АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ мультфильмі әлемдік деңгейге неге көтеріле алмай жүр?

mult1Мультипликациялық кино дегеніміз (латын тілінде multіplіcatіo – көбею; ағылшын тілінде – жандандыру) – cуреттердің, қуыршақтардың қозғалыс кезең-кездерінің фазаларын жеке кадрларға түсіріп, ретімен көрсетуден туатын кино өнерінің бір түрі. Көптеген елдерде бала тәрбиесіне, соның ішінде балаларды мультипликациялық кино арқылы тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Мәселен, Жапонияда балаларға салт-дәстүрін, өзара қарым-қатынас этикасын, адамның ортада өзін ұстау мәдениетін мультфильм арқылы үйретсе, АҚШ бұл әдіспен математика, география, физика пәндерінің негіздерін оқытуды мақсат ететіні байқалады. Ал Қытай болса анимация өнері бойынша әлемде көш бастап тұр. Олар ұлттық мүддені ғана көздейтін мультфильмдерді шығару арқылы бала санасына Отанға деген сүйіспеншілігін оятуға тырысады. Оған қоса, Қытайда шетел мультфильмдерін көруге тыйым салынған. Неге? Себебі әр ел өздерінің фильмдері арқылы өздерінің саясатын, салт-санасын, идеологиясын жас көрермендер назарына сіңіретінін назарға алу қажет. Осы орайда біздің елде ұлттық дәстүрді насихаттайтын, ұлттық тәрбиеге негізделген, әлемдік бәсекеге қабілетті анимациялық фильмдер жасала қоймағаны жұртшылық арасында қынжылыспен айтылып жүр. Соған орай осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғауды жөн көрдік.

Қазақ мультипликация өнері­нің тұсаукесер мультфильмі ертегі негізін­де түсірілген, 1967 жылы жарыққа шыққан Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі. Бұл фильм шыға салысымен бүкіл әлем қазақ халқының қарлығашты қалай дәріптейтінін біліп, таңдай қақты. Фильм 1968 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық фестивальде екінші жүлдеге ие болып, әлем елдерінің экрандарында көрсетілді. Қайдаров түсірген «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы» атты фильмдер қазақ мультипликациясының жетістіктері болды. 1970 жылы қазақ мультипликация­сы Орта Азиядағы жетекші орынға шықты. Осы кезеңде қазақ мультипликаторлары түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. Режиссер-суретшілер Ж.Даненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері – қазақ мультипликациясы тарихында жоғары бағаланған шығармалар.
Алайда бір дәуірден екінші дәуірге көшкенде ұлттық анимациямыз тоқырауға ұшырады. Осы орайда, 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылары мен студенттері профессор Қайдаровтың жетекшілігімен «Құйыршық» (режиссер Қ.Қасымов) атты сериалдың бірінші графикалық мультфильмін компьютерлік технологияларды қолдана отырып шығарды. Бұл да өз алдына бір жетістік. Десек те, ұлттық анимациямыздың әлі күнге дейін әлемдік бәсекеге түсе алмауы, ұлттық анимацияны идеологиялық құрал ретінде пайдалана алмауымыз өкінішті.
АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай сынды мемлекеттер анимация­лық фильмдерге мемлекеттік тұрғыда үлкен мән берсе, Ресейде балаларға арналған анимациялық фильмдерді, бейне көрсетілімдерді идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, оған қыруар қаржы бөлуде. Нақты айтсақ, 2012 жылы бір ғана анимациясына 300 млн. АҚШ доллары бөлінген екен. Ресей аниматорлары ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру мақсатында алдарына жан салмай тер төгуде. Олар көбінесе Крыловтың мысалдарын немесе тарихта болған батырларын кейіпкер ретінде алып, тамаша толықметражды анимациялар жасап шығарды. «Три богатыря», «Илья ­Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич» сияқты батырларын дәріптеу арқылы өздерінің «орыс деген ұлы халық» екенін, олардың мемлекеттері айбынды екендіктерін ұрпағының саналарына құйып отырады. Демек, бұдан шығатын қорытынды, анимациялық мультфильмдер ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді, тарихымызды насихаттап, жас баланың санасына сіңіретін бірден-бір құрал.
Ал біздің телерадио арналарымызды алыңыз, шетелдік анимациядан көз ашпайсыз. Тіпті интернет ойындар мен газет-журналдарды былай қойып, балалардың ойыншықтары мен киімдерін түгелдей шетелдік кино мен анимация кейіпкері жаулап алғанын байқаймыз. Олардың анимация кейіпкерлері жақсы жарнама арқасында өз елінде ғана емес, бүкіл әлемге тарап, үлкен сұранысқа ие болды. Заман тілімен айтқанда, олардың әрқайсысы – бренд. Ал мультфильмдерінің мазмұндық жағына тоқталсақ, біздің менталитетімізге жат қылықтарға толы оқиғалардан тұрады. Өсіп келе жатқан ұрпағымыз бұдан ізгілікті тәрбие алмайтыны айдай анық. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, мектептегі атыс-шабыс, өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жайттардың бәрі осы өнімдерді насихаттап келе жатқан «телеидеологиялық тәрбиенің» жемісі десек, жаңсақ айтқандық болмас. Шетелдік мультфильмдердің мазмұнына келсек, ойға қонымсыз, бала тұрмақ үлкен кісіні дұрыс ойдан адастыратынын байқаймыз. Соған қарамастан, олар әлемдік брендке айналған. Қазіргі жас ұрпақ «Тасбақа-ниндзялар», «Трансформер», «Мегамозг», «Халк», «Аватар» сияқты құбыжықтарды құрметтеп, солардың тәлім-тәрбиесімен өсіп келе жатқандығы баршамызды алаңда­тарлық жайт болуы керек. Бұл жағдайға кім кінәлі? Бұған ойлана қарасақ, шет елдің мультфильмдерінде терең мазмұн болмайды. Ерекшелігі де осында, яғни ең бастысы, оқиға (сюжет) аса күрделі емес. Оған қоса жарнамасының өзі бала тұрмақ үлкен кісіні қызықтырары анық. Біздің батырларымызды, тарихымызды, салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді, елдігімізді жас өркенге көгілдір экрандағы мультфильм арқылы да ұқтыра алатынымызды түсінетін уақыт келді.
Қазақ мультипликациясының атасы Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сынды туындыла­рының деңгейіне әлі де жете алмай жатырмыз. Мультфильмдер жоқ емес. Бар. Бірақ өте аз. Әмен Қайдаров бір сұхбатында жылына бар-жоғы жарты сағаттық мультфильм шығарылатынын айтты. Бұл сұранысты қанағаттандырмайтыны белгілі. «Мен Алдармын, Алдармын, сақалымды талдармын» деп әндетіп, бірақ өзінде сақал түгіл, мұрт та жоқ қазақ ауыз әдебиетінің кеңінен танымал кейіпкерін білмейтін адам жоқ. Қай телеарнаны ашпасаңыз да алдыңыздан Алдардың киносы, не Алдардың мультфильмі шығады. Бұл қуантарлық жайт. Десек те, қазіргі Алдардың бейнесі Шәкен Айманов сомдаған парасатты, қу да болса, елдің қамын ойлаған, жарлының байда кеткен ақысын алып беру үшін түрлі айлаға баратын Алдардан мүлдем өзгеше. Бүгінгі Алдарда сол парасаттылықтан еш нәрсе қалмағандай. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманның нағыз алаяғы сияқты көрінеді. Сәби санасына да бұның кері әсері бары анық. Бұл жерден психологтар мен педагогтар пікірі ескертілмейтінін байқаймыз.
Мультфильм жасау инемен құдық қазғандай ерен еңбекті талап ететінін түсіну қажет. Дегенмен, еліміздегі мультипликациялық кино жасаудың шебері саналатын студиялар да бар. Солардың бірі «САҚ» (бұрынғы «Жебе») киностудиясы. «Қазақфильмнің» мамандарының айтқанына қарағанда төрт мультфильмге тапсырыс берген екен. Олар Ә.Тәжібаевтың поэмасының желісі бойынша жасалған «Толағай» мультфильмі және «Қошқар мен Теке», «Момын мен қарақшылар», «Маймақ қаз». Жалпы, киностудия қорында жиырмаға жуық мультфильм бар. Бес минуттық, он минуттық мультфильм болсын әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен тәрбиелік мәні зор. Айтар болсақ, көпсериалды «Қазақия» мультфильмінің бір сериясында қазақтың «Көп түкірсе көл» деген мақалының мағынасы түсіндіріледі. «Қазақия» Қазақстандағы тұңғыш мультсериал. 6-7 минуттан тұратын қазақтың мақал-мәтелін, дәстүрін үйрететін осындай сериалдардың бар болғаны қуантарлық жайт. Жақында қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш ұлттық толықметражды «Ер Төстік және Айдаһар» атты анимациялық фильмі 3D форматында жарыққа шықты. Еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілген бұл фильм көрермен көңілін баурай білді. Бұған бек қуанамыз. Десек те, шығарылып жатқан ұлттық анимациялық фильмдеріміз әлі де аз. Бар болса да, бұларды телерадио арналарымыздан көріп есіте алмағандары өкінішті. Телеарналар бағасы арзан келген шетелдің ескі мультфильмдерін сатып алуға құмар. Экономикалық жағынан бұл тиімді де шығар, ал таңертеңнен кешке дейінгі бос уақытын көгілдір экран алдында өткізетін бала жүйкесі мен мінез-құлқына кері әсері болатынын көпшілік түсіне де, біле де бермейді. Тіпті кей тұста түсінсе де мән бермейтінін байқаймыз. Тиісті орындар анимациялық мультфильмдер шығаруды кино шығарумен тең дәрежеде бағалай білмеуінен болса керек. Асқан төзімділікті қажет ететін анимациялық мультфильм жасауды еріккеннің ермегі санайтындар да бар.
Балаларға арналған «Балапан» телеарнасы ашылды. Бұған қуанамыз. Тек тағы бір өкініштісі, мұнда қазақшаға аударылған шетелдік өнер туындылары көп. Сонда, біз шетелдік тәлім-тәрбиені балаларымызға қазақшалап оңай жеткізіп жатқанымызды түсінбейміз бе?! Әлде түсінсек те бәрі қаржыға тіреле ме?! Осы орайда ұлттық анимациямызды алға өркендететін маман даярлау мәселесі жөнінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кино, Телевидение және Өнертану факультеті анимациялық режиссура кафедрасының меңгерушісі Нұрбақыт Қожахметұлымен сұхбаттасқан едік. Жалпы анимациялық режиссура кафедрасына 6 грант бөлінеді екен. Одан бөлек ақылы студенттерді қосқанда, жыл сайын 10 маман дайындалады. Нұрбақыт Қожахметұлының айтуынша, бұл қыр-сыры мол мамандық сурет салу қабілетінің жақсы болуымен қатар, компьютерлік бағдарламаларды тез меңгеруді талап етеді. Міне, осы орайда режиссер мамандығы бойынша жыл сайын тәжірибе алмасуға 2-3 үздік студент Португалияға жарты жылға оқуға жіберіледі. Сондай-ақ оқытушылар да осы мақсатпен Англияда оқып келіп, өз тәжірибелерімен бөліседі екен. Бұл да бір қуантарлық жайт. Тағы бір айта кетерлігі, бітірген түлектер көп жағдайда жекеменшік студияларға жұмысқа орналасып жатады. Компьютерлік бағдарламаларды жетік меңгергендері ақпараттық технологиялар төңірегінде де қызмет істеуде. Осы тұста кафедра меңгерушісінен «Біздің анимациялық мультфильмдер неге әлі күнге дейін әлемдік деңгейден көріне алмай жүр?» «Бұған себеп қаржы тапшылығы ма, әлде бізде кадр жоқ па?» деп сұраған едік, Нұрбақыт Қожахметұлы бұған әуелі, қаражат тапшылығы кедергі болатынын айтты. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау кемшің. Жылына ұзақтығы 1 сағатқа жетер-жетпес мультфильм шығарылатынын, бұл көрермен сұранысын қанағат­тандырмайтынын айтты. Сондай-ақ қазір заман талабына сай компьютерлік анимация жасайтын бағдарламалар жыл сайын өзгеріп отырады. Осыған орай көп режиссерлерге олардың бәрін меңгеріп, білімін жетілдіріп отыратындай мүмкіндік жоқ. Қарап отырсақ, мамандар компьютерді тез меңгеріп алған соң басқа салаға кетеді екен. Ал егер осы салада жүрсе, жекеменшік студиялар мен телеарналарда жүреді. Сонда біздің ұлттық анимациямызды кім өркендетпек?! Португалия, Англия емес, неге анимациялық фильмдерден көш бастап тұрған Қытай, Жапония мемлекетерінде тәжірибе алмаспасқа?! «Оңтүстік-фильм» кино­студиясының сценарист-аниматоры Батырхан Қалдарбекұлының баспасөзде берген бір сұхбатында, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса, жылына балаларға арналған 2-3 кино түсіретінін, оған материалдық-техникалық базасының лайықты екенін айтқан болатын. Сонда бүкіл мәселе тағы да қаржыға тіреледі деуге болады.
Ұлттық ани­мациялық мультфильмдер сапалы да мазмұнды дайындалуы үшін, біріншіден, оған бөлінген қаржы кино туындысына бөлінетін қаржыдан кем болмау керек. Екіншіден, ұлттық мультфильмдердің идеологиялық құрал екенін, өсіп келе жатқан ұрпақ санасы үшін олардың әсері мол екенін ескеріп, шетелдік өнімдерден бой тартып, өзіміздің ұлттық туындыларымызға жол ашу қажет. Осы тұста, ұлттық психология мен ұлттық педагогикаға негізделген құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді, тарихи тұлғаларымыз бен батырларымызды дәріптейтін мультфильмдерді көбейту керек. Үшіншіден, мемлекеттік тапсырыс бойынша анимациялық өнер туындыларын шығаруға киностудиялар арасында конкурс жарияланса, бұл өзара бәсекелестікті арттырары анық. Төртіншіден, көркем фильмдер мен анимациялық фильмдерге қатысты заң жүйесінің жоқтығы өз алдына бөлек әңгіме. Байқасақ, сырттан келген өнімнің балаларға қандай тәлім-тәрбие беретінін ойланбаймыз. Міне, бұл мәселе жіті қадағаланып, заң жүзінде негізделу қажет. Бесіншіден, жеке студиялардың да мемлекеттік студиялардың да шығарып жатқан өнімдерін бір орталыққа шоғырландырып, көрерменге жеткізу мәселесін ойластыру қажет. Алтыншыдан, ұлттық анимациялық көрсетілімдерімізді жарнамалау мәселесін ұйымдастырған жөн. Мультфильм кейіпкерін ұлттық брендке айналдыруға тырысу керек. Ұлттық үлгідегі қуыр­шақтар, ойыншықтарды жарнамалау қажет. Қазақ анимациясы ақша табудың көзі болмауы тиіс. Ең бас­тысы ол ұлттық тәрбие құралы екенін тиісті орындар ескере білген жөн демекпіз.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

http://anatili.kz/?p=15520