Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

2e79f892c30074478ec7974856340d05Былтыр біздің елге АҚШ-тан 72 млн доллардың, Қытайдан 50 млн доллардың, ал Ресейден 12 млн доллардың ойыншықтары кірген. Міне, біз балаларымыздың санасын өзге елдің экспанциясымен өзіміз улап отырмыз.
Басқа елдің экономикасын ұлттық құндылықтарға сатқындық жасау арқылы көтеріп отырмыз. Ең сорақысы, Қытай еліндегі ойыншық зауыттары шикізат ретінде ескі шприцтерді пайдалады екен. Ал ол ойыншықтар бала денсаулығы үшін дайын тұрған бомба! Біз сол бомбаны ақшаға сатып алып, баламызға береміз. Біз осы улы ойыншықтарға неге әуеспіз? Өйткені олардың арасында танымал анимациялық фильмдердің кейіпкерлері бар. Ал қазақ фольклорының бірде-бір кейіпкері жоқ. Себебі бүгінгі қазақ мультфильмдеріндегі фольклор кейіпкерлері бала көңілінен берік орын ала алмай отыр. Өйткені олардың түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, мінезі-құлқы бір ізге түспеген. Әр кітапта әртүрлі. Мысалы, Алдаркөсенің жиырмадан астам нұсқасы бар екен. Бала оның қайсысы нақты Алдаркөсе екенін білмейді. Білмеген соң сенбейді.

Осы олқылықтың орнын толтыруды Мемлекеттік тілді дамыту институты мықтап қолға алған сияқты. Аталған институт инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында халықауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру туралы бастама көтерді. Игі бастаманы Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы, «Алтын қыран» қайырымдылық қоры, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Руханият» орталығы қолдап отыр. Халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіруге қатысты қарашада Алматыда дөңгелек үстел өтіп, біраз мәселе айтылған-ды. Ал жуырда осы мәселе Астанада да талқыға түсті.

Бижомарт ҚАПАЛБЕКОВ, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты:

– «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Бабалар сөзі» деген 100 томдық кітап шықты. Оған ертегілер, жырлар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар енгізілген. Атам қазақ бізге ауыздан-ауызға жеткізген сол құнды шығармалар баспа бетіне де түсірілді. Алайда бала сол том-том академиялық басылымды оқи ма? Сондықтан осы 100 томдық бабалар сөзіндегі кейіпкерлерді, балалар үйінде көретін электронды құралдарға салу. Алматыдағы жиында кейіпкерлерді біріздендіру шығармашылық топтың жұмысына кедергі болмай ма деген ой айтылды. Біз тұсау болмайды дейміз. Өйткені барлық образдардың мәтінде бейнесі бар. Мысалы, Қобыландының образын жасайтын болсақ, Қобыланды туралы зерттеген мамандарға жүгінеміз, сосын бүкіл қазақ элитасынан әділ-қазылар алқасын құрып, бөліп алынған мәтіннен бейнесін салу үшін суретшілер арасында байқау жариялаймыз. 100 суретші Қобыланды бейнесінің 100 нұсқасын берсе, соның ішінен біреуін таңдап бекітер едік. Сосын «міне, Қобыландының суреті, кітапқа осы бейнені, мультфильмге осы бейнені саласың» деп айтар едік. Бала ол суретті көргенде астындағы «Қобыланды» деген жазуды оқымай-ақ танитын деңгейге жетеді. Біздің түкпі мақсатымыз – осы.

Мәншүк МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары:

– Халық ауыз әдебиетінде кең тараған Алдар көсе, Қаңбақ шал, Жиренше шешен, эпостық жырлардағы Алпамыс, Қобыланды батыр, лиро-эпостық жырлардағы Қозы-Көрпеш – Баян сұлу, Қыз Жібекті алатын болсақ, осы тақырыптарды өткен кезде бізде біраз қиыншылықтар байқалады. Өйткені әдебиет пәнінің негізгі мақсаты – оқушыларымызды ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтауға, тілімізді қадірлеуге, Отанын, елін сүюге, ата-анасын құрметтеуге, жалпы тұлға ретінде рухани дамуына жол салу. Сондықтан да халық ауыз әдебиетін біріздендіру керек. Мысалы, бастауыш сыныпта өтетін Қаңбақшал, Жиренше шешен, Асан қайғы, Алдар көсе, Қожанасыр дейік, осылардың нақты бір бейнесі жоқ. Сондықтан да біздің оқулықтарда олардың бейнесі әртүрлі беріледі. Бүгінгі күнге оқу процесінде бір оқулық негізінде бірнеше балама оқулықтар пайдаланылады. Себебі балама оқулықтарды пайдалану бәсекелес ортаны қалыптастыруға және оқулықтар сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әдебиет пәні оқулығында 3-4 баспаның оқулығы бірдей қолданыста болады. Бірақ бұл оқулықтарда оқу материалының, ондағы суреттердің, иллюстрациялардың берілуі әртүрлі. Мысалы, бізге Қожанасыр басында сәлдесі бар, ала шапанды, орта жастағы адам. Барлық жерде осылай берілетін. Ал «Алматыкітап» баспасы шығарған 1-сыныптың «Ана тілі» оқулығында Қожанасыр ала шапанды емес, бөрігі бар орта жастағы адам болса, «Атамұраның» «Әліппе» оқулығында ала шапанды, сақалы бар, қырық бес-елулердегі ер адамның бейнесі. Ал енді «Әдебиет» оқулығын алайық, онда да ала шапанды, басында бөркі бар. Бұл жерде біз авторларға, сосын оқулықтарды шығаратын баспагерлерге «сенің мынауың дұрыс емес, мынаны былай өзгерт» деп айта алмаймыз. Ал шетелдік мультфильмдердегі Шрек, Спанджбобты балалар неге бірден таниды? Өйткені бұлардың нақты авторлары бар. Бұл мультфильмдердің нақты авторлары болғаннан кейін және ол күнделікті экранда көрсетіліп тұрғаннан кейін бала оны бірден қабылдайды. Себебі қазір балалардың көбі оқулық оқымайды. Мультфильмдерді көреді де бала бойында, баланың санасында сол образ қалыптасады. Сондықтан да біз айтып отырған Алпамыс батыр, Жиренше шешен, Қаңбақшал секілді халық ауыз әдебиетінің өкілдерін ең алдымен оқулықтан бұрын мультфильмдерде бейнелеп, халықтың санасына сіңірсе деймін. Егер нақты мәтіндер негізінде сол бейнені анықтап, портретін жасаған жағдайда біз оның авторларға «Ертарғынды қойсаң, мына суретті, Қаңбақшалды қойсаң, мына суретті саласың» деп айтар едік. Себебі біз қазір ұлттық болмыстағы оқулықтарды әзірлеп жатырмыз.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик:

– Бүгінгі таңда отбасының жауапкершілігі қатты түсіп кетті. Тәрбие табалдырықтан. Мұхтар Әуезов «Бақытты даладан іздеме, балаңнан ізде» дейді. Ал отбасы құндылығы ата-бабаларымыздың дәстүрінде жатыр. Дәстүр деген халықтық энциклопедиямыз ғой. Қазіргі ата-аналар Білім және ғылым министрлігіне оқулығың нашар дей бергенше, өзі де соған үлес қосса дейсің. Немереге ертегі оқып беретін ата-әже қалмады дейміз, ал баланың әке-шешесі неге ертегі оқып бермейді? Оқулық сапасына айтарым, Білім және ғылым министрлігі 2-3 жылдан бері оқулық шығаруда кім болса сол оқулық жаза беретін жүйені тәртіпке келтірді. Жаза берсін, бірақ оны оқу процесіне ұсыну үшін «Оқулық» республикалық ғылыми орталығының сараптамасынан өткізу талап етілетін тәртіп енгізді. Қазір бәрі оқулық жазғыш, мәтін жазғыш болып кетті. Суретін де өзі салатындар бар. Сол себептен мен оқулықтағы халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін бір ізге түсіру үшін Үйлестіру кеңесін құруды ұсынамын. Үйлестіру кеңесін «Оқулық» орталығында құрып, оған ақын-жазушыларды, ғалымдар, балалар ақындарын, суретшілерді тарту керек. Бұл мәселеде қаржы аямау керек. Осы мәселені шешу үшін Парламенттегі депутаттармен байланыс жасап, ұлтжанды депутаттардың көмекшісі болуымыз керек.

Қыдырәлі БОЛМАНОВ, әнші, продюсер, «Балбала» компаниясының негізін салушы:

– Бүгінгі таңда өмір сүруіміз тікелей технологияға байланысты. Балаларымызды кітаппен тәрбиелей алмайтынымызды көріп, сезіп отырмыз. Таңертеңнен кешке дейін шетелдің түрлі компаниялары арналардан мультфильмдерін айналдырып жатыр. Балаңа ол мультфильмді қарама деп айта алмайсың, орысша мультфильмді көрген бала қазақ мектебіне барса да орысша шүлдірлейді. Балабақшадан да орысша сөйлеп келеді, ол рас. Енді осы мәселені қалай шешуіміз керек? «Жас шыбықты қалай исең солай өседі» дейді. Өсіп келе жатқан шыбығыңның жапырақтары солып жатса, түбіріне, тамырына қараймыз. Яғни тамырына құйып жатқан суымызда немесе топырағымызда яки бағбанымызда бір ақау бар. Сол ақауды жою үшін анимация мен ойыншық жасаушылар бас біріктіріп, қимылдамасақ, кеш қаламыз. Психологтардың айтуынша, егер сіздің балаңыз қазақ болса, ол бала қазақтың тілімен, қазақтың әнімен, анасының әлдиімен өссе, басқа тілде тәрбие алған қазақ баласынан денсаулығы 25-30 пайызға, психологиялық, физикалық тұрғыда пәленбай пайызға артық болады дейді. Яғни ақыл-есі де, денсаулығы да, дамуы да сапалы болады. Ал біздің балаларымыз әлі күнге шетелдің ойыншығымен тәрбиеленіп жатыр. Былтыр Қазақстанға АҚШ-тан 72 млн долларға ойыншық кірген, Қытайдан 50 млн долларға, Ресейден 12 млн долларға ойыншық сатып алыппыз. Біз осылай басқа елді бағып, соларға ақшамызды беріп, болмысымызыға жат мәдениеті мен құралдарын пайдаланып отырмыз. Енді оның жау пиғылды жоңғардан қай жері кем? Қазақстанда 15 шақты анимация компаниясы бар. Олардың бәрінің бір жылда шығарған өнімдерінің жалпы саны 200 сериядан аспайды. Бұл теңізге құйған тамшыдай ғана. Бірде-бір анимациялық компания ойыншықтарсыз дами алмаған. Бұл екеуі тығыз байланыстағы дүние. Ал Спанжбобтың 500-сериясы түсіріліп жатыр. Олардың жоспарында 1000 серия тұр. Әйтпесе, сол кейіпкер жуынатын жөке ғана ғой, ол туралы не аңыз жоқ, не мән-мағына жоқ, бірақ технологияның күшімен жүзеге асырып тұр. Өз басым оларды жау көремін, балаларымыздың мәдени танымын, психологиясын бұзып жатыр. Олармен күресу үшін аниматорлармен бірігіп әрекет етуіміз керек. Жан-жақтан шашырап жүре беретін болсақ, түк шықпайды. Маған ойыншықтарыңыз қымбат дейді, қымбат болатын себебі, сапалы. Қытайды, Гонконгті араладым. Қытайда 100 зауыт болса, соның 5-і ғана сапалы ойыншық шығарады, Еуропа мен АҚШ-қа сол 5 зауыттың ғана өнімі экспортталады. Қалғандары бізге жөнелтіледі. Ал мен өз ойыншықтарымды АҚШ-қа да, Еуропаға да сата аламын. Ал Қытайдың кейбір ойыншық зауыттарын көрсеңіз шошисыз, олар шикізатты қайдан алатынын білесіз бе? Пайдаланылған шприцтерді ерітіп, ойыншық жасайды, сондықтан да арзан. Құрамында неше түрлі у бар сол ойыншықтар базарларымызда қаптап тұр. Ол ойыншықты бала ауызға салмаса да улана береді, салдары 5-10 жылдан соң шығады. Егер біздің отандық сапалы ойыншықтарымыз отандық нарықтың 5 пайызын жаулағанның өзінде үлкен төңкеріс жасай аламыз, жақсы мағынада. Тек ол үшін бала халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерді бір көргеннен тани қоятындай болуы керек. Ол үшін кейіпкерлерді бір ізге түсірген жөн.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана

http://www.aikyn.kz/articles/view/37477

Рубрика: