Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

37f4b8Амалбек ТШАНОВ, Республикалық спорт колледжінің директоры, мемлекет және қоғам қайраткері:

 

– Амалбек аға, бүгінде спорт колледжін басқарып отырғаны­ңызбен, бұрын құрылыс саласын­да істегеніңізден хабардармыз. Сондықтан құрылыс саласындағы мәселелерге де тоқтала кетсек. Қазір тұрғын үйге қатысты бағ­дар­лама көп, алайда олардың аяқсыз қалуы әдетке айналып барады. Тіпті «Тұрғын үйді модернизациялау» мемлекеттік бағдарламасына қатысты туын­даған шудың соңы сотқа дейін жетіп жатыр. Тіпті бүгінгі күні мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген 9,5 миллиард теңгенің игерілмей қалғаны белгілі болып отыр. Осы орайда мемлекеттік бағдарламалардың аяқсыз қалуы­ның сыры неде деп ойлай­сыз?

– Мемлекеттік бағдарламалардың аяқ­сыз қалуының басты себебі – жұмыстардың жүйелі жүргізілмеуінен деп ойлаймын. Мемлекеттік бағдарламалардың қабыл­данғаны дұрыс, алайда одан әрі оның талапқа сай жұмыс істеуін қадағалауда мемлекеттік органдар әлсіздік танытуда. Ешкім өзіне жауапкершілік алып отырған жоқ. Негізі, «Тұрғын үйді модернизация­лау» бағдарламасы жақсы бағдарлама еді. Еліміздегі тозығы жеткен талай үй осы бағ­дар­ламаның арқасында жаңарып қалар еді. Бірақ бақылаудың жоқтығынан жап-жақсы бағдарламаға қатысты шу көбейіп кетті. Кезінде құрылысқа жауапты тоғыз министрлік болды. Әр министрлік өз саласы бойынша жауап беретін. Бірі – жол құрылысына, енді бірі – үй құрылысына, үй құрылысының ішінде де сала-сала бойынша өз міндеттері болатын. Ал қазір бір компания қағаз жүзінде құрылады. Оның ештеңесі жоқ, тек жоғарыда бір «кры­­шасы»  бар. Бітті. Сол компанияның иесі тендерді жеңіп алады. Немесе жұрттан қаражатты жинап алады да, үйді тұрғыз­бастан жоқ болып кетеді. Қазір халық шулап жүр. Небір аты дардай, көпке белгілі азаматтар халықтың қаражатын жинап алып, қашып жүр. Ал оларға мемлекет тарапынан шара қолданылып отырған жоқ. Маған сол азаматтар кейде мемле­кеттің бәйбішесінен туған балаларындай әсер етеді. Олар халықтың ақшасын қалта­ға басады, сосын мемлекет оларға әлгі бастаған ісін аяғына жеткізсін деп тағы қаражат береді. Бұдан үлкен қандай ұрлық керек? Халық бар жиған-тергенін оның алақанына салып береді, ал ол соны қал­тасына басып, мойнына алған үйін бітір­мей қашып жүреді. Ал оны көрген кейбір құрылыс компаниялары ертеңгі күні салып жатқан құрылысын тоқтатып, мемле­кетке алақан жайып, қарап отырады. Өйткені жаман әдет жұқпалы болады. Осы мәсе­лені ең болмаса Парламент депутат­тары қолға алып, арнайы жұмыс тобын құра­йық, бақылауға алайық деп жатқан жоқ. Не басқа бір құзырлы орынның айналысып жатқаны көрінбейді. Мұндай заңсыздық­тың бәрі Елбасының құлағына тиіп, «неге осылай» деп пәрмен бергенде ғана тиісті орындар қимылдай бастайды. Негізі, құрылыс салатын компанияның мүмкіндігі барлық жағынан тексерілуі керек. Құрылыс компаниясы қанша жылдан бері құрылыс­пен айналысып келе жатыр, айналымдағы қаражаты жеткілікті ме, техникалық мүм­кін­дігі қаншалықты деген секілді жан-жақты  барлық мүмкіндігі ескерілуі керек. Ал көбісі «көкесі» арқылы келіп құрылыс­пен айналысады да, мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны қалтасына басып, жұ­мысты шала-шарпы бітіріп, тайып тұрады. Немесе өзі әлдебір компанияның атын жамылып жүріп ұтып алады да, сол қаржы­дан керегінше алып, қалғанына біреулерді жалдайды. Біреуден-біреудің қолына өткен қаржыға қайбір оңған үй тұрғызыла­ды?! Зардабын қара халық тартады. «Тұр­ғын үйді модернизациялау» бағдар­ла­масы аясында қаншама ақша халықтың мойны­на ілінді, ал жөндеуден өтті деген пәтерлері бұрынғы күйіне зар болап тұр. Мен де кезінде құрылыспен айналыстым. Біздің кезімізде құрылысқа талап қатаң болатын. Мемлекеттік қадағалау жүргізетін «Госст­рой» мекемесі болды. Аталмыш ұйымның өкілі тұрғызылып қойған үйдің кез келген жерін бұзып, сапасын тексеретін. Тіпті құ­рылыс арасындағы дәнекерлеу жұмыс­тарының қаншалықты сапалы жүргізілгенін ортасындағы арматурасына дейін тесіп, тексеретін. Егер салынған үйдің бір жері дұрыс болмаса, бүкіл үйді қабылдамай тастайтын. Мұндай жағдайда бірден би­ліктің, партияның көзіне түсесің. Ол деген сөз – «шаруаң бітті» деген сөз. Партия тара­пынан қатаң жазаланып, жұмыстан да айрылуың мүмкін. Қазір неге осындай талап қоймасқа?!

– Қазір қай салада жемқорлық­тың етек алғаны белгілі. Оның дәлелі –  әр саладағы шенеунік­тер­дің қамалып жатуы. Алайда жемқорлықпен қанша күресіп жатсақ та, әзірге оның нәтижесі көрінетін емес. Жемқорлар да азаяр емес. Осы орайда жемқор­лықпен күресті қайтсек нәтижелі қыламыз?

– Кеңес Одағы кезінде де жемқорлық болды. Онымен өз дәрежесінде күрес те жүргізілді. Бірақ ол кезде әрбір қызметкер­дің мемлекет, халық пен партияның ал­дын­дағы жауапкершілігі жоғары болатын. Әрбір азамат өз қызметіне жауапты көзбен қарайтын. Өйткені бәрі партияның қада­ғалауында болатын. Бір газетке бір тұлғаны жемқорлыққа қатысы бар деп шығаратын болса, ол жағдай еш ескерусіз қалмайтын және мәселе сол сәтте шешілетін. Қазіргі­дей емес, газетте жарық көрген әрбір ма­қалаға жоғары жақтан сұрау болатын. Шенеуніктерді құр қамай берумен іс шешілмейді, жемқорлық та азаймайды. Ең бастысы, қоғамда қатаң тәртіп, қадағалау болуы керек. Бұл жерде тағы бір айта кететін нәрсе – әрбір мемлекеттік қызмет­кер өзін этикалық тұрғыда жоғары ұстап, өзгелерге үлгі көрсете білуі қажет. Олай бол­маған жағдайда ол халықтың мемле­кет­тік қызметке деген сенімін азайтады. Екіншіден, жемқорлықтың ең үлкен жауы – жариялылық.

Осы орайда айта кетер жайт, Кеңес Ода­ғы тек ұлттық идеологиямызға ғана кері әсерін тигізді. Ал басқа жағынан біз қағажу көріп, Кеңес Одағының жаманды­ғын көрген жоқпыз. Бұл, әрине, Кеңес Ода­ғын аңсау емес. Бірақ Кеңес Одағын­дағы  жүйенің кейбір тұстарын алып қалудан біз ұтылмас едік. Менің әкем Ұлы Отан соғысының ардагері болған кісі. Мен үй болып, шаңырақ көтерген кезімде әкем зейнетақысын жинап, маған Румынияның жиһазын алып берді. Ал қазір қай зейнет­кердің зейнетақысына шетелдік жиһаз сатып алуға болады, айтыңызшы?!

– Соңғы кезде заңдарға қажет­ті, қажетсіз өзгерістер жиі енгізіле­тіні жайлы сөз болып жатыр. Өзіңіз де бір кездері Мәжілісте депутат болдыңыз. Осыған орай Мәжілісте талқыланып, қабылданып жатқан заңдар жайлы не айтар едіңіз? 

– Бір қарағанда, заңның бәрі жақсы. Бі­рақ заңды жасаған ведомстволар өздерінің заңнан айналып өту жолдарын қарасты­рады. Негізі, заң ешкімге бағынбайтын, тура, бір шешімі ғана бар болуы керек. Бір заңның аясында бір жылдан он бес жылға дейін үкім кесуге болады. Яғни біздің заңдарымыз әркімнің өз ыңғайына қарай иілуге бейім. Заң мұндай болмауы керек. Мынандай қылмыс жасасаң, мынандай жаза аласың деген заңның бір ғана шешімі болуы керек. Мәселен, өткен аптада Түлкі­баста тұратын менің туған әпкемнің неме­ресін біреулер сегіз жерден пышақтап өлтіріп кетті. Аямай өкпе, бауырын тесіп, сегіз жерден пышақ тығу үшін қандай жауыз болу керек сонда? Абайсызда өлті­ріп алса, сөз басқа, ал жауыздықпен сегіз жерден пышақ тығуды еш ақтап ала ал­май­сың. Бірақ бүгінгі күні ақшалы туысқан­дары араласып, статьясын өзгертіп, жеңіл­дік беру жағын қарастырып жатқанын естіп отырмын. 22 жасар жап-жас жігіттің өмірін қиған қанішерді де біздің заңда­ры­мыз арқылы жазасын жеңілдетуге болғаны ғой. Осы секілді заңдарымыз күштінің илеуіне қарай өзгермеуі қажет. Адам өмірінен артық ештеңе жоқ.

– Мәжілісте депутат болып жүрген кезіңізде спорт саласына өз еркіңізбен кеткіңіз келген екен. Бүгінде сол қалаған салаңыздың бір пұшпағын ұстап отырсыз. Осы орайда, спорт саласын да әңгіме­мізге арқау қыла кетсек. Жалпы, ел тарихындағы мықты спортшы­лар­дың барлығы ауылдан шық­қаны белгілі. Алайда бүгінгі күні ауыл спортының жағдайы мәз емес. Арнайы спорт залдары жоқ, денешынықтыру пәні сағат жет­пеген мұғалімдердің өзара бөлісіп алатын пәніне айналған. Мұндай жағдайда біз болашақта Олимпиадада жеңімпаз атанып, елдің атын шығаратын спортшы­лар­ды ауылдан шығара аламыз ба?

– Мен де ауыл баласымын. Кезінде бізде неміс тілінің арнайы мұғалімі  болған жоқ. Бірақ неміс тілін білмейтін бір аға­мыз неміс тілінен сабақ берген еді. Қазіргі кей ауылдардағы спорттың жағдайы соны елес­тетеді. Спорттан хабары жоқ болса да, денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Осындай жағдайда біз ауыл спортын кө­тер­гіміз келеді. Бұл – ауыл спортының бү­гін­гі жағдайы.

Жалпы, бүгінгі күні спорт саласына ме­м­лекет тарапынан жақсы жағдай жасалып жатыр деуге болады. Елбасының да халық­тың 30 пайызын спортқа тарту туралы тапсырмасы бар. Мұны жүзеге асыру үшін елімізде біршама жұмыстар атқарылуы керек. Ауыл спортын дамыту үшін міндетті түрде ауылдарда спорт кешендері болуы қажет. Ең болмаса халықтың қарасы мол, үлкенірек ауылдарда спорт ғимараттарын салу керек. Оған соншалықты көп қаржы да керек емес. Мәселен, мен құрылыс­шымын. Бір ауылға спорт кешенін салу үшін қанша қаражат керек екенін білемін. Қазір құрылыс материалдарының түрі көп. Штанга көтеріп, бір мезгіл волейбол, баскетбол ойнау үшін, бокспен, күреспен айналысу үшін спортзалға соншалықты көп қаржы да қажет емес. Сондай-ақ ауыл­ға жаттықтырушылар керек. Кеңес Одағы кезінде ауылға маман тартудың жолдары жақсы қарастырылған еді. Бар­ған жеріңде міндетті түрде баспана беріп, біржолғы ақшалай жәрдемақы төленетін. Ауылға барған жас маманның айлығы да қаладағы маманға қарағанда 40-50 па­йыз артық болуы керек. Осындай жолдар­мен ауылға бапкер тартуымыз қажет. Ал олар ауылға барып, белгілі бір спорт түрін сол ауылда дамытуға атсалысса, ауыл спортын дамытқанымыз сол болар еді. Осындай кешенді шараны қолға алғанда ғана біз ауыл спортын дамытып, ел намы­сын қорғайтын спортшыларды дайындап шыға аламыз. Негізі, спортқа елеулі үлес қосатын ауыл балалары екені рас. Өйткені қаланың баласы компьютердің тышқаны мен қаламнан басқа ештеңе ұстамайды. Ал ауыл баласы жастайынан еңбекке ара­ла­сып, шынығып өседі. Қаланың баласы спортпен айналысқан күннің өзінде суда жүзуге, тенниске баруы мүмкін. Жалпы, қаланың баласының физикалық мүмкін­діктері ауыл баласына қарағанда төмен. Ауыл баласы туғаннан жұмыс істейді. Бақ­ша шабады, отынға барады, малды жай­ғайды, тағы басқа жұмыстармен айналы­сып, жастайынан ауыр еңбекке араласады.

Осы орайда айта кетер жайт, біз биыл спорт мектебін заңды түрде ашып, бірінші рет 7-сыныптан бастап ауыл балаларын мектеп-интернатқа қабылдауды бастамақ­шымыз. Мен қазір бапкерлерімді барлық облыстарды аралауға жіберіп, қолдарына біздің спорт мектебінде, колледжде қан­дай мамандықтар бойынша дайындай­тыны туралы мәліметтер жазылған буклет­тер беріп, ауылдарды аралауға жіберіп жатырмын. Әлі де болса ауылдағы ата-анаға мұндай мәліметтер жеткіліксіз болып отырған секілді. Әйтпесе біздің мектепте жатақхана тегін, тамақ тегін, жылына бір рет жақсы спорт киімдерін де тегін тара­тамыз. Спортқа бейімді балалары бар, бірақ оларды оқытуға жағдайы жоқ ата-аналар мұны естісе қос қолдап қолдай­тынына сенемін. Колледжге таңдап қабыл­дағанымызбен, мектепке бойы ұзын, талабы бар, жігері мықты балалар болса жаттықтырушылар көріп, сынақтан өткізіп, мектепке қабылдайды. Бұл жерде олар жақсы тәрбие алып, шынығып, білім де алып шығады. Мен нағыз Олимпиада чем­пион­дары солардың арасынан шығатыны­на сенемін. Мектепке 7-11-сыныптарға бала қабылдаймыз. Мектепте жақсы нәтиже көрсеткен балаларды тағы үш жыл колледжге қалдырамыз. Біздің колледж бітірген балаларға диплом беріп, егер ол одан әрі өзін дамытқысы келсе, Спорт және туризм академиясына келісімшартымыз бар, сол жерде үшінші курстан бастап оқуын жалғастырады. Сонда 7-сыныпта қарамағымызға келіп түскен бала акаде­мияны бітіргенше он жыл бойына бізде тәрбиеленіп, спорттың белгілі бір саласы бойынша жетістікке жетер еді. Бұдан артық баланың спортпен айналысуына қандай жағдай жасау керек?! Ауылдағы ата-ана­лар осыны дұрыс түсінсе, біз оларды құшақ жая қарсы аламыз. Ауылда нағыз қазақы қасиетті бойына сіңірген, қазақтілді, ұлт­жан­ды жастар келіп, спортпен шұғылда­нып, ел спортының дамуына үлес қосса, біз осы ұлтын сүйер ұландардың болаша­ғын спортпен байланыстыра білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені орысша ойлап, орысша сөйлейтін адам ұлтын жеткілікті дәрежеде сүйеді деп айту қиын.

– Бір сөзіңізде «арманым Олимпиада спортшыларын даярлап шығу» деген екенсіз, қазір әлемдік дүбірлі додаларда спортшыларымыз орын алып, Қазақстанның туы желбіреп жатса да, солардың арасында қаракөздеріміздің аз болуы көңілге қаяу түсіретіні жасырын емес. Мұның себебі неде? Қазақ баласы спортқа бейім емес пе, жоқ әлде баласын спортқа беретін ата-аналар аз ба?   

– Халықты барынша спортқа тарту керек. Кейде ата-аналар баласының белгілі бір спорт түрлеріне икемінің бар екенін біле тұра, спорт саласына мойын бұрғызбай жатады. Біздің мемлекетімізде жақсы спортшыларға өте қомақты сый-сияпат жасалып жатыр. Соңғы Олимпиа­дада жеңіске жеткен спортшыларымызға 250 мың АҚШ доллары берілді. Біз секілді Олимпиада жеңімпаздарына сый-құрмет жасап жатқан елдер сирек. Осыны ата-аналарымыз түсінсе екен.

– Олимпиада чемпиондарына жағдай жасалып жатқаны рас, бірақ халықтың спортпен айналысуына жағдай жасалып жатыр ма? Мәселен, қазір елдің бәріне бірдей спортпен шұғылда­нуға мүмкіндік те жоқ. Жекеше­лен­ген спорт кешендерінің есігі өзгелерге тарс жабық. Елбасының өзі Олимпиада кезінде салынған спорт ғимараттарын халық игілігіне жарату жайлы қадап айтқанымен, іс жүзінде әлі қолға алынар емес. Фитнес клубтардың, спорт кешендерінің бағасы удай қымбат, ал мұндай жағдайда халық пен спорттың арасын қалай жақындатамыз?

– Осындайда еріксіз тағы Кеңес Одағын еске алуға тура келеді. Кеңес Одағы кезінде әрбір мөлтек ауданның ортасында спорт алаңдары болатын. Оған қалаған адам барып, жүгіріп, шынығып, волейбол, бас­кетболын ойнай беретін. Ал қазір олардың бірі жоқ. Тіпті үйлердің арасынан бір шаршы метр бос жер табу мүмкін емес. Бір кездері балалар шыныққан алаңдар дүкен, бизнес орталығына айналған. Мұның бәрі әкімдердің ісі. Әлі күнге жаңадан пайда бо­лып отырған аудандардың бас жоспа­рын бекіту кезінде халықтың жаппай спортпен айналысуына жағдай жасалуы қажет. Кез келген үйдің жертөлесін әрлеп, ринг апарып қоя салса, балалар кешқұрым жиналып алып жұдырықтасса, балалардың бокспен шұғылдануына мүмкіндік туар еді. Елбасы айтқандай халықтың 30 пайызы спортпен айналысатын болса, сол 30 па­йыз халық мүлдем ауруханаға бармас еді. Мұның бәрін жергілікті басшылар ойлас­тыруы керек. Осы орайда айта кетер жайт Кеңес Одағы кезінде ірі үш қалаға спорт кешенін салу жоспарға енді. Сол кезде сон­дай спорт кешенінің бірі Алматы қаласы­ның Жолдасбеков пен Достық көшелерінің қиылысына тұрғызылатын болды. Салына­тын орын да көрікті, халық көп жиналатын жерден орын алды. Аталмыш кешеннің 80 пайыз жұмысы бітіп тұрған кезде құрылыс кілт тоқтап, бәрі қайтадан бұзылып, бизнес орталықтарына айналып, қайта бой көтере бастады. Қан­дай әдемі кешен еді. Мен соны арнайы ба­рып көргенмін. Халықтың игілігіне лайық, кем дегенде 5 мың бала­ның емін-еркін жаттығуына, спортпен айна­лы­суына мүмкіндік туар еді. Міне, біздің кей­бір шенеуніктердің спортқа деген көз­қарасы.

 

Алашқа айтар датым…

Тәуелсіздік алып, Қазақ деген ел атанып, қуанып жүрміз. Бірақ біз қазақ деген ұлт болып қалыптаса алдық па? Өзіміздің ұлттық қасиеттерімізді танытып, ұлттық ерекшелігімізді көпшілікке көрсете алдық па? Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтті. Алайда қазақпыз деп бөркімізді аспанға атып жүргенімізбен, осы уақыт ішінде ұлттық ерекшелігімізді сақтап, басқаларға оны көрсете алдық па? Сыртқа көрсетпек түгіл біз ішімізде оны сақтай алмай отырмыз. Ұлт болуы үшін оның тілі, діні, салт-дәстүрі, ұстанымы, ұлттық ерекшеліктері, сол ұлтқа ғана тән қасиеттері болуы керек. Осының бәрін сақтаған елдің ғана болашағы зор болады. Әлемдегі ең дамыған елдің бірі – Жапония елі. Аталмыш елдің ата-бабасынан қалған бірде-бір дәстүрі өзгермеген. Басқасын айтпағанда, олар үйлерінде жерге отырып тамақ жейді. Ал бізде қай қазақ жерге отырып тамақ жейді, айтыңызшы? Тіпті жапондар ұлттық тағамдарын қолмен жейді. Ал біз ұлттық тағамымыз етті қасықпен жейміз. Қолмен жесек, ол басқаларға ұнай ма, сырт көзге басқаша, өрескел көріне ме дегенге бас ауыртамыз. Мәселен, ауылда жеңгелеріміз алдымызды кесіп өтпейді. Соның өзі үлкен тәрбие. Ер адамның алдын кесіп өтпеу, мейлі ол кішкентай бала болса да алдына кесе-көлденең тұрмау арқылы қазақ халқының ер адамға, әкеге деген құрметін білдіріп тұр. Жеңгелерім әлі күнге «Мырзажан» деп, атымды атамайды. Бұл ұлттың сыйластығын, мәдениеттілігін білдіретін асыл қасиет емес пе?! Ал біз неге сол ғажайып ұстанымымыздан айрылып қалдық? Еліктегіштігіміздің арқасында айрылып қалдық. Шын мәнінде, біз еліктеп жүрген ұлттарда ондай асыл қасиеттер мүлдем жоқ. Қазақ бәріне ұқсағысы келеді, тек өзіне ұқсағысы келмейді.

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz/person/43749/

 

Рубрика: