Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақ әндерін түрік саясаткерлері қағып әкетіп жатыр – (ВИДЕО)Таяуда Түркияның Ұлтшыл Қозғалыс Партиясы (МХП) 2015 жылы болатын сайлауда қазақстандық әнші Ғалымжан Жолдасбай орындайтын «Көк Жөтел» әнін таңдап алыпты. Түріктер сайлау науқаны үшін таңдап алып отырған бұл қазақ әні біріншісі емес…

«Көк жөтел» түркі халқын бір одаққа бас құруға шақырады!

Әлеуметтік желіде орналасқан бейнебаянда отандық әнші Ғалымжан Жолдасбай «Көк жөтел» әнін түрікше орындайды. Ал қайырмасында Түркияның Ұлтшыл қозғалыс партиясы атауын насихаттайды.

Жалпы, бұл мәлімет туралы Түркі әлемі форумының Бас хатшысы Алмагүл Исина Фейсбуктегі өзінің жеке парақшасында бөліскен екен…


Түркия саясатқа қатысты жалпыхалықтық таңдау жасалған кезде, оны әндетіп, думандатып өткізеді. Сондықтан сайлауалды науқанда түрік саясаткерлері жақсы ән іздеп, бастарын біршама қатырады. Композиторларға арнайы тапсырыс беріп жатады. Мәселен, биылғы көктемдегі сайлауда қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны Түркия үкіметі барынша насихаттап, қазақ-түрік халқының түбі бір екенін танытты.

«Домбыра» әні Қырым татарларын бүкіл түркі халқына туысқан екенін насихаттады

Бірақ түрік билігінің «Домбыра» әнін таңдап алуының астарлы саясаты бар екен. Бұл қазақтан гөрі Украинадағы Қырым татарлары мәселесін көтерудің өте ұтымды жолы боп шыққан деседі саяси технологтар.

Ердоған партиясының әнұраны ноғай композиторынан ұрланған боп шығады. Ал қазақ-ноғай бір туысқан болғанымен, ноғайлардың басым бөлігі Қырымда, кезінде Ресейдің қатын патша заманында оның басым бөлігі Түркияға жер ауып келген. Ұрланғандығына кешірім сұрап, Түркия БАҚ-тары ән авторы Арсылан Сұлтанбековты кезек-кезек қонаққа шақырады. Бұл арада кешірім емес, композитор аузынан шығатын тарихи деректер сайлау үшін маңызды болады.

Расында, Сұлтанбеков БАҚ-қа берген сұхбатында ноғай-қазақ-түріктің тарихымен байланысты жырлардың дерегіне тоқталып, оны домбырада, қобызда күмбірлетеді, сөйтіп Украинадағы Қырым татарларының да тарихы айтылады. Біздіңше бұл кездейсоқтық емес. Мүмкін композитор одан хабарсыз шығар. Бірақ түрік билігі «Домыра» әні арқылы ноғай мәселесіне түріктің қатысы барлығын сайлауалды үгіт-насихат науқанында осындай ұтымды жолмен пайдаланғанды жөн санаған секілді. Әйтпесе Арсылан Сұлтанбековтың «Домбыра» атты шығармасы 2013 жылдың 19 мен 21 желтоқсанында Стамбұлда өткен Turkvizyon фестивалін ашқан болатын. Сондықтан түріктердің композицияның бөтен біреудікі екенін білмей қалулары мүмкін емес еді.

Жалпы, Түркияда 6 миллион Қырым татары тұрады.

PS. Сайлауалды науқанға бізде де қыруар ақша бөлінеді. Бірақ оның нәтижесін, көбіне халық байқай да алмай қалады. Жасыратын несі бар, бұл ақша көбіне саясаткерлердің арзан шоуына, БАҚ арқылы бір-бірін қаралап, даттап-ақтауға жұмсалып жатады. Ал, өкінішке қарай, тарихымыздың мәйегі ұлттық фольклор, ұлттық аспап, ұлттық музыка сайлауда назардан тыс қалады. Сайлауалды науқан деңгейінің өзі біздің саясаткерлердің деңгейінен хабар бере алса керек. Соры өздеріне, салдарынан қазақ саясаткерлері көзіне ілмеген қазақ әндерін, бай мазмұны бар саяси трендерді түрік саясаткерлері мұрындарының астынан қағып әкетіп жатыр…

Автор: Кәмшат Сатиева

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/kazak-andern-turk-sayasatkerler-kagyip-aketp-jatyir—video-59868/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: