Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_ac05485fb6ce3b56ad23446e416cf46fАстана. 31 тамыз. Baq.kz –Қарағандылық археологтар облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жыл соңына дейін 11 ескерткіш жөнделмек. Соның бірі — Байдалы би Бекшеұлының кесенесі. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 15 миллион теңге бөлініп отыр. Археологтар кесенені қалыпқа келтіру кезінде балбал тас тауып алды. Тарихшылар бұл тас шамамен біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда қойылған құнды жәдігер деседі.

 Қушоқы тауынан бастау алып, Ертіс алабындағы Шығанақ көліне құятын Шідерті өзенінің арналы тұсы бұл. Сонау жылдары «Ертіс-Қарағанды» каналы осы өзеннің бойымен өткендіктен, бұл маң тегіс су қоймасының астына кеткен. Сөйтіп, жылдар ішінде айдын көл пайда болады. Сол көлдің ортасындағы аралда Байдалы би жерленген. Әділ би, дуалы ауызды шешен болған Байдалы бидің төрелігіне жұрт бас иген. «Сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім», — деп Абылай хан баға беретін Байдалы би 95 жасында дүниеден озады. Мазары шамамен 1820 жылдары салынған болуы керек. Бастапқы қалпынан тек іргетасы ғана сақталған. Қазір кесенені қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түлкібай ТӨЛЕУОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қарағанды облысында кейінгі жылдары мәдени мұраны сақтау, қорғау, зерттеу жұмыстары бірқалыпты жүргізіліп жатыр. Биыл облыс көлемінде 11 ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары, оның ғылыми-зерттеу жұмыстары, археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, облыстық бюджеттен қаржыландыруда. Қазіргі уақытта жұмыстардың біразы аяқталды.

Аралды қоршаған жасанды су қоймасының тереңдігі 7 метрге жуықтайды. Бір ерекшелігі, су деңгейі жыл сайын көтерілсе де төбе басын ала қоймаған. Бұл да болса Байдалы би жерленген жердің киесін аңғартса керек. Археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде осы маңнан балбал тас тауып алды. Тарихшылар бұл сонау түркі заманына тиесілі болуы мүмкін дегенді айтады.

Сағындық ЖАУЫМБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
— Балбал тастар біздің эрамыздың V ғасырында, яғни түрік қағанатының кезінен бастап қойыла бастаған. Шамасы сол жерде түріктердің жерленген қорымдары болуға тиіс, бірінің қасына бірін жерлей берген ғой. Сол ХІХ ғасырда қайтыс болған атақты биді түріктердің қасына жерлеген болуы тиіс.

Археологтар құнды жәдігерді облыстағы тарихи-өлкетану мұражайына тапсыруды жоспарлап отыр.

Хабар

Рубрика: