Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған Түркия елі екенін бүгінде әр қазақтың баласы біледі. Қазақ мұнайына алғаш инвестиция салған да осы Түркия мемлекеті болатын. Екі елдің мұнай-газ саласындағы бірлескен компаниясы – «Қазақтүрікмұнай» ЖШС осыдан тура жиырма жыл бұрын құрылған-ды. Қазақстандағы тұңғыш бірлескен кәсіпорын өткен аптада өзінің жиырма жылдық мерейтойын атап өтті.

 

«Қазақтүрікмұнайды» торқалы тойы­мен құттықтауға Мұнай жә­не газ министрлі­гі, «Казэнерджи» қауымдастығы, «ҚазМұнай­Газ» ұлттық компаниясы сынды мүйізі қара­ғай­дай мекемелердің басшы­лары арнайы келді. Бірінші бірлес­кен кәсіпорынның мерекесінде еліміздің өнер жұлдыздары да ән-жырдан шашу шашты. Салтанат­ты шарада «Қазақтүрікмұнайдың» шежіресінен сыр шерткен бейне­фильм көрсетілді.

Мерейтойға келгендер алдында сөз алған «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры Нұрпейіс Мақашев компания тарихынан тәбәрік бо­лар деректерге тоқталды. «Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері қазақ даласы мен Түркия арасында барыс-келіс пен алыс-беріс тоқтаған емес. 1992 жылдың 1 мамырында Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстан мен Түркия арасында ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылдың 9 қаңтарындағы қау­лысымен бекітілген «Инвестиция­ны өзара қолдау және қорғау туралы» Мемлекетаралық келісімшартқа

қол қойылды. Осы құжаттың негі­зінде 1993 жылдың 4 ақпанында құрылтайшылары Түрік ұлттық мұ­най компаниясы мен Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлі­гінің «Қаззарубежгеология» РМК болып табылатын «Қазақ-түрік бірлескен кәсіпорыны – «Қазақ­түрікмұнай» компаниясын құру туралы келісімшарт тіркелді. Содан бері 20 жыл уақыт өтті. Компания­мыздың 20 жылдық тойы – бірінші кезекте құрылтайшыларымыз «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ пен Түрік ұлттық мұнай компаниясының ме­рейлі мерекесі. Бұл орайда кәсіп­орынға көрсетілген жан-жақты қолдау үшін  құрылтайшыларымыз­­ға зор алғысымызды білдіреміз»

деген Нұрпейіс Мақашұлы халық­аралық ұжымның қол жеткізген табыстары кәсіпорынның ең ал­ғашқы басшылары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Илькер Түксал мырзаның есімдерімен де тікелей байланысты екенін атап өтті. Айта кетерлігі, Илькер Түксал мырза компания тойына сонау Түркия елінің ыстық ықыласын арқалай келіпті.

Компания құрылған кезден бас­тап 3 млн 780 мың тоннадан ас­там мұнай өндірді. Ал 2012 жылы мұ­най өндіру 230 мың тоннаны құрады. Үстіміздегі жылы мұнай өндіруді

233 мың тоннаға жеткізуді межелеп отырған компания мемлекет қа­зынасына 35 млн АҚШ доллары көлемінде салық төлегенін де тілге тиек еткен жөн. «Қазақтүрікмұ­най» ЖШС ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасын орындауды Қазақ­станда бірінші болып аяқтаға­нын осы саланың өкілдері өте жақсы біледі.  Ал әлеуметтік  жауапкер­ші­лік тұрғысындағы қайырымдылық істері жөнінде көп айтуға болады. Соның дәлелі, 2011 жылы компания «Парыз» сыйлығына ие болды. Компания мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы серіктестіктің жемісті жұмысын жоғары бағалап, ұжымға құттықтау хатын жолдады.

Компания басшысы өз сөзінде жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың қордаланған мәселелерін шешуге атсалысып отырған Мұнай және газ министрлігі, «Казэнерджи» қауымдастығы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына алғысын білдірді. Ал Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаев сала министрінің «Казақтүрікмұнай» компаниясына жолдаған құттықтауын жеткізді. Осы кеште «Қазақтүрікмұнай»

ЖШС еліміздің мұнай және газ саласы­ның дамуына қосқан зор

үлесі үшін Мұнай және газ ми­нистрлігінің  Құрмет  грамотасы­мен марапатталды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Казэнерджи» қауым­дасты­ғы өкілдері де «Қазақтүрік­мұнай» қызметкерлеріне алғыс­хаттарын табыс етті.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның Түркия тарапынан құрылтайшы­сы «Туркие Петроллери Аноним Ор­таклыгы» АҚ бас директорының орынбасары Ахмет Аданыр ком­панияны кадрлар ұстаханасына ба­лады. «1993 жылы 5-10 кісімен бас­талған жұмыс қазір 400 кісімен жал­ғасуда. «Қазақтүрікмұнай»

ЖШС тек мұнай өнеркәсібі ғана емес, оқу орнының да міндетін атқаруда. Қазіргі таңда «Қазақ­түрікмұнайдан» қанат қаққан мамандар Қазақстан мен Түркияда табысты қызмет етуде» деген ол осы табысқа екі мемлекет халық­та­­ры арасындағы тығыз достықтың ар­қасында қол жеткенін атап өтті.

«Бауырластық пен достық  тура­лы айтқанда атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлының «Алыста­ғы бауырыма» атты өлеңі еске түседі. Мағжан ақын 1918 жылдары Түр­кияны дұшпандар жаулап жатқан­да түрік бауырларының бостандық үшін күресін және қиыншылығын бөлісе алмағаны үшін атажұртта қайғы жұтқан қазақ бауырлары­ның сезімдерін «Алыстағы бауыры­ма» деген өлеңімен білдіріпті.

Алыста ауыр азап шеккен бауы­рым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.

Қамаған қалың жаудың орта­сында,

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым, – деп жырлады Мағжан ақын.

Дәл сол секілді түрік ақыны Абдурахим Каракоч та 1980  жылда­ры әлі тәуелсіздік алмаған түркі бауырлары үшін «Мейрам болсын мейрамдарыңыз» атты өлеңінде сезімдерін былай жеткізіпті:

Зындан – медресе, қайғы – жайлау болсын Сіздерге!

Мың жыл мен бір айдың айыр­масы жоқ қой Сіздерге!

Періштелер де көктен қызыға қарап Сіздерге

Мейрам болсын мейрамдары­ңыз!

…Қазақ, Ұйғыр, Қырғыз, Әзір­байжан,

Бауырластық көзден таса қал­масын.

Залымдар өз зұлымдықтарын қайтарып,

Мейрам болсын мейрам­дарыңыз!» деген ақындарымыздың армандары бүгін орындалды» деді Ахмет Аданыр ағынан жарылып.

Иә, ақындар аңсаған, бабалар қалаған байланыс ұзағынан болғай.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,

Астана

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: