Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Орыстың көрнекті фило­софы Николай Бердяев «Ре­сейдің тағдыры» атты кітабында: «Ресей үнемі қалыңдықтың күйін кешіп, сырттан келетін күйеуді күтумен болады» деген ой айтады. Жаратушы адамды ер мен әйел деген екі жы­нысқа бөлсе, әр заман, әр дәуірде қоғамдағы осы екі жыныс иелерінің үстемдігіне байланысты мәдениеттер де «еркек», «әйел» болып бөлінсе ке­рек. Олай болса, қазақ мә­де­ниетінің «жынысы» қандай, бұрын қалай бо­лып келді, бүгін қандай кес­кін-келбетте деген сауал өз­дігінен сұранып тұрғаны анық.

 

Әлімсақтан бастасақ…

Неміс этнографы Лео Фробениус сонау ерте кезеңдердегі әлем мәдениетін мат­риар­халды және патриархалды деп екіге бөліп, соның біріншісіне орыс, неміс ха­лық­тары мен Африка тайпаларын жат­қыз­са, ағылшындар мен арабтардың түп ата­сын әке әміріне бағынушылар деп тапқан. Патриархалды, яғни ер мінезді мәдениет иелерін «үңгірлік» таным иелері деп атап, оларға қай заманда да күресу, жеңу, қи­ра­ту тән, ал матриархалды мәдениетке та­би­ғатпен біте қайнасып, өсіп-өрбу тән де­ген баға береді. Әрине, әйелдің нәзік жан­дылығы, оның аналық қамқор­лығы адам­зат үшін ауадай қажет, алайда жалпы қо­ғам­ның жалпақшешейлігі деген де жақсы нәрсе емес.

Жоғарыда айтқандай, Ресей – әйел мәдениеттілердің қатарында, оны олар­дың «Матушка Россия» деп шыға келетін бір-ақ ауыз сөзінен аңғаруға болады. Себебі ол жай сөз емес, тұрмыстық мәні бар шын­дық. Мәселен, қай заманнан орыс қызын ұзатып, келін түсірмейді, кері­сін­ше, ұлын ұзатып, қызын «үйлендіреді». Яғни орыс әйелі күйеуіне билігін жүргізіп, күйеубала енесінің қолында тұрады. Бұл қалыпты жағдай. Орыста күйеубала мен енеден өт­кен қас дұшпандар жоқ шығар, сірә. Бы­лай қарап тұрсақ, тұрмыстық мә­се­ле ғана сияқты, алайда теңіз суының ащылығын сезу үшін оның бүкіл суын ішу шарт емес, бір тамшысын татып көрсе жеткілікті бол­ғанындай, бүтін халықтың менталитетін де осындай бір отбасындағы ахуалдан-ақ байқауға болады. Міне, орыс халқының тұрмыс-салт, мәдениеті тізгінінің әйел қолында екеніне осындай жайттар да дәлел бола алады.

Ал біз қазақ ежелден ел-жұртын ата­мекен деп дәріптеп, атадан бата атып, ата­лы сөзге тоқтап, текті атадан тарататын ха­лық едік, бірақ бүгін біздің де көбеміз сөгіліп, тұрмыс-салт, мәдениетіміз еркектік сипатын жоғалтып, әйелдене бас­таған сыңайлы…

Әбдуәлі Мамәділ, психолог:

– Қазір біздің қоғамда гендерлік саясат деп аталатын бір саясат жүріп жатыр. Оның мақсаты – біздің қоғамдағы ер мен әйел мәселесін батыстық көзқарас тұр­ғы­сынан реттеу, былайша айтқанда, батысқа бұру ғой. Мәселен, қай кезде де, мейлі сотта, атап айтқанда ері мен әйелінің ара­сын­да түсініспеушілік туындай қалса, іс мін­детті түрде әйел адамның пайдасына шешіледі. Қоғам мұны мойындайды, біле­ді. Екіншіден, соңғы жылдарда балабақ­ша­дан бастап, мектеп, жоғары оқу орын­да­рының барлығында дәріс берушілердің басым көпшілігі әйел адамдар. Сол се­беп­тен біздің өскелең ұрпақ әйел тәрбиесін ғана алып келе жатыр, бұл – факт. Ал ол неден бастау алды? Кеңестік идеологияның «әйел теңдігі» деп аталатын ұғымды ойлап табуынан. «Қалың мал, көп әйел алушылық пен әмеңгерлік – ескілік, жабайылық» деп, сол арқылы олар біздің ғасырлар бойына қалыптасқан ұлттық болмысымыз бен отбасы деп аталатын институтымызды қиратты. Нәтижесінде бүгін қандай жағ­дайға жеттік? 

Психолог сауалына өзімізше жауап іздеп көрсек…

Тұрмыстық деңгейден бастасақ, бұрын ешқашан қайын жұртының қолында тұр­май­тын, одан гөрі өлімді артық көретін қазақ жігіттері арасында (бәрі бірдей ем­ес) бүгінде «күшік күйеу» дегенді ар санау тұрмақ, ол сөздің мәнін түсінбей­тін­дер де табылып жүр.Тіпті қалыңдығы­ның әке-шешесі әперген үйді көздеп үй­ле­нетін есепшіл жігіттер де жетіп-артылатын күн­ге жеткеніміз өтірік емес. Өйткені өзі әлі бас­пана алмақ түгіл, тұрақты жұмыс та таба ал­маған, сондықтан болашағына қор­қы­ныш­пен қарайды. Ал оның ар жа­ғын­да ер­кек тұлғасының, қала берді, қазақтың ұлт­тық қасиеттерінің жойылуына апарып со­ға­тын қорқынышты себептер жатыр. Қа­ра­пайым ғана мысал, еркек боп отбасын алға тартпаған адамнан ұрпаққа жақсы әке болып, ел көшін алға сүйрейтін азамат шығады деп күту қояннан ерлік күтумен барабар екендігі айтпай-ақ түсінікті. Олай болса, бүгінде «үйде кім би?» дегеннің жа­уа­бы да өздігінен түсінікті болатын секілді. «Бөрі арықтығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтар да» дегендей, «әрине, еркек би» дегенімізбен, шындап келгенде, көп әйелдердің ерін ерттеп мініп алғанын бас­қа емес, ерлердің өзі де мойындауға мәж­бүр. Біз мұны ашып айтуымыз керек, се­бе­бі ауруын жасырған өлетінін бәріміз жақсы білеміз. Батыста, мейлі шығыста, соның іш­інде қазақ отбасында да еркек «отағасы» деген құрметті лауазым иесінен гөрі «асы­раушы» мәніне ие. Яғни қызмет істеп, ақ­ша табуын табады-ақ, бірақ жалақысын әйе­лінің қолына әкеліп береді. Былайша айт­қанда, ер-азамат – арыстан, бірақ бая­ғы­дай «түз тағысы» емес, «тордағы арыс­тан». Тордың кілті әйелдің қолында. Бұл пайымды психолог Әбдуәлі Мамәділ де растайды.

– Қазір бізде ер-азамат өз мәртебесі мен өз құқығынан толықтай демесек те, 80 пайызға айырылды. Егер осы бағыт­пен кете берер болсақ, онда гомосексуа­лизм, педофилия, (оған зоофилия қосы­лып жа­тыр) осы секілді небір адамшы­лық­қа жат патологиялық құбылыстар ба­тыс­тағы секілді бізге де жат болмай қала­ды. Оған дәлел бұрын шоши қарайтын екі ер адамның бір-біріне ғашық болуы де­генге біз бүгін қалыпты нәрсе секілді қа­рай­мыз, себебі жұрттың оған құлағы да, көзі де, санасы да үйрене бас­тады, бізде бар екенін ашық мойындайтын болды. Осы үйренудің соңы бізді құлды­рауға, азғын­дауға апара ма деп қорқамын. Ендеше, біз бұған қарсы тұру үшін не істей аламыз? Біріншіден, шынында, қоғамның осындай дертке шалдыққанын, соның сал­дарынан өз болмысымыздан айыры­лып бара жат­қанымызды мойындауымыз керек. Мо­йындасақ, онда заң орындары ер-азамат­тардың екінші әйел алуын заң­дастырар еді. Ал бізде керісінше, рацио­нал­ды мәсе­лені мысқылдап, жоққа шыға­ру­да. Соның кесірінен біз мүлдем батыстық болмысты қабылдап алдық та, тобырлық мәдениетке белшемізден батып бара жатырмыз. 

Ал енді осы ретте бір сауал өздігінен туындайды екен, яғни бұрын от басы, ошақ қасынан ұзап шығуды әбестік сана­ған қазақ әйелі қашан түз адамына айна­лып үлгерді? Ерін сыйлап, ер адам­ның жүзіне тіктеп қарамайтын, сонау алыс­тан келе жатқан ер-азаматтың жолын кесе-көлденең қиып өтпейтін қазақ қызын «Раушан – коммунист» деп дәріптеп, келе-келе комбайн мен трактор тізгініне отыр­ғызған кешегі Кеңес өкіметі екенін іште­ріңіз біліп отырса керек. Заман жақсарып, қазақ әйелдері енді үйде бала туып отыра берейін деп еді, 90-жылдардың тоқырауы басталды да кетті. Асыраушысы – ер-азама­ты жұмыссыз қалған соң, қарап оты­рып шиеттей бала-шағаны аштан өлтіре ме ана байғұс, иыққа ала қапты асып алды-да­ғы, Ұрым бар ма, Қырым бар ма, әй­теуір, аяғы жеткен жерге дейін сауда жасап кетті. Сол тұста үйден шыққан қазақ әйелі содан әлі отбасына оралған жоқ: қара сан болып мал тауып жүр, білімі мен білігі жеткендер жанталасып мансап қуып та кетті. Негізі, бұл жерде барлық кінә – жал­ғыз әйелде емес…

Тыныштық Қалдыбаева, саясаттанушы: 

– Жалпы, отбасын кім асырап отырса, сол басымдық алады, ол – жазылмаған заң­ды­лық. Бұл жағынан бізде қазір әйелі ба­сым­дық алып жатқан отбасылар баршы­лық. Бірақ жалпы қоғамда ер адамның би­лігі өз күшінен тая қойған жоқ. Әйел адам­ды ана, ұрпақ өрбітуші, тәрбиешісі деп құрметтеу жағынан да қала қойғамыз жоқ. Алайда батыстан келген түрлі ағым­дар «азаматтық қоғам құрамыз» деген же­леумен біздің болмысымызға айтарлықтай қауіп төндіріп жатқанын жасыруға бол­май­ды. Алайда ер-азаматтардың тегеуріні әлсіреп бара жатса, оған олардың да кінәсі бар. Біз бір нәрсе болса қоғамға сілтей салуға дайынбыз. Әке мәселесінің белең алғаны шындық па, шындық?

 

«Байтал шауып, бәйге алмас»

Бұл байтал жүйрік болмайды, бәй­ге алмайды де­ген ойды біл­дірмейді, кері­сінше, ең жүйрік жылқы ұрғашы жы­ныс­ты бола­тынын қазақ мәде­ние­тіне зер сала қа­ра­ғанда байқаймыз. Мәсе­ле – байтал­дың жаратылыс мақ­саты басқа екендігінде. «Бай­тал мін­сең, құ­лын жоқ», яғни байтал­дың «бәй­гесі» – құ­лын­дап, мал басын кө­бей­тіп, ер жігіт­тің дәулеті мен сәу­ле­тін шалқы­туға арналған. Тек ақы­мақ­тар ғана, обал мен сауапты біл­мейтін түйсік­сіздер ғана бәйгеден ала­тын атақ пен жүл­де­ге қызығып, бай­талды бәйгеге қо­са­ды. Білетін­дердің айтуы бо­йын­ша, өзі үшін де, құрсағын­дағы құлы­ны үшін де жан­таласып, өмір мен өлімнің арасында барын салып, оқтай ұшып бәрінен озып, байтал бі­рін­ші болып келеді екен. Бірақ көп ке­шікпей ішін­дегі төлді өлі күйінде сырт­қа шығарып тастайды.

Осының өзі түсінгенге көп сабақ болмай ма?..

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

 

http://alashainasy.kz/culture/41597/

Рубрика: