А.Фазылжанова, Ж.Исаева, А.Үдербаев атсалысқан.

Десек те, мұндай ірі істе кемшілік болатыны рас, оны сынау не мінеу үшін емес, сөздікті одан әрі жетілдіру үшін, жүйелей түсу үшін айта кетуді жөн көрдік. Біздің ойымызша, аталмыш сөздік кейбір сөздердің түсіндірмесін толық қамтымаған. Мәселен, «науша» сөзінің бұрынғы сөздіктердегі түсіндірмесі молырақ әрі дәлірек болатын: 1. Жаңа. 2. Жас жiгiт, бозбала. 3. ауыс. Бойшаң, бойжеткен, сымбатты. ~ жiгiт (қыз).4. балиғатқа толмаған өрімдей жас.

Жаңа сөздікте: 1. Тау баурайында өсетін өсімдіктердің бір түрі (?); 2. Экспр. Боқмұрын (?)

Ал «Нау» сөзінің 2-түсіндірмесі мыйыққа күлкі үйіреді: даукес, жалақор (?) Бұл сөзді бұрынғы сөздікте де оңдырып түсіндірмегенбіз: «Қазақ тілінің сөздігі» (А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білім институты, Алматы, 1999 ж.) — Нау 1. (көне): дау, жанжал. «Нау жүрген жерде дау жүреді» (мақал). Бұл түсіндірме бойынша : «дау жүрген жерде дау жүреді» деген жаңылтпашқа тап боламыз. Ал, дау мен жанжал сөздерінің неге мәндес сөздердей қатар берілгендігі де түсініксіз: дау – жанжал бола бермейді ғой?! Дау – сөз жүзінде болатын қайшылықты әрекет, бір тараптың өз көзқарасын, ұстанымын қорғау үдерісі болса, жанжал – ұрыс-керіс, төбелес, соғыс алдындағы жағдай, конфликт.

Шын мәнінде «нау» ұғымы әлдебір дауды туындататын жағдайды көлденең тартып тұр. Мұны белгілі ғалым, әл-фарабитанушы Ақжан Машанов («Әл-Фараби», «Жазушы» баспасы, Алматы – 1970, 123-бет) «Наудың басы – даудың басы» мақаласында: «Айдың тоғыс жұлдыздарының туғаны мен батқанын «нау» деп атайды. Демек, нау туралы дау туады. Ол дау астрономдар арасында, есепшілер арасында атам замандардан бері қарай бітпей келе жатқан дау. Сондықтан «нау құрымай — дау құрымас» деген», — деп жазып, «науды» толығынан түсіндіріп өткен.

Әрине, мұндай ірі дүниені ескі әдіске салып қара жұмыспен бітіру, тиянақтау аса қиын. Сондықтан осы заманғы жаңашыл әдіс пен техника керек. Мәселен, сөздерді еңбектердің электрондық мәтіндерінен арнайы программамен іздеу арқылы сөзді де, оның түсіндірмесін де оңай табуға болады. Жоғарыдағы кемістіктерге қарағанда, ондай техникалық мүмкіндік қолданылмаған секілді.

Жалпы, аталған еңбекті Тіл білім ғылымының үлкен жетістігі мен тіліміздің байлығын ғылыми тіркелім арқылы паш ету дей отырып, мынадай ұсыныс айтқымыз келеді:

Аталмыш сөздіктің электрондық нұсқасын арнайы порталға жариялай отырып, сол жерде ғалым-оқырмандардың өз түсіндірмесін қосуына мүмкіндік берілуі керек, бірақ ол жұмыстық нұсқа ретінде белгілі бір мерзімге жайғастырылып, одан әрі сол ескертпелер мен ұсыныстар негізінде тағы да сөздікті жаңарту, түзету, толықтыру қажет. Бұл академиялық сөздікке деген сенімді нығайтумен бірге, оны толықтырып, дәйектей түседі, субъективизмнен құтқарады, тіпті, жұмыс мерзімін мейлінше азайтады.

Әрине, «бұл – ғылыми жұмыс, кез келгеннің кірісуіне болмайды» деген уәждің бары рас. Алайда, сөздіктің тыңғылықты да біржақты мазмұнды, нәтижелі болуы үшін бәріне де бару керек. Өйткені, еңбек ғылыми топтық болғанмен, оны тұтынатын халық, тұтас ұлт. Оның үстіне тілдің мемлекеттік мәртебесі барын, оның қолданым аясы кеңейе түскенін ескеруіміз де қажет.

 

Серік Ерғали

Abai.kz

Рубрика: