АЛТЫНОРДА
Новости

«ҚАЗ ТРАНСГАЗ» ТҮРКІСТАНҒА ГАЗ ЖЕТКІЗДІ

Көне Түркістан қаласына  «Бейнеу-Бозой- Шымкент» магистральдық газ  құбырынан «көгілдір отын» келді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз! Жаса Қазақстан!» жалпыұлттық  телекөпірі барысында   магистральдық газ құбырынан Түркістанға дейін жеткізілген  желіні қалаға қосуға арналған  арнайы салтанат болды. Салтанатқа Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Түркістан қаласының әкімі Бақытжан Әшірбеков қатысты.  Магистральдық газ құбырынан Түркістанға газ жеткізу үшін «Каз ТрансГаз Аймақ» 22 шақырым жерге диаметрі  325 милиметрлік болат құбырлар тартты. Газ тасымалдау  күрделі  технологиялық  шаруа. Сондықтан қуаттылығы сағатына  100 мың текше метрлік газ тарату стансасы, 2 газ таратуды  реттеп отыратын пункт салу қажет болды.  Енді құбыр  арқылы Түркістанға жылына 132,5 миллион текше метр газ жеткізіледі.

Осы және басқа да мәселелер  туралы Елбасына  «Қаз ТранГаз» акционерлік  қоғамының Бас директоры Серік Сұлтанғали баяндап берді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан үшін алғашқы газ алауын жағып, қалаға газ беруді құптаған соң көне шахарға  дейін тартылған газ құбырына «көгілдір  отын» толтырыла бастады.

Қазір Түркістанда 240 мың халық тұрады. «Көгілдір отынның» келуін қала тұрғындары 50 жылдан астам күтті.  Түркістанды газдандыру мәселесі өткен ғасырдың 60-жылдары басталған екен. Кейбіреулер « ақ түйенің қарны жарылған заман» деп жүрген сол  кеңестік жылдардың өзінде бұл іс  аяқсыз қалған болатын. Сондықтан халық Түркістанға газ келгенін Тәуелсіздігіміздің жемісі деп бағалап жатыр.

Түркістан-Қазақстанның батыс облыстарындағы кен орындарынан газ ала бастаған  еліміздің оңтүстігіндегі алғашқы қала. Оның жылдық газ тұтыну қажеттілігі 92 миллион текше метр деген болжам жасалып отыр. Қаладағы  газ тұтынушылар қатарында 40,2 мың тұрғын үй, 384 коммунальдық-тұрмыстық нысандар, 19 аурухана, 19  бала бақша, 60 мектеп, 215 мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, 70 өнеркәсіп орындары бар.

-Түркістанды газдандыру жобасының экономикалық және әлеуметтік маңызы ұлан-ғайыр. Бүкіл түркі халықтары  рухани астанамыз деп жүрген Түркістанға жыл сайын келіп жатқан туристер легі артуда. Қазір бір жылда шет елдерден Түркістанға зиярат жасау үшін келетіндердің ұзын саны  миллион адамдай         . Қала «Ер түріктің бесігі» атанып кеткен. Сандаған ғасырларлардан бері  қазақ халқының хандары мен билерін, сұлтандарын, батырларын  қай жерде қайтыс болса да осында алып келіп жерлеп отырған. Түркістан халқымыздың пантионына айналғаны ақиқат.  Тарихи жәдігерлер, ескерткіштер, сәулет пен археологияның қайталанбас үлгілері, қала құрылысының өткен ғасырлардан қалған нұсқалары  осында жатыр.  Табиғи «көгілдір отынның» келуі ағылып  жатқан саяхатшыларға қызмет көрсетуді жақсартады. Орта және шағын бизнестің дамуына ықпалын тигізеді. Түркістандықтардың тұрмыстық әл-ауқатын жақсартады,-деді «Қаз ТрансГаз» акционерлік қоғамының Бас директоры Серік Сұлтанғали.

Түркістан қаласының тұрғындары экологиялық зиянсыз отынға қол жеткізгеніне тақияларын аспанға атып жатыр.

Осы «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық магистралі толық пайда­лануға берілген кезде  Қазақстан кон­тинент­тегі ең ірі логистикалық орталыққа ай­налады. Жол салуға Оңтүстік Қазақстан облысында  мыңдаған адам қатысуда. Жаңа жолдың бойында алдағы жылы осы заманғы қызмет көрсету орталықтарының құрылыстары салына бастамақшы. Мемлекет басшысы осы халықаралық көлік дәлізіне қарасты учаскелердің бі­рін­де – Шымкент бағытынан Түркістан қаласына қарай автомобиль жолының бірінші учаскесін ашуға рұқсат берді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз! Жаса Қазақстан!» телекөпірі кезінде Оңтүстік Қазақстанға қатысты, бірақ шын мәнінде бүкіл Қазақстан халқы үшін маңызы ерекше зор, тағы да бір оқиға болды. Астанада «Алтын сапа» жалпыұлттық  байқауының жеңімпаздарын  салтанатты марапаттау рәсімі шеңберінде Шымкенттегі «Химфарм» акционерлік қоғамы Santo Member of PoIpharma Group сауда белгісімен «Халық тұтынатын тауар шығаратын үздік кәсіпорын» деп танылды.  Бұл сыйлықтың бас жүлдесін «Польфарма» компаниясының шетелдік нарықтарды дамыту жөніндегі вице-президенті Петр Милднерге тапсырды.

Мәселе мынада. Шымкентте Индустрияландыру картасы аясында өндіріс қуатын кеңейту бойынша фармацевтикалық өндірісті дамыту бағытында маңызды жоба іске асырылуда. Бұл жоба 4 кезеңнен тұрады. Оның жалпы құны 15 миллиард теңге. Жоба іске асқан кезде бүкіл Қазақстан халқы тұтынатын дәрі-дәрмектердің 50 пайызы Шымкентте шығатын болады.

Жаңа жылдың алдында ампула-инфузиялық өндірістің жобасы                 пайдалануға берілді.  Бағыт-иньекциялық ерітінділердің 350 миллион ампуласын, имфузиялық ерітінділердің 4 миллион пакеті мен құтышасын шығаруға мүмкіндік беретін өндірістік кешенді іске қосу. Іске қосылған жоба соның негізгісі-бірінші кезеңі. Яғни, Шымкентте ампулалық қалыптар мен инфузиялық ерітінділер өндірісі басталды.

Қазір іске асырылып жатқан  инновациялық  жобаның арқасында  фармацевтика өндірісінің  халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа қуаттар іске қосылады. Шикізатты алу мен оны өңдеуден бастап одан дайын өнім шығаруға дейінгі жұмыстың бәрін қамтиды. Бұл шикізатты, дайын өнімді қоймада сақтаудан бастап оны тұтынушыға дейін жеткізуді жүзеге асыратын толық өндірістік цикл. Ол Шымкент қаласында атқарылып жатыр. Президентіміздің телекөпір кезінде айтқан мына сөзінде терең мән жатыр:

-Соңғы жылдары осы бірлескен кәсіпорынға құйылған инвестициялар өз нәтижетін беріп отырғанына мен қуаныштымын. Осындай дәрі-дәрмектің бізде шығарылатындығы көптеген қазақстандықтар үшін үлкен жаңалық деп ойлаймын,-деді Елбасы.

Фармацевтика өндірісін, мысалы,  құрылыс материалын шығарумен салыстыруға болмайды. Бұл жерде сапа мен қауіпсіздік бірінші орынға шығады.  Бұған тек қана әлем бойынша мойындалған GMP талаптарына сәйкес келетін дәрі-дәрмектер өндірісі ғана  кепілдік бере алады.

Ал Шымкенттегі «Химфарм» АҚ қазірдің өзінде өнімдерінің әлемдік стандарттарға жауап беретіндігі туралы екі сертификат алып қойыпты…

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.