Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

8a5a8735045a74244766b8aa80f5bb53Гүлім ТӨЛЕУ, «ОРТ Еуразия» телеарнасы «Ханым» бағдарламасының продюсері әрі жүргізушісі:
–  Гүлім, «Ханым» бағдарламасының негізгі мақсаты қандай? Гендерлік саясатты жан-жақты насихаттау ма, әлде қоғамдағы әйелдің рөлін, орнын көрсету ме?

–  Қазақ қызы о бастан бетін бүркемеген. Атқа мініп, азаматымен қатар ел қорғаған, отағасы жорыққа кеткенде жаужүрек қалпымен шаңырағын сұқ көздерден қорғаған. Ұлы Отан соғысы кезінде де бүкіл Орталық Азиядан екі бірдей қазақтың қызы батыр атануы бекер емес. «Елу жылда ел жаңа». Жаңа заман қоғамды ғана емес, әйелдердердің де болмысын өзгерткен сынды. Қазақ әйелі бұл күні тек отбасы, ошақ қасындағы жан емес, биік белестерді бағындыра алатын Тұлға. Олардың билікте, бизнесте, қоғам өмірінде болсын өзіндік орны, айтар сөзі бар. Елбасының өзі, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қиын-қыстау кезеңде шаңырақтың шаттығын аяқ асты етпей, есеңгіреп қалған азаматының шарасыз қалпын бетіне баспай,  ала дорбаны арқалап, бала-шағаны асыраған әйелдер екенін талай мәрте алға тартты. Мемлекеттік қызметте әйелдердің үлесі 58 пайыз болса, саяси қызметтегілердің үлесі 10 пайыз шамасында. 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес, Қазақстандағы билікке араласып отырған әйелдер саны 30 пайызға жетуі керек. Соңғы он жылда ҚР Парламент Мәжілісіндегі әйел депутаттардың саны 9 пайыздан 24 пайызға ұлғайған.  Мұның бәрі – ең алдымен әйелдерге артылған сенім жүгінің айғағы. Яғни, «Ханым» бағдарламасы ең алдымен нәзік жанды, қайсар мінезді қыздарымыздың биік белестерді бағындыру жолындағы көргені мен түйгенін көрсету, кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Десек те, әйел – алдымен Ана, Жар. Гендерлік теңдіктің соңы феминизмге ұласпауы тиіс. Ел  тұрғындарының 52 пайызын құрайтын әйел мемлекеттің сүйеніші ғана емес, отбасының ұйытқысы, азаматының демеушісі, адал серігі, бесікті тербетіп, ұрпаққа тәрбие беретін жан. Қалай дегенмен, қазақ халқында «әкенің тәрбиесі-қабағымен» деген сөз бар. Қысқасы, қазақ әйелі өзіне артылған жүкті абыроймен көтерері сөзсіз. Ол жанұясының берекесі мен қызметінің жөнін үйлестіре біледі. Себебі, оның болмысы – әйел, жазмышы – қазақтың қызы болу, тағдыры — тал бесік пен ақ жаулық, рөлі – қоғамдағы елеулі орын. «Ханым» бағдарламысының негізгі ұстанымы – осы.

 

–  Бағдарламаның ерекшелігі неде?

–  Дәл осы сұрақты біз кейіпкерлеріміз бен көрермендерімізге қойған едік. Ортақ пікірді келтірсек: «Ханымның «бейнесін ашудың бір жолы – параллельдік шынайылықты көрермен ерекше қабылдап жатыр. Параллельдік шынайылық режиссерлік термин бойынша метафора десек болады. Яки, кейіпкер бейнесін, жан-дүниесін режиссердің көзімен бейнелеу. Оның үстіне біз бағдарламада бірнеше тележанрды үйлестіруді жөн көрдік. Олай етпесек, 30 минуттық тележоба көрермен үшін қызықсыз болар еді. Режиссерларға үлкен талап қоямыз. Арнайы қойылымдар (постановка) жасауға міндеттейміз. Және бір қызығы, ханымның болмысын тану мақсатында астролог, графолог, психолог сынды арнайы мамандарды да іске тарттық. Айта кетейін, мамандар кейіпкердің кім екенін танып-білмейді. Яғни, графологқа жазуын, астрологқа туған күні жайлы мәліметтерді, психологқа арнайы сұрақтарға жазбаша жауап алып береміз. Сол деректерге сүйеніп, мамандар тұлғаның ортақ мінездемесін жасайды. Қалған ерекшелікті көрермен өзі көріп, пікірін білдіреді деген үміттеміз.

 

–  Жалпы, шығыс елдерінде «Ханым» деп, мейірбан, мейірімді әйелдерге қаратып айтатыны белгілі. Бағдарламаны «Ханым» деп атау идеясы қайдан туындады?

–  Бәріидеядан басталады. Жоба жетекшісі Нұрбол Алманов осыдан үш жыл бұрын бағдарламаның атауын айтып, жүзеге асырсақ деген ұсыныс жасаған еді. Яғни, атаудың авторы да сол кісі. Ал «Ханым» деген ол қазіргі заманда «Леди» деген мағынаға саяды. Яғни, бойына ақылы мен парасатты, этика мен жоғары талғамды, білім мен біліктілікті, мейірім мен махаббатты сіңдіре білген нағыз әйел.

 

–  Бағдарлама кейіпкерлері қалай таңдалады?

–  Әрине, бағдарламаға алғашқы кейіпкер ретінде сенатор Светлана Жалмағамбетованы таңдауымыз бекер емес. Ол кісі адал еңбегімен, қарапайым да сыйлы қалпымен, «халық» деп соққан жүрегімен елге танымал. Сол секілді, бұл бағдарламада елінің айымы, халқының ханымы атануға лайықты маңдайалды әйелдерімізді көрсетеміз. Сондай-ақ, ерекше мамандықты игерген, өз саласында биік жетістікті бағындырған, мансап жолында маңызды шаруаларды тындырған нәзік жандыларды таңдаймыз. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссиямен тығыз байланыстамыз. Қалай дегенмен, дәл осы комиссия әйел ісіне ерекше мән береді емес пе?!

 

–  Билік тізгінінде отырған Светлана Жалмағамбетова, Майра Айсина, ТМД елдеріндегі тұңғыш борт капитаны атанған ұшқыш әйел Тоты Әмірованың жүрек түкпірінде сақтаған сыры мен ойын тыңдап, көрдік. Елге белгілі ханымдардан бөлек, бірнеше баланың анасы атанып, отбасының бірлігі мен берекесін сақтап отырған қарапайым әйелдерді де бағдарламаға тарту ойда жоқ па?

–  Әрине, әйелге табиғаттан бұйырған басты міндет – ана болу. Әрі бұл кез келгеніміз үшін үлкен бақыт. Қазақ елінің демографиялық ахуалы әлі де болса, қолдауға зәру екені рас. Сондықтан, көп балалы аналарды насихаттау – мемлекеттік маңызы бар іс. Біздің тізімде бауырына талай баланы басып отырған берекелі аналарымыз бар. Уақыты келгенде олармен де экран арқылы жүздесесіздер деген ойдамын.

 

–  Бағдарламаның көгілдір экранға жол тартқанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Әйткенмен, қазір кез келген телевизиялық өнімнің тағдыры сандарға байланысты. Осы ретте, бағдарламаның рейтингтік көрсеткіштері жайында айтып өтсеңіз…

–  Біз үшін қазіргі таңда рейтинг – хабарласып жатқан көрермендер, әлеуметтік желілердегі пікірлер, бізге шығып жатқан басылымдар және ойларын айтып, пікірлерін білдіріп жүрген әріптестеріміз. «Ханым» үлкен рейтингке ұмтылатын ток-шоу я болмаса реалити-шоу жанрындағы жоба емес. Әрине, жоғары жақтан түсетін ақпараттар бар. Алайда, дәл қазір жайып салып нақты санды атай алмаймын. Қалай дегенмен, «ОРТ Еуразия» еліміздің медиакеңістігінде рейтингі ең жоғары телеарна. Әрине, арнаның талаптарына сай емес жоба эфирге шығармас еді.

 

–  «Ханым» – бүгінгі замандағы қазақ әйелінің шынайы образын ашатын бағдарлама. Бағдарламаны дайындау, жарыққа шығару барысында қазақ әйеліне тән қандай ерекшеліктер мен кемшіліктерді байқадыңыз?

–  Қазақ әйелі – өте еңбекқор, ізденімпаз, жаңалыққа жаны құштар. Ол «мен әйелмін, менің орным ошақ басында» деп отырып қалмайды. Ханымдардың барлығына ортақ бір қасиет – жан-жақтылық. Ана болып бесікті де тербетіп, мансап жолында да ойып тұрып орын алған. Ал кемшін тұсы, біздің қыздарымыз өздерін аямайды. Жандарын жалдап, тістерін қайрап, өмірдің тауқыметімен күресуге дайын тұрады. «Әйелмін» деп әлсіздік танытқандары кем де кем.

 

–  Гүлім, бағдарламаның жарыққа шыққанына көп бола қойған жоқ, дегенмен сәтсіз шыққан түсірілімдер немесе сәтсіз таңдалған қонақтар болды ма?

–  Бұл жобада негізгі салмақ сценарист пен режиссерге түседі. Жалпы, адамды зерттеу үлкен табандылық пен білімділікті қажет етеді. Осы бағдарламаны жасау барысында, бірталай өкінішті жағдайларға тап болдық. Біздің қазақ журналистикасына, әсіресе, Астанаға әлі де болса талантты мамандар қажет-ақ. Жақсы төлемге лайықты маман таба алмай қалған кездеріміз болды. Әрине, көш жүре түзеледі. Жақсыға бәрі ұмтылады ғой. Жобаның аты шыққалы ниет білдіріп келіп жатқан қыз-жігіттер бар. Әлі де болса, «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, өз ісін жетік меңгерген, қиялы ұшқыр, арманы алты қырға асатын нағыз шығармашылық адамдарын құшақ жая қарсы аламыз.

 

–  Қай кейіпкер өзіңізге ерекше ой салды?

–  Әр ханым – өзінше бір әлем. Үңілген сайын, бойлай бергің келеді. Әрқайсысы өзіне ғана тән қасиетпен ерекшеленеді. Бірі – өте адал, бірі –іскер, енді бірін «әттең әйел болып тұр, әйтпесе…» деп, қалатын кезіміз болады. Әр әйелдің өмір жолын сараптай келе түйгенім, қазақ әйелінің әлсіз болуға қақысы жоқ. Себебі, біздің санымыз ер азаматтардан басым екені мәлім. Қоғамның бар тауқыметін ерлердің мойнына артып қойсақ, мемлекеттік даму қарқыны саябырсып қалары сөзсіз. Сондықтан, білім мен біліктің бәсекеге түскен заманында, ел тағдырында ханымдардың орны бір бөлек.

 

–  «Шіркін, мына кісіден сұхбат алсам ғой» дейтін тұлға бар ма? Кіммен тілдесіп, өмірі мен қызметі жайында көпшілікке баяндағыңыз келеді?

–  Біз үшін айтары бар әйелдердің барлығы қызықты. Оларды алалап, бөліп жару мүмкін емес.

 

–  Сіздің ойыңызша, заманауи қазақ әйелі қандай болуы керек?

–  Сұхбат бойы осы сұраққа жауап беріп келе жатқан сияқтымын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам, әйел үшін маңыздысы – өзін сүйікті, қажетті сезіну. Сондықтан, қай заманда болмасын, әйел бақыты алғашқы кезекте. Әйел қай заманда да – әйел. Шекспир айтқандай: «Әйелдің күші әлсіздігінде». Тым мықтылық оның жанын бақытқа бөлемейді. Фемиинизмнің соңы демографиялық жағдайдың құлдырауына әкеп соғады. Бұл біздің мемлекет үшін өте қауіпті болмақ. Сондай-ақ, ерінің адал серігі, мемлекеттің сенім артар азаматы бола білу маңызды. Жалпы алғанда, әрине, ХХІ ғасыр қазақтың әйелінен де, ерінен де білімділікті талап етеді. Онсыз әлем аренасында бәсекеден тоғытыламыз.

 

–  «Ханым» бағдарламасы алдағы уақытта көрермендерін немен таңғалдырады? Ендігі кезекте тағы қандай кейіпкерлермен жақынырақ танысамыз?

–  Құпиясы қалмаған әйел – қызықсыз. «Ханым» бағдарламасы да әйелге тән мінезге салып, кей сәттерді бұғып қалғымыз келіп отыр. Тек анығы, айтарымыз әлі алда!

 

–  Еңбектеріңіз жемісті болсын. Әңгімеңізге рақмет!

 

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/27225

Рубрика: