Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Кешелі бергі еліміздің Статистика агенттігі таратқан ақпарат бойынша, нақ қазір Қазақ елінде сүт және сүт өнімдерімен, балық және балық өнімдерімен ауқаттанатындардың қатары көбейген. Мысалы, сүт өнім­де­рімен қоректену жыл сайын әр адам басына 54,6 келіні құраса, балық және балық өнімдерімен қоректену де осы көрсеткішті маңайлапты. Маң­ғыстау, Атырау облыстарын былай қойғанда, Павлодар, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары халқының басым бөлі­гі сүт өнімдерімен және балықпен қоректенуді қанағат тұтып отырған жайы бар.

Жалпы, деректер халықтың 25-30 пайызының ғана толыққанды ет және ет өнімдерімен ауқаттануға әлеуеті бар екенін көрсетіп отыр. Ал арнайы ма­ман­дар­дың бұл үрдіске өзіндік айтары да бар. Ма­мандардың байыптауынша, «қаны – қымыздан, жаны еттен жаралған қазақтың сүт пен балықты місе тұтуы ұрпақтың ұсақталуына, денсаулықтың төмен­деуіне, халықтың ғұмыр жасының өсімінің шектелуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін».

Ресей неге қазақтың ас-ауқатын санамалады?

Өткенде Кедендік үштікті желеу етіп Ресей­дің әлеуметтанушылары қазақ халқының ай сайын қанша келі ет, қанша литр сүт, қанша бөлке нан тұтынатынын бір мәрте есепке тізіп алған-ды. Сол Ресей елінің әлеуметтанушыларының тізбе­ле­уін­ше, біз қазір жыл сайын жан басына шаққанда 40-45 келі ет, 100 келі нан, ай сайын жан басына шақ­­қанда 60 литрдей сүт тұтынады екенбіз. Ал бұл көрсеткіш көп пе, әлде аз ба?

Бұл турасында отандық мамандардың дені: «Ресей сарапшылары жайдан-жай қазақтың ас-ауқа­тын тізбелеп отырған жоқ. Қазір әлем халқы азық-түлік дағдарысына ұшырамаудың барлық тәсіл­дерін қарастыруда. Осы тұста біз де қарап қалмай: Қазақ­стан жұрты қалай тамақтанады? Қала хал­қы қанша ет тұтынады? Ауыл халқында бұл көр­сеткіш қандай деңгейде? Ай сайын қанша келі нан жейміз? Міне, осылардың есебін шығаруға асы­ғуы­мыз керек. Біз, керісінше, бұған жайбарақат қарап отырмыз», – дейді.

Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономист-ғалым:

– Қазір әлем жұртшылығы азық-түлік дағдарысына ұшыраудың алдында тұрғанда Үкіметтің күнде бас ауыртып ойланатын өзекті жайттарының бірі осы болуы қажет. Бір айда халыққа қанша ет, сүт, нан қажет? Жалпы, халық ай сайын қанша мөлшерде азық-түлік тұтынады? Отандық өнімнің үлесі қанша? Осы жағы есепке алынуы тиіс. Бізде Статистика агенттігі бұл мәліметтерді бір жылға кешіктіріп барып есептейді. Мысалы, 1960-1970 жылдары Қазақстан халқы адам басына шаққанда жылына 45-50 келі ет жепті. Ал 1990 жылдары бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жеткен. Ал қазір «қазақтың саны өсіп жатыр» дейміз, адам басына шаққанда бір жылда орташа жейтініміз – 45-47 келі ет. Бағамдасақ, 1960 жылғы көрсеткішке дейін төмендеп кеткенбіз. Біз нанды пайдалануда да жоғары көрсеткішке жетпеппіз. 1960 жылы 140 келі нан жесек, қазір адам басына шаққанда жыл сайын 122 келі нан жейді екенбіз. Бұл көрсеткіш – қазақ үшін өте төмен дәреже.

Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, біздің қазіргі ет жеудегі көрсеткішіміз – өте төмен дәрежеде. Бұған мамандар табиғи сүт және сүт өнімдерін тұтынудағы әле­уетіміздің де мәз еместігін қосып қойды. «Өйткені қазір ішкі нарығымызға келіп түсетін сүт және сүт өнімдерінің 85 пайызы сырттан әкелінеді. Олардың дені құрғақ сүттерден жасалады. Құрғақ сүттен жасал­ған өнімнің құнарлылығы төмен, ден­саулыққа қажетті қоректерді 100 пайызға бөліп шығара алмайды» деседі мамандар.

«Буштың сирағына» сұраныс жоғары

Сондай-ақ, мақалаға қатысты маман­дардың пікірінше, бүгінде құс етіне деген халықтың сұранысы екі еселенген. Осыған орай елде құс өсіру, одан өнім алудың да көрсеткіші өсім берген.

Дәурен АРЫН, сарапшы-маман:

– Қазірде елімізде өндірілген ет өнімдерінің 70 пайызы Ресейге тасымалдануда. Айналып келгенде, бұл үрдіс елде ет бағасының аспандап кетуіне апарып соқтыруда. Қазір қара базарда жылқы етінің бір келісі 1400 теңге болса, сиыр еті 1300 теңге, құс еті 400-450 теңге. Кедендік одақ аясын­дағы елдермен салыстырғанда біздің елде еттің бағасы анағұрлым арзан. Демек, болашақта да еттің бағасы өседі, қымбаттайды. Мәселен, Ресейде 1 келі сиыр етінің бағасы біздің теңгеге шаққанда 2000-2200 теңге тұрады. Құс еті де теңгемен есептегенде Ресейде қымбат. Бұған қоса біз отандық тұтыну­шыларды толыққанды қамтамасыз ете алмай отырып, болашақта 60 мың тоннадан астам етті Ресей асырып жібергелі отырмыз. Осыдан барып ішкі нарықта ет өнімдеріне тапшылық туындап, ақыр соңында өнім бағасы аспандайды. Сондықтан болашақта «Буштың сирағына» сұраныс артады. Ал мұның соңы денсаулыққа әсер етері сөзсіз. Себебі қазірде сол АҚШ-та өндірілетін «Буш сирақтарының» сапа­сыздығына, гендік модификацияға жиі түсетініне байланысты біраз елдер бас тартып, оны импорттауға шектеу қой­ған-ды. Өкінішке қарай, біздің елімізге бұл өнім түрі әлі де еніп жатыр.

Аймара ТІЛЕУКИНА, әлеуметтанушы:

– Қазір ауылдық аймақтарда мал басының азаюынан болар, халықтың 60-70 пайызы ет және ет өнімдерімен толыққанды қамтылмай отыр. Күні кеше Статистика агенттігі сүт және сүт өнімдеріне, балық және консервіленген өнімдерге халықтың сұранысы артқанын мәлім етті. Бұл дегеніңіз енді болашақта ішкі нарықта импорт сүттердің, кон­сервіленген балықтардың көбейетінін білдіреді. Себебі біз сол сүт және сүт өнімдерімен де, консерві өнімдерімен де отандық тұтынушыларды толық қамти алмаймыз. Сондықтан болашақта ұрпақ әлжуаз болсын, қазақ халқы аш құрсақ болып жүре берсін демесек, отандық өнім өндіру әлеуетін арттыруды ойластырған абзал. Біздің тиісті орын­дардың нақ қазіргі ойлас­тыратын мәсе­лесі осы болуы керек.

 

Түйін

Жоғарыда сөз еткеніміздей, «қаны – қымыздан, жаны еттен жаралған» қазақтың құрсағы қытай, кәріс, жапон елдері тәрізді бақа-шаян, құрт-құмырсқамен тойына қоймасы тағы анық. Бүгінде қазақ малының етіне деген сұраныс шетелде де артып келеді. Бұл турасында ғалымдарымыз қазақ жылқысының етін, қазы-қартасын арнайы қапшықтарға салып, дәріханаларға емдік ас ретінде сатқан абзал дегенді де алға тартады. Жалпы, қазір қазақтың ет өндірісіне, агроөніміне әлем қызығушылықпен қарап отыр. Ал осындай әлеуетіміз бола тұра, неліктен тұтынушы аш құрсақ болуы тиіс?! Осындайда сананы «неге біз бірінші өзімізде барды ұқсатып алмай, оны бірден өзгенің аузына ас қыламыз» деген ой шымшылайтыны даусыз.

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: