Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

19eb55485a6ae74419eb6fcb95152454 (1)М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Театр және кино» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, кинотанушы, философия ғылымдарының докторы Гүлзат КӨБЕКТІҢ ұйымдастыруымен бүгінгі қазақ киносы жөнінде ашық әңгіме өтті.
Бұл пікірталасқа көрнекті ғалымдар мен кино саласының білікті мамандары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Ең алдымен институтта кино секторы ашылғанын және талқыға түскен тақырып та осы сектор жұмысының беташары екендігін айта кеткеніміз орынды болар. Жиын барысында талқыға түскен тақырып төңірегінде айтылған ой-пікірлерді ықшамдап, назарларыңызға қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік. Өйткені бүгінгі қаза киносының бағыт-бағдары жайлы әңгіме бір арнаға түсе қойған жоқ. Ал мамандар аузынан шыққан әңгімеден ой түю, қорытынды шығару әркімнің құзырында.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАН, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:

– Қадірлі зиялы қауым, қазіргі қазақ өнері үлкен бір кезеңде десек, біз еш қателеспейміз. Кино өнер болғанымен, оған ғылыми тұрғыдан түсінік беріп, талдау қажеттілігі тағы бар. Сондықтан институт жанынан кино секторын аштық. Осы сектордың алғашқы дөңгелек үстелінде біз «не түсіріп жатырмыз, нені насихаттаудамыз, кино мен анимациямыздың бет алысы қалай?» деген сауалдар төңірегінде пікірлескіміз келді.

Жалпы, бізге кино жөнінде заң керек. Киноөндірісі нақты бір ережелер мен заңға сүйенсе, қазақ киносы жоғары белеске көтеріледі деп ойлаймын.

Дәрежан ӨМІРБАЕВ, кинорежиссер:

– Қазіргі таңда кино емес, киноның жарнамасы басты орынға шығып кетті. Кез келген нашар фильмді бұқаралық ақпарат құралы арқылы жарнамалап, жоғары нәтижеге жеткізуге болады. Яғни кімнің қолында жарнама болса, соның дәурені жүріп тұрған заманда, жастар жақсы мен жаман киноның аражігін айыра алмай қалып жатыр. Демек көрерменнің талғамын көтеру керек. Ол үшін мектепке кинотану пәнін енгізу қажет. Кино әлеміндегі ең мықты классикалық туындыларды мектептен бастап таныстыру арқылы кино саласын жаңа деңгейге көтере аламыз.

Қайырғали ҚАСЫМОВ, аниматор-режиссер:

– Мектепте оқушыларға қойылатын талап онсыз да жоғары. Сабақтарының өзі кейде 7 сағатқа созылады. Оған тағы киноны қосып қою қисынсыз тәрізді.

Дәрежан ӨМІРБАЕВ:

– Онда, мүмкін, кейбір қажет емес пәндердің орнына қою керек. Онымен қоса, бізде кино өндірісіне қатысты жекеленген факультет болғанымен, орталық жоқ. Кино саласына бөлек бір институт ашу қажеттілігі байқалады. Сосын тағы бір мәселе, қазақ киносына қатысты журнал не газет түрінде баспасөз құралы қажет. Бір жылдары «Киноман», «Территория кино» сияқты журнал болғанымен, оларға мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан, өздерін коммерциялық тұрғыдан ақтай алмай жабылып қалды.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Енді, ол нарық қой. Негізі, кино саласы оқырманға қызық. Ал жаңағыдай журналдардың өтуі үшін кәсіби тұрғыдан сапасын арттыру қажет. Бұл – кәсіби журналист ретінде айтарым.

Дәрежан ӨМІРБАЕВ:

– Төрт журналдың бәрі жаман деуге келмейді.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Жақсы, тақырыпқа қайта оралайық, бүгінгі қазақ киносы қандай деңгейде? Киноөндірісіміз қалай дамуда?

Дәрежан ӨМІРБАЕВ:

– Қазақ киносының бәрін бір тұрғыдан қарау – қате. Әр режиссердің өз шығармашылығы, өз талғамы, өз әдісі бөлек. Осындай жиналыстарда «қазақ киносы енді дамып келе жатыр» деген жаңсақ пікір де айтылып жатады. Сонда не, бұрын қазақ киносы болмап па? Әр көрерменнің өз талғамы бар. Әр көрермен әр режиссердің туындысын өзінше бағалайды.

Қайырғали ҚАСЫМОВ:

– Киноны халықтың ақшасына түсіргендіктен, әр фильм халықтың көңілінен шығуы тиіс. Біз, кино түсірушілер, халық даналығынан, фольклордан жырақ кеттік. Идеология жоқ. Мемлекет өз алдына, өнер өзінше. «6 кадров» сияқты арзан күлкіге құмармыз. Негізі кино халықтың рухын оятуы қажет. Бұл тұрғыда «Қазақфильмге» артылар жауапкершілік зор.

Жаңабек ЖЕТІРУОВ, кинорежиссер:

– Сіздер киноның өндірісіне қарай кетіп қалдыңыздар.

Қайырғали ҚАСЫМОВ:

– Кино халықты тәрбиелейтін құрал болып отырғандықтан, киноны жасау барысы да басты орында болуы керек. Біздегі мультфильмге келер болсақ, керек-жарақтың бәрі бар қолымызда. Әйтсе де, сонша үміт күткен «Ертөстігіміз» «Көшпенділердің» кебін киіп кетті. «Ертөстікті» біз ешқашан шетелге көрсете алмаймыз. Өйткені оның ішінде қаптаған шетелдік туындылардың элементтері бар.

Халық ұрпақты кішкентайынан тәрбиелейтін құндылықты жаратып қойған. Жеті жасқа дейін ертегі, он үш жасқа дейін батырлар жыры, он үш жастан бастап лиро-эпостық жырмен тәрбиелеген. Бүгінгі киноөндірісіне қойылатын басты талап – осыны өз деңгейінде көрсете білу. Сол жүйе бойынша жұмыс істеуіміз қажет. Міне, сонда ғана қазақ киносының деңгейі көтеріледі.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Егер заң қабылданса, осының бәрі жүйеге түсер еді. Мәселен, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар жақсы талқылаудан соң ғана жарық көреді. Кино саласын да осылай жолға қою керек.

Бүгінде ресейлік детективтер халық арасында танымал. Бізде бұл жанрда қазір кино да жоқ, сценарий де жазылмайды. Неге? Бұл да көрерменнің қалауына қарай жұмыс істеудің бір тәсілі. Бір ғана тарихи емес, түрлі жанрда фильмдер түсіру қажет.

Қайырғали ҚАСЫМОВ:

– Ауылға барсаң, қариялар «осы «Алдар көсені» кім түсірді, қазақ байларын ақымақ қылып қойған» деп ашуланып жатады. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісінде ел-жұрт үшін ұрандаған байлар емес пе?! Алдар көсені басты қаһарман қылып қойып, бәріміз Алдарға айналып бара жатқан тәріздіміз.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Үлкен әдеби шығармаларымыз бар. Осылардың желісінде неге фильмдер түсірмейміз?

Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер:

– Алдымен, қазақ киносының дамуына тоқталсақ, оны екі тұрғыдан қарастырған жөн. Бірінші, қазақ киносын шетелмен салыстыру. Иә, біздегі киноиндустрия шетелмен салыстырғанда өте нашар деңгейде екені рас. Екінші тұрғыдан қарасақ, әдебиет өнермен салыстырғанда қазақ киносынан жоғары.

Бұдан бірнеше жыл бұрын бізде жылына бір-екі кино ғана шығатын. Қазір отандық кино көбейіп келеді. Оның үстіне, енді түрік пен кәріс сериалдарынан бас тарту арқылы қазақ киносы бұдан да көбейеді. Енді саннан сапаға көшетін кезең келді. Мысалы, 70 жылдары Америкада идеология болмай, жастар жан-жаққа тарай бастағанда, патриотизмге тәрбиелейтін фильмдерді түсіру қолға алынған. Соның арқасында бүгінгі АҚШ ең отансүйгіш елге айналды. Яғни кино – мықты идеологиялық құрал. Сол себепті қазіргі қазақ киносына ту, батырлар секілді ұлттық рухты көтеретін элементтерді қосу қажет. Ұлтты насихаттайтын сюжеттерге арналған сценарилерге жоғары басымдық беру керек.

Қазақ кино өнерінің басты кемшілігі тәжірибелі сценарий жазушылардың жоқтығында. Режиссерлердің өз киносына сценарийді өзі жазып жүргені де сондықтан. Негізі, киноның жақсы шығуы сценарийге байланысты.

Қайырғали ҚАСЫМОВ:

– Жалпы, сценарий жазуға қанша уақыт кетеді?

Еркін РАҚЫШЕВ:

– Кино түсіру сұранып тұратын әңгімелер мен шығармалар бар. Соны киноға ыңғайлау көп уақыт алмайды.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Бізде «Қазақфильмнен» өзге жеке студиялар да бар. Олардың өнімдері қалай?

Аманжол АЙТУАРОВ,кинорежиссер:

– Әртүрлі жеке студиялар ашылып, бәсекелестіктің болғаны жақсы. Бірақ бүгінгі телеарналар сериал сапасына аса мән бермейді. Өйткені телесериал жақсы болсын, жаман болсын, эфирде бірдей уақытты алады да, жарты жылдан кейін ол бәрібір ұмытылады. Сондықтан телеарна басшылығы өнімнің сапалы болуына мүдделі емес.

Онымен қоса, телеарна басшылары жайлы орында уақытша отырғандықтан, жоғарыдағыларға ұнаймын деп халық сұранысы мен қажеттілігін ұмытып кетеді.

Қазіргі киноиндустриядағы өнімді екіге бөліп қарастыруға болады: тәрбиелік мәні бар және мағынасыз. Мысалы, «Гармония сабақтары» фильмінің шетелден жүлде алғанын жарыса жазып, мақтанып жатырмыз. Ал сол фильмнің сюжеті қандай? Оқушы алдымен өз сыныптасын, сосын түрмеде тағы біреуді өлтіріп, кейін түрмеден шығады. Мұнда қандай мағына бар?

Киноның мағынасына баса назар аудару қажет. Идеологиялық тұрғыдан Батыс бізге үлкен әсер етуде. Жекеменшік телеарналардың біразы ресейліктердің қолында. Ондағы мақсаты не? Бәрі ресейлік телесериалдардан босамайды. Ол сериалдардың бәрінде жауыздық, ішу, шегу жарнамаланады. Моральдық құндылық жоқ. Бұл – Ресейдің бүгінгі ахуалы. Егер біз де кинода сондай көріністерге жол берсек, қазақ халқы да рухани жағынан жүдейді.

Қарапайым бір мысал, біз жылда Жаңа жылда «Тағдыр тәлкегі…» атты фильмді дәстүрлі түрде көрсетеміз. Ол фильмнің мағынасы қандай? Араққа сылқия тойып, қалыңдығы мен анасын тастап басқа қалаға кетіп қалады. Қисынға келмейтін суреттер. Басқа қалада, басқа пәтерде өзге біреудің қалыңдығын сүйіп қалады. Жақсы кейіпкердің түрі осы. Сонда қанша ішсең де түк етпейтіндігін насихаттағанымыз ба? Былайша айтқанда, біз көрерменге шырынды су секілді көз алдайтын у беріп отырмыз. Сондықтан кино өндірісінде де нақты белгіленген мемлекеттік жүйе болуы керек. Рейтингті көтеру үшін не болса соны көрсете беруге болмайды.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Иә, ондай саясаттың бар екені рас. Мысалы, Американың бізде көрсетіліп жатқан атыс-шабыс, қырғындарын спутниктік телеарналары болмаса, ішкі ашық арналары көрсетпейді. Бұл – киноның идеологиялық құрал екендігін айғақтайды.

Жаңа жақсы сценаристер жоқ деген пікір айтылды. Осы төңіректе кинодраматургтердің ойы қандай?

Тұрсынбек КЕШУБАЙ, драматург:

– Жоқ дегенге келіспеймін. Барды бағалап, барымен базар жасау мәселесін де қарастырған жөн. Мысалы, Қытайды алайық. Олар төрт романның негізінде өз тарихын киноға айналдырды. Біз «Абай жолының» желісімен сериал түсірдік пе?!

Бізде сериал жоқ емес. Дегенмен, телехикаялардың көбі арзанқол дүние. Бәрі қалжың. Ол да керек шығар. Бірақ ұлттық құндылықтарымыз өз деңгейінде насихатталмай тұрып, арзанқол қалжыңға өтіп кеткеніміз дұрыс емес. Жеңіл дүниеге жүгірген сайын өзіміз де арзандап барамыз.

Бүгінгі ұрпақ киномен тәрбиеленуде. Сондықтан өз құндылығымызды, ұлтты ұлықтайтын дүниелерді экранның көмегімен көрерменге жеткізу қажет. Мектеп бағдарламасына кинотануды енгізуге қатысты айтылған пікірді қолдаймын. Киноны тани білмеген ұрпақ оны бағалай алмайды.

Кино саласының мамандарына айтылар тағы бір сын, бір киноны түсіреміз де, қолтығымызға қысып, шетелге жүгіреміз. Сол жақтан жүлде алғанымызға мәзбіз. Кино, ең алдымен елімізде көрсетіліп, қазақ халқынан өз бағасын алуы керек.

Жақсы сценаристер бар. Бірақ режиссер мен сценарий авторларының арасындағы байланыс өз деңгейінде емес. «Аққу, шортан һәм шаян» болып, бірі – көкке, бірі – суға, бірі жерге тартып жатқан жайы бар. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Осыны ескеру қажет.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Жалпы, осында ортаға салынған ойларға қарағанда, біздің киноиндустрияның ұстанар бағыты патриотизм, тарих болуы керек. Солай ма?

Тұрсынбек КЕШУБАЙ:

– Әрине. Корейдің «Жумонг ханзада» сериалын көрген баланың бәрі Жумонг болып ойнауды шығарды! Неге Абылай, неге Қабанбай болып ойнамайды? Міне, экранның құдіреті осы.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Шетелге шығатын фильмдерді ерекше назарда ұстау қажет. Байқап қарасақ, қазақ тарихына қатысты фильмдерде ылғи жыртық шапан, азынаған дала, мола. Сонда қазақтың құндылығын көрсететін басқа дүние жоқ па?

Қайырғали ҚАСЫМОВ:

– Жырларда берілген оқиғаны жазылғандай етіп беру қиындау. Мысалы, Қобыланды жырындағы әкенің әруақтардан бала сұрап баратын жері бар. Оны қаз-қалпында беру мүмкін емес. Оны көрсету әдісі қарастырады. Ол үшін сценарий дұрыстап жазылуы тиіс.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Бізге көрерменнің көңілінен шығу үшін қандай фильм түсіру керек? Халықтың арасында «Қазақфильм» нашар» деген орнығып қалған ой бар. Тіпті көрмесе де, нашар деп ойлайды.

Қайырғали ҚАСЫМОВ:

– Нашар екені өтірік емес. Баяғыда кино саласына жаңадан келген әр жас маманға бір ұстаз бекітілетін. Қазір ол да жоқ.

Жаңабек ЖЕТІРУОВ:

– 90-жылдары бүкіл телеарналарымызда шетелдік фильмдер көрсетілді де, көрермен сонымен тәрбиеленді. Сондықтан қазіргі жастар арасында қазақ киносына қызығушылық жоқ.

Жаңа «Абай жолының» желісімен телесериал түсірейік деген ұсыныс айтылып жатыр. Ол роман оқуға арналған. Драматургия мен әдебиеттің арасы – жер мен көктей. Оны лайықтап жазып шығу керек.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Қазақ киносы жоқ, драматургтер жоқ деп байбалам сала берсек, елдің еңсесі мүлдем түсіп кетпей ме? Қазақ киносына деген қызығушылық жойылып кетпей ме?

Еркін РАҚЫШЕВ:

– Жоқ емес, бар. Саны көп. Енді сапаға мән беру керек.

Қайырғали ҚАСЫМОВ:

–- Қазақты шетелге танытатын дүние – кино. Ал біз қазақты көкке көтерудің орнына өзімізді жабайыландырып жібереміз. Шыңғыс ханға дейінгі қазақ тарихын неге сызып тастаймыз?! Мысалы, Отырар әлемдік деңгейдегі білім мен мәдениет орталығы болды емес пе?!

Амантай АХЕТОВ, жазушы:

– Кинода болсын, басқа болсын, қазақтың мәдениеттілігін көрсетуіміз қажет. Мысалы, кәріс сериалдарында хандар жыртық-жыртық шапан кимейді. Қандай фильм болса да, көрермен алдында қазақтың бейнесі биікте тұруы керек. Қазақтың ерсі қылықтарын көрсетудің қажеті жоқ. Кино – өз жұртымыздың алдында да, әлемнің алдында да қазақтың имиджін көтерудің мықты құралы.

Жаңа айтылғандай, неге «Алдар көседе» қазақтың бай-сұлтандарының бәрін ақымақ қылып көрсетілуі керек? Елді басқарған тұлғаны өз биігінде көрсетуіміз тиіс. Қалай болғанда да, хан, сұлтан – елдің қаймағы.

Қазақ халқының сұлулығы мен келбеті экранға лайық. Тек идеологиялық, мәдени тұрғыдан өзімізді таныта алуымыз қажет.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Қазаққа тарихи сананы қайта жаңғырту керек. Мысалы, орыстар өткен замандағы өздері үшін жағымсыз жайттарды сызып тастап, тарихын жазбақ.

Ерлан ҚОЛДАБЕКОВ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, жас кинотанушы:

– Біз осы ұлттық идеология, ұлт, тарих деп жатырмыз. Бірақ осы біздің түсірген фильмдеріміз көрерменге қызық бола ма?

Жақында, КИМЭП-тегі екі кездесуде болдым. Бірінші күні Желтоқсан оқиғасына қатысты болған кездесуге 20 адам келді. Ал екінші күні ақша табудың жолын айтатын семинарға 200 студент жиналды. Кейіннен, ҚазҰУ-ға барғанда да осындай жағдайды байқадым. Бүгінгі көрерменнің сұранысы жаңағы сіздер айтқандай боевик, атыс-шабыста деу қиын. Көрермен қазір өз өміріне қажет ақпарат алатын фильмдерді көргісі келеді. Мәселен, «Қалай баюға болады?» деген тақырыпта.

Әлімжан ХАМРАЕВ, әдебиеттанушы:

– Қазақ көрермендеріне ең қажет және ең қызық тақырыптың бірі – Алаш зиялыларының өмірі. Олардың әрқайсысының өмірі халық тағдырының көрінісі. Мысалы, Мағжан Жұмабаевтың өмір жолының өзі қандай, шым-шытырық. Осындай тұлғалар жайлы түсірілген фильмнің халық көңілінен шығары сөзсіз.

Сосын «әртүрлі жаман қылықтарды, әдеттерді көрсету керек пе?» деген сауалға тоқталсақ, реалистік тұрғыдан оны көрсету қажет. Бірақ режиссер содан дұрыс қорытынды мен тұжырым жасауы тиіс.

Әлімақын ЖАНБОЛАТ, жас кинотанушы:

– Бүгінгі қазақ киносына ең жетіспейтін дүние – ұлттық рух. Фильмдерді түсіру барысында тарихи оқиғаларға басымдылық беру керек. Әртүрлі көрерменге арналған, әртүрлі талғамдағы фильмдер түсірілуі қажет.

Дәрежан ӨМІРБАЕВ:

– Мен осы жерде айтылған біраз пікірмен келіспеймін. Идеология мен өнерді шатыстыруға болмайды. Киноның өзіндік құндылықтары бар. Өнер басқа, идеология мүлдем басқа.

Сосын қазақ киноларының көрерменге жетпей қалуының тағы бір себебі – жарнаманың аздығы. Кино туралы ақпарат болмағандықтан, оған көрермен де келмейді.

Сонымен қатар қазақ киносының көрермен арасында тиісті деңгейде бағаланбауын тек киногерлерден көруге болмайды. Мысалы, моңғолдың қандай жақсы фильмі болса да, оны көруіміз екіталай. Ал АҚШ-тың қай фильміне болса да, баратындар табылады. Яғни мұнда мемлекеттің деңгейі де әсер етуші фактор болып табылады.

Уәлихан ҚАЛИЖАН:

– Бүгін өзекті тақырып қозғалды деп ойлаймын. Қазақ киносының даму деңгейін анықтап, кемшін тұстарды талқыладық. Түсірілетін фильмдердің тақырып жағынан әртүрлі болғаны дұрыс. Киноиндустрияны тек тарихқа бұрып қойсақ, тағы болмайды. Жаңа бір жақсы пікір айтылды. Мемлекет өзіне қажет фильмдерді тапсырыс беріп түсіргені жөн. Нақты бір заң қабылданса, осында айтылған мәселенің бәрі сонда көрсетіліп, жүйеленетін еді.

Қазақтың фильмі жоқ деп айта алмаймыз. Бар. Көреміз. Енді, тек сапаға ұмтылуымаз керек. Қазақ киносына қатысты өзге мәселелер әлі талай талқыға түсетін болады.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ, Айдос ӘРІПБАЕВ

http://www.aikyn.kz/articles/view/37474

Рубрика: