Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

iuoБасқосу барысында қазақ күресінің ережесі екшеліп, күрес кезінде рұқсат етілген және рұқсат етілмеген әдіс-тәсілдер тал­қы­ланды. 

580311fdd0ff6142372023161019c5fd.JPG

Бұдан бұрын қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылатынын, онда ұлттық спортымыздың даму тарихы мен қалыптасу кезеңі ой елегінен өткізілетінін хабарлаған болатынбыз. Кеше алқалы жиынға қатысып, мәселенің мән-жайын біліп қайттық.

Басқосу барысында қазақ күресінің ережесі екшеліп, күрес кезінде рұқсат етілген және рұқсат етілмеген әдіс-тәсілдер тал­қы­ланды. Болашақта ұйымдас­ты­рылатын жарыстардың жос­парлары пысықталып, «Қазақтан Барысын» анықтау барысында дау-дамай тумас үшін төре­шілердің кәсіби біліктілігін арттыру туралы талап қойылды. Балуандардың шеберлігін шыңдау және бүгінгі барыстардың ізба­сарларын іздеп табу мәселесі де осы отырыста сөз болды.
Конференцияда баяндама жасаған 22 адам қазақ күресі ғылыми тұрғыдан талдануы тиістігін алға тартты. Сонымен қатар олар қазақ күресін на­сихаттауда БАҚ өкілдері ерекше рөлге ие екенін атап көрсетті. Мамандар қазақ күресінің өзіне тән киімі болуы керектігіне де назар аудартты.

ЮНЕСКО-ның тізіміне енеді

Жиынның ашылуында сөй­леген сөзінде Спорт және дене- шынықтыру агенттігі төраға­сының орынбасары Тастабек Есентаев «Қазақстан Барысы» жобасы шын мәнінде жалпы­ұлт­тық жобаға айналып үлгергенін айтты. «Қазақ күресінен әр құрлықта 3 – Әлем, 9 – Азия, 1 – Еуропа чемпионатының, 2 – Әлем кубо­гының ұйымдастырылуы оның танымалдығы мен беделін көр­сетеді. Биыл ұлттық күрестен республика бойынша өткен жа­рыстарға 150 мыңнан астам ба­луан қатысты. Ең таңдаулы спорт­шылар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі тігілген «Қазақстан Барысы» жобасында бақ сынады. «Жас барыс» турнирі де қарқын алып келеді. 7 жел­тоқсанда Тараз қаласында тұңғыш рет «Еуразия барысы» турнирі жалауын желбіретеді. Осының барлығы қазақ күресін Азия және Олимпиада ойындарының бағ­дарламасына енгізу мақсатында атқарылып жатыр. Бұл – біздің басты мақсатымыз» деді ол.
Бұдан кейін лауазым иесі алдағы жоспарымен бөлісіп, қазақ күресі қазақ халқының болмысын нақтылайтын ма­териалдық емес мәдени құн­дылық ретінде ЮНЕСКО-ның халықа­ралық бағдарла­ма­ла­рының ті­зіміне енетінін жет­кізді.

Әйелдер де күреседі
Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының президенті Серік Төкеевтің сөзінен осыны ұқтық. Баяндамашының ай­туын­ша, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы болашақта рес­публикалық «Қазақ күресі» фе­дерациясымен бірге төл өне­рімізді Дүниежүзілік кешенді мұсыл­мандар ойындары мен Азия ойындарына және кешенді Спорт акорд ойындарына кір­гізуді көз­деп отыр. Мақсатқа жету үшін 2014 жылдан бастап әйелдер арасында қазақ күресін рес­публикалық һәм халықаралық ресми жарыстарға қосу керек.
«Бұл –қазақ күресімен әйел­дердің де айналысуына жағдай жасалады деген сөз. Олим­пиа­далық хартия бойынша әлемнің 4 құрлығындағы 64 елде «Қазақ күресі» федерациясы болуы шарт. Төрт құрлық бойынша 80 мем­лекетте «Қазақ күресі» феде­рацияларын құрып, 2016 жылы ұлттық спортымызды Олимпиада ойындарына кіргізуге тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз» деді федерация президенті.

Арман ант берді
Конференция кезінде «Қазақ күресі» федерациясының жаңа президенті таныстырылды. Бұл лауазымға «Қазақстан Барысы» жобасын дүниеге әкелген ұлт­жанды азамат, «Қазақстан ба­рысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев лайық болыпты.
«Қазақ күресі федера­ция­сының президенті болып 5 жылға сайландым. Осы уақыт ара­лығында сіздермен бірге қызу жұмыс істеуге ант беремін!» деді ол өзінің жаңа лауазымына қатысты пікір білдірген кезінде.
Осыдан соң А.Шораев ұлттық жобадан ұлттық идеяға ұлттық спорт арқылы жетуге болатынын баяндап былай деді: «Қазақ күресінің басқа күрестердің кө­леңкесінде қалып қойғанын осыдан 4 жыл бұрын Моңғолияға барғанда білдім. Олардың ұлттық кү­рестеріне құрметпен қара­ған­дарына, жеңімпаздарын төбе­леріне көтергендеріне қатты қы­зықтым. Сонда маған «неге біз өзіміздің ұлттық күресімізді моңғолдарша дәріптемейміз?»  деген ой келді. Осындай ойдың жетегінде жүріп «Қазақстан Барысы» жобасын қолға алдық. Артынан «Жас барыс» жобасының тамырына қан жүгірттік. Ал биылғы жылдың желтоқсанында алғаш рет 8 мемлекеттің ба­луандарының қатысуымен Қа­зақстанда «Еуразия барысы» турнирі өтеді. Мұның барлығы – қазақ күресінің беделін көтеріп, абыройын асқақтату үшін қолға алынған шаралар.
Мамандар соңғы 3 жылда ұйымдастырылған «Қазақстан Барысы» турнирінің жоғары дәрежеде болғанын мойындап отыр. Дегенмен биылғы бәсекеде балуандардың дайындығы мен өздерін ұстау мәдениеті,төре­шілердің жауапкершілігі мен әділеттілігі, күрес ережесі мен әдіс-тәсілдеріне қатысты көп­теген сұрақтардың қордаланып қалғаны белгілі болды. Бүгінгі конференция осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында өткізіліп отыр.
Біз қазақ күресінің көсегесін көгерту үшін көп ізденуіміз керек. Бұл үшін моңғолдар мен жа­пондардың күресін зерделеу қажет деп ойлаймын. Олар өз күрестерін қазіргі биігіне қалай жеткізді? Осы спортқа елдің қызығушылығын қалай арттыр­ды? Әрине, жапонның сакурасы біздің далада гүлдемеуі мүмкін. Сондықтан бәрін бірдей көшіріп алуға болмайды. Үздік үлгілерді, озық тәжірибелерді ғана таңдап алған абзал. Моңғолдар жеңген­дерге «піл балуан», «сұңқар ба­луан», «лашын балуан», «арыстан балуан» деген атақ береді. Сөйтіп, балуандардың жігерін жанып, беделін бекемдеп отырған. Біз осы элементтерді алып, жоба­мызға «ауыл барысы», «аудан барысы» деген атақтарды енгізсек деген жоспарымыз бар. Жапондар деңгейді белбеудің түсімен таразылайды және ұлттық күрестерін мектеп бағдарла­ма­сына енгізіп, ұлдар мен қыздарға бірдей үйретеді. Біздің аналарымыз бен әже­леріміз кезінде ерлермен бірге ел қорғап, жауға шапқан, садақ тартып, белдескенін алып ұрған. Қазақ күресін мектеп оқушы­ларының жаппай үйренуіне неге жол ашпасқа?! Мұның бәрі, әрине, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» асықпай ақылдасып, шешетін мәселелер.
Қалай болғанда да қазақ күресін еліміздегі ең танымал спорт түріне айналдыратын және әлемге паш ететін кез келді. Осы мақсатқа жету үшін жұмыла жұмыс істеп, қазақ күресі, ба­луандар, бапкерлер, төрешілер ғана ұтпайды, күллі ел ұтады. Өйткені біз қазақ күресімен бірге жаһанға жұртымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, елдік бір­лігімізді, тату тірлігімізді, жеткен жетістігімізді жария ете аламыз».

Тайтұяқ, қойтұяқ және құдалық

Түркияның Кония Нежметтин Ербакан университетінің ма­гистратурасында білім алып жүр­ген қандасымыз А.Құмар қазақ күресін егжей-тегжей зерттеп жүрген жандардың бірі екен. Ғылыми-тәжірибелік кон­фе­рен­цияға арнайы алдырылған ба­уырымыз бірнеше ұсыныс ұсын­ды.
«Қазақ күресінің ғылыми зерттелуіне басымдық беру керек. Тау тұлғалы толағайларды дүниеге әкелу үшін «Қазақстан Ба­рыс­тары» бір-бірімен құдаласқаны жөн. Ал «Қазақстан Барысына» берілетін алтын тайтұяққа дәл сондай қойтұяқ қосу керек. 2-3 орын алған балуандар тайтұяққа болмаса да, қойтұяқққа лайық деп ойлаймын» деді ма­гис­трант.

Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы қарсы

Жақсылық Үшкемпіров аға­мыз үлкен спортта жүрген әйел­дерді қолдамайды екен. Бұл туралы ол бізге берген сұхбатында: «Бәріміз жас күнімізде қазақ күресімен айналысқанбыз. Сон­дықтан бұл бізге ыстық. Қазақ күресі – біз үшін, халық үшін керек дүние. Сондықтан қазақ күресін дамыту керек. Ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұр­паққа жалғасып келе жатқан жекпе-жек, бұрынғы соғыс тәсілі – қазіргі күрес. Ал қыз – ана. Мен олардың күреске шығуына қар­сымын. Қыздардың басқа мін­деттері де көп. Олар айналысатын спорт түрлері де көп қой. Көріп жүрміз ғой, қыз балалардың спорттан кейінгі өмірін. Не әйел емес, не еркек емес, екі ортада қалып қояды. Сондықтан мен қыздардың бокста, күресте жүруіне қарсымын.

«Еуразия барысы» – қазақтың ары, намысы
Былтырғы «Қазақстан Бары­сы» Бейбіт Ыстыбаев осылай деді. Ол 8 мемлекеттен келетін қарсыластарының бірін білсе, бірін білмейді екен. «Мені биыл болатын ресми жарыстардан шек­теді, ал басқаларына қатысуыма болады. Шектеу алынғаннан кейін «Қазақстан Барысына» қай­тадан келемін. Ең бастысы «Еу­разия барысында» алаштың абыройын асқақтатуым керек. Қазақ күресіне арналған жаңа киім көңіліме қонбайды, жеңі ұзындау екен. Самбо мен дзю­доның киіміне ұқсайтын секілді. Бұрынғы киіміміз дұрыс еді деп ойлаймын кейде.  Жалпы, ешкімге ренішім жоқ. Ренішім болса да ішімде» деді ол бізге.

Қанат МАХАМБЕТ, Астана

http://www.aikyn.kz/articles/view/35326

 

Рубрика: