Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазақ үш арсыздың қатарына күлкіні де қосады. Әрине, орынсыз күлкіден құдай сақтасын. Бірақ адам баласы оны ешқашан шектей алмасы анық. Орнымен күлгенге жететін ештеңе жоқ. Біздің халқымыз ежелден әзіл-қалжыңның бағасын біледі. Айтпағымыз мынау еді: біз күлкіні көркем туындыға қаншалықты айналдыра алдық? Шынында, осы мәселені ойланып көрдік пе? Хакім Абай өзінің төртінші қара сөзінде «Үнемі уайым-қайғыға жан шыдай ала ма екен? Үнемі күлмей жүре аламыз ба, үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғымен бол демеймін…» деп күлкінің маңызын көрсетіп кеткен екен. Жер-жаһан жұртына сүбелі шығармалар тарту еткен орыстың қабырғалы қаламгері Лев Толстой да оны әсемдік ретінде бағалап, оның 100-ге тарта түрін анықтап берген екен. Мына бір дерек те күлкінің адам денсаулығы үшін маңызы зор екенін аңғартады. Бір рет езу тартқанда адамның беті мен бастың бұлшық еті 15 мәрте қимылдайды екен. Бұл күлкінің, деннің саулығына әсер ететінін білдіреді емес пе? Осылай дегенімізбен, біздің қазақ өнерінде оған селқостық бар секілді. Әлі күнге дейін оның шырайын келтіре алмай жүргеніміз өтірік емес.

Кезінде «Тамаша» әзіл-сықақ театры көрерменді қыран-топан күлкіге қарық етті. Оның кіндігінен өрбіген «Бауыржан-шоу», одан бергі «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Те­рісқақпай», «Нысана», «Ал­дарас­­пан», «Екі езу» сынды өнер ұжымдары да қол­дан келгенше әзілдің жүгін көтеруге бі­лек сыбана кірісіп жүр. Олардың қаншы­лық­ты еңбек етіп жатқаны халықтың көз ал­дында. Сондықтан оған біз баға бермей-ақ қоялық. Қай кезде де күлкінің жүгін же­ңіл­детіп алмасақ, жетіп жатыр.

Қазақ өнерінде де елдің есінде қалған күлдіргі әртістер баршылық. Кезінде Құдай­бер­ген, Тоқсын, Ме­йір­ман, Уәйіс секілді өнер иелері сахна төрінен көрінгенде олар­дың бол­мыс-бітіміне қарап отырып-ақ ерік­сіз езу тартатын едік. Одан арғы уа­қытта да талай марқасқа азамат­тар өнердің осы жүгін көтеріп келді. Шын­дығы керек, ол кезеңдерде қа­зіргідей күлкі арқылы ақша табу ал­дыңғы кезекке шыққан жоқ бола­тын. Дара тұлғалар бұл өнердің қа­сие­тін ұғы­нып, сол мақсатта ерін­бей-жалықпай қыз­мет етті. Өкінішке қа­рай, бүгінгі күні осы жанр­ды ақ­са­тып алғанымыз да жасырын емес.

Бір ғана мәселені айта кетелік. Қазіргі күні қазақ комиктері арасын­да ел алдына жеке-дара шығып, мо­нолог оқитын әртіс­тер жоқтың қасы. Бар болғанның өзінде, өзінің көр­сетіп тұрған бейнесін алып шыға алмай әуреге түседі.

Сонау бір жылдарда Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұл­танбаев, Бауыржан Ибрагимов сын­ды әртістер оны өз деңгейінде орындаған-тын. Қазір оған бел буып, жалғыз өзі жиналған жұртты күлдіре алатын жас буын мүлдем жоқ десек бо­лады. Әріге бармай-ақ қоялық, көршілес Ресейдің өзінде оны меңгерген мыңдаған әртістің бар екенін көріп жүрміз. Әрине, оның көш басында Евгений Петросян секілді өнер иелері бар. Ол күлкілі әңгімелерді өзі жазады, өзі орындайды. Біздің әртістерде осы жағы олқы соғып тұр десек те болады. Ол қаншама шәкіртті баулып шығарды. Өкінішке қарай, біздің жасы үлкен өнер иелері оған ешбір мән бермей келеді.

Жетес ЖОЛДАСБАЕВ, «Сыр әзілі» театрының әртісі:

– Сахна төрінде күлкілі шығарманы орындау оңай емес. Оған әртістің қабілеті керек. Ерекше ізденуді талап етеді. Ал жеке шығып, интермедия көрсету – қиынның қиыны. Рас, елдің арасында талантты қыз-жігіттер баршылық. Бірақ оларды өнердің осы түріне баулу кемшін түсіп жатады. Оларға бұл жанрдың қыр-сырын үйретуге мән бермей келеміз. 

Кино саласында комедия жанрының орны бөлек. Мамандардың айтуынша, комедия кинода алғаш өмірге енген жанрдың бірі болып табылады. Ең бірінші ағылшын комигі Чарльз Чаплин түскен фильмдер көрерменге жол тартқан. Одан бергі уақытта да талай актерлер комедия жанрын жарқырата білді. Атап айтқанда, америкалық комиктер Джордж Карлин, Джозеф Фрэнк Китон, Бенни Хил, Францияның мықты өнер иелері Манс Линдер, Луи де Фюнес, Пьер Ришар, орыс Юрий Никулин, Савелий Крамаров сынды азаматтар көрерменді күлкіге қарық етті. Тіпті олардың сомдаған бейнелері әлі күнге дейін көпшіліктің езуіне күлкі ұялатады. Олар түскен киноларды бүгінгі күні де жалықпай көреміз. Неге?

Бізде де сондай актерлер баршылық. Өкінішке қарай, сол азаматтардың жарқы­рап көріне білген кинолары мүлдем жоқ десек те болады. Бірді-екілі кинотуын­дыларда көрініп қалғанын місе тұтамыз. Болмаса күні кеше өнер саласының жарық жұлдызы атанған Құдайберген, Мейірман, Тоқсын, Уәйіс сынды актерлер шетелдік әртістерден бір мысқал да кем түспейтін жандар емес еді? Дегенмен біз қолда барды бағалай білмейміз. Қазірдің өзінде кез келген комедияға сұранып тұрған ак­тер­лер бар. Мәселен, Бауыржан Ибрагим­ов, Әбунасыр Серіков, Нұржан Төлендиев, Берік Тұрсынбеков секілді ел танитын өнер иелері бар. Бірақ олардың болмыс-бітіміне келетін образдар сомдалатын көркем фильм­дер жоқ десе де болады. Болған күн­нің өзінде, шетелдік комиктер тәрізді дара­ланып көрінуге әлі де мүмкіндік ала ал­май жүрген жайы бар.

Данияр САЛАМАТ, кинорежиссер:

– Рас, қазақ киносында комедия жанры әлі де өз деңгейінде емес. Десе де, соңғы жылдарда оған құлшыныс байқалып отыр. Отандық телеарналар­да біршама туындылар көрермен­ге жол тартты. Әрине, бұл тұрғыда проблема жоқ емес. Бізде комедия жанрын­да сценарий жазатын қалам­герлер аз. Әрбір туындыны түсірердің алдында сценарийдің маңызы зор.

Иә, жылма-жыл 1-сәуір Күлкі күні ретінде аталады. Осы бір атаулы күн жа­қын­даған сәтте ойланып қаламыз. Отан­дық телеарналар бұл бағытта қазақстандық өнімдердің жоқтығынан шетелдік кино­лар­ды көрсетуден әріге аса алмайды.

…Қазақ күле алмайтын халық па сон­да?..

Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: