Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Облыс әкіміне үш сауал

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында атап көрсетілгендей, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Осы талапты орындауда Сіз басшылық жасайтын облыс көлеміндaе қандай шаралар қолға алынды?
Елбасының биылғы Жолдауындағы қазақ тілін жоғарыда атап өтілген мерзім ішінде білуге байланысты қазақстандықтар алдына қойып отырған жауапты міндетті жүзеге асырудың басты тетігі саналатын «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыруда нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде не кедергі болып отыр деп ойлайсыз?

1. Мемлекеттік тіл Қазақстан халқын біріктірудің басты факторы болып табылады. Қостанай облысының мемлекеттік органдарының қызметі ұлтаралық қарым-қатынас пен қоғамдағы келісімнің тұрақтылығын қамтамасыз ететін салиқалы тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған.
Қазақ мектептері көбейіп келедіЕлбасымыз өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95%-ы қазақ тілін игеруге тиіс деген мақсат қойды. Қазіргі таңда Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Қостанай облысында қазақ тілін дамыту бойынша толыққанды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі аталған Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жоспарын бекітті. Осындай жоспарлар облыс қалалары мен аудандарында да қабылданды. Сонымен қатар облыс әкімдігі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырып отыр. Барлық азаматтардың мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайды жасау туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 95-бабында көзделген талаптарды орындау мақсатында облыста тілдерді оқыту инфрақұрылымын жасау жұмыстары жүргізілді. Қазір облыс аудандары мен қалаларында 17 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Олардың базасында мемлекеттік қызметшілермен қатар бюджеттік ұйымдар, ірі кәсіпорындар (АҚ, ЖШС) мен шағын және орта бизнес қызметкерлері де мемлекеттік тілді игеруде.
Жыл сайын тілдерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінетін қаражат көлемі ұлғаюда. Егер Қостанай облысында 2001 жылы бұл салаға 271,0 мың теңге бөлінсе, 2012 жылы аталған бағдарламаға 151,2 млн. теңге бөлінді. Тілдерді оқытуды қаржыландыру көлемінің ұлғаюы тілдерді игерушілер санының көбеюіне және тілдерді оқыту орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға себепкер болады. Оқытудың қазіргі заманғы құралдарын (интерактивті тақталар, компьютерлер және т.б.) қолдану мемлекеттік және өзге тілдерге оқыту сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Ересектерді қазақ тіліне оқытумен қатар мемлекеттік тілде білім беріп, тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекемелер мен мектептер санын көбейту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Тек соңғы 6 жылда облыста қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жабдықталған және білікті мамандар жұмыс істейтін 14 қазақ мектебі бой көтерді. Сонымен қатар мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдіруші өзге ұлттар балаларының саны артуда. Облыстың балабақшалары мен мектептерінде 2000-нан астам өзге ұлт балалары қазақ тілінде білім алып, тәрбиеленуде. Ана тілінде білім алып жатқан қазақ балаларының да саны артуда. 2012-2013 оқу жылдарында бұл көрсеткіш 59% құрады. Сондықтан өскелең ұрпақ мемлекеттік тілді біледі деп біз сеніммен айта аламыз.
2. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы қамтамасыз етіледі. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру бойынша 2011-2013 жылдарға (І кезең) іс-шаралар жоспарлары әзірленіп бекітілген. Бұл жос­парды іске асыру үшін облыстық және аудандар мен қалалар бюджеттерінде тиісті бюджеттік бағдарламалар көзделген. Тіл саясатын жүзеге асыру мәселелерін тілдерді дамыту басқармасы үйлестіреді және олар жүйелі түрде әкімдік отырыстарында, облыс әкімі мен оның орынбасарлары жанында өткізілетін аппараттық мәжілістерде қарастырылады.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес тіл сая­сатын насихаттайтын және түсіндіретін әртүрлі форматты шаралар өткізіледі. Осы жұмыстар азаматтық қоғам институтының қатысуымен жүзеге асырылады.
Елбасының Қазақстан халқына қазіргі Жолдауында қойылған тапсырмаларды ескере отырып, облысымызда тілдерді оқыту орталықтарының қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жүр­гізілуде. Біліктілігін арттыру курстарын жүргізудің негізгі мақсаты мұғалімдер мен әдіскерлерге прак­тикалық және оқыту-әдістемелік көмек көрсету. Осы курстарда филолог ғалымдар, психологтар лекция­лар оқиды және семинарлар жүргізеді. Біліктілігі мен кәсіби шеберлігін анықтау, сонымен қоса тәжірибе алмасу мақсатында тілдерді оқыту орталықтары мұғалімдерінің арасында «Қазақ тілінің ең үздік мұғалімі» байқауы өткізіліп тұрады. Осы орайда жоғарыда аталған республикалық байқауда 2010 жылы Қостанай облысының өкілі, Рудный қаласы тілдерді оқыту орталығының мұғалімі Гүлнәр Талапова Бас жүлдені жеңіп алды. 2012 жылы осы тілдерді оқыту орталығының мұғалімі Назгүл Мұнбаева республикалық конкурста екінші орынды иеленді. Осы тілдерді оқыту орталығы «Нұр Отан» ХДП-сы өткізген «Тілге құрмет – елге құрмет» республикалық конкурсындағы «Мемлекеттік тілді насихаттаудағы ең үздік ұйым» номинациясында бірінші орынға ие болды.
2012 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің облыстық тілдерді оқыту орталығымен бірлесіп, Қостанай қаласында мемлекеттік тілді игеру деңгейін анықтау мақсатында «Казтест» жүйесі бойынша алдын ала тестілеу өткізді. Осы тестілеуге курстардағы барлық 372 тыңдаушы қатысты. Олардың арасынан 328 адам (88%) ойдағыдай бастапқы деңгейден өтті. Қазіргі таңда «Казтест» жүйесін аудандардағы тілдерді оқыту орталықтарына енгізу бойын­ша жұмыстар жүргізілуде.
Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Тілдердің үштұ­ғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруды жариялаған болатын. Осы жобаны жүзеге асыру біздің еліміздің азаматтарының үш тілді білулерін көздейді. Ол әрбір азаматтың бәсекелестікке жеке қабілеттілігін арттырады. Қазіргі кезде ағылшын тілін үйрену үшін тиісті шараларды жүргізіп жатырмыз.
Тілдерді оқыту орталықтарында ағылшын тілін үйрену курстары ашылуда. Облыста балабақшалар мен мектептерде оқытуды ұйымдастыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Балаларға арнайы мектепке дейін үш тілді оқытатын мекемелер ашылуда. Қостанай қаласында 2010 жылы «Ақ бота» балабақшасы ашылып жұмыс істеуде. Біз жастар арасында үш тілді игеру бойынша «Тілдарын» байқауын өткізіп келеміз. Сонымен қатар тілдерді оқыту орталықтары ағылшын тілінің жас мұғалімдерінің кәсіби деңгейін және іскерлік қабілеттіліктерін анықтау үшін «Тіл шебері» байқауын өткіздік. Өткен жылы 14-15-тамызда Павлодар қаласында өткізілген «Тіл шебері» республикалық байқауында Қостанай облысының өкілі ­Ермек Мусин «Көрермен көзайымы» номинациясында жеңімпаз болып танылды.
Тілдерді оқыту орталықтары мұғалімдерінің кәсіби деңгейін анықтау бойынша өткізілген шаралар жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді, оның нәтижесі республикалық конкурстардағы жоғары көрсеткіштер болып отыр.
Қазақ тілін насихаттау мақсатында облыс­тық телеарна арқылы «Тілашар» және «Тіл және қоғам» тележобалары жүргі­зілуде. Тележобалар шеңберінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы, «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы, тілдерді дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмалары жұртшылыққа кеңінен түсіндірілуде.
Баспа өнімдерін, телевизиялық көрсетілімдерді талдау тұрғындардың мемлекеттің тіл саясатына оң бағасын беріп отырғанын көрсетеді.
Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп, мемлекеттік тілді қолдау бойынша «Тілге құрмет – елге құрмет» шарасын өткізеді. Жыл бойы, тоқсан сайын облыс орталығындағы ірі сауда орындарында рейдтер жүргізіледі. Шараны өткізудің мақсаты – республикадағы тіл заңнамасы талаптарының көрнекі ақпарат құралдарында сәйкестігіне мониторинг жүргізу болып табылады.
Акция барысында еріктілер (волонтерлер) көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателіктерді жою бойынша ұсыныс хаттар беріп, бұл жөнінде түсінік жұмысы жүргізілді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның басқа да институттарын мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға тартуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бойынша шаралар жұмыстарына 20 мыңдай адам тартылды.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ең тиімді нәтижелерге қол жеткізу мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз байланыста атқарған қарым-қатынасының нәтижесінде ғана мүмкін болмақ. Тіл саясатын жүзеге асыруда біз жастарға көбірек көңіл бөлеміз. Осыған орай жыл сайын «Мемлекеттік тіл – менің тілім» облыстық жастар форумын өткіземіз. Осы жылғы форум жұмысына 300-ден астам жастар өкілі қатысты.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі облыстың барлық қалалары мен аудандарында кеңінен аталып өтеді. Кітапханаларда тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. Мәде­ниет үйлерінде концерттік бағдар­ламалар, этностардың әрбір тілдерінде ән орындау фестивальдері өткізіледі.
Өткен жылы Қостанай қаласында «Тіл – достықтың тірегі» фестивалі өтті. Облыстағы балабақшалар мен мектептерде ертеңгілік, сынып сағаттары және басқа да сыныптан тыс шаралар өткізілді. Облыстың колледждері мен жоғары оқу орындарында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Мемлекеттік тіл сая­сатын жүзеге асыру бойынша жұмыс қорытындысы Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне арналған облыстық фестивальде шығарылды. Осы фес­тивальде мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейтуде зор үлес қосқан мемлекеттік тіл саясатын насихаттаушыларға алғыс­хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Облыс әкімдігі Ресей Федера­циясының шекаралас облыстарында тұратын отандас­тарымызды қолдау жұмыстарын жүргізіп отыр.
Қазақ диаспорасының өкілде­ріне ана тілін дамыту мен сақтауға көмек көрсету мақсатында жыл сайын әртүрлі іс-шаралар жүргі­зіледі. Челябі облысында қазақ диас­порасының жексенбілік мек­тептерінде жұмыс істейтін мұғалімдерге арнап үш жылдан бері «Қазақ тілінің оқытушысы» атты байқау өткізу дәстүрге айналды. Тарихи Отанға құрметпен қарауды тәрбиелеу мақсатында қазақ ұлтының балалары арасында Қазақстан туралы шығарма жазу сайысы өткізіледі. Челябі облысы қазақ диаспорасының өкілдері үшін облыстық филармония ұжымы қазақ тілінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырады. Үш жыл бойы жоғарыда аталған іс-шаралар Челябі облысының Челябі, Магнитогорск қалаларында, Нағайбақ ауданында өткізілді. 2013 жылы осындай іс-шараларды Троицк ауданында өткізу жоспарлануда. Облыс әкімдігі Челябідегі «Азамат» қазақ орталығына қазақ тілін оқытуға арналған электронды оқулықтарды, қазақ тілінің оқу құралдарын, қазақ-орыс, орыс-қазақ сөздіктерін, қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді сыйға тартты. Ресей Федерациясының Челябі облысының 5 ауданымен өзара қарым-қатынас нәтижесінде қазақ ұлтының балаларына қосымша ана тілі оқытылады. Өткізілген іс-шаралар Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Біздің аймақ өңірлерінің, әкімшілік-аумақтық нысандарынан, жергілікті тарихи және географиялық атауларының өзгеру фактілерін тіркеу және анықтау мақсатында Қостанай облысының Топонимикалық картасын құрастыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Біздің өлкеміз туралы жинақталған ономастикалық материалдар ғылыми-фактологиялық база негізінде аймақта ономастикалық жұмысты жүйелендіруге және үйлестіруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар Қостанай облысының топонимикалық картасын құру үшін материалдарды аудандардың селолық округтары тұрғысынан хронологиялық кезеңдер мен салаларға бөлуге жағдай туғызды. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің басшысы К.Мәсімовтің «облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктеріне өңірлерде тарихи физика-географиялық атауларды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы» тапсырмасына сәйкес аталған жұмыс 2013 жылы да жалғасын табады.
Ай сайын облыстық БАҚ-та мемлекеттік тілдің қолданылуы бойынша мониторинг жүргізіліп тұрады. Облыстық «Қазақстан-Қостанай» ТРК-да қазақтілді көрермендердің үлесі 70% құрайды. Облыстың аудандары мен қалаларының баспаларында қазақтілді оқырмандар үлесі 50%. Облыстық «Қостанай таңы», Жангелдин және Амангелді аудандарының аудандық газеттері қазақ тілінде басылып шығады. Мемлекеттік тіл саясатына түсінік беру мақсатында әкімдіктің мемлекеттік органдарының қызметкерлері үнемі облыстық телеарналарда сөйлеп, облыстық, аймақтық басылым беттерінде мақалалар жариялап тұрады. Былтырғы жылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға берілген мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс аясында 4,8 млн. теңге бөлінді. Мемлекеттік тіл саясатын жарялауға бұқаралық ақпарат құралдарын тарту мақсатында облыста «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы өткізілді. Облыстық байқаудың жеңімпазы, «Қостанай таңы» облыстық газеті редакциясының жас журналисі Ұлту Жүзбай дәл осындай республикалық байқауға қатысып, «Басылымның үздік материалы» номинациясы бойынша үшінші орынды иеленді.
3. Қоғамда қазақ тілін оқып, үйрену маңыздылығы қаншалықты зор екендігінің түсінігі әбден қалып­тасты. Себебі ол әр азаматтың бәсекеге қабілеттілігі факторының бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда тиісті нормативті-құқықтық база бар. Бірақ онда «Тіл туралы» Заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту шаралары нақты көзделмеген.
Осы орайда жергілікті атқарушы органдардың құзыреттерін кеңейтуге байланысты «Тіл туралы» Заңға толықтырулар енгізіп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жауапкершілікті күшейту керек деп есептеймін. Сонымен қатар «Тіл туралы» Заңның жеке адамдар арасындағы қатынастары мен діни бірлестіктерде тілдердің қолданылуын реттемейтінін түсінуіміз керек. Қостанай облысында орыстілді халықтың басымдығы тарихи қалыптасқан жайт. Сондықтан біздің тілімізді барлық қазақстандықтарды біріктіруші тіл дәрежесіне толыққанды жеткізу үшін қазақ тілін дамыту және енгізу саясатын жүргізуді аса ұқыптылықпен жүзеге асыру қажет.

Бөлісу…

Рубрика: