Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазір көптеген елдер­де ерекше маңызды шара­лар волонтерлердің араласпауынсыз өтпейді. Кез келген айтулы шара­ның басы-қасында қоғам игілігі үшін барын салып, әр іске үлес қосуға дайын тұратын альтруист азаматтар жүреді. Бойын­да патриоттығы бар, ел дамуына үлес қосқысы келе­тін азаматтар Қазақ­стан­да да бар. Алайда, өкінішке қарай, олардың ұйымдасуы, жұмыс жасау механизмі әлі жолға қойылмаған.

Қазақстанда волонтерлер бар ма деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, екіұшты жауап беруге болады. Бір жағынан бел­сенді азаматтар бар, алайда олардың ұй­ым­дасуы – өте нашар деңгейде. Қазақ­стан­дағы волонтерлердің нақты саны да белгісіз. Олардың қызмет ету аясы мен шоғырланған саласы туралы нақты ақпа­рат жоқ. Оған қоса, волонтерлік ұйымдар­дың басым бөлігі өз әріптестері туралы біл­мейді, өзара байланыс жоқ. Оның үсті­не, дәл қазір Қазақстанда волонтерлік қыз­мет ұғымы өзгешелеу мәнде қарасты­ры­лып жүр. Оның себебі 2009 жылғы ха­лық санағын жүзеге асыру үшін, сондай-ақ саяси сайлауларды насихаттау шарала­рын­да, 2011 жылы қысқы Азиада ойын­да­ры барысында қонақтарды қабылдау үшін «волонтерлер» деген атпен жастар іске көптеп тартылды. Оларға азды-көпті ақша төленіп жатты. Қысқасы, бұл волон­тер­ліктен гөрі, уақытша жалдамалы жұ­мыс­керді көбірек еске түсіреді. Ал кеңес кезінде еріктілерден құралған сақшылар тобы (дружинник) болды. Алайда ол, не­гі­зінен, қоғамдық тәртіп мәселесіне ғана қатысты болды.

Ал кең мағынадағы волонтерлік мұн­дай саяси науқан кезінде ғана төбе көр­сетіп, артынан жоғалып кетпейді. Волон­тер­ліктің қарапайым тілдегі баламасы – ұйымдасқан түрде қайырымдылық жасау. Ендеше ол тұрақты болу керек. Дәл қазір волонтерлердің ұлттық жүйесін қалып­тастыру маңызды болып отыр. Сол арқылы Қазақстандағы еріктілердің қызметін реттеп отыруға болады. Мәселен, белгілі бір кәсіпкер немесе саудагер азамат бос уақытында қоғамдық істерге араласып, қайырымдылық шараларға үлес қосып, елінің дамуына өз қолымен еңбек сіңіруді қалайды. Алайда оны қалай жүзеге асыру керектігін біле бермейді. Оның үстіне «жал­ғыздың үні шықпас» деген бар. Сон­дықтан дамыған шетелдерде әр істегі қа­йырымдылық шараларын жүзеге асыра­тын волонтерлер топтасып, бір-бірімен бай­ланыс ұстап отырады. Қажетті жағдай туа қалғанда бір кісідей атсалысып, кез кел­ген жүкті жұмыла көтереді.

2010 жылдың наурыз айында Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында бол­ған сел апаты әркімнің-ақ есінде. Бір ауыл­ды су алып, балалар аш-жалаңаш күйде түнейтін жер таппай жүргенде оларға қол ұшын бергісі келетін қазақстандықтар аз болған жоқ. Соған қарамастан алғашқы күндері үйсіз-күйсіз далада түнегендер болды. Мұның жалғыз ғана себебі бар: бізде қайырымдылық көрсетудің дәстүрі, жүйесі, жолдары қалыптаспады. Зардап шеккендерге көмек көрсету шараларын тез арада қолға алатын мекеме табыл­ма­ды. Ал ерікті азаматтар бір-бірін іздеп таба алмайды. Яғни жүйесіздік көрініс беріп отыр. Сондықтан бізге волонтерлердің ұлт­тық жүйесін қалыптастыру қажет. Өз мүмкіндігіне, икеміне қарай қоғамға пай­дасын тигізуге дайын тұратын азаматтар, әсіресе жастар қауымының тізімі жасалып, бір мекеменің серверінде сақтаулы тұр­сын. Волонтерлікті міндетті түрде мемле­кет­тік мекеме жүзеге асыру қажет деген та­лап жоқ. Бұл міндетті қоғамда беделі бар Үкіметтік емес ұйымдар да жүзеге асыра алар еді. Осы бағытты көздейтін ар­найы ұйымдар құрылып жатса, мемлекет тарапынан қолдауға ие болғаны жақсы.

Әрине, бұл мәселеде қатып қалған ба­ғыт болмайды. Қоғамға пайдасын тигізуді қалайтын азаматтар өз мүмкіндігіне, ше­берлігіне қарай кез келген салада үлес қоса алады. Волонтерлік дәстүрі мықты қалыптасқан Британияны мысал етсек, бұл елде еріктілер тобы ең алдымен қайырым­дылық мақсатта қаржылай және заттай көмек жинауға атсалысады. Екіншіден, түрлі пайдалы шараларды, сенбілік, ағаш отырғызу, жастар арасында спорттық ой­ындар өткізу сияқты бастамалар көтереді. Жастар арасындағы волонтерлік істерге бел­сенді араласып, жиі бастама көтере­тін­дерге ақшалай сыйақы, ынталандыру сый­лықтары да беріліп жатады. Яғни адам­дары ізгілікті ұмытпаған әл-Фараби­дің «Қайырымды қаласына» айналу үшін де осындай риясыз еңбектің дамуы – ма­ңызды қадам.

Замир Каражанов, саяси шолушы:

– Волонтерліктің дамуына кедергі болып отырған екі мәселе бар. Алды­мен, заңдық тұрғыда кедергі жасап тұр­ған жайттар кездеседі. Екіншіден, жер­гі­лікті менталитетті де ескеру керек сияқты. Волонтерлік дамуы үшін қо­ғам­дағы әртүрлі таптардың арасында бір-біріне деген сенім болу керек. Во­лон­терліктің дамуына қоғам жауапты. Оған мемлекет көп араласа алмайды. Қазір қайырымдылық жасауға дайын отырған азаматтар жоқ емес. Мәселен, теледидарда біреулердің қиындық кө­ріп жатқаны айтылса, оған демеуші бо­лу­ға ниет танытатын азаматтар та­бы­лып жатады. Осының өзі – жетістік. Ал­ай­да сол азаматтар белгілі бір бас­та­ма­ны көтеріп шыққан жұмыс тобына сен­бейді. Сондықтан бұл мәселені қо­ғам­ның рухани дамуының деңгейі­мен байланыстыру керек. Тек әлеуметтік мәселелерді ғана емес, экология, таза­лық мәселесіне де бастамашылдар көп болғаны жақсы. Біздің қоғам, жеке азаматтар өзінің жауапкершілігін әлі толық түсінбейді. Екінші жағынан, үкі­мет­тік емес ұйымдар да белсенділік таныта алмай отыр. Мемлекет волон­тер­лікті дамытқысы келсе, осы үкіметтік емес ұйымдар арқылы әсер ете алар еді. Мемлекеттік тапсырыстар арқылы көптеген проблеманы қоғамның өзі шешуіне мұрсат беру қажет. 

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Волонтерлікті дамыту тақырыбы 90-жылдан бері көтеріліп келеді. Бұл бағытта арнайы жобалар да болған. Менің ойымша, Қазақстандағы волон­терліктің дамымауының басты себебі – тұрғындарының әлеуметтік жағдайы­мен байланысты. Себебі адамдардың әл-ауқаты жақсарған сайын олардың қолдары босай бастайды. Сонда олар да ерікті түрде қоғам дамуына үлес қос­қысы келеді. Жеке идеяларын жүзе­ге асырғысы келеді. Ондай мүмкіндігі жоқ адамдар күнделікті тіршілігінен ары істерге бара алмайды. Ал заңдық тұр­ғыдан ешқандай кедергі көріп отыр­ған жоқпын. Мәселен, «Ұлт тағды­ры» қозғалысы ата-аналарға балала­рын қазақ мектебіне беруге үгіттеу жұ­мыс­тарын жүргізген болатын. Сол кез­де біз еліміздің аймақтарын аралап А.Бай­тұрсынов, Б.Момышұлы сынды қай­раткерлердің насихат сөздері жа­зыл­ған плакаттар тараттық. Бірақ соны іліп шығуға еріктілер өте аз болды. Яғ­ни мұны бір жағынан азаматтық қоғам­ның дамуымен байланыстыру керек.

Автор: Сәкен КӨКЕНОВ

 

http://alashainasy.kz/politics/41568/

Рубрика: