Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

26(124)Үкіметінде ғарыш ми­нистр­лігі, ғарыш агенттігі се­кілді мекемесі бар елдерді ғарыштық амбициясы бар мемлекеттердің санатына қоса бе­руге болатын шығар. Бұл тұрғыдан алғанда Қа­зақстан – әлемдегі ға­рыш­тық жобаларға белсенді бол­маса да, атсалысып жүрген ел­дердің бірі. КСРО мен АҚШ ара­сындағы қырғиқабақ со­ғысы қызған 60-жылдары Га­­­га­рин жерден алыстап, көкті те­сіп шық­қанда «Байқоңыр­дың» беделі КСРО-ны былай қойғанда, күллі адам­зат үшін асқақтағаны тарихи жайт. Со­дан бері ел жаңарып, 50 жыл өтсе де, киелі «Бай­қоңыр» жер мен көктің есігі болу қызметін жалғастырып келеді. Осы орайда «Бай­қо­ңыр» бізге не берді, не бе­ре­ді?» деген сауал туындайды.

Казір дүниежүзінде шамамен 30 ғарыш айлағы жұмыс істеп тұрса, соның ең белсендісі әлі де «Байқоңыр» болып отыр. Алайда оның белсенділігін отандық ғарыш саласының жетістігіне жатқыза аламыз ба? Қанша дегенмен, «Байқоңыр» Ресейдің иелігіне жалға берілген құрылым. Онда қазақ мамандарының білім алуы, тәжірибе ал­масуы, ғарышқа ұшуы өз деңгейінде жү­зеге асырылып жатқан жоқ. Ресей мен Қазақстан арасында «Байқоңырды» 2050 жылға дейін жалға беру мәселесі келі­сіл­ген. Дегенмен қазір Ресейде «Вос­точ­ный» ғарыш айлағының құрылысы жүр­гі­зіліп жа­тыр. Ол шамамен 2020 жылы іске қо­сы­лады. Сол жылдары Ресей «Бай­қо­ңыр­ды» тастап шығатыны туралы сөз қозғалуы мүм­кін. Алайда Қазақстан үшін бұл тра­гедия емес. Мүмкін, тіпті керісінше бо­лар. Күні кеше орын алған жағдай арзан та­сымал арқылы пайда табуды көздеген ресейлік ескі технология Қазақстанның эко­ло­гия­сына есепсіз зиянын тигізетінін көрсетіп берді. Ресей Байқоңырдан кеткен жа­ғ­дайда Қазақстанның ғарыш саласы тұн­­шығып қалмайтынын осы саланың ба­сы-қасында жүрген мамандар да қуат­тай­ды. Тіпті жеке-дара дамыта алма­ған күннің өзінде, қызығушылық танытып отырған шетелдік компаниялармен бірле­се отырып жұмыс істеуге болады. Бұл тұрғыдан Қа­зақ­станның Франция, Из­раиль, Үндістан ел­дерімен үкіметаралық келісімге қол қо­йып, Италия, Корея, Жапо­ния, Ук­раи­на­ның ғарыш агенттік­терімен келіссөздер жа­салып жатқанын алға тартуға болады.

Қандай ғарыштық жобалар жасалып жатыр?

Қазақстанның ғарыштық әлеуетін ша­малау үшін осы күнге дейін атқарылған және атқарылып жатқан шараларды тізіп шығу керек сияқты.

Алла жазса, алдағы жылы Қазақ­стан­ның тұңғыш төл ғарыш­­тық ап­параты ға­рышқа ұшады. Одан кейін келесі ғарыштық аппараттың құрылысы басталады. Оның құрылысын «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық ком­паниясы жасауда. Жалпы, «Қаз­ғарыш» агенттігінің негізгі мекемелерінің бірі болып келетін бұл компанияда қазір үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қа­зір­гі уақыттағы ең күрделілері: компа­ния­мыз Қазақстан ұлттық ғарыш орталығының құ­ры­лысын жүргізу үстінде. Олардың ең үл­кен­дерінің бірі ғарышты қашықтан зонд­тау қашықтық жүйесі, Жерді қашықтан зонд­тау ғарыштық жүйесі. Биылғы жылы жо­ғарғы дәлдіктегі спут­никтік жүйе іске қо­сылуы керек. Бұл екі технология – негізінен, жердегі бо­лып жатқан құбы­лыс­тар­ды зерт­­теп, оларға қол­ғабыс жасау үшін ар­налған техноло­гиялар. Қазірде фран­­цуз ға­рыштық компанияларымен бір­лескен «Ға­­лам» кә­сіп­орны құрылып, оның бес­жыл­­дық жұмыс жоспары бел­гі­лен­ген.

Ғарыш – имидждік мақсат емес

Бүгінгі әлемнің ғарыштық жобалары біреуге бірдеңе дәлелдеп, дәрежесін арттыру үшін жасалмайтыны белгілі. Мұн­да нақты әлеуметтік, экономикалық жос­пар болады. Қазіргі жағдайда мем­ле­кет­тердің ғарыш саласын игерудегі көз­деген мақсаты әртүрлі болып отыр. Мә­се­лен, Иран Ислам Республикасының ғарыш са­ласы негізінен мемлекеттің әскери қор­ға­ныс саласын, әс­кери қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге негіз­делген. Ал Ресей, АҚШ, Қытай сынды бір­қатар елдер бір­неше бағытта қатар жұмыс істей береді: бай­ланыс саласы, әскери қор­ға­ныстық, ғылы­ми-академиялық зерт­теулер мақ­сатында. Ал көптен бері ғарыш­тық дер­жава атануды өзіне мақсат етіп қойған Қазақстан ғарыш саласын­дағы барлық бағыттары бойынша бірдей күш жұмсай алмайды. Біріншіден, бұған өте ау­қымды қаржылық ресурстар қажет бо­лар еді. Яғ­ни кез келген ел «ға­рыштық держава» деген жа­лаң атақ үшін ғана бекер шығындала ал­май­ды. Сондай-ақ еліміз дәл қазіргі жағ­дайда ғылым-бі­лім­нің ғарыш әлемін танып-білуге деген құш­тарлығы үшін са­лық төлеушілердің қал­тасынан жи­нал­ған қаржыдан мил­лиардтар бөле ал­майды. Әзірге ғарыштық ғылыми жобалар үшін қо­мақты қаражат құю төрт құбыласы тү­ген­делген, дамыған мемлекеттердің қолынан келеді. Онда да әр­бірінің емес. Ендеше, Қазақстанның ға­рыш саласы үшін Марс пен Шолпанда не бо­лып жатқаны, «Күн жүйесінде қандай ауыт­қулар бар», «өзге ғаламшарлар мен жат­планета­лық­тар бар ма» деген секілді сұрақтар уа­қыт­ша қызықтырмағаны абзал. Қа­зақ­стан ғарыш саласын дамыту бары­сын­да негі­зі­нен нақты қолданбалы жо­ба­ларға, өз же­рімізді зерттеу мәсе­лесіне көп икемделгені дұрыс.

Бәрін маман шешеді

Бір кездері кез келген бүлдіршін ға­рыш­кер болуды армандайтын. Бұл арман қа­зіргі жастардың бойында да жоқ емес. Жастардың ғарышкерлікке, ғарыш са­ла­сының маманы болуға деген ұм­ты­лы­сын ғарыштық мекемелердің ресми сайт­та­рына жазылған хаттар, сұрақтар жә­не тү­йіндемелерден байқауға болады. Алай­да оларды дайындайтын оқу орны мә­селесі шешілмеген. Бұған дейін елі­міздің бір­қа­тар ұлттық уни­вер­ситеттерінде аэ­роғарыш ма­ман­да­рын дайындайтын оқу бөлімдері ашылады деген ақпарат тара­ған болатын. Мамандар әрбір уни­верситетке шашырата бергенше, Аза­маттық авиа­ция акаде­мия­сына ғарыштық мамандар даярлайтын бө­лім ашу керек­тігін айтады. Ресми мә­лі­мет­терге сүйенсек, қазірде қазақстандық 45 азамат Францияның Тулуза қаласында жә­не Ұлы­британияда осы жүйелерді мең­геру үшін, оларды құрастыру үшін, кон­струк­тор­л­ық жұмыстар жүргізу үшін, содан кейін ғарыштан келетін ақпараттарды талдап, өңдеп, тарату үшін оқып, бі­лік­тіліктерін шыңдап жатыр. Дегенмен ол көп емес, шетелде тәжірибе арттыру үрдісі дәстүрге айналуы қажет.

Автор: Сәкен КӨКЕНОВ

 

http://alashainasy.kz/politics/44164/

Рубрика: