Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бір топ халық қалаулысы Мәжілісте мәселе көтеріп, қазақстандық шоу-бизнестің жай-күйіне алаңдаушылық білдірген еді. Премьер-министрге жолданған сауал қазір өнер өкілдерінің арасында қызу талқылану үстінде. Олардың бірі қазақ эстрадасының түрлі қиындықтарға қарамай, даму үстінде екенін айтса, енді бірі керісінше, қордаланған проблемалардың көптігін алға тартады. Қалай болғанда да екі тарап та бұл сұрақтың басы ашық күйінде қалмағанын тілейді.

 

Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Қолдау болмаса, қабілет өшеді

– Қазіргі таңда артистерге мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқтығы жа­сырын емес. Өнер иелері өздерін-өздері асы­рап, жан бағып жүр. Дегенмен ағысқа қар­сы жүзу қиын болып жатқаны рас. Әсі­ресе, жас орындаушыларға көмек, демеу, қолдау керек. Бірақ «тозып бара жатыр, құрып бара жатыр» деген сөзге келіспеймін. Кімге болса да жылы орында отырып, сынап-мінеу оңай. Сырттағы адам ішінде жүрмеген соң, көп нәрсені біле бермейді, үстірт қарайды. Үкіметке бір уақыт ән­ші­лердің де жағдайын жақсылап ойлайтын кез келген сияқты.Эстраданы жанданды­рып, әрі қарай дамыту үшін билік тарапынан қамқорлық қажет. Мықты продюсерлерге жұмыс істеуге мүмкіндік берілсін. Ұлттық ком­паниялар жас таланттарды қамқор­лы­ғы­на алсын! Қазақ эстрадасы қамқорлықсыз шарықтап, өз-өзінен алға қарыштай береді деп айта алмаймын. Құдайға шүкір, талант­тан кенде емеспіз. Алайда оларға мемлекет қолдау көрсетпесе, не шетел асып кетеді, не бір күні қабілеті өшетіні ақиқат.

 

Ибрагим ИСАЕВ, ақын:

Эстраданы тазалау үшін, дәстүрлі өнерге көңіл бөлу қажет

– Қазақ эстрдасының құлдырап бара жатқанына бірталай уақыт болды. Әрине, қазақ әншілерінің ізденісін түгелдей жоққа шығаруға болмайды. Бірақ арамшөптер қаптап кеткені өтірік емес. Кездейсоқ, өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар сахнада өріп жүр. Олардың репер­туары туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Компьютердің күшіне иек артып, ақша­ла­рын оңды-солды шашып әлек. Елдің ал­дына шығып, бір жылт ете қалуды өздеріне мақсат етіп, дәреже көреді. Олардың әуенде де, мәтінде де шаруасы жоқ. Оған қоса, ән жазып жүрген композиторлардың 99 пайы­зы – композитор емес, музыкалық аппара­турадағы әуендерді қолдан құрастырушылар. Техниканың тілін тәуір меңгерген, әйтеуір музыкант деген аты бар азаматтар деп қана «бағалауға» болады. Қазақ эстра­дасының бүлі­ніп, біткені – солардың кесірі. Осын­дайда Қадыр ағамыздың «Өзің еккен егін жақсы шығу үшін, жан-жағындағы бүкіл арамшөп­пен күреспе. Ол жұлған сайын көбейе береді. Тек айналасын ретке келті­ріп, суарып, өскінге ғана жағдай жасау керек» деп келетін өнегелі сөзі еске түседі. Біз эс­тра­даны арамшөптен тазарту үшін, шы­найы таланттарға жағдай жасауымыз қажет. Қолдаушысы жоқ, демеушісі жоқ, көріне алмай жүрген нағыз өнерпаздар ел ішінде де, үлкен орталықтарда да табыла­ды.

Көркемдік кеңесті қайта құратын уақыт әлдеқашан жетті. Өз басым, «теле-радио көр­кемдік кеңестің міндетін атқарады» дегенге сенбеймін. Оларға ақша берсең, «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйле­сін» деген­дей, жалғыз өзіңді күндіз-түні айнал­ды­рудан тайынбайды. Теле-радио эстра­да­ны жөнге салады деу – бос әуре­ші­лік. Мұнымен министрлік тікелей айналы­суы тиіс. Құзырлы орын арнайы қаулы шы­ға­рып, талапты күшейткені дұрыс.

Менің көңіліме тағы бір қонбайтыны, қа­зір кім-көрінген эстрадалық ән байқау­ла­рын ұйымдастыратынды шығарды. Сол арада қазылар алқасының құрамында тіл білмейтін, тіл білетіні Еуропаның мәдение­ті­не табынатын, қазақи түсініктен жұрдай қыз-жігіттер отыратын болды. Ұлтқа жаны ашитын азаматтарды көрмейсіз. Оның орнына қазақтың болмысына жақын, тәлім-тәрбиесі бар бағдарламаларға жол ашу керек. Әйтпесе, бұдан да өткен сора­қыны көреміз.

Біздің желөкпелер аз күндік атақтарына мәз. Той-томалаққа бойлары әбден үйреніп алған. Тек билейтін ән жаздыруға тырысады. Халық тыңдайтын ән іздемейтін халге түсті. Олар өнерді емес, тойдан табатын пайданы көбірек ойлайды. Ел жын буған бақсыдай билесе, оған басқа ештеңенің керегі жоқ. Қа­зақ өнерінің болашағына бас ауырт­пай­ды.

Композиторлар да тойға өтетін, қаржы­лай қайтарымы бар туындылар жазуға тырысады. Түкке тұрмайтын әндердің мә­тіндері де өзіне сәйкес келеді. Ешқандай мән-мағына жоқ. Бұрын-соңды атын ес­тіме­ген «ақындар» көбейді. Бір өлеңін баспасөзге басуға жарамай­тын, өлең ұйқастыра білмейтін, сөздің мән-мағынасын түсінбейтіндер әдебиетке ауыз салып жүр. Олардың орнына ата-баба мұрасына адалдық танытып, ұлттық ән-күйлерді насихаттап жүргендер хас талант­тар­ға неге насихатты күшейтпеске? Эстра­даны тазалау үшін, дәстүрлі өнерге көптеп көңіл бөлу қажет. Бұған тез арада кіріскен абзал, сонда ғана қазақ әндерінің бағы ашы­лады. Министрлік телеарналар мен баспасөз беттерін осылардан тазартпаса, эстрада өкілдерінің бетімен кеткені кет­кен.

 

Қыдырәлі БОЛМАНОВ, әнші-продюсер:

Мәселе Мәдениет министрлігінде шешілуі тиіс

– Эстрада деген түсінік осыдан он­шақ­ты жыл бұрын жоғалып кеткен. Оның ор­нына шоу-бизнес келді. Шоу-бизнеспен бірге продюсерлер пайда болып, неше түрлі коммерциялық теле-радиолар құрылды. Формат деген түсінік қалыптасты. Бірақ со­ның қайсысы ұлттық мәдениет пен ұлттық рухты қалыптастыру жолында еңбек сіңірді?

Ал ұлттық музыка, дәстүрлі өнер шоу-бизнестің ешқандай форматына жатпайды. Сондықтан ұлттық музыканы форматтап, 150 жыл бұрын өмір сүрген Құрманғазыны бүгінгі заманмен қабыстыруға тура келеді. Оның кепілі «Ұлытау» тобы. Халық сүйетін топтың тағы бірі – «МузАрт». Роза, Мақпал апаларымыз бар. Осының барлығын сызып тастап, қалай шоу-бизнес тозып барады деп айта аламыз? Екінші мәселе, осыдан 10-15 жыл бұрын Алматыда жеті сайын Мәскеуден келген әншілердің концерттері өтетін. Бү­гінгі таңда оларға сұраныс жоқ. Керісін­ше, біздің топтар жеті сайын концерт қойса да халық лық толып отырады. Бұл мысалдар Қазақстан шоу-бизнесінің дамып келе жат­қанына нақты дәлел бола алады. Меніңше, «құлдырап кетті» дегеннен, қалай дамы­та­мыз деген әңгіме маңыздырақ сияқты. Әлем­нің, Ресейдің, Қазақстанның шоу-бизнесіндегі бес қыздан немесе бес жігіттен тұратын топтардан ұлт мәдениетіне келіп-кетер ештеңе жоқ. Олар таза, коммерциялық жобалар, яғни бизнес. Бәленбай қаржы салынып, пайда табу үшін құрылады. Жағдай ұлт өнеріне еңбек сіңіріп жүрген азаматтарға жасалу керек. Тағы бір мысал, Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы қарсаңында «Ұлытау» тобымен ел аралап, концерт қой­дық. Әр облыстағы Мәдениет сарайлары 500-600 адамға арналған. Ондай залдарда өнер көрсету, жол шығыныңды да ақтамай­ды. Билетті қымбат сата алмайсыз, бағаны қымбат қойсаңыз, халықтың қалтасы кө­тер­мейді. Осыған дейін эстрада шын та­ланттардың күшімен әлемдік көштен қал­май, қиыннан жол тауып, тыңнан түрен са­лып келді. Енді тиісті орындар бір тұжы­рым­дама жасап, тығырықтан шығатын жол көрсетсін. Ол үшін ең әуелі эстраданы мәдениет саласының ажырамас бір бөлшегі ретінде қарастырып, Мәдениет министрлігі­нің құзырына өткізу қажет деп есептей­мін.

 

Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

Тәубеге келтіретін тәртіп керек

– Жоғары жақта талқыланған мәселе өте күрделі, өте орынды. Бірталай жылдан бері айтылып келе жатыр. Шешім шығара­тын құзырлы орын болса, айтылудан кенде емес. Өз басым «Эстрада өкілдеріне қам­қор­лық керек» деген бастамаға қосыламын. Бұл – біздің көптен күткен сәтіміз. Біз әй­теуір Кеңес Одағының жақсылықтарын азды-көпті көріп қалдық. Кейінгі жастарға жаным ашиды. Оқу бітірген сайдың тасын­дай іні-қарындастарымыз қайда барарларын білмей, сенделіп, той жағалап жүр. Оларды ешкім жұмысқа алмайды. Қызмет сұрап, баратын мекеме де жоқ. Барының штаты түгел. Бұрынғыдай жолдама берілмейді. Облыстарда күтіп отырған ешкімнің көкесі жоқ. «Қазақконцерт», «Гүлдер» сияқты ұжым­дардың өзі тікелей мемлекетке қара­майды. Акционерлік қоғам құзырында. Олардың өз жағдайының оңып тұрғаны шамалы. Егер халық қалаулыларының тілегі қабыл болып жатса, кейінгі буын үшін қатты қуанар едім. Әрине, соңымыздан еріп, ізімізді басып келе жатқан жастардың барлығы бірдей төрт аяғын тең басқан жорға деп асыра мақтай алмаймын. Мәжі­лісте айтылғандай, өзге ұлттардың әнін ұрлап немесе көшіріп қайталап жүрген орындаушыларымыз баршылық. Оны осыған дейін қадағалаған, бақылаған ешкім жоқ. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмағаннан кейін жастарымыз ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, ойына келгенін істемегенде қайтеді?! Бәрін жөнге салатын, тәубеге келтіретін тәртіп болғаны дұрыс.

Республика сарайының жалға алу бағасы да адамды ойландырмай қоймайды. Өзім 2004 жылы шығармашылық концерт бергенмін. Қазіргі бағамен талай адам «бір той жасап бере алмай» өмірден өтіп кететін сияқты…

 

Өктем АЛТАЕВ, әнші:

Әркім өз ісімен айналыссын

Қазір бүкіл дүниежүзінің эстрадасы, соның ішінде қазақ эстрадасының да тоқырауға ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Оған себеп мынадай:

1. Ән әлеміне мүлде қатысы жоқ, әнді еріккеннің ермегі деп санайтын қалталылар көбейіп кетті. Олар нағыз әншілердің жо­лын бөгеп отыр. Оған қоса, «ән – шай­тан­ның ісі» деп қарайтын топтар пайда бол­ды.

2. Сахна майталмандарының өмірден озуы да кері әсерін тигізбей қоймайды. Бүкіл әлемге ән арқылы ықпалы жүрген поп музыканың королі Майкл Джексон мен Ютни Хюсьтонның, өз еліміздегі Мәди­на Ералиева және басқа болашағынан үлкен үміт күткен жастарымыздың жол апа­ты­нан қаза болуы – шоу-бизнесті ай­тарлықтай дағдарысқа тіреді.

3. Ән – түрлі көңіл күйдің әсерінен туатын дүние, яғни жүректің үні мен тілі. Осы тұрғыдан алғанда табиғи катаклизмдер, тосын апаттар, сондай-ақ өткен жылғы ел арасындағы ақырзаман туралы тараған дақ­пырт сөздер мен өсектер, алып-қашпа әң­гі­мелер, бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыстар адамдардың да, музыкант­тардың да мінез-құлқына кері әсер етті.

4. Ешқандай музыкалық білімі, ақын­дық қасиеті болмаса да өзін-өзі ақын-ком­позитор санайтындар саны артты. Өлеңге мән бермейтін, жеңіл-желпі әуен мен арзан сөзге құралған, ұлттық колориттен алыс жатқан әндер эстраданың абыройына дақ түсіріп отыр. Ақын мен композитор бір-бірінің не айтқысы келгенін ұқпайтын жағдайға жетті.

5. MP3 концерттерден де аяқ алып жүре алмайсыз. Дәстүрлі әннен хабары жоқ, Ақан сері мен Біржан салды танымайтындар жұлдызға айналды.

6. Басында топ болып шығып, елге танылып, кейіннен бөлініп кетіп жатқан тұрақсыз әншілер мен ақша табудың оңай жолын тапқан продюсерлік жобалардың дәурені жүріп тұр.

7. Сахна мәдениетін құрметтемей, қалтасына қолын салып, ән айтушылар бой көтерді. Алдыңғы буынды ұмытып кету, болмаса оларды менсінбеу, үлкендермен санаспау, керек десеңіз, жолын кесіп, қағып-соғып өте шығу сияқты менмендік мінездер қалыптасты.

Менің ұсынысым – эстарада даму үшін, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, әркім өз ісінің маманы болуы тиіс. Әркім өз ісімен айналысса екен. «Ешкі сойса да, қасапшы сойсын». Сонда қазақ эстрадасы бүгінгідей төмен дәрежеде құлдырамас еді.

 

Беттi дайындаған – Қаншайым Байдәулет, Айтжан Салықұлы’

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: