Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақ тілінің, қазақ жұртының патриоты Асылы Османның еңбегі мен өміріне жұртшылық кеңінен қанық. Біздің оқырмандарға оны таныстырып жатудың қажеті де шамалы. Оның еңбегі мен қызметі жөнінде қысқаша түйіндеп айтсақ, Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Мемлекеттік тілге – құрмет» қоғамдық бірлестігінің, Алматы облыстық әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрайымы. Жуықта Асылы Әлиқызы Османның 70 жасқа толу мерейтойына арналған кітап жарыққа шықты.

Түрлі-түсті фотосуреттермен безендірілген бұл кітап Асылы Османның қанатты сөзіне айналған «Қазағым барда мен бармын» деп аталған. Кітапта Асылы Османның бала кезінен бастап қазірге дейінгі өмір жолдарын ұқтыратындай отбасы, ата-анасы, туыс-достарының, сондай-ақ танымал қайраткерлермен бірге түскен фотосуреттер молынан қамтылған. Елбасымыз Н.Назарбаевтың және мемлекетіміздің белгілі қайраткерлерінің құттықтаулары, лебіздері Асылының қазақ жұртында айтулы тұлға екенін нақты ұқтырады. Кітап бірнеше бөлімнен құралған. «Есімі ел аузында» деген бірінші бөлімде академиктер Салық Зимановтың, Сұлтан Сартаевтың, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың, Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтың, профессор Мекемтас Мырзахметовтың, академик Рабиға Сыздықтың, профессор Шора Сарыбаевтың, ғалым-қаламгер Тұрсынбек Кәкішевтің және өзге тұлғалардың Асылы жөнінде жазған естеліктері мен лебіздері, мақалалары, олардың түрлі жиындарда Асылымен бірге түскен суреттері топтастырылыпты. Ал «Халық қалаулылары қалаған» деген бөлімде Иманғали Тасмағамбетов, Қуаныш Сұлтанов, Аманкелді Айталы және өзге де қайраткерлердің Асылы туралы лебіздері мен арнайы мақалалары еңгізіліпті. «Ғалымның хаты өлмейді» деген бөлімде бірқатар университет ректорларының, ғалымдардың мақалалары, олардың фотосуреттерімен безендірілген.

«Ақын-жазушылар әңгімесінің арқауы» деген бөлімде белгілі қаламгерлер Мұзафар Әлімбаевтың, Тұманбай Молдағалиевтың, Надежда Лушникованың және өзге әйгілі ақындардың Асылыға арнаған өлеңдері, Нұрлан Оразалиннің, Смағұл Елубайдың, Герольд Бельгердің, Бексұлтан Нұржекеұлының, Мұхтар Шахановтың, Бейбіт Қойшыбаевтың, Ақұштап Бақтыгерееваның, Әшірбек Сығайдың және өзге қаламгерлердің мақалалары Асылының азаматтық парасатын, күрескерлік қасиетін, қазақ тілінің мерейін үстем ету жолындағы еңбегін кеңінен баяндаған. Сондай-ақ кітапта көптеген журналистердің Асылы жөнінде жазған мақалалары да қызғылықты оқылады. Сонымен қатар кітаптың «Тіл жанашыры – ел жанашыры» деген бөлімде Асылының қазақ тілін қалай қасиеттейтіні, қа­дірлейтіні тілімізді білмейтіндерге, менсінбейтіндерге қарсы күрескерлік, азаматтық еңбектерін көптеген авторлар толғана баяндаған. Ал кітаптың екінші бөлімі «Тарих қойнауындағы жазбалар» деп аталыпты. Мұнда Асылының жазған мақалалары мен естеліктері, баспасөз журналистеріне берген сұхбаттары енгізіліпті.

Қуанбек Боқаев

 

http://anatili.kz/?p=12105

Рубрика: